Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) – әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі. Заманауи репродуктивтік технологиялардың арқасында сәби сүю мүмкіндігі төмен жұптар да балалы болып жатады.
ЭКО бағдарламасына кімдер қатыса алады? Квотамен ЭКО жасату үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы сарапшылары жауап берді.
№1. ЭКО жасату үшін кезекке тұру қажет пе?
ЭКО бағдарламасына қатысқысы келетіндер емханаларда тіркеледі. БМСК ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электронды регистріне (ЭРДБ) тіркейді. Денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.
Қосалқы репродуктивтік технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациенттің өзі таңдайды. Комиссия тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.
№2. 2024 жылы ЭКО-ға қанша қаржы қарастырылған?
Биыл еліміз бойынша 7000 квотаға қаржы қарастырылған. Соның ішінде, 3,8 млрд теңге (3241 квота) Алматы қаласына бөлінген.
№3. ЭКО бағдарламасына қандай клиникалар қатысады?
Бүгінгі таңда Алматы қаласында Медициналық сақтандыру қорымен 8 клиника келісімшарт бекіткен. Клиникалардың тізімімен fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.
№4. ЭКО жасату тегін бе?
Иә, ЭКО сақтандырылғандар үшін тегін. Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.
№5. ЭКО бағдарламасына кімдер қатыса алады,
ЭКО процедурасының басты шарты – бедеуліктің терапевтік емдеуге келмейтін түрі. Бағдарламаға отбасылық жұптар ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің ЭКО жасау тәртібі жөнінде арнайы бұйрығында жасанды ұрықтандыру процедурасына іріктеуге қойылатын талаптар көрсетілген. Мәселен:
- жасы 18 бен 42 аралығында;
- соматикалық, эндокриндік статусы қалыпты жағдайдағы пациенттер (Қазақстан азаматтары) қатыса алады.
Әйелдердің денсаулығына қойылатын талап:
- антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен болмауы шарт;
- фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауы тиіс (циклдің 2-5 күндері);
- антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.