Тікелей эфир

Әлеуметтік желіде табыс табуға бола ма? Өтімді мәтін жазудың 10 қағидасы

Instagram желісін қолданушылар саны әлемде 2 миллиардқа жетті.

Әлеуметтік желі қолданушыларының екі түрі болады. Сіз не контент өндіресіз, не оны тұтынасыз. Сәтті контент – оқырманның көп болуының алғышарты. 2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Instagram желісінің белсенді қолданушылары саны 2 миллиард адамға жетті. Танымалдығы мен оқырман саны жағынан бұл әлеуметтік желі ілемде бірінші орынға шығып отыр.

Осы орайда инфобизнес саласының маманы Құралай Раисованың кеңестеріне сүйене отырып, Instagram желісінде сапалы мәтін жазудың 10 қағидасын ұсынамыз. 

Инфобизнесмен Құралай Раисова. Фото Құралай Раисованың жеке мұрағатынан алынды

№1. "Қармақ"

Мәтіннің кіріспесінен оқырман назарын іліп әкетсең, ол табысты болды деуге негіз бар. Яғни, мәтіннің алғашқы бөлігі оқырманның жанды жеріне дөп тиіп, баурап алуы шарт. 

Бұл ретте әдеби шығармаларда қолданылатын метафоралық жұмбақтау – тиімді тәсілдің бірі. Яғни, кіріспенің міндеті мәтіннің негізгі мазмқнын беру емес, оқырман назарын өзіне бұру. Мұны "қармақ" деп атайды. 

№2. Деталь

Мәтіндегі деталь – есіктің тұтқасы сияқты. Болмаса, сырғытпасы бұзылған сөмке секілді. Аузын аша алмай не жаба алмай әурелейді. Дәл сол секілді де мәтінде де деталь оқырманға көбірек ақпарат береді. Оқиғаны көз алдына елестетеді. 

Мәселен, "бұл пальто жылы" деген мен "бұл пальтомен Сарыарқаның 30 градус сарышұнақ аязында да қыз-қыз қайнап жүресіз" деген мәтінді салыстырып көріңіз. Қай пальто көз алдыңызға келді?


Оқи отырыңыз: "Әдебиет көшірмемен өспейді". "Тармақтар" әдеби жобасының жетекшісімен сұхбат


№3. Мәтін құрылымы

Мәтінді құрылымдау аса маңызды. Оқырман адасып қалмас үшін оқиға желісі үзілмеуі керек. Бұл ретте де әдебиеттегі шығарма композициясын еске аламыз. Басталуы, өрбуі, шарықтау шегі, шешімі болып жалғасады. Мәтінге қарай орнын ауыстыруға болады.

Бірақ, оқырман орта жолда мәтінді оқуын үзіп, шығып кетпеуі керек. Мәтін құрылымы оқырман оның соңғы нүктесіне дейін оқитындай шебер жасалуы тиіс. 

№4. Нақтылық

Мәтінде көлемі емес, мазмұны маңызды. Оқырманды жалықтырмас үшін ойыңызды, ұсынысыңызды нақты айту қажет. Мәселен, тауар не қызмет сататын болсаңыз, мәтінде оның аты, сапасы, өлшемі, бағасы – бәрі-бәрі анық жазылуы шарт. Қажет мәліметтерді жазбай, "директте жауап береміз" деу оқырманды қашырады. Тиісінше, мақсатыңызға қол жеткізуден алшақтатады. 

№5. Мәжбүрлемеу

Бұл этика мәселесімен де қиысып жатыр. Мәтінде ақпарат беріп, оқырманның шешім қабылдау құқығына қол сұқпау керек. Біреудің пікірі біреуді мезі ететінін есте ұстаңыз. Мақсатыңыз тауар сату болса, ол туралы толық ақпаратты жазыңыз, бірақ "ал да ал" деу – артық. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Әлеуметтік желі сатушыларының реестрін құру ұсынылды


№6. Әсірелемеу 

Әсірелеу әдебиетте гипербола (тым үлкейтіп көрсету) және литотамен (тым кішірейтіп көрсету) сипатталады. Алайда, әлеуметтік желіде мәтін жазуда бұлардан аулақ болу қажет. Тауар не қызметтің нақты сапасын жазыңыз, ал оны қызыл сөзбен "теңдесі жоқ", "супер-пупер", "өкінбейсіз, құлағымды кесіп берейін" деп әсірелеу оқырманда сезік тудырады. 

№7. Артық сөз – артық

Ойыңызды барынша қысқа жеткізген жөн. Екі сөздің орнына бір сөз жазудың реті болса – солай етіңіз. Мәселен, "мүмкіншілігі мол" емес, "мүмкіндік" деп қысқа қайырыңыз. 

№8. Оқиға

Мәтінде кейіпкері, желісі бар нақты оқиғаның болуы – оның маңызын арттыра түседі. Бірақ, оқырманды елітіп әкетемін деп, оқиғаны ойдан шығарудың қажеті жоқ. Өмірде болған, әсіресе, өзіңіз бастан кешірген оқиға әлдеқайда өтімдірек. 


Оқи отырыңыз: "Орысқұл, хайпожор, мәңгүрт". Әлеуметтік желіде пікір жазғанда нені ескеру керек?


№9. Қысқалық

Пост жазуға мүмкіндік беретін 2 200 белгілік лимитті толтыруға тырысудың қажеті жоқ. Оған сыйғыза алмай, "жалғасы комментте" деп, әрі қарай көсілу – шеберлік емес. Ең абзалы – ойыңыздың тоқ етерін қысқа да нұсқа баяндау. 

№10. Кеңсе стилі мен аудармадан аулақ болу

Оқырман көркем де қызықты мәтінге елітеді. Ал кеңсе стилінде жазу не орысшадан аудару, онда да "калька" сөздермен аудару мәтіннің сапасын төмендетеді. Мәселен, биыл деудің орнына "үстіміздегі жылы", қазірдің орнына "қазіргі таңда" деп жазу, "болып табыладыны" ұмытпау – қате. 

Серіктестер жаңалықтары