Тікелей эфир

Төмен жалақы мен баспананың жоқтығы денсаулық саласындағы жемқорлықтың басты себебі ретінде аталды. Жаңалықтарға шолу

Жедел қызметтердің бірыңғай нөмірі іске қосылады. Жаз айларындағы билет тапшылығы неден?

Аурухана басшыларының білімі толық емес

Қарағандыда аурухана мен емхана басшылары міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қыр-сырына қатысты тест тапсырды. 33 минутта олар облыста жүйе қалай жұмыс істейтіні, тегін медициналық қызметтерге не кіретіні, сақтандыруға ақша аудармаған азаматтар қандай көмектен қағылатыны туралы сұрақтарға жауап берген. 40 сұрақтан тұратын тест қорытындысында басшылар орта есеппен 70% білім деңгейін көрсетті.

Үздік үштікте облыстық инфекциялық аурухана, №4 емхана, сондай-ақ қаладағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек беру орталығының басшылары бар. Тестілеуден 3-тік баға алған медициналық ұйымның басшылары жақын арада оны қайта тапсырады. Дәл осындай сынақты енді облыстағы барлық дәрігерлер мен орта, кіші буын медицина қызметкерлері тапсырады.

Дəрі дəрмектің шекті бағасы белгіленді

Денсаулық сақтау министрлігі осындай бұйрыққа қол қойды. Оған сəйкес барлық өңірде дəрілердің бəсі шекті бағадан төмен болуы мүмкін, ал одан қымбатқа сатуға жол берілмейді.

Тұтынушылар дəрінің бағасын Dari.kz мобильді қосымшасынан бақылай алады. Қызмет 10 күннен кейін іске қосылады. Дəрінің бөлшек жəне көтерме саудаға арналған шекті бағасы бұдан былай жылына екі рет (10 шілдеге дейін жəне 10 желтоқсанға дейін) бекітілетін болды.

Қажылыққа қарыз алып барған дұрыс па?

Биыл бөлінген квота бойынша 3200 қазақстандық Сауд Арабиясына қажылыққа барады. Бұл туралы Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов хабарлады.

Құлшылыққа баратындардың бəріне инфекциялық ауруларға қарсы екпе салынған. "Хазірет сұлтан" мешітінің рухани тəлімгері Мақсатбек Қайырғалиев қажылыққа бару үшін адамдарға моральдық, сонымен қатар материалдық тұрғыда дайын болу керектігін айтады. "Құлшылыққа қарызға несие алып, бару дұрыс емес. Өйткені оған баруға дайын адамның жолақысына қаражаты жеткілікті болуы, сонымен қатар өзі жоқта отбасының қаржыдан тарылып қалмауы қажет. Осы талаптарға сəйкес келетін азаматтарға ғана меккеге бару міндетті саналады" деп атап өтті ол.

Алматы әуежайы шағымдар мен ұсыныстарға WhatsApp нөмірін іске қосты

Осылайша халықаралық әуежай көрсетілетін қызмет сапасын арттырмақшы. "+7 777 009 80 40 нөміріне келіп-түскен шағымдар мен ұсыныстар қысқа уақытта қарастырылады. Жауаптары Facebook-тегі ресми парақшамызда жарияланады" деп хабарлады әуежайдан.

Денсаулық сақтау саласында жемқорлық азаймай тұр

Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлері мен оған бағынышты ұйымдардың жұмысшыларына қатысты осындай 226 факті тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, саладағы заңсыз әрекеттер көбіне пара алумен, қызметін асыра пайдалану, ұрлық жасау, дәрі-дәрмек, медициналық құрылғылар, аурулардың тамақтарына мемлекеттік сатып алулар өткізуде, қызметте көмектесу, мүгедектікті, үстемеақыны тағайындау, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ жалақы есептеуде тіркелген.

Жыл басынан бері Сапаны бақылау, тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің және "Ұлттық сараптау орталығы" комитетіне бағынышты екі ұйымның 13 қызметкеріне жемқорлыққа қатысты 9 іс қозғалған. "Денсаулық саласындағы жемқорлықтың көптеп кездесуіне төмен жалақы мен әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар себеп. Басты мәселе мамандардың басында баспананың жоқтығы" дейді Сапаны бақылау, тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Н.Асылбеков.

Алматыда жедел қызметтердің бірыңғай нөмірі іске қосылады

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Қала тұрғындары өрт шығып, медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшысының көмегін қажетсінген жағдайда бір ғана 112 нөміріне қоңырау шалатын болады. Қала әкімінің орынбасары Е.Аукеновтың айтуынша, мұндай халықаралық тәжірибе қоңыраумен қатар экипажды күту уақытын азайтады. Бірыңғай желімен қатар қалада сандық картографиялық қамсыздандырудың бірыңғай жүйесі жасалады.

Баянауылдағы өрт төрт күннен бері сөндіріліп жатыр

Павлодар облысының Баянауыл ұлттық паркі аумағындағы өртті ауыздықтауға 100-ден астам адам жұмылдырылған. Парк аумағындағы қызыл жалын 15 шілде күні тұтанған. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы жұмыс істеп жатыр. Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ деп хабарланды.

8 қалада отбасы мәселелеріне қатысты тегін кеңес беру орталықтары ашылды

Азаматтар некеге тұрмас бұрын немесе ажырасар алдында орталықтағы психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкерден кеңес ала алады. Жобаның мақсаты – Қазақстанда ажырасу көрсеткішін азайту, отбасы институтын бекіту болып отыр. Астана, Алматы, Тараз, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Қостанай, Атырау қаласындағы әрбір орталықта 7 маман жұмыс істемекші. Жобаның әріптесі, бастамашысы – ҚР Жоғарғы соты. Орталықтың жұмысына қатысты барлық сұрақтарды тәулік бойы 150 нөміріне, сондай-ақ +7 708 106 0810 мобильді нөміріне тегін қоңырау шалып, білуге болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Жаз айларында билет тапшылығы неден туындайды? "Көп жағдайда жолушылар билеттерді түнгі сағат 24:00-ден кейін іздестіре бастайды. Алайда, 45 тәулік бұрын сатылатын жол жүру құжаттары сатылымға таңғы сағат 07:00-де шығатынын естеріңізге саламыз. Бұл уақыт қала маңы бағыттарына да тиесілі. EPAY.RAILWAYS.KZ сайтында электронды билеттерді рәсімдеу технологиялық үзіліс кезінде, яғни таңғы сағат 04:50 мен 05:50 аралғында тоқтатылады" делінген "Жолаушылар тасымылы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінде. Сонымен бірге, жолаушыларға жаңа қызмет – күту парақшасы ұсынылады. Бұл қызмет Компанияға қарасты барша кассаларда жұмыс істейді.

24.kz: 1 $ = 384,39 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 384,39 теңге болды.

Тengrinews.kz: Жарты жылда қанша шенеунік қатаң сөгіс алды? Қазақстанда 2019 жылдың 6 айында 142 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 23 мемлекеттік қызметкер жұмысынан босатылып, 2-уі қызметінен төмендетіліп, 46-сы қызметтік тәртіпке сәйкессіздік туралы ескерту, 22-і қатаң сөгіс, 23-і және 26 мемлекеттік қызметкер ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2018 жылы тәртіптік жауапкершілікке 361 мемлекеттік қызметкер тартылған.

Серіктестер жаңалықтары