USDUSD: 502.9 / 507.9
  • EUREUR: 524.5 / 530.5
  • RUBRUB: 5.37 / 5.49
Тікелей эфир
Алматы +1C
  • +1°C Алматы
  • -16°C Астана
  • -2°C Ақтау
  • -15°C Ақтөбе
  • -12°C Атырау
  • -12°C Балқаш
  • -15°C Жезқазған
  • -14°C Қарағанды
  • -11°C Көкшетау
  • -17°C Қостанай
  • -5°C Қызылорда
  • -17°C Павлодар
  • -17°C Петропавл
  • -18°C Семей
  • -9°C Талдықорған
  • 0°C Тараз
  • +1°C Түркістан
  • -21°C Орал
  • -21°C Өскемен
  • +1°C Шымкент
Алматы +1C
  • +1°C Алматы
  • -16°C Астана
  • -2°C Ақтау
  • -15°C Ақтөбе
  • -12°C Атырау
  • -12°C Балқаш
  • -15°C Жезқазған
  • -14°C Қарағанды
  • -11°C Көкшетау
  • -17°C Қостанай
  • -5°C Қызылорда
  • -17°C Павлодар
  • -17°C Петропавл
  • -18°C Семей
  • -9°C Талдықорған
  • 0°C Тараз
  • +1°C Түркістан
  • -21°C Орал
  • -21°C Өскемен
  • +1°C Шымкент

Мобильді аударымдар: 2025 жылы салық органдары кімдердің шотын тексереді

Иллюстрация: Depositphotos.com
Иллюстрация: Depositphotos.com
Қандай мобильді аударымдар салық инспекторының назарына ілігетінін және қанша айыппұл салынатынын түсіндіреміз.

Биылдан бастап жеке тұлғалар міндетті декларация тапсырудан босатылғанымен, мобильді аударымдарға салықтық бақылау күшейтіледі. Жаңа ережеге сәйкес, мобильді аударымдардың саны ғана емес, сомасы да назарға алынады. Осылайша салық органдары кәсіппен заңсыз айналысып, салықтан жалтаратын азаматтарды анықтап, оларға шара қолданбақ. 

Осы орайда Информбюро порталы қандай жағдайда мобильді аударымдар тексерілетінін, салықтан жалтарғандарға қандай шара қолданылатынын түсіндіреді. 

№1. Қандай жағдайда мобильді аударымдар тексеріледі?

2022 жылдан бастап екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар аударымдар туралы мәліметтерді салық органына жолдап келеді. Қаржы министрінің 2022 жылғы № 323 бұйрығына сәйкес, егер жеке тұлға үш ай қатарынан әр айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша алса, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі болып саналады. Бұл жайт анықталса банктер ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруға міндетті. Ал салық органдары бұл адамның кәсібін заңдастырған-заңдастырмағанын тексеруі мүмкін. Кәсіппен айналысатыны расталса ол адамға айыппұл салынады.

№2. Салық органдары кімдерді тексереді?

Мобильді аударымдар туралы мәліметтерді банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен ұсынады:

  • Бірінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайларының 2022 жылғы банк шоттары туралы ақпарат алынды.
  • 2024 жылдан бастап банктер мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының 2023 жылғы мобильді аударымдары туралы мәліметті салық органдарына жолдады.
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларының 2024 жылғы банк шоттары туралы мәліметтер беріледі.
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық азаматтың 2025 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпарат тексеріледі. 

№3. 2025 жылы не өзгереді?

Биыл Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен бірлесе тексерілетін мобильді аударымдардың шекті сомасын енгізу туралы шешім қабылдады. Жаңа ережеге сәйкес екiншi деңгейлi банктер салық органдарына үш ай ішінде әр ай сайын 1,02 миллион теңгеден астам ақша аударылған шоттар туралы ақпарат беруге тиiс. Бұрын аударымдар саны мен уақыт кезеңі бойынша тексерілсе, енді шекті сома (ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері) енгізілмек. Қазіргі таңда бұйрық жобасы әзірленді. Ұлттық банк мақұлдаған соң бұйрық жобасы қоғам талқысына шығарылады.

№4. Жеке аударымдарға қандай да бір шектеулер қойыла ма?

Жеке аударымдар салық инспекторларының назарына ілінбейді. Кәсіппен айналыспайтын адамдар жеке мақсаттары үшін достарына, туыстарына және басқа кез келген адамға емін-еркін ақша аударып, ақша ала алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды. Алайда үш ай бойы ай сайын есепшотқа жүзден аса адам ақша аударса шот иесі салық органдарының назарына ілінуі мүмкін.

№5. Қандай мобильді аударымдар тексерілмейді?

Садақа, қайырымдылық немесе біреудің ем-домы үшін жіберілген ақша кәсіпкерлікке жатпайды. Бұл қаражат кәсіпкерлік табыс көзі болып саналмайтындықтан оған салық та салынбайды. Сондықтан ондай мобильді аударымдар бақылауға алынбайды. 

№6. Салық органының назарына іліккен шот иесіне қандай шара қолданылады?

Бұл жағдайда шот иесі камералдық бақылауға алынады. Салық Кодексінің 94-бабына сәйкес, салық төлеушi (салық агенті) ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негiзiнде салық органдары жүзеге асыратын бақылауды камералдық бақылау дейді. 

Камералдық бақылаудың мақсаты – салық төлеушіге салық органдары анықтаған бұзушылықты өз бетінше түзеу, яғни жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық есептілігін тапсыру және барлық салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу.

Салық төлеуші бұзушылықтармен келіссе, ол жеке кәсіпкерді тіркеуі немесе декларацияға кіріс сомаларын көрсете отырып қосымша декларация тапсыруы керек. Келіспесе растайтын құжаттарды көрсете отырып, бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы.

Хабарламаны орындамаған кезде салықтық тексеру тағайындалып, банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың болуы не болмауы туралы іс жүзінде шешім шығарылады. 

№7. Салықтан жалтарғандарға қандай жаза бар?

Кәсіпкерлік қызметпен оны тіркеместен айналысқан азаматтарға 15 АЕК (2025 жылы 1 АЕК – 3 932 теңге), яғни 58 980 теңге айыппұл салынады. Қайталанса – 30 АЕК, яғни 117 960 теңге айыппұл көзделген.

Салық төлеуші салық салу объектілерін жасырып қалған жағдайда, сол жасырылған салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл тағайындалады. Бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, төленбеген салық сомасының 300% мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал чек бермесе бірінші рет жай ескерту жасалады. Қайталанса 30-дан 40 АЕК-ке дейін (117 960 – 157 280 теңге) айыппұл арқалайды.

№8. Салық органдарының тексерісіне ілікпеу үшін не істеу қажет? 

Кәсіпкер ретінде мобильді аударымдар арқылы пайда тапқан қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметке арналған жеке арнайы шот (бизнес-шот) ашуы керек. Бұл ретте салық кодексінде микро және шағын бизнеске жеңілдетілген салық шарттары қарастырылған. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады.

№9. Мұндай бақылау не үшін қажет?

Аталған шара  жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтерді ұсынғаны үшін ақысын мобильді аударым ретінде жеке шотқа аударуды сұрайды. Ондай төлемдер үшін салық ұсталмайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды пайдаланып, салық төлемеуі мемлекеттік бюджетке айтарлықтай зиян келтіреді. Сол үшін елде тауарлар мен қызметтер ақысын арнайы кассалық аппарат, QR-код немесе POS-терминал арқылы төлеу міндеттеліп отыр. 

Серіктестер жаңалықтары