АҚШ президенті Дональд Трамптың коронавариус пандемиясы кезіндегі қызметін сынағандар және сынап жатқандар көп. Ал протестер басталғалы, оның провокацияға толы әрбір твиті хейт тудырудан басқа ешбір іске негіз бола алмады. Соңғы Gallup сауалнамасына орай, Трамптың мақұлдау рейтингі (approval rating) 10 пайызға, яғни 49-дан 39 пайызға төмендеген. Ал оның қарсыласы Джо Байден керісінше 12 пайызға көтерілген. Президенттік сайлау биылғы қараша айында өтетіндіктен, Трамптың уайымдай бастағаны ерекше байқалуда.
Facebook әкімшілігі Трамптың сайлауалды кампаниясының әлеуметтік желілерде таратқан ақылы саяси жарнамасын алып тастады. Себебі, Трамп командасы ақылы постқа бұрынғы нацистердің коммунисттер, демократтар және либералдар қатарындағы саяси тұтқындарды айыру үшін қолданған теріс қараған қызыл үшбұрышты иллюстрация ретінде қосқан. Сондай-ақ, ақылы посттарының кейбірінде еврей текті саяси тұтқындарды оқшаулауға қолданылған сары үшбұрыш та болыпты.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы протестер: мотив және провокация. Сараптама
Трамп командасы бұл белгілерді білмей салуы мүмкін бе? Жоқ. Себебі, нацистер бұл белгілерді лагерлердегі коммунист, либерал және қоғамдық демократ (social democrat) болған саяси тұтқындарды айыру мақсатында қолданған. Олардың, яғни коммунист, либерал, қоғамдық демократтардың барлығын солшыл және Трамптың оңшыл консерватор екенін және Трамп командасының ақылы посттарында сол солшылдарды жамандау ұғымындағы мәтін бар екенін ескерсек, жақтастары бұл белгілерді әдейі қолданған.
Бұл, әрине, Трамптың немесе оның командасының нацистік Германияға қызыға қарайтынын немесе Гитлерге симпатиясы бар екенін білдірмейді. Бірақ, идеологиялық тұрғыдан оңшыл консерваторлар мен өздерін "арийлер" деп санаған ұлтшыл немістер арасында ұқсастықтар бар. Кейбір ғалымдар Гитлерді оңшыл десе, тағы бірі солшыл болған дейді. Расында, ол ультра оңшыл болғанымен, солшыл көзқарасты құрал ретінде пайдаланған. Нақтырақ айтсақ, Гитлер халықты біріктіру үшін социализмді, ал ұлтты жігерлендіру үшін национализмді ту етті. Сол себепті де, оның бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін еңсесі түскен немістерді қайта көтеру идеясы "Ұлттық социализм" деп аталды.
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама
Бірақ кейін оның адамдарды класқа бөлуі, еврейлер сынды өзге ұлт немесе нәсілдерді қорлауы оның ультра оңшыл болғанын айғақтайды. Демек, Ку Клукс Клан қозғалысы сынды ақ нәсілді ұлықтайтындар және өзге нәсілді өзінен төмен көретін ақ ұлтшылдар тек консерваторлар арасынан шығады. Себебі, бұлардың осы көзқарасы өзге адамның құқығын таптайды. Трамптың:
- америкалықтарға айрықша құқық беретін "America First" принциптері;
- жалпыұлттық халыққа Obamacare медициналық қолдауын жоюға тырысуы;
- Anchor Baby (құжатсыз иммигранттардың отбасында АҚШ территориясында туған азаматтардың кейіннен азаматтық алу процесі) немесе DACA (кәмелетке толмай тұрып, өз еркінсіз, туысы немесе ата-анасының әрекетімен АҚШ территориясына кірген баланың кейіннен АҚШ азаматтығын алу мүмкіндігі) жобаларына қарсылығы;
- алқының басым бөлігі мұсылман елдерден иммиграцияны тоқтатуы бір ұлтты немесе нәсілді ұлықтаудың белгілерін білдіреді.
Бір артықшылығы, Трамп Гитлер сынды халықты біріктіру үшін социализмді қолданып жатқан жоқ.
Оқи отырыңыз: АҚШ доллары халықаралық мәртебесінен айырыла ма? Сараптама
АҚШ-та мейнстрим медиаға шыққан жаңалықтарды қарайтындар ақпаратты бір жақты қабылдайды. Себебі, АҚШ-тың мейнстрим медиасының дерлік барлығы солшыл либералды көзқарасты мақұл көреді. Олардың қатарында The New York Times, CNN, NPR, The Atlantic, The Washington Post, Politico, USA Today сынды басылымдар бар. Бұлар солшыл болғаны үшін АҚШ территориясын тыс аймақтарда да танымал. Себебі, барлық адамға бірдей адам құқықтарын, теңдік пен тең мүмкіндіктерді дәріптейді.
Ал оңшыл медиа, әдетте, көбіне сол елдің ішкі нарығында ғана танымал болады. Мысалы, АҚШ-тағы Fox News, The Washington Examiner, The Washington Times, Daily Wire, Breitbart, The Federalist, Blaze, National Review, Newsmax, The Daily Caller сынды оңшыл медиа ресурстар бар.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама
Трамп сайлау кампаниясының кешегі фиаскосын осы екі фронттағы медиа ресурстар халыққа екі түрлі жеткізді. Мысалы, NPR, The Washington Post, The New York Times, NBC, VOX, USA Today тақырыптарында "нацистер" және "саяси тұтқын" сөздері қолданылса, Fox News "Фейсбук Трамп кампаниясының ультра солшылдар туралы жарнамасын алып тастады. Олардың айтуынша, бұл хейт топтардың символы" деп жаңалық таратты. Ал Breitbart "Фейсбук Трамп кампаниясының Антифа зорлығын сынаған жарнамасын блоктады" деп жазды. Кейін тағы бір мақаласында "Фейсбук Трампқа көрсеткен цензурасын қызыл үшбұрыштың Антифа символымен тікелей байланысы болғанымен түсіндірді" деп жазды. Ал The Federalist "2020 жылғы сайлауды да ұрлау (хакинг жолымен) үшін Фейсбук өз еркімен Трамптың сайлауалды жарнамаларын блоктап жатыр" десе, Newsmax "Фейсбук ұйымдасқан хейтке қарсы ережесіне орай Трамптың жарнамасын алып тастады" депті. Осындай тақырыптар арқылы оңшыл медиа ресурстар Трампты ақтап алуға тырысып жатыр.
Трамп өзінің мақұлдау рейтингін көтеру үшін әжептеуір PR жасап та жүр. Мысалы, пандемия кезінде Вашингтондағы Линкольн монументінің жанында отырып, Fox News интервьюерлеріне берген сұхбатында "өзін соғыс кезіндегі президентке" теңеді. Ал протестер кезінде оның бункерге жасырынуы күлкіге қалды. Сол үшін ол, келесі күні, Вашингтондағы президенттер жиі келетін шіркеуге барып, арнайы оңшыл медиа ресурстары үшін Библияны ұстап, суретке түсіп қайтты. Әдеттегідей, оны Fox News және оның достары жарыса жазды.