Құрбан айт мерекесі биыл 16 маусымда басталып, үш күн атап өтіледі. Айт мерекесінің бірінші күні дүйсенбіге сәйкес келетіндіктен, бұл күн ел заңнамасы бойынша демалыс күні болып есептеледі. Ханафи мәзһабында Құрбан айт намазынан кейін 3 күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу – міндет.
Кімдер құрбан шалмаса болады? Қаза болған адамның атынан құрбан шалуға бола ма? Құрбандық етін қалай үлестіреді? Осы орайда Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе құрбан шалушылар білуге тиіс сұрақтарға жауап әзірледі.
№1. Құрбан сөзі қандай мағына береді?
Тілімізге еніп кеткен "құрбан" сөзі араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді. Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.
Негізінде бұл мерекенің тарихы Ибраһим аләйһис-сәләм мен ұлы Исмайл пайғамбардан бастау алады. Аллаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жартушысын разы ету үшін ұлы Исмайлды құрбандыққа шалмақшы болады. Алла Тағала оған Исмайлдың орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты басынан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауым үшін ғибрат өнегесі болса керек.
№2. Құрбан шалған адамға қандай сауап жазылады?
Құрбан шалу құлшылығы адамды ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа кенелтеді. Құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған. Алланың берген нығметіне шүкіршілік етудің бір жолы – Алла жолында мал-дүниені жұмсау. Құрбандық шалу – Аллаға шүкіршілік етудің бір көрінісі.
Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті артырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.
№3. Құрбандық шалу кімдерге міндет?
Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Шариғат бойынша "бай" деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі) немесе 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 грамм алтын (1,2 млн теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.
Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылады. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.
№4. Бір құрбандық малы неше адамның атынан жарамды болады?
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Ал түйе мен ірі қараны бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойса болады. Бірақ жеті адамнан асып кетпеуі керек. Алайда түйе мен ірі қараны құрбандыққа шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер олардың біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
№5. Құрбандық қай уақытта шалынады?
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.
Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.
Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады.
Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу дін тұрғысынан ұнамсыз іс-әрекет делінген. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал.
№6. Қасапшыға қандай талап қойылады?
Қасапшыға қойылатын талаптар
- мұсылман болу;
- кәмелетке толған, психикалық және физикалық сау болу;
- мал союды жақсы меңгеру;
- санитарлық талаптарды сақтау;
- малды бауыздау алдында "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
- құрбан шалуға өкілдік берілмей малды бауыздамау;
- пышақты малдың алдында қайрамау;
- сойылатын жерге малды қинамай апару;
- малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызу;
- екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлау;
- пышақты тартып бірден өңеш, кеңірдек және екі күретамырын кесу;
- малды өтпейтін пышақпен бауыздамау;
- бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздамау;
- малдың қаны толық аққанын және жаны шыққанын күту;
- жаны шықпастан терісін сыпырып алмау;
- сойылған малдың терісі мен ішек-қарнын аяқ асты етпей барынша қолдану шарт.
№7. Құрбан шалғанда ниет ету шарт па?
Негізінде әрбір іс міндетті түрде ниет етумен басталады. Кейбір ғибадаттарда нақты ниет етілмесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалуы мүмкін.
Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.
Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: "Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!". Басқа сөзбен айтса да немесе "Бисмилләһи, Аллаһу акбар" деп қысқа қайырып қойса да болады.
Осы орайда, құрбандық ғибадатында ниеттің маңыздылығын көрсететін мына мысалдарға тоқталып өтсек:
- Қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.
- Кедей адам құрбандық шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Ниет етіп алған құрбандығын шалмаса әрі құрбан шалу уақыты өтіп кетсе, байға ұқсап садақа беруге міндетті болады.
- Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады.
- Бір кісіден жеті кісіге дейін бірігіп, сиыр, не түйе шалғанда, олардың әрқайсысы құрбандықты ниет етулері тиіс. Араларындағы біреуі соғым немесе жәй ет алу ниетімен қатысса, ешбіреуінің үлесі құрбандыққа есептелмейді.
№8. Құрбан шалатын кісіге не нәрсе мұстахап, яғни ең көркем амал?
Құрбандыққа семіз әрі әдемі малды таңдау. Қойдың піштірілген қошқарын, қара ірі мал мен түйенің ұрғашысын бауыздаған абзал.
Мал иесінің өзі союы немесе жақсы соятын адамға тапсыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың атынан құрбандық шалғанда, құрбандықтың алдында тұруды өтінген және бауыздап жатқан малдың бірінші қаны тамған бойда бұрынғы күнәларының кешірілетінін айтқан.
Малды бауыздап жатқанда дұға оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына дұғаны оқып, бауыздаған жақсырақ:
"Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсұнып, ниет еттім. Мен Оған ешкімді серік қоспаймын. Менің намазым мен ғибадаттарым, расында, бүкіл әлемнің иесі – Алла Тағала үшін, өмірім мен өлімім де – Оның қалауында. Оның серігі жоқ. Мен соған бұйырылдым. Мен мұсылмандарданмын".
Құрбандық малды қинамай, алдын ала дайындалған өткір пышақпен жеңіл түрде бауыздау керек. алды өтпейтін пышақпен қинап сою – мәкруһ. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.
Айт күні таңертең тамақ ішпей, сойылған құрбандық етімен ауыз ашу – сүннет.
№9. Қарыз алып құрбан шалуға бола ма?
Егер бір адамға құрбандық шалу уәжіп болса, алайда қолында ақшасы болмаса, қарыз алуы міндетті. Ал егер оған құрбан шалу уәжіп болмаса, өзі мұқтаж адам болса, оған құрбандық шалу үшін қарыз алу дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала пенделеріне шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді. Ол туралы Құранда былай делінген: "Алла ешбір жанға күші жететінінен басқаны жүктемейді".
№10. Біреуге тапсырыс беріп құрбандық шалуға бола ма?
Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді.
Мұхаммед Пайғамбар Хаким ибн Хизамға құрбандық сатып алуға тапсырыс берген. Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас "уакалат" деп аталады.
№11. Жолаушыға құрбан шалу міндет пе?
90 шақырымнан астам жерге сапарға шыққан адамға құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ нәпіл ретінде құрбандық шалса, сауапқа кенеледі.
Алайда жолаушы айт күндерінің демалысын пайдаланып немесе басқа да себептерге байланысты сапарлап барған жерінде құрбан шалуына рұқсат етіледі. Оның сапарға шыққаны құрбан шалуына және құлшылығының қабыл болуына кедергі болмайды.
Жолаушы сапарда жүріп құрбан шалып, айт күндері бітпей жатып үйіне қайтса, оған екінші рет құрбан шалу міндетті емес. Сондай-ақ айт күндерінің басында тұрғылықты болып, кейін айт күндерінің ішінде сапарға шықса да оған құрбан шалу міндеттелмейді. Ал егер айттың бірінші күні сапарда болып құрбан шалмаса, кейін айт күндері үйіне қайтса, онда ол құрбан шалуға тиіс.
№12. Құрбандық орнына садақа беруге бола ма?
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу бай, муқим (жолаушы болмаған), азат мұсылманға – уәжіп. Құран Кәрімде: "Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал" – делінген.
Сондықтан Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет.
Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өткен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.
Демек құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруға тиіс.
№13. Дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға бола ма?
Дүниеден озған адамның атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Марқұм үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.
Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.
№14. Құрбандық малының бағасы қалай белгіленеді?
ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Қазақстанның әр аймағында малдың бағасы әртүрлі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.
Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.
№15. Құрбандық еті қалай үлестіріледі?
Құрбандық еті үшке бөлініп үлестіріледі:
- өзіне, отбасына, бала-шағасына;
- туған-туыс, көрішлеріне;
- қалған үштен бірі кедей мен мұқтаждарға.
Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.
Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін qurban2024.kz сайты арқылы өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.
№16. Құрбандыққа шалынған малдың терісін сатуға бола ма?
Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – ұнамды іс.
Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – ұнамсыз іс. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
Ескерту: Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.
№17. Малдың бойында кемшілік барын білмесе, ол құрбандық деп санала ма?
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
№18. Құрбан айт күні ауыз бекітуге бола ма?
Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза ұстаудың сауабы мол. Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ауыз бекітуге болады. Ал айт кезінде ораза ұстауға шариғатымыз рұқсат етпейді.
№19. Биылғы құрбан шалу рәсімінің жолдары қандай?
Биыл Қазақстанда құрбандық шалу рәсімі онлайн және офлайн форматта өтеді:
- Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда құрбан шалу рәсімін дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратындарға есік алдында құрбандық шалуға ешқандай шектеу жоқ;
- Ел азаматтары, әсіресе, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында рәсімді қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайты іске қосылды. Онлайн құрбан шалу мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу.
№20. Құрбан айтта тағы не істеу керек?
Мұсылман қауым ерте тұрып, тазаланып, хош иісті әтірін сеуіп айт намазына дайындалады. Айт намазынан кейін барша мұсылманды құттықтап, арада өкпе-реніш болса бәрін ұмытып, татуласады. Кейін жағдайы жақсы мұсылмандар Алла разылығы үшін деп құрбандық шалып, садақа береді.