Посткеңестік аймақта тек үш ел ғана табиғи ресурстың халықаралық нарықтағы бағасына тәуелді екен. Олар – Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан. Соңғы екі жылда мұнай дағдарысы кесірінен аталған елдердің ұлттық валюталары АҚШ долларына қарағанда бірнеше есе арзандап, құлдырағаны белгілі.
Мысалы, осыдан үш жыл бұрын Ресейдің 22 рублі бір АҚШ долларына тең болса, қазір 56 рубльден асады. Ал Қазақстан валютасы 183 теңгеден 311-ге дейін арзандаған. Оған мұнай бағасының үш есеге дейін төмендеуі басты себеп болды. Дегенмен, өзге экономикалық факторлардың әсері де біршама бар. Анықтап көрелік.
"Голланд ауруына" кім шалдығады?
Өз жерінің қойнауындағы табиғи кен байлықты экспортқа шығарып, одан түсетін табыстан күн көретін елдер "голланд ауруына" шалдығады. Бұл елдер экономикасы тұрақты түрде дамымай, оның тек белгілі бір секторы ғана өседі. Оның айқын көрінісі алғаш рет Голландияда байқалды. Голландияның Гронинген провинициясында 1959 жылы табиғи газ кен орны ашылып, экспорт көлемі бірнеше есеге ұлғайған.
Сөйтіп елге үлкен көлемде шетелдік валюта тартылып, Голландияның ұлттық валютасының құны жылдам нығаяды. Сәйкесінше, халықтың табысы мен тұтыну мүмкіндігі де өсіп, инфляция деңгейі шарықтай бастайды. Елге импортталатын тауардың көлемі де көбейеді, ішкі нарықтағы өнімдер бәсекелестікке төтеп бере алмай, ел ішіндегі өндіріс көлемі азайып, жұмыссыздар саны артады. Содан кейін, Голландия экономикасында стагнациялық құбылыс пайда болды. Ұлттық валюта өз құнын жоғалтады.
2014 жылдан бастап бюджеттегі қаржы көлемінің басым бөлігі табиғи ресурстарын саудалаудан түсетін елдерде "голланд ауруы" асқынды. Халықаралық нарықта Brent мұнай маркасы баррелінің бағасы 23 АҚШ долларына дейін түскен кезде, Қазақстан, Ресей және Нигерия сынды елдер экспортқа шығаратын мұнайының өз құнын шығара алмай қойды.
Кейбір кен орындарында мұнайды игеру көп қаржыны талап ететіндіктен (мысалы, Қашағаннан шығатын мұнай баррелінің өзіндік құны – $100), оның өзіндік құны да арта түседі. Төмен бағамен экспортқа шығарылып жатқандықтан елге ешқандай табыс алып келмейді.
Мұнай экспорттаушы елдер нарықтағы өз орнын жоғалтып алмау мақсатында, шығынға болса да, жұмыс істеуді жөн көреді. Себебі, Knoema сараптамалық агенттігінің ақпаратына сүйенер болсақ, Сауд Арабиясы ($3), БАӘ ($7) және Иран ($15) сынды елдерде мұнай өндірудің өзіндік құны өте төмен болғандықтан, олар экспорт көлемін арттыруды көздейді.
Ұлттық Банк интервенциясы жалғасып жатыр ма?
Қазақстан экономикасында стагфляция (стагнация және инфляция) үдерісі байқалады. Белгілі макроэкономист Марат Елтаевтің көзқарасына жүгінсек, ел экономикасы жылына 3 пайыздан аз үдеріспен өсетін болса, оны "экономикалық өсім" деп қабылдаудың өзі ақылға қонбайды. 2014 жылы мұнай импортына тәуелді, көбіне мануфактурамен айналысатын елдердің экономикасында да стагнациялық үдеріс байқала бастаған.
Бірақ мұнай экспорттаушы елдерге қарағанда оларда инфляция көрсеткіші төмен болды. "Мұнай бағасының өсуіне Қытай және Үндістан сынды өндірістік елдердің экономикасы әсер ете алады. Аталған елдерде өнім дайындау артып, энергетикалық ресурстарға деген сұраныс артса, мұнай импорты да өседі. Нарықта сұраныс пайда болып, баға өседі", – дейді Елтаев мырза.
Қазақстанның бірінші дәрежелі банкі ай сайын теңге құнын тұрақты бір деңгейде ұстап тұру үшін бірталай қаржы жұмсауға мәжбүр болатыны белгілі. Өткен жылдың тамыз айында Ұлттық Банк төрағасы ресми түрде, теңге интервенциясына қаржы жұмсалмайтыны туралы хабарлағанымен, кейбір экономистер бұл үдеріс бүгінге дейін жүріп жатыр деп пайымдайды. Себебі интервенцияға қатысты ақпараттар бұрынғыдай толық жарияланбайтын болды.
Мұнай дағдарысына дейінгі валютааралық интервенцияға назар салып көрелік. 2014 жылдың күзінен мұнай бағасы арзандай түскен кезде, Ресей рублі ай сайын 4-5 пунктке төмендеп отырды. Ал Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты болса да, ұлттық теңге 2015 жылдың тамыз айына дейін құнсызданбады. Екі елдегі бірінші дәрежелі банктер ұстанатын қаржы саясатының екі түрлі болуымен мұны түсіндіруге болады. Ресей Орталық Банкі халықтың рубльге деген сенімін жоғалтып алмау үшін, дағдарыстың ықпалын сатылы түрде қабылдады.
Ал Қазақстан халқы дағдарыстың келіп қалғанын да байқамады. Себебі Ұлттық Банк дағдарыс болып жатса да, теңге құнын жасанды ұстап тұрды. Мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлағандықтан, Ұлттық Банк интервенциясына жұмсалатын қаржы көлемі бірнеше есеге артқаны сондай, шығынды жабу мүмкін болмай қалды. Содан кейін, амалсыздан теңгені еркін айналымға жіберді.
Теңге инфляциясы
АҚШ-тың Bloomberg аналитикалық агенттігі жыл басында инфляция деңгейіне қарай елдер тізімін дайындаған болатын. Қазақстанның Ұлттық Банк басшысы Данияр Ақышев 2017 жылы инфляция деңгейі 6-7% көлемінде болатынын ресми түрді мәлімдесе де, АҚШ-тың Bloomberg аналитикалық агенттігі Қазақстанның (29,4 балл) инфляция көрсеткіші біршама негативті көрініске ие екенін болжады.
Сондай-ақ Bloomberg Венесуэла (3,1 балл), Танзания (3,6 балл) және Гондурас (3,8 балл) елдерінде ұлттық валютаның құнсыздану қаупі жоғары деп бағаласа, Норвегия (96,5), Швейцария (95,8) және Швеция (94,0) елдерінде инфляция атымен жоқ деп көрсетті.
Bloomberg сарапшылары шетелдік инвесторларға әрбір елдегі қаржылық, экономикалық және саяси қауіптің деңгейі мен ішкі және сыртқы тауар айналымындағы 29 түрлі фактор негізінде 0-ден 100-ге дейін межелеумен рейтингті анықтайды.
Қаржыны қай валютада сақтаған жөн?
"Егер менен қай валютада қаржыны сақтаған тиімді деп сұрасаңыз, шетелдік валютада дер едім. Менің ойымша, теңге құны шамасынан артық бағаланып отыр", – дейді Алматы Менеджмент Университетінің іскерлік басқару саласының докторы, экономист Ерлан Ибрагим. "Ұлттық Банк теңге құнын бір деңгейде жасанды жолмен ұстап отыр", – дейді экономист.
Ибрагим мырзаның айтуынша, Қазақстан мұнай экспортына тым көп сеніп, "голланд ауруына" шалдыққан. Енді ел экономикасы сыртқы факторларға толығымен тәуелді боп қалды. Сол себепті энергетикалық өндіріс нарығындағы кез келген өзгеріс пен көрші елдердегі саяси және экономикалық реформалар Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды.
"Дәл қазір, ұлттық валюта бағамының болашағына қатысты нақты болжам айту қиын. Себебі кез келген абайсызда айтылған пікір қоғамда дүмпу тудыруы мүмкін" – дейді экономист Ерлан Ибрагим – "Десе де, толық ақпаратқа ие болмағаннан кейін де, болжау мүмкін емес. Қазіргі таңда Ұлттық Банк қаржы операцияларына байланысты ашық ақпарат беруден қалды. Жариялаған барлық мәлімдемелерінен нақты дерек алу мүмкін емес".
Экономист өзге валюталарға қатысты теңге құнына Экспо өткеннен кейін ғана болжам жасау мүмкін деп айтады.
Теңге құны қандай факторларға тәуелді?
"Ұлттық Банк саясаты теңге курсына тікелей әсер ететіні белгілі. Бірақ қазіргі таңда, ұлттық валюта курсы 80 пайыз сыртқы факторларға тәуелді", – дейді Deutsche Bank AG Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Ульф Вокурка.
"Мұнай дағдарысы болмай тұрып та, белгілі бір мөлшерде сыртқы экономикалық факторларға теңге тәуелді болған. Тек ол ұлттық валюта бағамында байқалмады. Өйткені бұрын Ұлттық Банк теңге бағамының өзгеруіне (50, 150, 180, 220 теңге) шектеуді тұрақты қойып отырған. Ал қазір теңге еркін айналымда. Демек кез келген сыртқы фактордың әсері теңгенің өзге валюталарға қатысты бағамында көрінеді", – дейді Вокурка мырза.
Айта кетсек, мамыр айының басында АҚШ-тың Орталық Банкі Федералдық сақтық қор жүйесі АҚШ долларына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Жоспар бойынша, Федералдық сақтық қоры америкалық валютаға қатысты пайыздық мөлшерлемені 0,75 пайыздан бір пайызға дейін көтеруді жоспарлаған болатын. АҚШ қаржыгерлері доллар инфляциясын болдырмау үшін, пайыздық көрсеткішін өзгерткен жоқ.
Әйтсе де, АҚШ доллары болашағына позитивті болжам жасалды. Осы ресми ақпарат Қазақстан валютасының АҚШ доллары құнына қатысты бағамы 3 теңгеге құлдырауына негіз болды. Ал пайыздық мөлшерлеме өзгергенде, теңге кем дегенде, 10-15 пунктке құлдырауы мүмкін еді.
Одан бөлек, Қазақстанның ұлттық валютасы көрші елдердің қаржы саясатына да тәуелді. Әсіресе, Ресей рублімен тепе-теңдік ұстап отыру біз үшін өте маңызды. Экономист Ерлан Ибрагимнің айтуынша, теңгенің рубльге қатысты бағамының төмендеуі Қазақстан экономикасына кері әсер етеді. "Өткен жылдың тамыз айында валюта нарығында бір рубль 4,8 теңгеден 5,2-ге көтерілді.
Тепе-теңдік бұзылғандықтан, Ресейден келетін импорт қымбаттады. Нарықтағы бәсекеге орай, отандық өнімдердің бағасы да жоғарылады. Одан бөлек, Қазақстандағы тауарларды Ресейге көбірек экспорттау тиімдірек бола бастады. Бұл елдің ішкі нарығында дефициттің пайда болуына алып келді. Сондай-ақ, инфляция деңгейі де айтарлықтай көтерілді", – дейді экономист Ибрагим мырза.
Теңге күш алса да, тиімсіз
Эконометрикалық есептеулер негізіне сүйенсек, валюта жұптарының ортақ балансы сақталуы тиіс. Теңгенің тек бір экономикалық сектордың өсуімен (біздің жағдайда – энергетика секторы) қуатталуы, ел экономикасына оң әсерін бермейді. Инфляциядан арыламыз деп, дефляцияға тап боламыз. Нарықтағы тауарға сұраныс азайып, бағалар төмендейді. Ал нарықтағы тауарға сұраныс қай кезде азаяды? Ел азаматтарының тұтыну мүмкіндігі төмендеген кезде, әрине. Әлемдік экономикада соңғы үлкен дефляция АҚШ-та "Ұлы тоқырау" жылдары болды.
Ал ел экономикасының бірнеше секторы бірге дамыса, ұлттық валютаның күш алуына оң әсерін береді. Себебі әрбір сектордың дамуынан халықтың біршама бөлігі табысқа кенеліп, олардың тұтыну мүмкіндігі артады. Сәйкесінше, ішкі және сыртқы нарықтағы тауар алмасу үдерісі жылдам жүре бастайды. Соңғы үш онжылдықта мұндай позитивті дефляция тек Жапония экономикасында байқалады. Жапон иені жыл сайына орташа есеппен бір пайызға күшейіп келеді.
Сондықтан ел экономикасын дамыту үшін тек энергетика (мұнай, табиғи газ) секторын ғана емес, ауылшаруашылық, тау-кен ісі, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, туризм, денсаулық сақтау сынды секторларды да біркелкі дамытудың маңызды екенін Қазақстан Үкіметі түсініп отыр. Сонымен қатар еліміздің банк секторын сауықтыру жұмыстары басталып кетті. Қазақстанда "голланд ауруы" басталмағанда, өзге экономикалық секторларға бүгінгідей басымдылық берілмеуі де мүмкін еді.