Тікелей эфир

Туризмді дамыту үшін мажарлар сияқты ғұндардың көшпелі өмір салтын жаңғырту керек (видео)

"Тұран – Мадьяр" Халықаралық қорының мұрағатынан
"Тұран – Мадьяр" Халықаралық қорының мұрағатынан
Ғұн, Түркі дәстүрін сақтап, Еділ патшаның жауынгерлік рухын жалғастырған мажарлар – қыпшақ мадиярларының туысы. Қытайды қалтыратқан ғұндар туралы не білеміз?

Еділ патша – біздің ортақ бабамыз

Еділ (Аттила) – б.з.б. ІІІ-І ғасырларда Азияны дүр сілкіндіріп, ұлы Қытайды жеңген ғұн-түркілердің ұрпағы. Ғұн (Хұн) империясы ыдырағанда халқы төртке бөлінді. Олардың үш тобы Қытай, Мұңғұл, Каспий теңізі өңірлеріне бөлініп орналасты. Ал төртінші тобы Алтайдан шығып, батысқа бет бұрады.

Батысқа ауған ғұндар Жайықтан Дунайға дейінгі кең-байтақ жердегі халықты бағындырып, Батыс ғұн мемлекетін құрды. Тіптен, Рим империясын да екі рет талқандап, Еуропаның қожасына айналды.

Қазір сол бабаларымыз туралы аңыздар күллі еуропалықтардың санасына сіңген. Еділ (­Аттила) – 360 жылдары аландармен болған шайқастарда ерлігімен танылған Баламир ханның бесінші ұрпағы.


Еділ патшаның портреті қойылған алаң

Еділ патшаның портреті қойылған алаң / "Тұран – Мадияр" халықаралық қорының мұрағатынан


Мажарлар ғұндардың садақ өнерін де жаңғыртты

Астана Экспо-2017 көрмесі аясында Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде "Тұран-Мадияр" халықаралық қорының ұйымдастыруымен садақ атудан жарысты.

Биро Андраш Жолт, антрополог, "Тұран – Мадияр" Халықаралық қорының президенті, Гиннес рекордтарына енген "Құрылтай" деп аталатын күллі ғұн, түркі халықтарының басын қосатын этно-мәдени шараның ұйымдастырушысы:

"Мажарлар өздерін қазақтармен туыс халықпыз деп санайды. Біздің аталарымыз Еуропаға көшіп келгеннен кейін "бөгде мәдениеттің" ортасына келгенін түсініп, өз ата-салттары мен мәдени құндылықтарын сақтауға барынша тырысты. Бүгінгі әскери сайыс, садақ ату, қылыштасу, қамшы үйіру өнеріміз – сол бабаларымыздың сарқыты" – дейді.

Құрылтай – Еуропадағы ең үлкен этно-мәдени шара

Биро Андраштың айтуынша, Мажарстанда әр жылы тамызда "Ата-бабаларды еске алу күні" аталып өтеді және әр екі жылда Құрылтай ұйымдастырылады.

Құрылтай – Еуропадағы ең үлкен этно-мәдени шара ретінде Гиннестің рекордтарына кірген. Оған күллі түркі-ғұн ұрпақтарының өкілдері қатысады. Құрылтай аясында ежелгi мадияр-ғұндардың, көшпендiлердің дала мәдениетi көрсетіледі. Бабалар дәстүрі ұлықталып, туыстас түркі, ғұн ұрпақтарының сабақтастығын жалғастыру туралы кеңестер беріледі. Ғылыми зерттеулер ортаға салынып, өзара тәжірибе алмасады.

Құрылтай баспасөзінің мәліметі бойынша, бұл шараға 2010 жылы 3 мыңнан астам дәстүр сақтаушы (жүздеген салт атты) қатысыпты. 135 киiз үй тігілген.

Үш күннiң iшiнде 42 бағдарлама өткізіліпті. Оның ішінде: әскери көрсетілімдер, жауынгерлiк ойындар, садақпен ату, бәйге, ат үсті сайыстары, музыкалық концерттер бар. Бугац қалашығының қасындағы далада алғашқы күні 140 мыңнан астам қонақ (үш күн ішінде 220 мың) болған.

Еске алулардың барлығы ежелгі салт бойынша жүрдi. Дабылдар ойнасымен бақсылық салттар көрсетілді. Мадиярлардың ежелгi дiнi бақсылық сенiмнен шыққан, тәңiрге табынады.

Мадиярлар және мадияр дәстүрлерiн сақтаушылармен қатар, өздерiн ғұндармыз немесе түркіміз деп санайтын халықтар да өз мәдениетін мұнда көрсете алады.

"Тұран – Мадияр" Халықаралық қоры ұйымдастыратын бұл шаралардың ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді.

Мадиярлар: "Біз Қазақстанды тарихи атажұртымыз санаймыз"

Мадиярлар – ғұндар мен қыпшақ текті түркілердің тұқымы. Мажарстан – Батыс ғұн мемлекетінің мұрагері.

Биро Андраш: "Біздің бабаларымыз да киіз үйде тұрған. Жылқы ұстау, киім-кешек, көшпелі мәдениетімізде де өте көп ұқсастықтар бар. Осы сабақтастықтарды бірлесе отырып зерттеуге, дамытуға тиіспіз.

Біз биыл Мажарстан мадиярлары мен Қазақстанның қыпшақ мадиярларының туыстығының символы болған I – қазақ-мадияр құрылтайының 10 жылдығын атап өтуге Торғайға бардық. Осыған орай Саға ауылында мерейтойға қатыстық. Біздің сарбаздар дәстүрлі әскери және музыкалық өнерін көрсетті", – дейді.

Естеріңізге сала кетейік, I – қазақ-венгер "Ғасырдан кейінгі кездесу" (Қостанай обл., Қазақстан, 2007 ж.); II – венгер-қазақ (Бөстөрпуста, Венгрия, 2008 ж.); III – Тұран халықтарының Құрылтайы (Бугац, Венгрия, 2010 ж.) өтті. Кейін Құрылтай дәстүрлі шара ретінде әр екі жылда бір рет ұйымдастырылатын болып келісілді.


Ғұн жауынгерлерінің қойылымы

Ғұн жауынгерлерінің қойылымы / "Тұран – Мадияр" халықаралық қорының мұрағатынан


Қазіргі Мажарстан жерін біздің эрамызға дейінгі бірінші мыңжылдықта сақтар және кельт, иллирий, фракия үндіеуропалық тайпалары қоныстанған. Кейінірек Еділ (Аттила) патша бастаған ғұн әскері еуропаға басып кіріп, 430 жылы Батыс Ғұн мемлекеті құрылды. Осы жерден Батыс Рұм империясына шабуылдар жасаған.

896 жылы Арпад патшаның басшылығымен мадиярлардың (мажарлар) жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанды. Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз биліктерін орнатты.

Көтен хан ІV Белаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға халқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң, 1239-40 жылдары қоластындағы 40 мың (кейбір деректерде 60 мың) халқымен көшеді. Еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге лайық аумақтарға, жазық далалы жерлерге қоныстанады. ХVІІ ғасырдың аяғына дейін жергілікті халықпен кірігіп, тілін де ұмыта бастады. Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие.

Туыстығымызды дәлелдегендер

Тибор Тот: XX ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі ру-тайпалық ұқсастықтарды, қазақтар мен мадиярлар (мажар) арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеуді бастағанымен, бұл ғылыми мұрасын саяси себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Ал Андрош Биро мұны ғылыми дəрежеге көтереді.

Биро Андраш – 2006 жылы Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады.

ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін жəне генетикалық ақпаратты сақтайтын Ү хромосомдарына талдау жүргізіледі. Нəтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы қыпшақ мадиярларының туыстық қатынас толығымен дəлелденеді.

Иштван Мандоки Қоңыр – "Кун тілінің Мажарстандағы ескерткіші" (1993) атты еңбегінде мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің ұқсастығын келтіреді. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska, батыр – batur тағыда басқа.

1944 жылы Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген Иштван Қоңыр Мандокидің арманы – Еуропадағы құман-қыпшақ тектілердің тарихын зерттеп, туыстарын табу болған. Сонымен бірге ұмыт болған тілін, ділін жаңғырту мақсаты бар.

Сол мақсатта ол неше рет экспедицияға шығып, Шығыс Еуропадағы Балқан түбегінен бастап, Орта, Кіші, Кіндік Азия және Қазақстан, Қырым, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын түгел аралап, ғұн, түркі халықтарының жоғын түгендеді. Кейін қазақ қызына үйленіп, Қазақстанда біржолата қоныстанып қалды.

Михай Бенкен – "Торғайлық мадиярлар" атты кітабы 2003 жылы қазақ тілінде жарық көрген. Осыған дейін ағылшын, орыс, мадияр тілдерінде жарық көрген болатын. Бұдан басқа "Мадияр қыпшақтар" атты кітабі 2008 жылы Мажарстанда басылды.

Бабақұмар Қинаят – Мажарстанда білім алған санаулы қазақтардың бірі. Этнограф ғалым. Ұстазы Иштван Мандоки Қоңыр еңбетерін алғаш болып қазақстанда ғылыми айналысқа енгізді. 2008 жылы Иштван Мандокидің 65 жылдығына орай ұлы тұлғалар сериясымен ғалым туралы библографиялық еңбегін қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарды. Михай Бенкенмен бірлікте жазған "шығыстағы мадиярлар туралы жазба деректер" атты кітабін 2007 жылы Мажарстанда шығарды, Мажарстандағы түркология, мадиярлар этнографиясы, тарихы туралы көлемді еңбектер жарялаған. Екі ел арасындағы мәдени-ғылыми байланыстарды дәріптеуге жан-жақты үлес қосып жүр.

Қазір де бабалар жолын қуған мыңдаған мадияр бауырларымыз Қазақстанға келіп, өз ата-бабаларының көшпелі өмірін көргісі келеді. Келіп жүргендер де көп. Тек оларға жарытып біз ештеңе ұсына алмай жүрміз.

Ат үсті әскери өнері – мадиярларды Еуропа халықтарынан бөліп тұратын ерекшелік

Перизат Ақселеуқызы, ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің басшысы: "Мадиярлар – жауынгер көшпелі халықтың тұқымы ретінде салт атпен соғыс өнерін қазірге дейін сақтап келеді. Қару-жарақтарын да қаз-қалпында сақтады, біз Құрылтайға қатысу барысында осыған куә болдық", – дейді.

Кәсіби антрополог Биро Андраштың айтуынша, Мажарстанда ат үсті әскери өнері, әсіресе, садақшылық, қылышкерлік, қамшыгерлік өте жоғары деңгейде дамып келеді. Ат үстінен немесе жаяу жүгіріп келе жатып, аспандағы нысаналарды топырлата атып түсіргендеріне өзіміз куә болдық.

Садақшылар екі-үш жыл жаттығады

"Тұран – Мадияр" Халықаралық қоры ұйытқы боп жүрген ең үлкен жұмыстардың бірі – қазақ және мадияр халықтарының өзара сабақтастығын зерттеп, туыстықты нығайту. Ғұнгария мемлекетіндегі халықаралық қор – көне ғүн, түркі бабаларымыздың әскери ерлік өнерін дәріптеп ғана қоймай, түбі бір түркі халықтарының басын қосқан "Құрылтай" деп аталатын Гиннестің рекордтар кітабына енген дәстүрлі шараның ұйымдастырушысы.

Қор құрамында әлемдегі ең үлкен атқа міну және садақ тарту өнері ұжымы және түрлі этно-мәдени топтар бар.

Андраш Бюро: Біз қамшының төрт түрін қалпына келтірдік. Қылыштасу, садақ тарту дәстүрін және олардың стандарттарын қалыптастырдық.

Мысалы, садақ тартуға арнайы денсаулығы мығым, шапшаң жігіттерді кейде қыздарды да таңдап аламыз. Онан соң шабондаздар екі-үш жыл жаттығады. Осылайша атқан оқтары жерге түспейтін мерген болып жетіледі.

Садақтардың салмағы 1,5-2 келі айналасында. Ал киетіндері көбінесе теріден жасалған кіреуке сауыттар. Олардың салмағы төрт келіден басталып он екіге, тіптен 18-20 келіге дейін жетеді".

Садақ ату өнері Қазақстанда дамымаған

Мажарстандағы садақ ату мәдениеті – Еділ патшаның даңқы арқылы қалыптасты. Алайда басқа еуропа елдерінде бұл тек түсінік ретінде ғана қалған. Мажарстандағыдай ат үсті садақ тартатын елдер де санаулы ғана.

Олардың бірі Мұңғұлия елі. Мұңғұлдар да соңғы 20 жыл ішінде бұл саланы ұлттық спорт түрі ретінде қалыптастырып үлгерді. Тіптен ұлттық спорт жарыстарын да ұйымдастыратын болды.

Қазақстанның ұлттық спорт қауымдастығы да садақ атуды спорттың бір түрі ретінде қабылдады. 2014 жылдары мұңғұл садақшыларын әкеліп, мастер класс көрсеттіріп ғана қоймай, олардан садақ жасау және ату өнерлерін үйреніп, мәдениет алмасқан болатын.

Деседе, бұл сала әлі де кенжелеп келеді.

Жалпы мадиярларда болсын, мұңғұлдарда болсын, қазақтарда болсын садақтың жасалуы мен техникасы негізінен бірдей. Сондықтан біздің мадияр садақшыларынан үйренеріміз көп.


Ат үстіндегі садақшы

Ат үстіндегі садақшы / "Тұран – Мадияр" Халықаралық қорының мұрағатынан


Көне руна жазуын қолданатын жалғыз ел

Мадиярлармен бізді бабаларымыздан қалған, көне түркілердің, ғұндардың руна жазуы да жақындастырады. Қазір руналық жазумен жазылған тарихи ескерткіштер Мұңғұлияда, Қазақстан және Енисей өңірінде, Байқал бойында көптеп кездеседі.

Мадиярлар – өз ата-бабаларынан жеткен осы руналық жазуды заманға сай бейімдеп, пайдаланып отырған әлемдегі жалғыз ел. Мажарстандағы барлық жер аттары дерлік руналық жазумен жазыла бастады.

Білім мен мәдениетте, тіптен сауда саласында да қолданыла бастады. Осы арқылы жазуды тірілтіп қана қоймай, ұрпақтардың тарихи жаңаруына серпін беріп жатыр.

Қаржаубай Сартқожа, ғалым, түрколог: "Біздің қазір руналық деп айтып жүрген көне түркі, ғұн жазулары бертінге келгенде Қыпшақ жазуы деп атала бастапты. Сол заманның ең үлкен мәдениет алмасу құралы болды. Оны батыс ғалымдары руналық жазу деп атады. Ал менің тапқан дәлелдерімде ғұндар қолданған руна жазуы кейін қыпшақ жазуы делінген".

Қытайдың ұлы қорғаны ғұндардан қорғану үшін салынған

Ұлы Қытай қорғаны (он мың шақырымдық қамал) – Қытайдың солтүстігіне салынған ежелгі қорғаныс құрылысы. Бұл қорғанның құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю ("Көктем және күз" б.з.б. 770 – 476 жылы) кезінде басталып, Чин және Хан патшалықтары кезінде салынып болды. Жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асатын қорғанды солтүстіктегі ғұндардың атты әскерлерінен сақтану үшін салынғаны жазылған.

Қорғанның орташа биіктігі 7-8 м, қорған үстінің кеңдігі 4-5 м. Қорған үстінде бақылау және атқылау қарауылы бар.

Бұл туралы Қытай мәліметтерінде былай жазылған. Заманымыздан бұрынғы 22 жылы Чиң патшасы – Чин Шыхуаң Қытайды бірлікке келтіреді. Солтүстіктегі көшпенді ғұндардың оңтүстікке жасаған шапқыншылығын бөгеу үшін, патша солтүстікте салынған ішінара қорғандарды бір-біріне тұтастыру бұйрығын түсіреді. Ол тұстағы қорғанның жалпы ұзындығы 5000 шақырымға жеткен әрі сол тұстан бастап "Ұлы Қорған" деп атала бастаған.

Хан патшалығы (заманымыздан бұрынғы 206 – 220 жж.) тұсында, қытайлар мен ғұндар арасында үнемі соғыс болып тұрады. Хан патшалығы "Ұлы Қорғанды" батысқа қарай соза түсіп, жалпы ұзындығын мөлшермен 10 мың шақырымға жеткізеді.

Осылай Қытай қорғанының салынуына ғұн бабаларымыздың тікелей ықпал еткен екен.


Ғұн жауынгерлерінің әскери киімі қойлымынан

Ғұн жауынгерлерінің әскери киімі қойылымынан / "Тұран – Мадияр" халықаралық қорының мұрағатынан


Мажарстан: Еуропа бізге опа бермейді

Мажарстан – Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Жер көлемі 93 мың км². Халқы 10,1 миллион адам (2007 жылғы дерек бойынша). Астанасы – Будапешт. Халқының 90%-дан астамы мажарлар. Қалғандарын алман, серб, хорват, румын, еврей, тағы да басқа халық өкілдері құрайды. Мемлекеттік тілі – мажар (мадияр) тілі. Тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің католик (70%) және протестанттық (25%) тармағын ұстанады. Мажарстан – парламенттік республика. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы – бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Атқарушы билікті Мемлекеттік жиналыс құрамындағы әртүрлі партия өкілдерінен құралған үкімет жүргізеді.

Шын мәнінде мадияр халқы еуропалықтардан гөрі түркі жұртын, әсіресе қазақ халқын өздеріне жақын санайды. Соңғы жылдардағы түркі тілді мемлекеттермен болған мәдени-рухани байланыстарды дамытуға күш салып жатыр. Біз үшін де Мажарстан – Еуропаның қақ ортасына орналасқан еншіміз бөлінбеген ордамыз іспетті.

Бұл туралы Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш былай дейді: "екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың дамуымен қатар өзара мәдени, ғилыми, рухани байланыстарымыз да даму үстінде. Біз биылдан бастап қазақстандық студенттерге берілетін мемлекеттік грантты 200-ге жеткіздік. Біздің елімізде тек қазақтарға ғана ең көп грант беріледі. Бұдан сырт біздің жаратылыстық қорық, табиғат қорғау саламыз, ғылыми-зерттеу орталықтарымыз Қазақстанмен ынтымақтаса жұмыс істейді. Мысалы, Абылайханның, Кейкі батырдың бас сүйегінің генетикалық сынамасын зерттеп, келбетін қалпына келтірді".

Еуро Одақтың ішінде бола тұра Мажарстан Чехия, Словакия, Польша елдерімен бірлесе отырып "Вишеград төрттігін" құрды. Осы арқылы Еуро Одақтың кей саясаттарына келіспейтіндігін білдіруде. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік, көші-қон саясаты жағынан. Мысалы, қызтекелердің де түрлі әрекеттеріне шектеу қойып отыр.

Біз үшін ат үсті соғыс өнері, садақшылық, қылышкерлік, қамшыгерлік мәдениеті қалыптасқан Мадиярлардың бабалар рухын жаңғыртып, ата салт-дәстүрін жалғауға тырысқан тірлігі үйренуге татиды. Бұл – Ұлы дала мәдениетінің бөлінбес бір бөлегі ретінде ұлтымыздың рухын жаңғыртып қана қоймай, туризм саласының дамуына серпін беретін тамаша мүмкіндік.

Серіктестер жаңалықтары