Қазақстанда 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында жыл сайын балалардың арнайы шотына ақша аударылып тұрады. Бағдарламаға қатысу үшін не істеу қажет? Арнайы шот қайда ашылады? Жиналған ақшаны қайда жұмсауға болады? Информбюро порталы осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап береді.
№1. Бағдарламаға кімдер қатысады?
18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматы саналатын әрбір бала "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысады. Ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала алады.
Шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқан балаға Ұлттық қордан ақша төленбейді. Шетелде өмір сүргенімен Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
№2. Ата-ана баласына шот ашуы қажет пе?
Ата-анаға баласы үшін еGov порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ. Баланың деректері Мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, онда бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ал ақша түсетін арнайы шот та балаларға автоматты түрде ашылады.
Дегенмен ата-ана баласының деректерін тексеріп алғаны жөн:
- баланың жеке басын куәландыратын құжатты (балалардың азаматтығын айқындау үшін) алуы қажет;
- деректемелердің бар-жоғын және дұрыстығын тексеру: кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы;
- eGgov-та жеке кабинетке кіріп, "балалар туралы мәліметтер" бөлімінде балалар туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеру қажет.
№3. Ұлттық қордың табысы қалай есептеледі?
Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Қорға түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған балалардың жеке шоттарына теңдей аударылып отырады.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.
№4. Ақшаны қайда жұмсауға болады?
Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін екі мақсатта пайдалана алады:
- Баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте үйді тек Қазақстаннан сатып алуға рұқсат етіледі.
- Білім алу. Бала шетелде білім алам десе – ақшаны пайдалануға шектеу қойылмайды. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.
Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.
№5. Ақшаны пайдаланылмаса, Ұлттық қорға қайтарыла ма?
Бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, онда қаржы 10 жыл бойы шотта сақталады. Он жылдың ішінде қаржыға тиіспесе онда сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
Бала қайтыс болған жағдайда қаражат мұраға қалдырылады, яғни туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
№6. Жиналған ақшаны қалай алады?
18 жасқа толғаннан кейін шотқа жинақталған қаржыны алу үшін уәкілетті операторларда, яғни екінші деңгейдегі банктер немесе "Қазпоштада" арнайы шот ашу керек. Одан кейін eGov порталында тиісті өтінім береді. Сол өтініш арқылы зейнетақы қорында жинақталған қаражат оның арнайы шотына аударылады. Қаржының мақсатқа сай пайдаланылуын уәкілетті операторлар тексереді.
Шоттағы ақша АҚШ долларымен есептеледі және 18 жасқа толғанда қаржыны банктегі шотына доллармен де, теңгемен де аудара алады.
Оқи отырыңыз: "Ұлттық қор – балаларға": бірінші төлем қашан түседі және шоттағы ақшаны қалай бақылауға болады
№7. Шотқа ақша түскен-түспегенін қалай тексереді?
Ата-аналар шотқа ақша түскен-түспегенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізсе жеткілікті. Ал бірнеше жылға түскен қаражатты көру үшін eGov порталындағы жеке кабинетке кіру керек.