Отбасы банкінің салымшылары депозиттерінде 2023 жылы жинаған ақшасы үшін мемлекет сыйлықақысын ала алады. Ал жылдың аяқталуына сегіз жұмыс күні ғана қалды. Осы орайда Информбюро порталы мемлекет сыйлықақысын алу шарттары мен тәртібін еске салады.
№1. Сыйлықақы не үшін беріледі?
Қазақстандықтардың баспаналы болуына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Ол сыйлықақы түрінде Отбасы банкі салымшыларының жыл басынан осы жылдың соңына дейін жинақтаған салым сомасына есептеледі.
№2. Сыйлықақы мөлшері қандай?
20% мөлшеріндегі мемлекет сыйлықақысы жинақтың барлық сомасына емес, 200 АЕК аспайтын мөлшеріне есептеледі. Биыл сыйлықақы есептелетін ең жоғарғы жинақ сомасы 690 мың теңгені құрайды. Сонда салымшы ең көп дегенде 138 мың теңге ала алады.
№3. Қаржы қашан түседі?
Мемлекет сыйлықақысы 2024 жылы қаңтар-ақпанда бір уақытта салымшылардың жинағына аударылады.
№4. Сыйлықақы алу үшін не істеу керек?
Оны алу үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Отбасы банкінде депозиті бар салымшыларға автоматты түрде есептеледі. Депозитті қашан толықтырғаныңыз маңызды емес. Ай сайын ақша аударатын салымшыға да, осы желтоқсанда жинақ ашқан адамға да сыйлықақы есептеледі. Жинағыңыз 690 мың теңгеге жетпесе, бірақ ең жоғарғы сыйлықақы алғыңыз келсе, жаңа жылға дейін ақша аударуды ұмытпаңыз. Ал депозитіңіз болмаса, жыл соңына дейін ашып үлгеріңіз.
№5. Шотқа қай уақытқа дейін ақша салу керек?
Сыйлықақы алу үшін 29 желтоқсан күні сағат 18.00-ге дейін депозит ашып не шотқа ақша салып үлгеру қажет. Одан кейін аударылған жарналар 2024 жылдың қаңтарына есептеледі.
№6. Депозитті қалай ашады?
Депозитті банкке барып немесе кез келген жерде отырып онлайн ашуға болады. Онлайн ашудың екі жолы бар: біріншісі – Отбасы банк сайтында бейне қоңырау арқылы, екіншісі – Otbasybank мобильді қосымшасы арқылы. Отбасы банк бөлімшелеріне немесе кеңес беру орталығына, болмаса "Қазпошта" бөлімшесіне барсаңыз сол жердегі мамандар депозит ашып береді. Оларға бара алмасаңыз банктің мобильді кеңес берушілері демалысқа қарамай сізге ыңғайлы уақытта үйіңізге немесе кеңсеңізге келе алады..
№7. Бір салымшыда бірнеше депозит болса, сыйлықақы бәріне есептеле ме?
Бір салымшыда бірнеше депозит болса мемлекет сыйлықақысы соның тек біреуіне ғана есептеледі. 138 мың теңгеден көп сыйлықақы алғыңыз келсе, отбасы мүшелеріне депозит ашып, солардың жинағын толықтырсаңыз болады. Сонда сыйлықақы әр адамның жинағына аударылады.
№8. Сыйлықақы қай кезде бюджетке қайтарылады?
Үш жылдан аз уақыт қаражат жинасаңыз және депозитті мерзімінен бұрын жабамын деп шешсеңіз, тұрғын үй заемын алған соң жинағыңызды баспаналы болуға пайдаланбасаңыз, онда мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылады.