Тікелей эфир

МРТ мен компьютерлік томографияны қалай тегін жасатуға болады? Маңызды 12 сұраққа жауап

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
1 қыркүйектен бастап компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томография құны жаңа тариф бойынша есептеледі.

Қазақстанда компьютерлік томография (КТ) мен магнитті-резонансты томографияға (МРТ) тегін түсуге болады. КТ мен МРТ кез келген адамның қалтасын көтере бермейді. Бұл қызметтерді тегін алу үшін не істеу қажет? Кімдерге мұндай диагностикалаудан өтуге болмайды? МРТ мен КТ құны арзандай ма? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.

№1. КТ мен МРТ-ға тегін түсу үшін не істеу қажет?

Науқасқа кез келген диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ түсуге жолдама береді. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін МӘМС жүйесінде пациенттің "сақтандырылған" мәртебесі болуға тиіс. Дәрігер науқасты МӘМС тізімінде бар кез келген емханаға жібере алады.

МРТ-ға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында да тегін түсуге болады. Ол онкология, созылмалы гепатит секілді әлеуметтік маңызды аурудың диагнозы қойылған немесе динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, сондай-ақ туберкулезге және ЖҚТБ/АҚТҚ-ға күдік туындаған науқастарға тағайындалады. Осындай ауруларға күдікті адамдар сақтандыру мәртебесіне қарамастан, емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес диагностикалық зерттеулерден тегін өте алады.

Басқа жағдайларда КТ және МРТ тек ақылы негізде өткізіледі.

№2. МРТ мен КТ-ның не айырмасы бар?

Екеуі де адамның ішкі мүшелері мен тіндерін визуализациялауға мүмкіндік беретін медицинадағы білім берудің екі кең таралған әдісі. Олардың арасындағы негізгі айырмашылықтар:

МРТ:

  • дененің ішкі құрылымдарының егжей-тегжейлі кескіндерін жасау үшін магнит өрістері мен радиотолқындарды пайдаланады.
  • ми, бұлшықет, буын және ішкі мүшелер сияқты жұмсақ тіндердің егжей-тегжейлі суреттерін ұсынады. Ол тіндердің түрлерін жақсырақ көрсетеді және өзгерістерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді.
  • иондаушы сәулеленуді қолданбайды, оны қайта пайдалану қауіпсіз және жүкті әйелдер мен балалар үшін қолайлы.
  • көбінесе ісіктерді, ми ауруларын, жұлынды, буындарды және жұмсақ тіндерді диагностикалау үшін қолданылады.

КТ:

  • кескіндерді жасау үшін рентген сәулелерін пайдаланады.
  • бұл сканерлеудің жылдам әдісі және сүйектің өзгеруін немесе қан кетуін жақсырақ анықтайды.
  • рентген сәулелерін пайдаланады, бұл сәулелену дозасының ықтимал жинақталуына байланысты қайта пайдаланған кезде зиянды болуы мүмкін.
  • әдетте жарақаттарды, қан кетулерді, инфекцияларды және сүйек ауруларын анықтау үшін қолданылады.

Сондықтан МРТ көп жағдайда КТ-ға қарағанда көп ақпарат береді, қауіпсіз, жұмсақ тіндерді егжей-тегжейлі зерттейді деген қорытынды жасауға болады. Дәрігер нақты клиникалық жағдайға және зерттеу мақсаттарына байланысты тағайындайды.

№3. Кімдерге МРТ жасауға болмайды?

МРТ – ми мен жұлынның, омыртқаның, буындардың, іш қуысы мүшелерінің (асқазан мен ішекті қоспағанда) және жамбастың, сондай-ақ жүрек пен қан тамырларының ауруларын диагностикалаудың ең тиімді әдістерінің бірі. МРТ көбінесе диагностиканы нақтылау әдісі ретінде қолданылады. Дегенмен МРТ-ға қарсы көрсеткіштер жоқ емес. Абсолютті қарсыкөрсетілім – кардиостимулятор (жасанды ырғақ жүргізушісі, кардиовертер, пейсмейкер) немесе басқа да имплантацияланған бағдарламаланатын құрылғылардың болуы, сондай-ақ мидың немесе көздің жанында металдың болуы.

Басқа жағдайларда зерттеу жүргізуге болады. Дегенмен, дәрігерге ертерек мына мәліметтерді міндетті түрде айтыңыз:

  • жасанды ырғақ жүргізушілері, жүрек клапандарының протездері, жасанды буындар, сүзгілер және денеңіздің ішінде кез келген басқа металл медициналық құрылғылар бар болса;
  • бұрын миға, жүрекке немесе басқа мүшелерге операция жасатсаңыз;
  • денеңізде медициналық емес металл заттар (сынықтар, чиптер) бар болса;
  • эпилепсиямен, ұстамалармен ауырсаңыз, талып қалған кезіңіз болса;
  • жүкті болсаңыз.

№4. МРТ жиі жасауға бола ма?

МРТ электромагниттік сәулеленуге негізделген. Науқас пластикалық корпуспен қорғалған үлкен магниттің үстіне бекітілген жылжымалы үстелге жатады. Магнит өрісі мен пайда болған тербелістердің әсерінен адам тіндеріндегі сутегі атомдары белсендіріледі. Сенсор қабылдайтын және зерттелетін аймақтың немесе органның күйін көрсететін кескінді декодтау және қалыптастыру үшін деректерді компьютерге жіберетін сигналдар пайда болады. Осылайша процедура кезінде адам ағзасында ешқандай өзгеріс болмайды. Абсолютті қарсы көрсетілімдер болмаса МРТ-ға жиі түсе береді.

Сканерлеу кезінде пациенттерге рентген сәулелері түспейді, сондықтан МРТ-ға араға уақыт салып түсудің қажеті жоқ. Зерттеуді жылына бірнеше рет немесе күніне бірнеше рет жасауға болады. Денсаулыққа ешқандай әсер етпейді. 

№5. МРТ аппараты тұрған бөлмеге немен кіруге болмайды?

Пациенттің қауіпсіздігі мен сапалы суреттер үшін️ зерттеу алдында мыналарды алып тастау сұралады:

  • киімде металл ештеңе болмауы керек️;
  • іш киімде металл бөлшектер, әшекейлер болмауы керек;
  • көзілдірік, сақина, шынжыр, білезік, пирсингті алып тастау;
  • ұялы телефон, карта, сағаттар мен тиындарды алмау.

Киімдегі металл денеңізді қыздырып, күйдіруі мүмкін. Ол шығып, құрылғының қабырғасына жабысып қалса сізді тырнап немесе ұрып жібереді. Суреттер де дұрыс шықпай қалады, сәйкесінше дұрыс диагностикалау мүмкін болмайды.

Барлық металл қарсы көрсетілім бола алмайды. Денеде магнитті емес металл болса МРТ жасай беруге болады. Бірақ зерттеу алдында дәрігерге металл туралы мәліметтерді және өнімнің төлқұжатын немесе сертификатын көрсету керек. 

№6. Коронка мен тіс импланты болса МРТ жасауға бола ма?

Заманауи тіс импланттары томографтың магнит өрісіне жауап бермейтін металдардан жасалған, яғни импланттың жылжып кетуінен не зақымдануынан не болмаса зерттеу үлгісінің бұрмалануынан қорқудың қажеті жоқ. Тіс импланттары қазіргі уақытта негізінен титан қорытпаларынан жасалады.

Коронкаға келер болсақ, егер материалы керамика не цирконий болса, онда мұндай қаптама қауіпсіз. Мұндай материалдар магнит өрісіне сезімтал емес. Әдетте металл керамикадан жасалған коронка томографтың магниттік толқындарымен байланысқа түспейтін материалдардан жасалады. Зерттеуге бара беруге болады. Егер коронка толық металлдан жасалса, онда ол магнит өрісімен әрекеттеседі және суреттерді бұрмалауы мүмкін. Бұл – МРТ-ға салыстырмалы қарсы көрсеткіш. Маман коронканың құрамына ғана емес, зерттеу аймағына да сүйене отырып, зерттеу жасау немесе жасамау туралы шешім қабылдайды.

№7. Аяғы ауыр әйелге МРТ жасауға бола ма?

Аяғы ауыр әйелдерге контрастілеуді қажет ететін МРТ жасалмайды. Процедура бірінші триместрде де жүргізілмейді. Қалған уақытта МРТ анаға да, балаға да зиян тигізбейді.

№8. МРТ қанша уақыт алады?

Зерттеудің ұзақтығы пациенттің қай мүшесіне диагностика жасалатынына байланысты. Мысалы:

  • Кез келген бас аймағын сканерлеу – шамамен 20 минут;
  • буындарды зерттеу – кем дегенде 30 минут;
  • омыртқаның бір бөлігі – кем  дегенде 20 минут;
  • жамбас диагностикасы – шамамен 35 минут.

Контраст затты енгізе отырып жасалған зерттеу шамамен тағы 15 минутқа созылады.

№9. КТ-ға түсер алдында не істемеу қажет?

КТ контрастсыз жасалса ертерек арнайы анализ тапсырудың қажеті жоқ. Зерттеу аш қарынға жүргізіледі. 6-8 сағат бұрын тамақ жеуге болмайды. Тек газсыз, тазартылған суды ішуге рұқсат етіледі. Денеден контрасты тезірек кетіру үшін көбірек ішу қажет. Бір күн бұрын  стероид емес қабынуға қарсы препараттарды, нефротоксикалық препараттарды және диуретиктерді қабылдамау қажет.

КТ контрастпен жасалса, оған арнайы дайындық қажет:

  • он күн ішінде несепнәр, креатинин және GFR үшін қан тапсыру;
  • қант диабеті барлар қалқанша безінің патологиялары болса қандағы глюкозаны тексеруге, қалқанша безді ынталандыратын гормонның концентрациясын анықтауға жіберіледі.

№10. КТ қаншалық жиі жасауға болады?

Өкпе мен кеуде қуысының томографиясы пневмонияны, туберкулезді, ортаңғы ісіктерді, жұмсақ тіндердің және қан тамырларының жарақаттарын, қабырға және кеуде омыртқасының жарақаттарын көрсетеді.

КТ жасаған соң радиоактивті элементтер адам ағзасында сақталмайды және жиналмайды. Рентген сәулелері 30-45 секунд тек зерттеу аймағын сканерлейді. Адам ағзасында сутегі, темір, калий секілді қажет химиялық элементтер бар. Олардың ыдырауы өмір бойы әрбір секунд сайын болатын радиоактив процесс. Адам атмосферадан, судан және табиғи радионуклидтерден белгілі бір мөлшерде сәуле алады. Бұл табиғи фондық сәулелену деп аталады.

Науқастың медициналық тексерулердің бір бөлігі ретінде алған сәулелену дозасы азғантай ғана. Дегенмен әр адамның денесі рентген сәулесінің әсеріне әртүрлі қабылдайды. Мысалы, кейбір пациенттер радиациялық жүктемеге оңай төтеп бере алса, басқаларына ол қатты әсер етеді.

Осылайша, жылына бір рет КТ жасау қауіпсіз. КТ-ға жылына көп дегенде үш рет қана түскен дұрыс. Ал арасында кемінде 3-6 ай үзіліс жасау керек.

№11. МРТ мен КТ-ға түсу неге қымбат?

КТ немесе МРТ аппараттарын алу үшін көп қаржы қажет. Оны орналастыру да шығын. Кабинетті жабдықтау, электр энергиясы да шығын, өйткені бұл машиналар көп қуат жұмсайды. Осындай жабдықтарды пайдаланатын компаниялар жарыққа басқаларға қарағанда әлдеқайда көп төлейді.

Сонымен қатар диагностика жасайтын мамандарды оқытуға қомақты ақша қажет. ен төленеді.

Томографтар – баптау және реттеу, сондай-ақ тұрақты техникалық қызмет көрсету және тестілеу үшін тұрақты инженерлік қолдауды қажет ететін күрделі техникалық жабдық. Сондықтан жабдықтың нақты жұмыс істеуі және сапалы да айқын бейнелерді қамтамасыз етуі үшін оған тұрақты инвестиция қажет.

№12. МРТ мен КТ бағасы арзандай ма?

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томография құны жаңа тариф бойынша есептеледі. Жаңа тарифтер аса сұранысқа ие клиникалық-диагностикалық қызметтер тізбесіне сай белгіленген және олар МӘМС және ТМККК аясында қолданылады. 

Бұған дейін мойынның, кеуде ағзаларының, сүйек-буын жүйесінің және өзге де ағзалардың КТ зерттеуі 9622 теңге болса, енді баға 7976 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 29 955 теңгемен бағаланатын контрастілеуді қажет ететін КТ шараларының құны 24-25 мың теңге аралығына дейін төмендейді. 

МРТ да белгілі бір деңгейде (12 247 теңгеден 8750 теңгеге және 34 735 теңгеден 29 605 теңгеге) арзандайды. 


Материалды әзірлегенде NovaMed диагностика орталығы жариялаған ақпарат пайдаланылды. 

Серіктестер жаңалықтары