Құбылмалы табиғаттың тосын мінезінен жалығып, жұмыстан шаршарған азаматтар бір жылда бір келетін демалыстарын есте қаларлықтай өткізгісі келетіні белгілі.
Дәл сондай еңбек дамалысы кезінде бұрынғы Кеңестік республика азаматтарының бір бөлімі ыстық теңізді аймақтарға аттанады. Сол арқылы қыстың суығынан кейін рахаттанып, өмірден ләззәт алады.
Біз де осы мақсатпен Түркияға барып қайттық. Әрине Стамбұлда тұрған туыстарымыздың арқасында бәрі де керемет өтті.
Бізді Ілияс Шолпан ағамыз күтіп алды.
Қай теңізге суға түскен дұрыс?
Түркияның айналасын Ақ теңіз (Жер орта теңізі), Қара теңіз, Мәрмәр теңізі және Егей теңізі секілді төрт теңіз қоршап жатыр. Ендеше, қай теңізге барған дұрыс?
Ілияс ағамыздың айтуынша Қара теңізде жел мен боран көп болады. Қайықтарды аударып кетуі мүмкін. Ал Ақ теңіз жақ өте ыстық, тұзы қатты әрі туристер көп.
Мәрмәр теңізі де адам көп әрі қалаға тірелгендіктен отбасылық демалыстарға ыңғайсыздау.
Стамбулдықтар үшін ең қолайлы, яғни таза әрі тыныш, қатты ыстық емес (орташа 40⁰С), дем алу құны қол жетімдісі – Егей теңізі.
Түркияда туристік сервис өте жақсы дамыған. Елде көп теңіздік курорттар мен көз тартарлық орындар бар. Ең әйгілі орындар. Олар:
- Стамбұл – Ислам мен Византиялық мәдениет мұралары мол тарихи қала.
- Каппадокия – Түркияның ең ғажап жері. Әуешарымен ұшатын және үңгірлі қала орналасқан табиғи мұраларға бай өлке.
- Егей теңізі (түр. Ege denizi) – Грекия мен Болғарияға шектескен, теңіздік демалыс аймағы. Қираған көнегрекиялықтар мен римдік ескі қалалар.
- Жерорта теңізі – (түр. Ak deniz) – Теңіздік демалыс орындары жайғасқан Түркияның оңтүстік жағы.
Теңіз суына түскенде көңіл бөлетін жәйттер
Теңіз суы тұзды болатындықтан батырмайды. Денең су бетіне тез қалқып шығады.
Жергілікті халықтың айтуынша, теңізге алғаш түскенде суының мұрынға, құлаққа кіруінен қорықпау керек. Бұл түрілі аллергиялық аурулардың алдын алады. Мұрын қуысын тазалау үшін дәріханаларда сатылатын "Аква марис" дәл осы теңіз суы екенін еске алыңыз.
Кішкентай балалар тұзды суға бірнеше рет түскеннен кейін-ақ кеңсіріктері ашылып, мұрындары бітелмейді.
Сонымен бірге алғашқы күндері судан шыққаннан кейін теңіздің тұзды суын денеден шайып тастамау керек. Бұл да тері аурулары үшін пайдалы.
Су адам денесін сорып кететіндіктен, әлсірейді. Сол үшін жақсы тамақтану керек.
Теріні күннен түскен ащы сәуленің зақымдануынан сақтану үшін денеге май жағады немесе судан шыққан соң көлеңкеге дем алған дұрыс.
Түркияда жер барған сайын қымбаттап кетті
Соңғы жылдары Түркиядағы жер бағасы айтарлықтай өскен. Сол себепті жер иелері мүліктерін мирасқа қалдырғанда дау осы жерден туындайтын болған. Алайда жерді балаларына тең үлестірген сайын жер көлемі тарылатындықтан оны пайдалану мемлекеттің ауыл шаруашылық саласын дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр.
Ілияс мырзаның айтуынша, қазір мирасқа қалдырғанда жерді бөлуге үкімет тиым салған. Сол үшін жерді тек бір мирасқор алуы керек немесе сатып ақшасын бөліп алулары тиіс. Бұны мемлекет қадағалап отыр екен.
Түркияда ақылы жол екі түрлі
Мемлекет иелігіндегі ақылы жолдардың ақысы төмен. Біз Егей теңізі бойындағы Енез қаласына жолға шыққанда мемлекеттік автожолмен жүрдік. Жолды пайдалану ақысы көлік терезесіне жапсырылған QR код арқылы қабылданады. Сол үшін көлікті тоқтатып жатпайды.
Соңғы жылдары жекелік жол компаниялары да ақылы автожолдар салып, пайдалануға беріпті. Олардың жол пайдалану ақысы мемлекеттікіне қарағанда қымбат.
Қалада жеріңіз болса...
Ілияс мырзаның айтуынша, қаладағы жеріңізге қала басшылығының ұсынысымен стандартқа сай құрылыс тұрғызуыңыз керек.
Егер 3-5 сотық жеріңізге 4-5 қабатты ғимарат түсуге тиісті болса, үкімет сізге жобасын, құрылыс эскизін толық өздері дайындап, әкеліп береді.
Сізде үш түрілі таңдау ғана болады:
- Құрылысты толықтай өз қаржыңызбен салуыңызға болады;
- Салуға қаржыңыз жетпесе үкімет бөліп төлеуге төмен өсімді несие береді;
- Немесе құрылыс компаниясымен келісіп, салынатын құрылысты олармен бөлісуіңіз керек. Құрылысты салушы жеке адам болуы да мүмкін. Оны өзіңіз таңдайсыз.
Ешқашан жер тартып алынбайды және қысым түсірілмейді.
Кезінде Еуропадан қуылған түріктер қалған мүліктерін қайтарып алып жатыр
Ілияс Шолпанның айтуынша, Греция, Бұлғария қатарлы елдер өз жерлерінде қоныстанған түріктерді 1910, 1945 жылдары екі рет Түркияға қудалап жіберген. Жүз мыңдаған түріктер елге қайтқанымен сондағы дүние мүліктері қалғаны белгілі.
Еуропа Одағының жаңа конвенциясына сәйкес енді сол қудаланғандардың ұрпақтары сот арқылы өз мүліктерін қайтарып алып жатыр екен. Сол үшін тіптен, азаматтықтарын да өзгерткен.
Сонымен бірге Түркиядан қудаланған гректер де келіп өз мүліктерін қайтарып алып жатыр. Ол үшін иелік құқықты дәлелдейтін құжаттары болса болды.
Тракия тұрғындары мен жер аттары туралы
Кіші Азия түбегін кезінде гректер, римдіктер билегені жасырын емес. Стамбұлдың батысындағы Еуропаға дейін жалғасқан аймақ – Тракия аймағы делінеді. Еуро Одақтағы Грециямен және Бұлғариямен шегараласады. Оларға байланысты жер аттары сол күйінде қалған.
Ондағы халықтардың басым бөлігі еуропадан жер аударылған түріктер болғандықтан ба, түрлері өзгеше. Еуропалықтардан еш айыра алмайсыз. Тек діні мен салт-дәстүрі болмаса.
Ілияс мырзаның айтуынша, онда түріктерден басқа сығандар, римдіктер және бұлғарлар да көп болған. Алайда түркияда ұлт аталмайтындықтан сырт түрлерінен айыра алмайсыз.
Стамбұлда қайда барған дұрыс?
Стамбұлда тарихи қамалдар мен қорғандар, патша ордалары мен мешіттер, көне базарлар әлі күнге дейін сақталған.
Сұлтан Сүлеймение мешіті кәдімгі түрік сериалдарында айтылатын, 1520-1566 жылдары билік құрған, атақты I Сүлеймен патша салдырған құрылыс. Ол Стамбұлдың ең биік жерінде орналасқан. Қасында Сүлеймен сұлтанның мазары бар.Мешіт ғажайып сәулетті және керемет орны арқылы саяхатшыларды баурап тұр.
Сулеймание мешіті – Стамбулдағы маңыздылығы жағынан екінші, ал көлемі бойынша бірінші мешіт.
Ішіне 5000 адам сияды. Мешіт қаланың Вефа ауданының көне бөлігінде орналасқан. 1550-1557 жылдар аралығында салынған. Авторы – Синан. Мұнараның биіктігі – 53 м, диаметрі – 26,5 м, күн сәулесі 136 терезеден түседі. Мешітте төрт мұнара бар.
Мешіттің ауласында бейіттер бар және көрші екі мазарда Сулейман мен оның әйелі Роксолана жерленген. Кейбір дерек көздерінің айтуынша мешіт жыл санап Алтын Мүйіз шығанағына қарай баяу жылжып бара жатыр.
Айя София музейі – Стамбұлдағы мұражай ғимараты
Көне сәулет өнерінің үлгісі. Iргетасы император Константиннің бұйрығы бойынша 325 жылы қаланған. Оны 10 мың жұмыскер 5 жылда салып бітірген. Талай рет қирап, талай рет қалпына келтірілген. Ол христиан және ислам мәдениетінің жауһары.
Айя Софья кезінде әлемдегі ең үлкен ғибадатхана болды.
Түріктерге дейін Византия империясының, кейін 500 жыл бойы (1935 жылға дейін) түріктердің діни орталығы қызметін атқарды. Ол 1453 жылы мешітке айналдырылған соң, ғимараттың ішкі көрінісі қайта көркемделді. 16-18 ғасырларда мешіт мұнаралары, қосымша құрылыстар салынды. 1935 жылы Ататүрік Айя Софияны мұражайға айналдырды.
Сұлтан Ахмет мешіті (Көк мешіт)
Стамбұл қаласындағы тарихи ескерткіш. Ірі және көрікті мешіттердің бірі. Сұлтан Ахметтің бұйрығымен салынған. Ол Мәрмәр теңізінің жағасында, Сұлтан Ахмет ауданындағы Айя-София мұражайына қарсы орналасқан.
"Көк мешіт" атауы күмбездерінің түсіне байланысты. Мешіттің аумағы өте үлкен, ол жерден бірнеше алаңдар мен субұрқақтарды кездестіруге болады. Ғимараттың биіктігі 43 метрге жетеді. Ол 1616 жылы ашылған.
Мешітте 6 мұнара бар. Төртеуі бірқалыпты, ал алдыңғы екеуі биігірек. Ислам және әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың бірі болып саналады.
Топқапы – патшалар ордасы
Топқапы (түрікше Topkapı, "Зеңбіректі қақпа" деген мағынаны білдіреді) – 1453 жылы II Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алды. Сол кезде Топқапы орнында Византия императорларының сарайы болған. XIX ғасырдың ортасына дейін Осман императорларының сарайы болды. Мұражайдың ауданы – 700 000 м². 1400 м болатын қоршаумен жан-жақтан қоршалған.
1854 жылы бұл сарайдың құрылысы жалғастырылған, 400 жыл бойы Ұлы Османлы Мемлекетінің басты сарайы болып қалған. 1923 жылы мұражай атанды.
Топқапы музейінде 65 мыңнан астам жәдігер бар. Қазір музейде тұрғаны соның 10%-ы ғана.
Сауыт-саймандар
Османлы патшалары Меккені басқарғанда қалған жәдігерлер де бар
Оқи отырыңыз: Стамбұлға сапар: Қала өмірі және барғанда көңіл бөлетін жәйттер (Фоторепортаж)
Дастарқан мен ыдыс-аяқтар
Хейбели (Heybeli ada) аралына қалай тегін бардық?
Стамбұлды қоршаған Мәрмәр теңізіндегі аралдарға барып демалып қайтатындар да көп. Соның бірі қаладан 30-50 шақырым қашықтағы Хейбелла аралы.
Аралға Құрбан айт намазынан кейін жолға шықтық. Мерекеге орай әр азамат үшін барып-келуге кететін 40 лира, яғни 2800 теңге қалтамызда қалды.
Аралда арнайы ат арба яғни күйме бекеті бар. Сізді сол арбалармен аралды аралатады. Ол үшін бір ат арбаға 100 лира яғни 7 мың теңге шамасында ақы төледік.
Түркияда болсын, Стамұлда болсын тарихи мекендер өте көп. Аралап бола алмайсыз.