Ревматоидты артрит – бұл буындардың қабынуын тудыратын және жасына, өмір сүру салты мен жай-күйіне қарамастан, кез келген адамның шалдығуы мүмкін созылмалы аутоиммунды ауру. Полиартритпен көбіне орта жастағы (36-45 жас) әйелдер ауырады. Адам 50, 70 және 80 жаста да ауыруы мүмкін. Ревматоидты артритпен балалар да (бір жастан 3 жасқа дейін) ауырады, бірақ ересектерге қарағанда жеңіл түрінде, деп хабарлады кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ баспасөз қызметі.
"Барлығы жәй ғана суық тиюден басталады. Әдетте, ең алдымен жалпы әлсіздік, шаршау секілді белгілер пайда болады. Осы белгілерге бірте-бірте бұлшықеттің ауыруы, тершеңдік, дене қызуының жоғарылауы қосылады. Осыдан кейін буындар ауыра бастайды. Бұл ретте ауру кез келген буынды зақымдауы мүмкін. Полиартрит кезінде тырнақтардың әлсіз болуы, скелет бұлшықеттерінің босауы, плевриттің дамуы, өкпе тінінің зақымдануы секілді белгілер пайда болуы мүмкін. Олардың көбісі ревматоидты түйіндердің пайда болуымен ілеседі", – дейді кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ревматолог дәрігері Маржан Абдуллаева.
Ревматоидты артриттің белгілері қандай?
Полиартриттің басты белгісі – қол саусақтары буындарының зақымдануы. Тек осы симптомға сүйене отырып диагноз қоюға болады. Тізе буынының ауыруы кезінде диагноз қоюға асығуға болмайды, себебі бұл басқа аурулардың да белгісі болуы мүмкін.
Осы ауруға тән екінші белгі – адам таңертең оянған кезде өз саусақтарын қыса алмайтындай қимылдай алмау симптомы. Өкінішке қарай, әлемдегі полиартриттің нақты себептері анықталмады. Вирустық инфекция, стресс, тоңу немесе керісінше қатты қыздырынудың салдарынан иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі белгілі.
Аурудың маусымдық асқынулары және ағзаның физиологиялық қайта алмасу кезеңі: жасөспірім жаста, әйелдің босанғаннан кейінгі кезеңі мен климакстың басталуы арасындағы байланыс байқалады. Қалыпты жағдайда иммундық жүйенің жасушалары ағзаның өз тіндеріне зиян келтірмей, вирустық инфекцияға жауап береді (шабуыл жасайды).
Оны қалай емдейді?
Заманауи медицинада полиартритті емдеу үшін базистік терапияны, яғни иммундық жүйе жасушаларының антиденелерді шығару белсенділігін төмендететін ем, базистік терапия пайдаланылады. Осындай терапия емдеудің алғашқы күнінен бастап жүргізіледі және өмір бойы жалғасады. Сырқат адамға үнемі қабылдайтын препараттар тағайындалады. Тек осындай жағдайда ауру уақыт өте келе басылып, адамның өмір сүру сапасы жақсы жаққа өзгере бастайды. Емдеу сырқаттың белсенділігі мен ұзақтығына тікелей байланысты. Әр науқасқа жеке емдеу кестесі таңдалады. Метотрексат, методжект емдеу әдісінің алтын стандарты болып табылады. Олар көп дозада қолданылады және кері әсерлерді тудырмайды. Препараттар аптасына бір рет қана қолданылады, бұл ретте аурудың ағымы бақыланып отырады. Денсаулықтың жақсарғаны емдеу басталғаннан 4-6 айдан кейін ғана пайда болады.
Сондықтан базистік терапиямен бірге ауырсынуды басу үшін жылдам әсер ететін нестероидті қабынуға қарсы препараттармен емдеу және кей жағдайда глюкокортикостероидтар (ағза шығаратын табиғи стероидті гормондарға ұқсас заттар) қолданылады. Бұл теріге мейлінше терең сіңетін және буынға әсер етіп қыздыратын гельдер, майлар болуы мүмкін, бірақ жақсы әсер алу үшін майды күніне 3 рет пайдаланған жөн. Нестероидты препараттар қабынуды, ауыру сезімдерін азайтады.
Адам денсаулығына минералды сулар, емдік ванналар пайдалы әсер етеді. Сондықтан да ең алдымен стационарда емделіп, содан кейін физиотерапевтік ем қабылдап (жарты жылда 1 рет), күн сайын арнайы емдік гимнастика жасап және қимыл-тірек аппараты ауруларын емдейтін шипажайға жылына бір рет барғаны дұрыс.