№1. Іріктеу қашанға дейін жалғасады?
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Осы жылдың 1 наурызында басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады.
Кадрлардың резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы кезеңде резервшілер сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына заңнама бойынша тағайындалуы мүмкін.
№2. Іріктеуге кімдер қатыса алмайды?
- ҚР президенті тағайындаған адамдар;
- Саяси қызметшілер;
- "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері;
- Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: "Кабинетін жылдар бойы босатпайтын" шенеуніктермен оңай қоштасу керек
№3. Cайтта қалай тіркелуге болады?
Үміткерлер 1 наурыз бен 31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында жеке деректерін көрсетіп, тіркелуі қажет. Құжаттарды қағаз түрінде немесе электронды түрде ұсынған кандидаттар да онлайн-платформада тіркелуі тиіс. Олар құжат тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ соңғы қабылдау күнінен кешіктірмей құжаттарын онлайн жүктейді. Деректер толық сақталуы үшін үміткер барлық қажетті файлды жүктеуі керек.
Үміткерлер "жеке деректер" бөлімінде байланыс деректерін дұрыс көрсетіп, кадр резервінің өңірін және салалық бағытты таңдауы қажет. Екі және одан да көп өңірлік резервті немесе салалық бағыттарды таңдауға, сондай-ақ өңірлік резервті немесе салалық бағытты қайта таңдауға жол берілмейді.
№4. Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
Іріктеуге қатысқысы келетін азаматтар өтінішті төмендегі құжаттармен бірге тапсырады:
- ҚР жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
- Бiлiмi туралы құжаттардың және қосымшалардың көшiрмелерi;
- Соңғы жұмыс орнынан кадр қызметі куәландырған, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі.
Оқи отырыңыз: Тест: "Жынымды келтірмеңізші". Шенеуніктердің хит болған сөздері есіңізде ме?
№5. Өңірлік резервке іріктеу қандай кезеңдерден тұрады?
- Кандидаттардың құжаттарын қабылдау (1 наурыздан 31 наурызға дейін);
- Заңнаманы білу деңгейін (5 сәуірден 9 сәуірге дейін) тестілеу және жеке қасиеттерін бағалау (13 сәуірден 14 сәуірге дейін);
- Құзыреттерді бағалау (22 сәуірден 7 маусымға дейін);
- Өңірлік комиссиядағы құрылымдық сұхбат (13 маусымнан 15 маусымға дейін);
- Өңірлік комиссияның отырысында өңірлік резервке алуға ұсынылған үміткерлерді қарау (15 маусымнан 17 маусымға дейін).
№6. Бірінші кезеңге қалай жазылуға болады?
Бірінші кезең – "Заңнаманы білу деңгейін тестілеуге" үміткерлер өтінім қабылданғанын растайтын хабарламаны алған соң, 31 наурызға (сол күнді қоса алғанда) дейін жазыла алады.
№7. Кері байланыс
Тіркелу кезінде туындаған сұрақтарға қатысты onir.pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo чаты арқылы тәулік бойы қолдау қызметіне, кеңес алу үшін 9:00-18:30 аралығында 7 7172 96-77-77 телефонына (ішкі нөмір – 3) және info@pkrezerv.gov.kz электрондық поштасына хабарласуға болады.
Сондай-ақ, onir.pkrezerv.gov.kz платформасының "Байланыс" бөлімінде өңірлердегі жауапты мамандардың байланыс деректері көрсетілген.