Аттың жалы, түйенің қомында өсіп, сағанағымызды сарық, қағанағымызды қарық қылған заман келмеске кетті.
Тіптен, тілдің құнары мен қорының қаншалық дәрежеде көнеріп, жоғалып бара жатқанын арнайы зерттеп жүрген ғалым да таппадық. Мүмкін, бар шығар.
"Қаңырап қалған ауылда,
Тілімнің қалды құнары.
Көне алмай мына дауылға
Жоғалтып алдық мұраны" – депті бір ақынымыз.
Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?
Тіл қасаңдығы қайдан көрінеді?
- Күнделікті өмірдегі қолданыстағы тіліміз қала мәдениеті мен заманауи технологиялық атауларға бейімделіп барады.
- Дала мәдениетіне тән сөздер қолданыстан қалып барады. Мысалы, "шәргез, өре, сөре, шоқтық, дүдәмәл" сынды сөздердің мағынасын білмейтін адамдар көп.
- Шұбар тіл қалыптасып барады. "Маяк тастау, звандау, батяға бару, сюрприз, пиар" секілді.
- Ерсі мағынадағы сөздер де қолданысқа еніп жатыр. Тарғыл сыйыр (сары сиыр емес), құла ат (құла сиыр емес), бала асырау. Негізі мысық, итке қаратылып айтылады. Баланы бағып алу, бауырына салу деп айтады.
- Телеарналардағы сөз байлығының, этнографиялық қойылымдардың аздығы. "Ң"-ға тілі келмейтін, сөздік қоры санаулы, қасаң тілшілер көбейді.
- Тілдің қоры мен құнарына қатысты БАҚ, үкімет орындарындағы нақты талаптар жоқ. Жалпы, айта берсек себеп те, салдар да көп.
Тіліміздің құнары – көшпелі, дала мәдениетінде болатын
Ұлттың ең басты белгісі – ана тілі. Қазақтың тілі – әлемдегі қоры ең көп, ең құнарлы да табиғи тілдердің бірі болатын. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі көшпелі өмірге сай бейімделді. Тілі де сол негізде қалыптасты. Төрт түлік малға қатысты атаулар мен түсініктер күллі байламымыз бен талғамымызға дейін сіңді.
Арғымақ порталын жүргізіп отырған тілші Ержан Жаубай өзінің "Жылқыға қатысты мақал-мәтелдер" топтамасында тек "а" әрпімен басталатын мақал-мәтелдің өзінің 14 харіппен 100 бет болғанын айтып, ой бөлісті. Міне, сол мақалдан қазір нешеуін білеміз? Нешеуін түсіне аламыз?
Ат жалын тартып мініп, тықыршыған асауды құлақтаған қара домалақ ұл қазір жоқ. Оның орнын телефонға телміріп, компьютердің пернетақтасында ойнаған жаңа ұрпақ өсіп шықты. Осылайша дала заңының орнын қала заңының басуы – 35 дыбысы бар қазақ тілінің, 35-40 мыңнан астам сөзі бар сөздік қорымыздың кемі жартысын жоғалтқанына ел куә.
Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы қазақтардың басым бөлігі тарихи Отанына көшкілері келмейді
Оның үстіне көшпелі дала мәдениеті, дала заңы ұлтымыздың мінезіне де сіңді.
Көшпенділік құрып барады
Моңғолиялық қандасымыз Зәупілұлы Күлмесхан ағамыз: "Көшпенді тұрмыс – әлем өркениетінің бір бөлігі. Қазіргі таңда көшпенді тұрмыс қалып, қазақ отырықшылыққа бейімделіп барады. Бұл процесс ұласа берсе, болашақта көшпенділердің ошағының мүлдем құрып кетуі бек мүмкін.
Қазақтың алтын бесігі – ауыл. Бірақ ауыл қазір тек қаланы азық-түлікпен қамтуға бағытталған қосалқы шаруашылық міндетін атқарып қалды. Ауылшаруашылық өнімдерінің нарықтық бағасы арзан болғандықтан осы салада жұмыс жасаушылардың тұрмыс деңгейі қалалықтармен салыстырғанда төмен. Еңбек бөлісі мезгілдік сипатта және уақыт кестесіне бағынбайды. Бұл – ауыл адамдарына бос уақыт тауып өз өзін дамытуға шектеу боларлық жағдай. Ауылда шешілмеген өзекті мәселелер кезек күтіп, бірінен соң бірі жалғасып жатыр.
Қазіргі таңдағы ғылымның, техниканың шарықтап дамуы жаңа мүмкіндіктерді тудыра бастады. Олардың бірі – жаңа өндіріс ошақтарының пайда болып, сол төңіректе ірі елді мекендердің, қалалардың бой көтеруі. Өндіріске еңбек күші ауадай қажет. Бұл жағдай ауылдан қалаға көшу, қалаға адамдардың шоғырлануына себепкер болады. Статистика бойынша Қазақстан тұрғындарының 60% қалаға шоғырланыпты. Қалаға адам шоғырлану процессті урбанизация деп атап кеттік (латынша: urbs – қала, urbanus – қалалық)" дейді.
Міне бұдан, халықтың қалаға көшуге мәжбүр болғанын көруге болады.
Мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны жайлы дерек аза бойыңды қаза қылады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде шекаралық Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен.
Баласын мысығым, күшігім дейтіндер көбейді
Тіл қасаңданды. Қасаң – аттың тағасының мүжіліп, тозуы.
"Қарғам, ботам, қозым, қошақаным, құлыным, құралайым" дейтін қазақтың қазіргі қаладағы ұрпағы өздері көрмеген түліктің төлдерін қалай елестетсін? Тек батыс мәдениетінен жұққан мысық пен ит асыраушылардың заманы туды. Енді балаларын "мысығым (мысықтың баласын марғау дейтінді де білмейді ғой), күшігім" деуден аса алмай жүргенін көзіміз көрді.
Әрине, құрт жайып көрмеген ана "өренің биіктігін" қайдан білісін?! Атқа мініп көрмеген бала "шоқтығы биік" дегенді қайдан түсінсін?! Бар болғаны телеарналардағы суреттер мен қаланың әр жерінен бой көтерген тас мүсіндер ғана олардың бойларына ұлттық құндылықтың, ұлттық ерекшеліктеріміздің мәнін сіңіре алмайды.
Осылайша тас қалаға бағынған ұрпақ өсіп келеді.
Бүркіт Нұрасыл, журналист:
– Кездескен адамынан ең алдымен мал-жан аман ба деп сұрайтын атам қазақтың өмір тіршілігінде төрт түліктің алар орны өте зор. Тіптен күнделікті қолданыстағы сөзі мен таным-түсінігі, дүниелік пайымы да малмен тікелей байланысты. "Қосағыңмен қоса ағар", "Балаң он шақты, көгенің бұршақты", тағы басқа тіркестер осының дәлелі.
Қазақтың "Кіммен қарайсаң, сонымен ағар" деген сөзінің өзі ата кәсіппен тікелей байланысты. Қара – мал, байлық дегенгі білдірсе, екінші жағынан малы бар, дәулеті бар, яғни кемеліне келген, жар құшқан толық адам дегенді білдірген. "Кіммен қарайсаң..." дегені осы болса керек.
Шоқан Уәлихановтың "қара" сөзі ертеде "қасиетті" деген мағына берген дейтіні тағы бар. Бұл – тікелей түйеге қатысты сөз. Түйені ойсылқара дейміз. Өкінішке қарай, тілдік қорымыз, қазіргі буынның сөйлеу мәнері өзгеріп, тілдік қолданыс аясы тарылып келеді. Малдан алыстағалы көптеген тіркестер мен ұғымдар, сөздер қолданыстан қалып барады, – дейді.
"Шұбарланған тілің болады"
Мөңке би бабамыз: "Шұбарланған тілің болады, дүдәмалдау дінің болады" депті.
– Жастар арасындағы қарым-қатынаста тұрмыстық, көше тілі кеңінен қолданылады. Бұл әдет біздің тіліміздің тазалығына, сөздік қорымызға зиянын тигізіп жатыр. Мәселен, "маяк таста", "базар жоқ", "супер", "пахан", "матушка", "батя", "прикол ұстама", "тема" ,"ажека-атака", "доча-сына" сынды сөздер. Бір өкініштісі, осындай есалаң сөздерді үлкендердің де қолданып жүргені.
Тағы бір айта кететін жайт, әншілердің әндерінің сөздеріне мән бермеуі белең алған. Мәселен, "Зың-зың", "Құдағи", "Бірлік болсын әлемде" сияқты не мән, не мағына жоқ дүбәра ән-сымақтар осыған дәлел. Ең өкініштісі, осы әндерді елдің тыңдауы мен халық арасына кеңінен таралуы болып отыр.
"Тәрбие тал бесіктен" демекші, сөз төркінін, мақал-мәтелдің астарын түсінетін ұрпақ тәрбиелегеміз келсе, мәдениетті сөйлеуге үйрету керек. Көркем әдебиет оқу дәстүрін қалыптастыру керек. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру керек. Теледидар шығатын хабарларға саралау жүргізу керек. Тіліміздің шұрайын, көркемдігін көрсететін танымдық хабарлар жасау керек. Бағдарламаларды жүргізуге тілі шұрайлы, дикциясы анық, кәсіби біліктілігі жоғары деңгейдегі тілшілерді тарту керек.
Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, "Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады". Тіліміздің деңгейі биік, сөзіміздің қадірі болсын десек, ұлттық намысты, рухты көтеруіміз қажет. Тіліміз жоғалса, ұлтымыздың да жоғалатыны белгілі. Өйткені тіл ұлтты тәрбиелейді" – дейді Тұрар ханым.
Талапбек, ақын: "Ұлтымыз әлемдегі сөздік қоры ең бай халықтардың бірі болғандығына қарамастан бүгінгі ұрпақ тіл жұтаңдығына ұшрап отыр. Әсіресе қалалық жерлерде бұл анық байқалады. Бұның басты себептерінің бірі ақпараттық ағынның дендеп енуі болса, екінші жағынан ұлт ретінде жадымыздың өзгеруінен болса керек" деген екен.
Тұрмыста қолданылмаған сөздер ұзаққа бармайды
Бүркіт Нұрасыл: – Қазіргі жастар, көген, бұршақ, шаңырақ, сырттан, жампоз, ай мүйіз, ақтаңгер, бура сан тағы басқа сөздерді қолдана бермейді. Көбісі архаизмге айналып барады.
"Түйе ойнақтаса, жұт болар", "Нар жолында жүк қалмас", "Бота көзді боз жігіт", "Бота көзді ару", "Керегең кең, босағаң биік, шаңыраққа қара, ақ түйенің қарны жарылыпты, қойын қоздатып, ботасын боздатып" сияқты тіркестер өлеңдер мен тойларда ғана айтылып жүр. Оның өзі жаттанды бата- тілектер мен құттықтау сөздерде ғана. Шынын айтқанда, қазақты тамырынан тойшылдығы мен дарқандығы ғана құтқарып тұр деуге болады. Асабалар ғана сондай сөздерді қолданып жүр деуге болады...
Кезіндегі әңгімесімен елді аузына қаратқан, сөзімен тамсандырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып кететін үлкендер мен "Серкесіз қой болмайды" деп сеніп келгенде көңілімнен шықпадың, "Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын" деп тексіз ұрпақты бір ауыз сөзбен тәрбиелеп кететіндер азайып кетті. Бұл – үлкен қауіп", – дейді.
"Ң"-ды айта алмайтын тележүргізушілер бар
Тұрар Саттарқызы, әдебиет танушы: – Қазіргі кезде құлашын кең жайып келе жатқан урбанизация салдарынан тілдік қорымыздың жұтаңдану үрдісі байқалады.
Қазақ халқының өмір салты мал шаруашылығымен байланысты болғанын білеміз. Қазір көп қолданылмағандықтан, осы төрт түлікке қатысты сөздеріміз сөздік қорымыздан шығып қалған. Мектеп оқушылары оқулықтағы көп сөздердің мағыналарын түсінбейді, себебі ол сөздер күнделікті өмірде пайдаланылмайды. Осыдан 10-15 жыл бұрын айтылатын сөздердің қолданылу аясы тарылып, тіпті біразы қолданыстан шығып қалды десем артық айтпаған болар едім.
Қазір ғаламтор мен теледидар заманы. Балаларымыз бен жастарымыз "жұлдыздардың" өмірін, сөйлеген сөзін үлгі тұтады. Ұлттың санасын улап жатқан түрлі шоулардың сапасы адам шошырлық. Теледидардағы хабарлардың көбін тілдері түсініксіз, әріптерді айта алмайтын сақау жүргізушілер жүргізеді. Бұл – біздің тіліміз үшін, сөздік қорымыздың кейінгі ұрпаққа жетуі үшін өте қауіпті жайт.
Өкініштісі, олардың сөйлеген сөздері мен жасаған әрекеттерін үлгі тұтатын ұрпақ өсіп келеді. Жаңағы "жұлдыз" жүргізуші-сымақтардың аузынан шыққан сөзі жалпақ жұртқа тарап, халықтың санасына сіңіп, тілін құртып жатыр. Мәселен, өрт шықты демей, өрт орын алды дегендер қалыпты сөз саптау болып саналатын болды. "Адамның өлі денесі" деген сияқты қате сөз тіркестері де мықтап тұрып тілімізге еніп алды. Немесе жансыз нәрсе жайлы айтқанда оған жан бітіре сөйлейтін болдық. Ең аяғы өз тілімізге орысша қыстырмайтын кезіміз жоқ.
Оған қоса өзіміздің төл әрпіміздің ішінен "Ң" дыбысын айта алмау жаппай үрдіске айналғандай. "Ң" әрпін айта алмайтын ұстаз оқушысына "ң" әрпін қалай үйретсін? "Ң" әрпін айта алмайтын журналистің айтқанын естіген тыңдарманда "Ң" әрпін айта алмасам да, теледидарға шыға алады екенмін ғой деген ой қалыптасады. Балалар "Ң"-сыз-ақ сөйлеуге болады екен ғой деп санайды. Тіпті "Ң" әрпін айта алмау сәнге айналғандай болып көрінеді. Бір қызығы, осы "ң" әрпін айта алмайтындар мұны кемшілік деп санамайды екен, – деп мұңаяды.
Астана көшелеріндегі тіл қай елдікі?
Шалақазақтардың тілі – көше бойында қолданылатын және маңдайшалықтарда жазылатын тілге айналды. Олар – тіпті ата-бабамыздың түсіне де кірмеген сөздерден тұрады.
Оқиық: "Надежда, Дежавю, Пекин палас, Тримуф Астана, QazMedia, Mega silik way, Keruen city, Tengry hotel, Eurasia, Артем, Әл баракат, Zent, Людмила, Reana, Milavitsa, Zuromebel, Respect, Бордо, Inbex, Granarg, Mari, Eigermen, Pizza Land, Favori, Istanbul, Carital, Dentlux, Almirance, K-Mart, Ripate, Sess, Rich, Redrom, Saradan, Giganet, Baumarket, Sonar, Verona, Белый ветер, Обувайка, Notel, Интертоp, Kimex, Cosmed, Reina, City Center, New York, Zumrudamka, Altinbasak, Айгерим, Анвар, Кең март, Sport space" және т.б."
Міне, біздің тіліміздің сиқы. Қай тілде жазылғанын өзіңіз ажыратып алыңыз.
Көше тілі пайда болды
Ербол Бейілхан, ақын: – 90 жылдардың басында колхоз бен совхоздардың иелігінде болған мол байлықты дұрыс саясат, нақты мақсат болмағандықтан шашып алдық. Кеңес үкіметі кезінде көзбояушылыққа үйренген, нарық заңын білмейтін жұмысшы қауым капиталистік (меншіктік) қоғамға дайын болған жоқ. Қолындағы барынан айырылған ауыл, аудан халқы жаппай үлкен қалаларға қоныс аударды.
Кеңестік кезеңде қала халқының басым бөлігінің орыс тілінде сөйлегені баршамызға аян. Тіпті, көптеген қазақтар ана тілін ұмытып та үлгерген болатын. Ауыл халқының жаппай қалаға көшуі қалалықтардың табиғи өсімін күрт арттырды. Міне, тілдік урбанизация дәл осы кезде көбірек қайшылыққа түсті.
Асфальтта өскен балалар ана тілдің тұма бұлағынан қанып ішкен жоқ. Солтүстік облыстарда өскен буынның тілі алашұбар. Ұлттық тамырдан қол үзбеген санаулы қана буын болмаса, жалпы қазақтың тілі шұбарланғанын жасыра алмаймыз.
Таза қазақы тіршілік пен ұлттық құндылықтардан толық нәр алмаған, көркем тілді әдеби шығармалардан ғана оқып, көркем дүние жазып жүрген кейбір замандас, іні-қарындастарымыздың әдеби тілді, байырғы баба тілін толық білетіндігіне кейбір дүниелерді оқып отырып мен сенімсіздікпен қарауға мәжбүрмін...
Үш тұғырлы тіл саясаты жарытпайды
– Әрине, әсер етеді. Әсер етіп те жатыр. Бір елдің аумағында өз тілімізбен қатар әлемге кең тараған ағылшын мен орыс тілдерінің қолданылуына ресми түрде рұқсат беріліп отырғандықтан, олардың ықпалы орасан зор. Мұндай тілдермен қатар қолданыла отырып, мемлекеттік тілдің мерейінің үстем болуы елдегі тіл саясатының, тілдік жоспарлаудың қалай жүзеге асатынына тікелей байланысты. Бұл – өз алдына үлкен әңгіме, – дейді әдебиет ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы.
Бауыржан Сегізбаев, блогер, сарапшы: – Көп тiл бiлу, оны меңгеру, әрине, дұрыс. Кезiнде алаштықтардың барлығы да ең алғаш орысша сауат ашты, бiрақ қазақша жазып, сөйледi. Әрбiрi 5 тiлден кем бiлген жоқ. Бiрақ қазiргiлердей ана тiлдерiн ұмытып қалған жоқ. Бұл – ғажап керемет десе де болатындай. Ал қазiргi ұрпақтың рухы әлсiз бе, құрметi кем бе, белгiсiз. Бiр жыл шет тiлiн оқыса болды, тiлi шұбарланып шыға келедi. Оның үстiне шұрайлы сөздерiмiзден айырылып барамыз.
Ең алдына шет тiлдерiн меңгеру шықты. Бұл дұрыс емес. Жас өскiн алдымен өз ана тілінің уызына қануы керек. Мұның әлемдiк стандарттары да бар. Баланы 12 жастан асқан соң, өзге тiлдердi меңгеруге баулиды. Бiз де әншейiнде шет жұрттарға елiктеп-солықтап жатамыз ғой, неге бұ жағына назар аудармаймыз? Телеарналар отандық кинолар шығарып жатыр, солардың кейбiреулерiнiң тiлдерi қаймағынан айырған көк сүт сияқты. Бұл да жас ұрпаққа керi әсер етпей қоймайды. Сондықтан да, ел боламыз десек, экранымызды түзеу керек. Күлдiргiштердiң "дiгiлдiм, тiктi" деген арзан шоуларын тоқтату керек.
Тіліміздің мәйегін сақтап отырған жалғыз ел – Моңғолия
Қазақстан тәуелсіздік алысымен шеттегі қазақтан құйылған көш есеңгіреп қалған еліміздің тілін бір көтеріп тастады. Әсіресе Моңғолиядан оралған әр қандасымыз үшін алғыс айтсақ, артық болмас. "Елге ел қосылса құт" деп осыдан айтылса керек.
Өткен айдағы Наурыз мерекесі кезінде Моңғолияның Баян өлгей аймағындағы қандастарымызға барған сапарымызда бәріне көзіміз жетті.
Баян өлгей аймағы – көшпелі мәдениеттің нағыз ордасы ретінде әлемнің назарын аударғаны белгілі. Сол мәдениет тіліміздің де құнарының сақталуына ықпал етеді. Сол өлкеден оралған қарапайым жастардың біздің тіл ғалымдарымызға қарағанда тілдік қоры мол, этнографияға бай. Тіптен, сол себепті де олар біздің елдің тілдің солғындап бара жатқан түсіне реңк бергені бар. Алайда, олар аз. Қашанда аздың көпке бағынатыны бар. Сол себепті, ақыры олар да ортаға бейімделе бастайтыны шындық.
Қытайдағы қандастар мәселесі қазір қазақ түгілі әлемнің назарын аударып жатыр. Ондағы тіл мен дінге, ділге жасалған қиянат – жан түршігерлік жағдайда. Осылай кете берсе, азғана жылда тілі жоқ, мәңгүрт қазаққа айналары белгілі.
Ал, Ресейдегі қазақтар негізінен орыстанған. Өзбекстандағы қазақтардың жағдайы да мәз емес. Одан басқа елдердегі ат төбеліндей қазақтарды ауызға алғанмен, тілден қайыр болмайтынын әлдеқашан түсінгенбіз.
Жапония ұлттық тілінің қорын қалай сақтап отыр?
– Жапондықтардың тұрмыс-тіршілігі күріш секілді егін шаруашылығын негіз етті. Кейін өнеркәсіптендіру науқаны кезінде жаңа ұрпақтың пайда болғаны белгілі. Олар өз ортасына қарай өнеркәсіптік тілді қалыптастырып, жапон тілінің құнарына ықпал жасаған болатын. Алайда, жапон үкіметі халықтың тілегін саралай келіп, шығыны көп болса да күріш шаруашылығын мемлекеттік күшпен қайта қолға алды. Ондағы жалғыз себеп – тілдің қоры мен құнарын сақтау. Сол күріш атыздарына әр жылы оқушылар мен студенттерді жіберіп, тұрмыс-тіршілікпен таныстыруды, жұмыс істетуді мемлекеттік саясаттың бір бөлегіне айналдырды
Ал бізде, мыңдаған ауылдар құлап, жерлер сатылып, мал-мүліктердің талан-таражға түскені өтірік емес. Тіптен, үкімет "болашақсыз ауыл" деген тізім шығарып, күлкіге қарық қылғаны тағы бар, – дейді Бүркіт Нұрасыл.
Ақындар айтысы неге арзандап кетті?
Қазір ақындар айтысы жиі өтіп жүр. Алайда Қазақстанның ақындарының тілі қасаң, әрқайсысы бір-бірінен аумайтын саяси шұбыртпасын төгіп жіберіп, көпшіліктің қыбын қандырудан аспай отыр. Бұрынғыдай термелеп, төгілдіріп, әр сөзін зерделеп айтатындар мүлдем азайған. Анда-санда Қытайдан не Моңғолиядан келген ақындардың ғана өз көрген ортасына сай айтқан өлеңдері елең еткізетіні болмаса.
Ондағы басты себеп, ақындар айтысында сөздің құнары мен құрамына, ажарына баға берілмейді. Бір-бірінен аумаған айтыс өлеңдерін тіл мамандары мен майталман ақындар, этнографтар бағалауы керек еді. Қазір ше?Телеарна жағалаған қасаң тілді "жұлдыздар" не билік жағалаған "су жұқпас құндыздар", атын шығарғысы келген сыпсықайлар әділ қазылардың орнын берер емес.
Балапан арнасына арнайы "төрт түлік" немесе "дала тағылымы" бағдарламасын қосу керек
Бауыржан Сегізбаев, блогер, сарапшы:
– "Балапан" ең көп көрілетін арнаға айналды. Алайда онда этнографиялық, далалық мәдениеттің қорын сіңіретін мәйекті бағдарламалар мүлдем жоқ. Арзан қол аудармаларға бөлінген қаржыны бізге берсе, шіркін, жайлауда жатып-ақ жарылқар едік.
Былайша айтқанда, бір этнограф, бір оператор, бір режиссер, бір көзқарақты журналист бірігіп, 2-3 ай жайлаудағы қара қос пен киіз үйлердегі нақты тұрмысты түсіріп әкеліп-ақ біраз нәрсені түсіндіруге болар еді. Оған көп қаражат та керек емес. Ниет болса жетеді, – дейді.
"Баламды жазда Моңғолияға жіберемін"
Айжанат Нұрсейт, менеджер: – Балаларыма нағыз көшпенді тұрмысты, нағыз қазақы киіз үйді, жайлау мен төрт түлік малды көрсету үшін жазғы демалысты Моңғолиядағы туыстарға баруға жоспарлап отырмыз.
Ондай көшпенді өмір Қазақстанда жоқ десек болады. Бар болғанда да олардағыдай табиғи таза емес. Мысалға тек ауылдағы оралмандарды атауға болады, – дейді.
Бізге ешкім ештеңе жасап бермейді. Өзіміз тырысуымыз керек
Философия ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы өз көзқарасын былай білдірді:
Бірінші, урбанизацияның тілдік қорға әсерін арнайы зерттеп, алынған мәліметтерді сараптау негізінде нақтырақ қорытынды жасаған дұрыс деген пікірдеміз. Ал өзіміз байқап жүрген, көзге көрініп тұрған қырлары туралы жалпы сипаттап айтар болсақ, оның екі жақты әсері болды деп ойлаймыз.
КСРО кезінде қалыптасқан кеңшарлар мен ұжымшарлардың таратылып, жекешелендіріліп кетуі ауыл тұрғындарының, жастардың күнкөріс қамымен үлкен қалаларға ағылуына себеп болды. Астана мен Алматы сияқты республикалық маңызы бар үлкен қалалармен қатар, облыс орталықтарына да қазақтілді қауым көбірек қоныс аударды.
Соның нәтижесінде ірі қалалардағы қазақтардың саны артты. Бұл қалада қазақша балабақшаның, мектептердің ашылуына, қала қазақтарының арасындағы қазақтілді қауымының үлесінің өсуіне әкелді. Мысалы, Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен, Қостанай, Павлодар, Қызылжар сияқты бірқатар жерде қазақша сөйлейтін қауымның саны артты.
Яғни, ауыл қазақтарының қалаға қоныс аударуы қаладағы қазақ тілінің қолданыс аясының кеңуіне біршама ықпал етті. Мұны жоққа шығаруға болмайды.
Ал мәселеге екінші жағынан келгенде, қазақтілділерге қала өміріне бейімделіп, орнығып, орыс тілін меңгеруге тура келді. Кеңестік кезеңде Атырау мен Қызылорданы айтпағанда ірі қалаларымыздың көпшілігінде орыс тілі берік орныққан еді. Оған КСРО-ның мақсатты, жүйелі түрде жүргізілген тіл саясаты арқылы қатты әсер етті.
Бір ғасырға жуық уақытта қалыптасқан осы жағдайды, орыстілді қаланы ауылдан келген қазақтар түбегейлі өзегерте алмады. Қайта орыс тілін ұл-қызына үйретіп, өзіне де өзгеруге тура келді. Қалаларда орныққан билік орындары мен бизнес элита, банк жүйесі мен ірі компанияларда негізінен орыстілділердің үлесі басым болғандықтан, олар өздерінің негізгі жұмыс тілі, өмір сүру құралы орыс тілінің әлсіреуіне жол бермеуге тырысты.
Шындап келгенде, орыстанған қазақтардың, тұтас алғанда орыстілділердің негізгі басым бөлігі қалада қазақ тілінің өркен жайып кетуіне мүдделі болмады. Ата заңымыз бен Тіл заңында орыс тіліне айрықша орын берілгені – соның айқын көрінісі.
Сондықтан да қазақ балабақшасы мен мектебіне барған қазақ балалары да сабақтан шыға салысымен бір-бірімен орысша сөйлесетін жағдай орнықты.
Бір сөзбен айтқанда қазақ тілі қала тіліне айналмай, ірі қалаларда тұтастай алғанда қазақтілді орта қалыптаспай отыр.
Екіншіден, біздің тіліміз өз кеңістігінде, қазақтың дарқан даласында бауырын жазып еркін көсіліп, қолтығын жазып шаба алмай келе жатқан арғымаққа ұқсайды. Арғымақтың бабын келістіре алмай жүрген де, оған тұсау салып шектеп отырған да өзіміз.
БАҚ тілінен де соны көруге болады. Оған қоса көптеген басқа салалардағы сияқты маман дайындау мен бар мамандарды дұрыс іріктеп алудың ашық, әділ түрде жүзеге аспауы да БАҚ тілінің бағын жандырып отырған жоқ.
Әрине, жекелеген жақсы газет-журналдар, теле-радиохабарлар мен бағдарламалар бар. Өйткені олардың басы-қасында жүргендер – өз ісінің білгірлері. Ал тұтастай алғанда, кемшіліктер аз емес. Әсіресе, телеарналардағы түрі келіссе де, тілі келіспейтін, өздері базалық білім алған кәсібін толық игеріп тастап, өз салаларын дамытып болып, енді телевизия шыңдарын “бағындырып жүрген бесаспаптар” азаймай отыр.
Тіл жұтаңдығы, қасаңдық пен аударманың әсері, сөйлеу, жазу мәдениетінің сақталмауы, тілдік нормалардың бұзылуы сияқты кемшіліктердің өте жиі ұшырап жатуы солардың кесірінен. Осындай кемшіліктерге жол беріліп жатқанымен, қазақ тілінің мүддесін қорғау мен оның қолданыс аясының кеңеюіне, бүгінгі халге жетуіне қазақ журналистикасының, қазақтілді мамандардың қосқан үлесі айрықша деп санаймын.
Мен – қазақтілді БАҚ-тың оқырманымын әрі жанашырымын, еліміздің ақпараттық кеңістігін негізінен қазақтілді БАҚ иеленсе екен деп тілеймін. Кемшіліктерді жойып, сапаны көтеру керек, оған дау жоқ. Алайда қазақтілді ақпараттық кеңістікті қазіргіден бірнеше есе кеңейтпейінше, қазақ тілінің де өрісі кеңімейтінін естен шығармауға тиіспіз.
Үшіншіден, нақты зерттеулерге негізделген статистикалық мәліметтер болмағандықтан пайызын дәл айту қиын. Ұлт мәдениеті үстемдік танытып, ұлт тілі өміріміздің барлық саласында кеңінен қолданыс тауып отырмағандықтан, көшпелі мәдениетке тән атауларымыз да ұрпақ санасы мен тілдік қолданыстан шығып барады.
Оның үстіне бізде ескіні жаңғыртуға қарағанда жаман-жақсысын ажыратып алмай жатып жаңаны ала беруге, өзімізде барды әспеттеуден гөрі өзгелердікіне көбірек қызығатын бір әдет, сондай психология басым. Ата кәсіпті жалғастырып, білім мазмұнына ұлт мәдениетіне қатысты ұғымдар мен атауларды енгізу арқылы жас ұрпақ санасына сіңіру, сабақтастықты сақтау кемшін.
Сондықтан да көнеру процесі жылдам жүріп, кешегі қолданыста болған ұлттық ұғымдарды бүгінгі ұрпақ білмейтін болып барады. Қазіргі қалалық мектептердегі жоғары сынып оқушыларына сауалнама жүргізіп көрсек, олардың ұлтымыздың кешегі рухани-материалдық мәдениетіне қатысты көптеген ұғымдарымызды білмейтінін көру еш қиындық туғызбайды.
Өйткені олар қала өмірінен, оқулықтарынан оларды күнде көріп, естіп отырған жоқ. Көркем әдебиетті, тарихи шығармаларды да жата-жастана оқитын заман емес. Ғаламдану мен технологияның қарқынды дамуы да оған өз үлесін қосып отыр. Қазақтық ұлттық өнер түрлері мен атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіптері, қолөнері заманмен үндесіп дамыса, солармен байланысты бүкіл лексикамыз да дамиды, жаңғырады.
Тілдің де, әр сөздің де киесі мен иесі бар екенін ұмытпайық
Жаһанданудың жаһаннамына түскен тіліміздің қазіргі халы қиын. Ұйтқысы таусылып, қоры азая бастаған. Ат үстінде аруақ шақырып, арқа төсінде салбуырындаған бабалар тілінің күйі кім-кімді де ойландырмауы мүмкін емес.
Ешқандай керексіз зат болған емес. Сол секілді әр сөз біз үшін тарих, құнды жәдігер, қасиетті бабалар аманаты. Оны шұбарлау, қолданыстан шығару, құрметтемеу – ұлтты тамыры мен тағылымынан айыру үшін жасалып жатқан қастандық.
Тілдің киесін – түйсік арқылы көріп, таным арқылы сезесіз. Ал тілдің иесі – кешегі бабалар, тарихымыз және соның жалғасы – біз ұрпақтар.
Қасиетті ана тілінің әр дыбысы мен әр сөзі – ұлы дала мәдениетінің сырын шерткен, тарихтың мұңын мұңдап, жырын жырлаған.
Аманатқа адал болайық, ағайын!