Тікелей эфир

Ата-анаға кеңес: Баланың жоғары білім алуына қалай ақша жинауға болады?

Aqyl депозиті Қазақстандағы немесе шетелдегі колледж бен университеттерде оқу ақысын төлеуге арналған.

Баласы мемлекеттік грантқа оқуға түсе алмай қалған жағдайда, көптеген ата-ана оны ЖОО-да немесе колледжде оқыту үшін қаражат таппай қиналып жатады. Көп жағдайда біреуден қарыз сұрап, болмаса банктен пайызы жоғары кредит ресімдеуге мәжбүр болады. Сондықтан бұл мәселені ертерек ойластырып, білім алу үшін депозитке ақша жинауды бастай берген жөн. Бұл үшін Қазақстанда 2013 жылдан бері Aqyl білім беру депозиті жұмыс істейді. 

Informburo.kz тілшісі "Қаржы орталығы" АҚ мәліметтеріне сүйене отырып, білім беру депозиті туралы пайдалы деректер ұсынады.

№1. Aqyl білім беру депозиті деген не?

Aqyl білім беру депозиті Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында құрылған. Ол Қазақстан азаматтарына жеке білім алуына және балаларының білім алуына алдын ала қаражат жинауға мүмкіндік береді. Оны кез келген уақытта өзіңіз үшін немесе балаңыз 3 жасқа толғаннан бастап аша беруге болады. 

Депозит арқылы Қазақстандағы немесе шетелдегі колледж және ЖОО-ларда оқу ақысын төлеуге болады.

Депозиттің жұмысын "Қаржы орталығы" АҚ басқарады. 

№2. Білім депозитінің мүмкіндіктері

Aqyl білім беру депозитін ашу үшін ең кемі 3 АЕК (2022 жылы – 9 189 теңге) сомасында қаражат салу жеткілікті. 

  • Жинау мерзімі: 3 жылдан 20 жылға дейін.
  • Депозитке банктен пайыздар қосылады және 5 немесе 7 пайыз мөлшерінде мемлекеттен жыл сайын сыйлықақы есептеледі. 

7 пайыз жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы отбасынан шыққан және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балаларға тағайындалады. Ал басқа санаттағы ҚР азаматтары үшін мемлекеттік сыйлықақы – 5 пайыз.

Мемлекеттік сыйақы білім алу салымына жиырма жыл бойы есептеліне береді.

Айта кетейік, депозитті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сақтандырады. Яғни, банк банкротқа ұшыраса немесе жабылып қалса, мемлекет салымшыға 10 млн теңгеге дейін ақшаны қайтарып беруге кепілдік береді.


Оқи отырыңыз: "Мемлекеттік грант механизмі өзгереді". Жоғары және кәсіптік білім беруде қандай өзгерістер болады?


№3. Депозит ашуға қандай құжаттар қажет?

Aqyl  білім беру депозитін ашу үшін бар-жоғы екі-ақ құжат қажет: 

  • Ата-аналарының бірінің жеке куәлігі.
  • Баланың туу туралы куәлігі және ЖСН.  

№4. Бала мемлекеттік грантпен оқуға түссе, депозитке не болады?

Салымшы грант ұтып алған жағдайда:

  • депозиттен жинағын мемлекеттен және банктен берілген барлық пайыздарымен бірге толық шешіп ала алады;  
  • ақшаны басқа баланың атына аудара алады;
  • магистратура сияқты білімнің басқа деңгейлері үшін ақша жинақтауды жалғастыра алады.

№5. Ақылы оқуды төлеп біткен соң, депозитте қалған ақшаны шешуге бола ма?

Оқу ақысын төлеп біткенде депозитте артық ақша қалса, салымшы не оның заңды өкілі оны есептелген мемлекет сыйлықақысымен қоса шешіп алуға құқылы.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты ауыл балаларына мемлекеттік грант санын арттыруды ұсынды


№6. Депозитті қалай ашуға болады?

Салымды ашу үшін:

  1. "Қаржы орталығы" АҚ-дан кеңес алу;
  2. Қатысушы банктердің бірін таңдау. Қазір бұл бағдарламаға төрт банк қатысады. Олар: Халық банк, Нұрбанк, Жусан банк, Қазақстан ВТБ банкі;
  3. Білім беру жинақтау депозитін ашу;
  4. Бастапқы жарнаны енгізу. 
  5. Кейін оны тұрақты түрде толықтырып отыру қажет.

Ақшаны өзіңізге ыңғайлы уақытта мүмкіндігіңізге қарай әртүрлі сомада салуға да болады.

№7. "Қаржы орталығына" қалай хабарласуға болады?

"Қаржы орталығы" АҚ байланыстары:

  • Тегін жедел желі: 8 800 080 28 28
  • Мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 18, 3-қабат
  • Телефондары: 8 (7172) 695-047, 695-044, 695-045
  • Электронды поштасы: fincenter@fincenter.kz  
  • Сайты: www.fincenter.kz
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары