Informburo.kz порталы қазақстандықтарға шетелде тиімді әрі тегін білім алуға мүмкіндік беретін грант пен стипендиялар топтамасын ұсынады. Кейбір бағдарламаларға қатысу үшін дәл осы ақпан айында өтінім беру қажет. Сондықтан құжаттарды тезірек жинап, өтінім беріп үлгеріңіз.
Қытай үкіметінің білім гранты
Қытай Үкіметі жыл сайын Қазақстан азаматтары үшін білім грантын бөледі. Биыл бакалавриат, магистратура және докторантураға 155 грант бөлді. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін үміткерлер 2024 жылғы 20 ақпанға дейін (қоса алғанда) Қытай стипендиялық кеңесінің сайтында онлайн-тіркеуден өтуге тиіс. Сайтта құжаттарды тапсыруға арналған университеттердің толық тізімі бар. Құжаттарды eGov порталы арқылы онлайн немесе "Халықаралық бағдарламалар орталығы" офисінде (Астана қаласы, Сығанақ 70) офлайн тапсыруға болады.
- Оқыту тілі: қытай, ағылшын;
- Құжат қабылдау мерзімі: қаңтар-ақпан.
- бакалавриат – 25 жасқа дейін;
- магистратура – 30 жасқа дейін;
- докторантура – 40 жасқа дейін.
Грант иегерлеріне университет жатақханасы тегін. Ай сайынғы стипендия мөлшері:
- бакалавриат – 2500 юань;
- магистратура – 3000 юань;
- докторантура – 3500 юань.
Оған қоса, жылына бір адамға 800 юань медициналық сақтандыру шығыны өтеледі.
Қазақстан азаматтары оқуын аяқтағаннан кейін елге келіп, бір жыл жұмыс істеуі қажет.
Türkiye Bursları
Түркия үкіметінің шетелдіктерге арналған Türkiye Bursları стипендиялық бағдарламасына онлайн тіркелу жүріп жатыр. Үміткерлер бакалавриат, магистратура және докторантурада түрік және ағылшын тілдерінде оқи алады. Құжаттарды 2024 жылғы 20 ақпанға дейін (қоса алғанда) бағдарлама сайтында тапсыру қажет.
- Оқыту тілі: түрік, ағылшын;
- Құжат қабылдау мерзімі: қаңтар-ақпан.
Бағдарлама келесі шығындарды қамтиды:
- оқу ақысы;
- бір жыл тегін түрік тілі курсы,
- ай сайынғы стипендия;
- медициналық сақтандыру;
- екі бағытқа әуе жолы билеттері (эконом класс);
- тегін жатақхана, егер студент пәтер жалдаса – ай сайын 550 лира;
- екі мезгіл тамақ.
Ай сайынғы стипендия сомасы:
- бакалавриат – 3500 лира;
- магистратура – 5000 лира;
- докторантура – 6500 лира.
Бағдарламаға 11(12)-сынып оқушылары, бакалавр дипломы бар немесе бакалавриаттың соңғы курсында оқитындар, магистрлер және PhD докторлар қатыса алады. Үміткерлердің академиялық жетістіктері ескеріледі.
Үміткерлерге қойылатын жас шектеуі:
- бакалавриат – 21 жасқа дейін;
- магистратура – 30 жасқа дейін;
- докторантура – 35 жасқа дейін.
Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Голландия Білім, мәдениет және ғылым министрлігі ұсынған бағдарлама бойынша, елдегі бірқатар жоғары оқу орындарында бакалавр немесе магистр дәрежесін алуға болады. Стипендия арқылы Еуроаймақтан тыс елдердегі жастар зерттеу университеттерінде де, қолданбалы ғылымдар университеттерінде де білім ала алады.
Стипендия сомасы – 5 мың еуро. Мұны алғашқы оқу жылында алуға болады.
Қатысушы университеттердің тізімі жыл сайын өзгеріп отырады. 2024-2025 оқу жылына NL стипендиясына қатысатын университеттер тізімін және толық ақпаратты мына жерден таба аласыз. ЖОО-лар өтінімді ақпан мен мамыр аралығында қабылдайды.
DAAD
Екі жылдық жұмыс тәжірибесі бар дамушы елдердің азаматтары Германиядағы мемлекеттік немесе мемлекеттік университеттердің бірінде DAAD бағдарламасы арқылы оқи алады. Академиялық деңгейі мен стипендиялық бағдаралмаға байланысты талапкерлер айына 934 евродан 1,300 евроға дейін алады. Бағдарлама медициналық сақтандыру және Германияға барып-келу ақысын төлейді.
Талаптар:
- кемінде 2 жыл кәсіби жұмыс тәжірибесі;
- бакалавр дәрежесінің болуы (бітіргеніне алты жыл болмауы керек);
- неміс тілінде оқитын болса 6 айлық тіл курсына қатысу;
- өтініш беру кезінде неміс тілін білу деңгейі кемінде A1 болуы керек;
- ағылшын тіліндегі бағдарламаларда оқу үшін IELTS немесе TOEFL сертификаттары болуы керек.
Өтініш беру процедуралары стипендияға байланысты өзгеруі мүмкін. Бағдарлама туралы толығырақ ресми сайтта жазылған.
Жапония үкіметінің MEXT бағдаралмасы
Жапония үкіметінің шетелдік студенттерге арналған оқу бағдарламасы аясында магистратура немесе докторантурада оқуға болады.
Бағдарлама қамтитын шығындар:
- жатын орын;
- оқу ақысы;
- әуе тасымалы;
- ай сайынғы шәкіртақы;
- жапон тілі курсы.
Бакалавриат бағдарламасы дайындық курсын қоса алғанда 5 жылға созылады. Дайындық курсынан кейін талапкер Жапониядағы университетке түсу емтиханын тапсыруы керек.
Үміткерлер жапон тілі мен таңдаған мамандық пәндері бойынша сұхбаттасудан өтіп, емтихан тапсырғаннан кейін анықталады. Кейбір бағдарламалар оқуды аяқтағаннан кейін елге қайтуды талап етеді.
Құжат қабылдау мерзімі сәуірде басталады. Толығырақ Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ресми сайтында жарияланады.
Екі жылдық бағдарламаның демеушісі – Еуропалық Одақ. Ерекшелігі – магистранттар кемінде екі (үш немесе төрт) университетте қатар оқып, ортақ диплом ала алады. Әрбір оқу жоспарын жасауға көптеген еуропалық және бірнеше еуропалық емес университет (Канада, Оңтүстік Америка, Жапония) қатысады.
Шетелдік студенттер қордың келесі 7 бағдарламасын жиі таңдайды: Comenius (оқушылар), Erasmus (студенттер), Erasmus Mundus (магистранттар), Leonardo da Vinci (кәсіби білім), Grundtvig (үлкендерді оқыту), Youth in Action (жастарға дәстүрлі емес білім беру), Jean Monnet (Еуропа кеңесін зерттеу), Sports (спорт саласы).
Бағдарлама қамтитын шығындар:
- оқу ақысы;
- жатын орын;
- әуе тасымалы;
- медициналық сақтандыру;
- виза;
- ай сайынғы стипендия.
Үміткерлердің бакалавр не магистр дәрежесі болуы керек. Бакалавриаттың соңғы курсында оқитын студенттер де қатыса алады. Үміткердің орташа балы (GPA) жақсы болуы керек. Шет тілін білу талап етіледі: IELTS 6.5 балдан жоғары, TOEFL 90 балдан жоғары болуы керек.
Құжат өткізу уақыты университет пен бағдарламаға байланысты. Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.
Италияның DSU стипендиясы
Италия үкіметінің Diritto allo Studio Universitario стипендиясының атауын сөзбе-сөз аударғанда "университетте оқу құқығы" дегенді білдіреді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлер өтінім бере алады. Студент пен оның отбасының материалдық жағдайы назарға алынады, яғни отбасының жылдық табысы белгілі бір шектен аспауға тиіс.
Стипендия қамтиды:
- оқу ақысын;
- тегін жатақхана немесе оны жалға алу ақысы;
- университет асханаларында тегін тамақтану;
- жеке шығындарды өтеу: оқу материалдары, спорттық құрал-жабдықтар және т.б;
- стипендия мөлшері оқитын аймаққа және өтініш берушінің қаржылық жағдайына байланысты 7 мың еуроға жетуі мүмкін.
Байқауға қатысу үшін жас шектеуі жоқ.
Қажет құжаттарды университеттің немесе аймақтық DSU сайтынан тексеріп алу қажет. Стипендияға тек университетке түскен студенттер немесе pre-enrollment letter алған студенттер ғана өтініш бере алады. Әдетте, университеттерге өтініштер 15 сәуірден шілдеге дейін қабылданады.
БАӘ-деге Халифа университетінің стипендиясы
БАӘ-дегі Халифа университеті магистратура және PhD дәрежесін алам деушілерге шәкіртақы береді. 1989 жылы негізі қаланған университет Азия және әлем университеттерінің рейтингінде жоғары орынға ие.
Студенттерге инженерия, медицина, бизнес, денсаулық сақтау, өнер, ақпараттық технологиялар секілді әртүрлі академиялық салада білім ала алады. Стипендия оқу ақысы, халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу, медициналық сақтандыру, жатақханада тұру, виза, Абу-Дабиге ұшып барып келу секілді шығындарды қамтиды.
Ай сайынғы стипендия сомасы:
- магистратура – 8,000 AED (дәрігерлер – 10,000 AED);
- докторантура – 20,000 AED.
Өтінімдер 2024 жылғы 30 сәуірге дейін қабылданады.
Толығырақ университет сайтында жазылған.
Оқи отырыңыз: Ауыл жастары "Болашақ" бағдарламасымен қалай оқи алады? Маңызды 8 сұраққа жауап
Оксфордтың журналистерге арналған стипендиясы
Oxford университетінің Reuters журналистика институты Journalism Fellowship стипендиясына өтініштер қабылдайды. Бұл стипендия әлемнің түкпір-түкпіріндегі журналистерге мамандығы мен медиаиндустрияға байланысты қалаған тақырыбында зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Институт жыл сайын 30 журналисті қабылдайды. Бағдарламаның ұзақтығы – алты айға дейін. Өтінім 2024 жылғы 19 ақпанға дейін қабылданады. Өтінім беру кезінде үміткер түйіндемесін, жеке өтінімін, жұмыс берушінің жазбаша қолдау хатын және бірнеше жұмысының үлгісін жүктеу қажет.
Стипендияға ие болу үшін үміткердің журналистика саласындағы тәжірибесі бес жылдан кем болмау керек. Ағылшын тілінде түсініп, талқылауға қатыса алатын болуы тиіс. Ағылшын тілі үміткердің ана тілі болмаса жарамдылығы екі жылдан кем емес тіл меңгеру сертификатын ұсынуы қажет. Университеттің ағылшын тілін меңгеруге қоятын талаптарын мына жерден ағылшын тілінде оқи аласыз.
Бағдарламаға қатысушы журналистердің көп бөлігі толықтай қаржыландырылады. Сәтті тапсырғандардың шығыны толық жабылып, ай сайын жатын орын мен тамаққа, басқа да шығындар үшін £2,000 сомасында стипендия алады. Ұйымдастырушылар Ұлыбританияға барып-келу билеттері мен виза құнын төлейді.
Ағылшын тіліндегі толық ақпарат мына жерде.