Бізде кей қызмет түрлерінің ортақ стандарттары және тәуелсіз сараптамалық орталық жоқ. Тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы дау Азаматтық кодекс шеңберінде ғана қаралады. Бұл халықтың сапалы қызмет пен тауар тұтынуына кедергі болып отыр дейді "Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасы" республикалық қоғамдық бірлестігі басқарма төрайымы Светлана Романовская.
Халықтың тұтынушылық сауаты төмен
"Бізге шағым көп түседі. Соңғы бір жылдың өзінде тұтынушыларға 854,8 млн теңге өндіріп бердік. Бұл бізге шағым түсірген адамдарға ғана қатысты. Әдетте халықтың 1 пайызы ғана бізге шағымданады. Ал шағымданбайтындар қанша шығындалып жатыр, есептей беріңіздер", – дейді Светлана Романовская.
Айта кетерлігі, Ұлттық тұтынушылар лигасының заңгерлерінен тегін кеңес алу үшін жедел желі бар. Актив байланысы үшін бұл 2040, ал билайн байланысы үшін 2518 нөмері.
Светлана Романовскаяның айтуынша, егер адамдардың тұтынушылық сауаты артып, қайда шағымдану керектігін білсе, жағдай өзгерер еді.
"Қазір біз халықтың тұтыну сауатын арттыру үшін университет оқытушыларын оқытып жатырмыз. Олар өздерінің оқу орындарында Ұлттық лиганың өкілдіктерін ашып, тұтыну сауатын арттыру бойынша пән ашып, студенттерді дайындайды. Алдағы бірер айда осы мамандар нормативті-құқықтық база аясында қазақстандықтардың тұтыну құқықтарын қорғай алатын болады", – дейді қоғамдық бірлестік басшысы.
Ең маңыздысы, халықтың тұтыну сауатын арттыру керек. Өйткені әрбір дүкен мен шаштаразды бақылап отыруға мемлекеттік органдардың ресурстары да, уақыты да жетпейді. Сондықтан, қоғамдық бірлестік басшысының пірірінше, ең алдымен халықтың өзі талап ете алатындай болуы тиіс.
Соттар Азаматтық кодекске сілтейді
Бүгінге дейін кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы даудың шамамен 90 пайызы медиация жолымен шешіліп келді. Алайда, Светлана Романовскаяның пікірінше, қазір кәсіпкерлер тұтынушыларды тыңдағысы келмейді. Бірден өздері сотқа береді. Ал сот Азаматтық және Азаматтық процессуалды кодекстерге сілтеп, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға қажеттілік бар екенін мойындағысы келмейді.
"Мемлекет тұтынушылардың қажеттіліктерінің тиісті деңгейде өтелуін қамтамасыз етуі керек. Сауда және интеграция министрлігінде құрылып отырған қоғамдық кеңес қазір қаралып жатқан 15 шақты нормативті құқықтық актілерді бізге жіберді", – дейді Светлана Романовская.
Жаңа заң жобасының тұжырымдамасы дайындалып жатыр
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Ахметовтың айтуынша, қазір ведомство тұтынушылар құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасының тұжырымдамасын дайындап жатыр.
"Қазір біз тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның жаңа тұжырымдамасын дайындап жатырмыз. Дайын болған соң Мәжіліске ұсынып, халықпен талқылаймыз. Яғни, алдағы уақытта қолданыстағы "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Дайындалып жатқан тұжырымдаманың қолданыстағы заңнан айырмашылығы – онда қоғамдық бірлестіктердің пікіріне көбірек құлақ асатын боламыз", – дейді комитет төрағасы.
Тұжырымдаманың тағы бір ерекшелігі, мәселен, қолданыстағы заңда сапасыз затты қайта өткізу мәселесі нақтыланбаған. Бұл тұрғыда кәсіпкер мен тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері айқын емес. Ал дайындалып жатқан заң тұжырымдамасында осы мәселе нақтыланады.
Дегенмен, оның қашан дайын болатыны туралы комитет төрағасы нақты айта алмады.
Жаңа комитет не істейді?
Сауда және интеграция министрлігі ішінен құрылған Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті осымен алтыншы рет түрленіп отыр. Бұған дейін тұтынушылар құқығын қорғау құзіреті Ұлттық экономика министрлігінде болған.
"Министрлікте тұтынушылар құқығын қорғау бөлімі ғана болған, қазір Сауда және интеграция министрлігі ішінен комитет болып құрылып жатырмыз. Біздің құзіретімізге жалпы бақылау мен мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру қызметі кіреді", – дейді Азамат Ахметов.
Оның айтуынша, жаңа комитеттің өзге мемлекеттік органдардан айырмашылығы, істі соңына дейін жеткізуге жұмыс істейді. Ал құзіретті меморгандар әрекет етпеуі мүмкін. Дегенмен, комитеттің тексеру құзіреті жоқ.
Халық көп шағымданатын салалар
Қазір тұтынушылар тарапынан мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерге жылына жалпы саны 40 мыңдай шағым түседі екен. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің міндеті соларды сұрыптап, тиісті мемлекеттік органдарға бағыттау.
Мәселен, тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдардың 40 пайыздайы қаржылық қызметтерге, тағы 20 пайызы бөлшек саудаға қатысты. Тағы 15 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты көрінеді.
"28 жылдың ішінде маған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тарифтер туралы көп шағым түсті. Соңғы кездері техниканың сапасына қатыстылары көбейді", – дейді Светлана Романовская.
Оның айтуынша, қазір қоғамда тұтынушылар құқығын қорғау мәселесімен белсенді айналысып жүрген мемлекеттік орган да, саясаткер де жоқ. Дегенмен, Сауда және интеграция министрлігі ішінен құрылған Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті осы олқылықтың орнын толтырып, тұтынушылардың құқығын қорғау үшін барлық мемлекеттік органдардың басын біріктіруі керек.
Бірыңғай стандарт жоқ
"Адамдардың шағымданбайтын тағы бір себебі кей салаларда бірыңғай стандарттың болмауы. Мысалы, сіз шаш қидырғаннан кейін шаштараздың сізге сапасыз қызмет көрсеткенін дәлелдей алмайсыз. Тұтынушы барлық салада толық білімді бола алмайды. Мысалы, сіз ішіп отырған суыңыздың да денсаулығыңызға зиян келтірмейтініне сенімді емессіз. Өз басым 28 жылдан бері тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысып келе жатырмын. Бірақ менің өзім Е4 қоспасының денсаулыққа зиян тигізбеуі үшін қанша миллиграмнан аспауы керек екенін әлі күнге білмеймін", – дейді Светлана Романовская.
Светлана Романовскаяның айтуынша, елде өнім мен қызметтің сапасына сараптама жасайтын мемлекеттік орган жоқ. Егер тауардың сапасына шағым түсірсеңіз, сот сізді сол компанияның сервистік орталығына жолдайды. Бұл ақылға сыймайды.
"Астанадағы кез келген химиялық тазалауға барып, затыңызды тапсырып көріңізші, сізге киіміңіздің 75 пайыз ескіргені туралы талон береді. Киіміңізді дүкеннен енді ғана әкеп тұрсаңыз да. Мұндай талон беруінің себебі, егер олар киімді бүлдіріп алса, киім бағасының тек 25 пайызын ғана қайтару үшін. Химиялық тазалау жалпы тұтынушылар құқығының ең аз қорғалған жері. Ресейде, мәселен, арнайы норма бар. Немен тазалау керек, қалай тазалау керек деген. Ал бізде киімді кез келген нәрсемен тазалай беруі мүмкін. Ол үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Тәуелсіз сараптама мүлде жоқ", – дейді Светлана Романовская.
Жаңа заңнамаға бірнеше ұсыныс бар
Біріншіден, соттардың тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңды қабылдауы керек. Олар қазір азаматтық кодекске сілтейді. Азаматтық кодексте тараптар тең көрсетілген. Ал тұтынушылар кәсіпкерлермен тең емес, тұтынушылардың бюджеті шектеулі, білімі төмен, сол себепті әлсіз.
Екіншіден, Тұтынушылар лигасы Сауда және интеграция министрлігінен кей қызмет түрлеріне бірыңғай стандарт жасауды сұрап отыр. Өйткені, көп қызметтер бойынша бірыңғай стандарт жоқ. Мемлекет тарапынан тәуелсіз сараптама керек. Қазір қолданыстағы заңда сараптама кәсіпкер тарапынан тұтынушының қатысуымен жасалады делінген.
"Әлеуметтік дәріхана" деген не?
Светлана Романовскаяның айтуынша, қазір елде әлеуметтік дәріхана деген іс жүзінде жоқ. Дәріхана "әлеуметтік" болуы үшін ол әлеуметтік аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеуі керек. Қазір әлеуметтік әлсіз топтарға ешқандай жеңілдік жоқ.
"Шілде айынан бастап дәрі-дәрмекке бірыңғай баға бекітілген еді. Бірақ ол жұмыс істеп жатқан жоқ. "Жыламаған балаға емшек жоқ" дегендей, сауатты тұтынушы болмаса, адал кәсіпкер болмайды. Тұтынушыларға айтар кеңесім, дәріханаға бармас бұрын алдымен олардың сайттарына кіріп, тауар бағасын анықтап алыңыз. Егер баға сайттағыдан қымбат болса, сіз сайтта көрсетілген бағаны талап етуіңіз керек. Олар сайтта қойған бағамен сатуға міндетті. Әйтпесе бұл алдау болады", – дейді маман.
Оның айтуынша, 10 жылдай бұрын кей дәріханаларға мемлекет қаражат беріп, бағаны арзандатып отырған. Осылар әлеуметтік дәріханалар еді. Ал қазір әлеуметтік дәріхана деп екінің бірі аталады. Бірақ бағасы қымбат.