
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы бала күтіміне байланысты көбірек төлем алғысы келген 113 келіншекке қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Олар мемлекетке 158,4 млн теңге залал келтірген. Осындай заңсыздықтың жолын кесу үшін министрлік әйелдің бала көтеруіне, бала тууға және оны күтіп-бағуға берілетін ақыны есептеу тәртібіне өзгеріс енгізді.
Өзгеріс 2025 жылғы 8 сәуірде күшіне енеді. Осы орайда Информбюро порталы өзгерістерді түсіндіріп, енді әйелдер мемлекеттен қанша жәрдемақы алатынын анықтады.
№1. Бала туған әйелдер қандай жәрдемақы ала алады?
Әйелдер үш төлемді алуға құқылы:
- Аяғы ауыр болуына және босануына (декреттік) байланысты бір жолғы төлем. Жүктіліктің 30-аптасы басталғанда әйел адам декретке шығады. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы 126 күнтізбелік күнді құрайды (босануға дейін – 70 күн, босанғаннан кейін – 56 күн). Кейбір жағдайларда демалыс 140 күнге дейін созылады. Қиын босанған жағдайда немесе әйел екі немесе одан көп бала туса, мерзім ұзартылады. Төлем сомасы соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріс негізінде есептеледі.
- Бала босанғаны үшін берілетін бір жолғы төлем. Төлем сомасы заңмен бекітілген және бала санына қарай есептеледі.
- Баланың бір жарым жасқа толғанша күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы. Төлем сомасы соңғы 24 айдағы орташа айлық табыс негізінде есептеледі.
Жұмыс істейтін әйелдер барлық төлемді алады және әйелдің табысына қарай есептеледі. Ал жұмыс істемейтін әйелдер бала туған кезде бір рет берілетін төлемді және бала күтімі бойынша бекітілген жәрдемақыны алады.
№2. Сәуірден бастап не өзгерді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бала тууға байланысты жәрдемақыны есептеу үшін ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайтын орташа айлық табыс ескеріледі. Демек қазір бірнеше жерде жұмыс істеп, айына 595 мыңнан астам жалақы алған әйел ең көп дегенде 2 249 100 теңге (біржолғы) жәрдемақы алады. Оның 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады.
Бұрын тек бір жұмыс берушіден алатын төлем сомасына қатысты ғана шектеу болды. Ол кезде бірнеше жерде жұмыс істейтін әйел әр жұмыс орнынан декреттік төлем ала алатын. Енді декреттік төлемнің жалпы сомасына шектеу енгізілді. Әйел қанша жерде істеп, қанша айлық алса да, бір рет алатын жәрдемақы 2 249 100 теңгеден аспайды.
Сондай-ақ, жұмыстан шыққаннан кейінгі аударымдар есепке алынбайды. Бұрын әйелдер декретте жүріп өз атына аударым жасап, жәрдемақыны өсіре алатын. Егер әйел жұмыстан шығып кеткен соң (мысалы, декретке шыққан соң) оның атына сақтандыру қорына жасалған қосымша аударымдар бұдан былай есепке алынбайды. Бұл ереже декреттік төлемге де, бала күтіміне байланысты жәрдемақыға да қатысты.
Өзгерістер тек жұмыс істейтін әйелдерге қатысты. Жұмыс істемейтін әйелдер бұрынғыша мемлекет бекіткен мөлшерде жөргекпұл мен бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алады.
№3. Декреттік төлем қалай есептеледі?
Декреттік төлем бір рет төленеді және 12 айдағы әлеуметтік аударымдар есепке алынады. Әлеуметтік төлем мөлшерін білу үшін соңғы жылдағы орташа айлық табыс мөлшерін жұмысқа қабілетсіздік күндер санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, 10% міндетті зейнетақы жарналарын шегеру керек. Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік отыз күнге бөлу арқылы айқындалады. Мысалы, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126/30=4,2 тең болады.
Әлеуметтік аударымдарды шегергенде орташа 300 мың теңге жалақы алатын әйелдің декреттік төлемін есептеп көрейік. Бұл соманы 4,2 коэффицентке көбейткенде 1 млн 260 мың теңге шығады. Бұл сомадан 10% зейнетақы жарнасы ұсталса, 1 млн 134 мың теңге декреттік төлем тағайындалады.
Ал ай сайынғы табысы 7 еселенген ең төменгі жалақыдан, яғни 595 мыңнан асатын әйелдердің декреттік төлемі былай есептеледі. Мысалы, ай сайынғытабысы 700 мың теңге болса да декреттік төлем шекті 595 мың теңге деңгейінде есептеледі. Бір жылдағы орташа табысты 4,2 коэффициентке көбейткенде 2 499 000 теңге шығады. Бұл сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы шегеріліп, әйелдің шотына 2 249 100 теңге аударылады.
№4. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын қалай алады?
Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлем алу үшін дәрігер, бөлім меңгерушісі немесе акушер-гинеколог беретін жүктілік пен босану бойынша еңбекке жарамсыздық парағы болуға тиіс. Кейін осы қағазды мерзімді көрсетіп жұмыста өтініш жазады. Аталған өтініш пен парағы негізінде декреттік демалыс туралы бұйрық шығады. Осылайша декреттік демалыс жүктіліктің 30 аптасынан бастап тағайындалады. Ал ядролық сынақ жүргізілген аумақтарда 27 аптадан бастап.
Дәрігер еңбекке жарамсыздық қағазын екі данада жазу керек:
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін;
- Жұмыс орны бойынша декреттік демалысқа тіркелу үшін.
Қорға жүгінер алдында жұмыс берушіден артқы жағында тиісті белгісі бар еңбекке жарамсыздық парағын алуыңыз керек. Содан соң ХҚКО-ға барып немесе eGov порталы арқылы төлемге өтініш бере аласыз.
№5. 2025 жылы бала туғанда төленетін жәрдемақы мөлшері қандай?
Бала туғанда берілетін мемлекеттік бірреттік жәрдемақы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді. Оның сомасы осы жылы белгіленген ең төменгі АЕК мөлшеріне байланысты есептеледі. 2025 жылы АЕК сомасы – 3932 теңге. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.
Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Жәрдемақыны жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін әйелдер де алады.
№6. Жұмыс істемейтін әйелдер бала күтіміне ай сайын қанша теңге алады?
Жұмыс істемейтін әйелдерге баласы бiр жарым жасқа толғанша оның күтіміне ай сайын бала кезегіне қарай жәрдемақы төленеді:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан көп балаға – 8,9 АЕК немесе 34 995 теңге.
№7. Жұмыс істейтін әйелдер бала күтіміне қанша теңге алады?
Бала бір жарым жасқа толғанша күтімі үшін төленетін ай сайынғы жәрдемақының мөлшері жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдар жасаған жалақысына байланысты. Жәрдемақы мөлшері әйелдің соңғы 24 айдағы (бала дүниеге келген айдың алдындағы) орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Алынған сома 0,4 коэффициентке көбейтіледі. Шыққан сомадан 10% салық шегеріледі.
Мысалы, 300 мың теңге айлық алатын әйел ай сайын 108 мың теңге жәрдемақы алады.
2025 жылы бала күтіміне берілетін жәрдемақыны есептеу үшін әйелдің орташа айлық табысы 7 еселенген ең төмен жалақыдан немесе 595 мың теңгеден аспауы керек. Яғни, бала бір жарым жасқа толғанша ең көп дегенде ай сайын 214 200 мың теңге алады.
№8. Әлеуметтік аударымдар төлеп отыру не үшін маңызды?
Декреттік төлем мен бала бір жарым жасқа толғанша оның күтімі үшін ай сайынғы жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Сондықтан төлемдерді алу үшін әйелдер әлеуметтік сақтандырудың бірыңғай жүйесіне қатысуы шарт. Әйел еңбек шарты бойынша жұмыс істесе, онда жұмыс беруші ай сайын жалақысының 5 пайызын (2025 жылға дейін 3,5 пайыз болды) қорға аударып отыруы керек. Осылай қызметкер әлеуметтік жүйеге қатыса алады.
Жұмыс беруші аударым мүлдем жасамаса, кейде төлемей қойса ондай жәрдемақы алар кезде мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан сақтандыру қорына ақша түсіп тұрғанын ресми сервистерден тексеріп алыңыз:
- eGov порталында;
- Салық төлеушінің кабинетінде (kgd.gov.kz);
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында (enpf.kz) жеке кабинетте;
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтында (fms.kz). Сайтта сақтандыру мәртебесін тексере аласыз. Аударымдар түсіп тұрса "сақтандырылған" мәртебесі шығады.
Жұмыс беруші салық төлеуден жалтарса қызметкер Еңбек министрлігі мен Мемлекеттік кірістер департаментіне eOtinish арқылы шағымдана алады.