Тікелей эфир

Мемлекеттік грантпен оқыған ЖОО түлектері оны қалай өтейді? Шағын нұсқаулық

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Жоғары оқу орнын мемлекеттік грант бойынша аяқтаған түлек өз мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.

Мемлекеттік грантпен оқыған студенттер қандай мекемелерде грантын өтей алады? Қандай түлектер грантты өтеуден босатылады? Грантты өтемеген жағдайда түлек оқу ақысын қайда қайтарады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын төмендегі материалдан оқи аласыздар.

Соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарын грантпен немесе квота бойынша оқып бітірген бакалавриат түлектері, магистранттар мен докторанттар грантын өтеп, өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл еңбек етіп жүр.

Бұл ереже 2016 жылы ҚР "Білім туралы" Заңына сәйкес қабылданды. Ал 2021 жылдың басында грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді. Бұдан былай жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер грантты мамандық бойынша тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алатын болды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан грант иегерін оқытуға кеткен шығындарды өтейтін норма енгізілді, ол түлектің нақты оқыған оқу мерзіміне пара-пар. 

№1. Қандай түлектер грантты жұмыспен өтеуі тиіс?

ҚР "Білім туралы" Заңына сәйкес 6 санат үшін грант бойынша үш жылдық немесе екі жылдық міндетті жұмыспен өтеу көзделген. Олар:

  • Педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша квотамен оқуға түскен ауыл жастары;
  • Педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша "Серпін" бағдарламасымен оқуға түскен ауыл жастары;
  • Педагогикалық және медициналық мамандық бойынша оқыған студенттер;
  • Бейіні бойынша докторлық бағдарлама бойынша білім алған докторанттар;
  • Философия докторлары бағдарламасы бойынша оқыған докторанттар;
  • Барлық басқа мамандықтар.

№2. Грантпен оқыған жас мамандардың жұмыспен өтеу міндеті қандай нормативтік құқықтық актілерде көзделген?

"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл жұмысты өтеу міндеті жүктелген. 

№3. Қандай жағдайда мемлекеттік грантты өтеу міндетті емес?  

Оқу ақысы толығымен төленген жағдайда, одан бөлек, төмендегі жағдайларда: 

  • тұрғылықты жерде, жұмыс орнында немесе жұбайы қызмет ететін жерде мамандығы бойынша бос жұмыс орны табылмаса;  
  • I және II топтағы мүгедектігі болса; 
  • оқуын одан әрі жалғастыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде магистратураға, докторантураға немесе резидентураға оқуға түскен жағдайда; 
  • аяғы ауыр әйелдерге;  
  • үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп отырған тұлғаларға мемлекеттік грантты өтеу міндетті емес. 

№4. Егер, студент бастапқы жылдары ақылы оқып, кейін грантқа ауысса қалай болмақ?

Бұл жағдайда грантты өтеу мерзімі бөлек есептеледі. Мысалы, студент:

  • ақылы оқудан грантқа ауысса;
  • гранттан ақылы оқуға ауысса;
  • жоғары оқу орнынан шығып кетсе және сол жылы не келер жылы оқуына қайта оралса.

Мысал үшін есептеп көрелік: грантты өтеу мерзімі – 3 жыл (36 ай). Жалпы оқу жылы – 4 жыл (48 ай). Студенттің ақылы оқыған уақыты – 30 ай, ал грантта оқыған уақыты – 18 ай (қалған бір жарым жыл) болса, оның грантта оқыған мерзімін жалпы оқу жылына бөліп, шыққан санды 36-ға (грантты өтеу мерзімі) көбейтеміз. Нәтижесінде 13,5 ай болады. Яғни, түлек бір жарым жыл грантта оқыған уақытты 13,5 ай жұмыс істеп өтеу қажет.


Оқи отырыңыз: Грант байқауы - 2024: ЖОО мен мамандық таңдауға арналған мамандар кеңесі


№5. Грантпен оқу бітірген түлек әскерге шақырылса не істейді?

Мерзімдік әскери қызметке түскенде немесе шақырылған кезде жас маманға жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақытын қоспастан, жұмысты өтеу мерзімі кейінге шегеріледі. 

№6. Грантпен оқыған түлекке мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қанша уақыт беріледі? 

Жұмысқа жолдаманы түлектерді бөлу жөніндегі комиссия алдын-ала береді, ал ол комиссия университетте құралады. Түлек оқуды бітірген жылы 1 қыркүйектен бастап жұмысқа кірісуі қажет. 

№7. Жас мамандарды жұмысқа кімдер жібереді?

Жас мамандарды жұмысқа жіберу процесін ЖОО құратын дербес бөлу жөніндегі комиссиялар, сондай-ақ медициналық мамандықтар түлектері үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Жоғары оқу орындарындағы комиссия мүшелері жыл сайын бітірген түлектердің саны, мамандығы, оқу тілі, тұратын мекен-жайы көрсетілген тізімді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жіберіп отырады. Бұл арқылы мемлекеттік грантпен оқыған мамандардың барлығын жұмыспен қамту көзделген. Комиссия мүшелері 1 шілдеге дейін қажет деген жас мамандарды хаттама шешімімен бөліп, жұмысқа анықтамасын береді.

№8. Түлекке жұмыс табылмаса не істеуі қажет?

Онда жас мамандар жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі. Яғни, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына грантты өтеу уақытында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Ол арқылы тұратын мекен-жайында жұмыс табылмаса, басқа өңірлерге жұмысқа орналасуы мүмкін.

Егер Бөлу жөніндегі комиссия түлекті жұмыс іздеуші адам ретінде тіркеуге тұру үшін мансап орталығына жолдаған болса, онда оның жұмыссыз ретінде есепте тұрған уақыты жұмыспен өтеу мерзіміне есептеледі. Жұмысқа орналаспай, жұмыссыздық есебінен шығу жұмысты өтеуден бас тартумен бірдей. Мысалы, егер жас маман жалпы мерзімі 6 ай жұмыссыз ретінде есепте тұрған болса (үзіліспен/үзіліссіз), жұмыспен өтеу мерзімінің өтелмей қалған бөлігі 30 ай болады. Сол сияқты, егер түлек жалпы мерзімі 3 жыл жұмыссыз ретінде есепте тұрса (үзіліспен/үзіліссіз), онда жұмыспен өтеу міндеті толық орындалған болып есептеледі.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдер жазда қалай демалады және қанша жәрдемақы алады?


№9. Түлек мемлекеттік грантты уақытында өтемесе не болады?

Бұл жағдайда студент өзінің оқуына мемлекет төлеген ақшаны толықтай қайтаруға міндеттеледі. Ережеге сәйкес, түлек оқу бітірген жылы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеуі керек. Тиісінше, грантты өтеу мерзімі осы уақыттан бастап есептеледі. Студент оқып жүріп жұмыс істесе, бұл уақыт грантты өтеу мерзімі болып саналмайды.

№10. Грантты өтемеген жағдайда түлек оқу ақысын қайда қайтарады?

ҚР "Білім туралы" Заңының 47-бабының 17-4-тармағында: "Жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман және философия докторы өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы арқылы бюджетке өтеуге міндетті" деп жазылған. Түлектер жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындамаса, оларды оқытуға кеткен шығын білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – Қаржы орталығы арқылы бюджетке өтеледі.

№11. Ауыл квотасы бойынша оқу бітірген түлектің қаладағы мемлекеттік білім беру ұйымында немесе мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымында жұмысын өтеуіне құқы бар ма?

Жоқ, егер жас маман "Білім туралы" Заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ауылдық квотамен оқу бітірген болса, ол ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру/денсаулық сақтау ұйымдарында жұмысты өтеуге міндетті.

№12. Жұмыстан шығып, басқа жұмысқа орналасуға бола ма?

Егер жұмыс орны түлекке тағайындалған гранттың талаптарына сәйкес келетін болса, оған жұмыс орнын ауыстыруға болады, мұндай жағдайда "Қаржы орталығы" АҚ-ға тиісті құжаттарын ұсынуы қажет.

№13. Қаржы орталығына қалай хабарласуға болады?

Қаржы орталығының сайт: https://fincenter.kz/ 

Электронды поштасы: fincenter@fincenter.kz

Телефондары:

+7 (7172) 69-50-34

+7 (7172) 69-50-32

+7 (7172) 69-50-47

+7 (7172) 69-50-56

 

Серіктестер жаңалықтары