Көлігін үйдің ауласына кіргізіп, дәл терезенің астына қоятын адамдар көпшіліктің ашуына тиіп жатады. Ал кей тұрғындар балалардың ойын алаңына көліктің жақын баруын құп көрмейді. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – үйдің ауласына шлагбаум орнату. Krisha.kz шлагбаум орнатуға қалай рұқсат алуға болатынын зерттеді.
Аулаға шлагбаум қою заңды ма?
Көппәтерлі тұрғын үйге іргелес аумаққа тек тіркелген кондоминиум нысанымен ғана билік етуге болады. "Тұрғын үй қатынастары туралы" кодекстің 31-бабына сәйкес, тұрғын үйдегі жер учаскесі пәтер иелеріне тиесілі. Ол ортақ үлестік меншік құқығы немесе ортақ жер пайдалану құқығына жатады.
Егер кондоминиум болмаса, оны тіркеу керек. Егер кондоминиум тіркелген болса, пәтер иелерінің көпшілігінің шешімі бойынша қоршау орнатылуы мүмкін. Онда да жай ғана бетон плитасын немесе қоршау емес, шлагбаум немесе стационарлық пост қою қажет.
Негізгі талаптар:
- арнайы техниканың өтуіне кедергі жасамау (кіреберістің өлшемдері өрт, қоқыс және басқа да арнайы көліктердің өлшемдеріне сәйкес келуі керек);
- әрқашан жұмыс істеп тұру (техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді тұрғындар төлейді);
- тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді болуы (кіреберіс автоматты түрде ашылуы керек немесе тұрақты кезекші қажет).
Шлагбаум 24 сағат бойы ашық болуы керек.
Сол себепті автоматты түрде ашылып-жабылатын шлагбаум – ең арзанға түсетін нұсқасы. Егер стационарлық пост орнатса, онда тәулік бойы күзетші жұмыс істеуі керек. Тиісінше, пәтер иелері жұмыс орнын ұйымдастырып, жалақы төлеуге тиіс.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үйге қалай кезекке тұруға болады? Түсіндірме
Рұқсат қалай алуға болады?
Шлагбаумды орнату туралы шешім барлық меншік иелерімен келісім бойынша ғана қабылданады . Бұл туралы барлық тұрғындар хабардар болуы керек. Сосын тұрғындардың жалпы жиналысын өткізіп, дауыс беру керек.
Оң шешім қабылдау үшін пәтер иелерінің кем дегенде 51 пайызы келісуі керек.
Шлагбаум қою қанша тұрады?
Автоматты шлагбаумның орташа бағасы – 300 мың теңге.
Оны ашып-жабуға арналған пульт бөлек сатып алынады. Олардың бағасы – 5 мың теңгеден.
Шлагбаум орнату, кабель төсеу және оны қосу орта есеппен 50 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ жалпы тарифке қосылатын тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету қажет.
Оқи отырыңыз: Ай сайын алып жүрген жәрдемақы мөлшері дұрыс болмаса, қайда жүгінуге болады? Түсіндірме
Шлагбаум орнатуға қарсы шыққандар да бұл шығынды төлеуге міндетті ме?
Тұрғындардың бірі шлагбаум орнатуға келіспесе де, оған да шлагбаумның пульті берілуі керек. Олардың тұрғын үйге кіруін шектеу (бұл жағдайда орнатылған қоршау арқылы өту) заңсыз. Шлагбаум орнатуға келіспеген жалға алушыларды төлеуге міндеттеу мүмкін емес.
Қарапайым тілмен айтқанда, барлық пәтер иелерінде шлагбаумды басқару пульті болуы керек. Пульті жоқ адам сотқа жүгінуге құқылы.
Ал шлагбаум орнатуға кеткен барлық шығын оны орнатуға келіскен жалға алушылар арасында бөлінеді.
Шлагбаумды рұқсатсыз қойса, жазасы қандай?
Жалпы аумақта бөгет, автотұрақ шлагбаумдары мен қоршауларды рұқсатсыз орнатқаны үшін айыппұл көзделген. Оның мөлшері – 69 мың (20 АЕК) теңгеден 103 500 теңгеге (30 АЕК) дейін.