Тікелей эфир

Жолдас пен тамырдың айырмасы қандай? Қазақша туыстық, жақындық атауларға шолу

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Қазақ халқы адамды жасына қарай бала, бойжеткен, бозбала, еркек, əйел, қарт, қария, кейуана, шал-кемпір деп атаған.

Осыған дейін этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлының қазақ халқына тән туыстық атауларға берген анықтамасын жазған едік. Жазушы "Туыстық атаулар сыры" еңбегінде қазақ халқына тән туыстық байланыс, қарым-қатынас пен салт-дəстүрдің жөн-жосығы, оның əр адам өміріндегі орны мен қызметін баяндаған. Бұл жолы Информбюро порталы Серік Кенжеахметұлы анықтама берген адамға қатысты атау сөздердің мән-мағынасын ұсынады.


Оқи отырыңыз: Абысыннан ініге дейін: Туыстық атаулар әліппесі


Жеке атаулар мен iлiктiк сөздер

Сəби – 1-5 жас аралығындағы əлі ес білмейтін бала. 

Бозбала (ер) – жасы 14-16-ға толған жасөспірім. Бұл балалық пен жігіттіктің арасындағы өтпелі балғын шақ. Бұрынғы кезде бұл жастағы бозбалалар ат жалын тартып мініп елдік, ерлік істерге араласа бастаған. Ержеткен деп те айтады.

Бойжеткен (əйел) – жасы 14-16-ға толған қыз. Бойжеткен қызды елі, жұрты мəпелеп өсіріп, жақсы тəрбиеге баулиды. Əсіресе, жеңгелері оған "сырғалым", "күлімкөзім", "ерке" деп сүйкімді ат қояды.

Жігіт (ер) – кəмелетке толған ер азамат. Бозбаладан бастап ел ағасы жасына дейінгі адамдарды жігіт дейді.

Бойдақ (ер) – кəмелетке толған, бірақ үйленбеген адам. Жасы асқан, бірақ тұрмысқа шықпай қалған əйелді де бойдақ дейді.

Келіншек (əйел) –  тұрмысқа шығып бір-екі бала туған жас əйел. Кей жерлерде жігіттер əйелін келіншегім деп таныстырады.

Жар. Жұбай. (ер, əйел) – ер адамның əйелі, əйелдің күйеуі. Көбінесе əйелім, күйеуім деудің орнына сыпайылап жарым, жұбайым деп те айта береді. Сол сияқты зайын деген де жұбайылық ұғымды білдіреді. Бұл сөз көбінесе əйелге қатысты айтылады.

Қолбала (əйел). Бұрынғы кездерде біреулер туыстық жақындығы жоқ жетім қыздарды асырап, тəрбиелеп өсірген, əртүрлі үй жұмысына пайдаланған. Оны қолбала деп атаған. Ол өсіп, бой жетіп, кəмілетке толған соң асыраушы адам өзінің інісіне, баласына əйелдікке əперген.

Бай (ер) – күйеуі, ері деген сөздің орнына қолданылатын ежелгі атау. Қазір замандас, құрдас əйелдер бір-біріне əзіл ретінде сенің байың, менің жаман байым деп айта береді. Бай деген сөздің екінші мағанасы дəулетті деген ұғымды білдіреді. 

Бəйбіше – бірінші əйел деген ұғымды білдіреді. Осы ғасыр басына дейін ауқатты ер адамдар бірнеше əйел алған. Бірінші əйел бəйбiше деп аталып, үй-іші шаруашылығын сол атқарған. Кейінгі əйелдерге қарағанда оның өмір, билігі үстемдеу, күйеуіне сөзі өтімді болған. Бəйбішеден туған балалар да өктем, жол-жоралғы да соларға тиген.

Тоқал – екінші не үшінші əйел. Бəйбішеге қарағанда оның хақы төмен жəне бəйбіше тоқалға жəбір беріп, қатаң ұстаған. Тоқалдан туған балалар бəйбішенің балаларынан төмен саналған.

Серік (ер, əйел) – жанға демеу бола алатын жақсы адам. Ол əр жерде, əсіресе сапарда жанашыр, қамқор, сүйеніші, пана, əрі демеуші.

Жолдас. Бұрынғы кезде бағыты бір, сапарлас адамдарды жолы бір болған соң "жолдас" деп атаған. Қазір жолдас та "дос" мағынасында қолданып жүр. Жолы бір болғанмен танымайтын адамдар да бір-біріне қарасып, қолұшын беріп қарайласа жүреді. Мұны үй жолдас деп атайды.

Қолқанат (бала) – алып кел, барып келге жараған 4-5 жасар сəби. Оның сол жұмысқа жарағанына үлкендер риза болып, қолқанатым деп сүйініп, қуанып отырады.

Дос (ер, əйел). Екі адамның бір-бірімен сыр жасырмай, сыйласып, қиын сəтте қол ұшын беріп пікір мен мақсаты, арман-мүддесі бір жерден шықса оларды "дос" дейді. Достықтың белгісі – екі адамның уəделесіп, қол беріп, төс түйістіруі.

Тамыр (ер). Екі ұлттың өкілі немесе ер адамдар бір-бірімен дос, сыйлас болып, алыс-беріс жасаса, құрмет тұтса, мұны "тамыр" деп атайды.

Кұрбы (ер, əйе) – жастары шамалас адамдар.

Құрдас (ер, əйел). Туысқандығына, іліктік қатынасына қарамастан бір жылғы туған адамдар "құрдас" деп аталады. Құрдастар бір-бірімен қатты қалжыңдасады.

Жасы үлкенді-кішілі болса да, бірін-бірі құрдастай кажап, қалжыңдасып отыратын адамдар да болады. Қазақта мұндайды "жанқұрдас" деп атайды.

Шал (ep) – жасы жеткен, қартайған ер адамның жалпы атауы. Мұндай кісілерді ақсақал, үлкен кісі, қарт деп атаған жөн. Шал деу əдепке жатпайды.

Кемпір (əйел) – жасы жеткен, қартайған ана. Жұрт кемпір демей, əже, ана деп ардақтайды.

Көрші – қатар отырған екі отбасы. Бұл отбасылар құдайы көршіміз деп бірін-бірі өте қатты сыйлайды. Қолда барын бөлісіп, араласып отырады. Үй иесі бір жаққа сапарға шықса, бар дүние мүлкін, кілтін көршісіне сеніп тапсырады.Көршілердің бірі көшіп кете қалса, олар айрылар көжеге шақырып, қимас көңілін білідіреді.

Ілік, жекжат (ер, əйел). Туыстығы жоқ, бірақ кұданың құдасы, нағашысының бөлесі, жиеннің балдызы тағы сол сияқты басқа жанама туыстық қатысы бар адамдар арқылы жақындасатын адамдарды "ілік" деп атайды. Олар нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық хақтарды талап ете алмайды.


Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?


Ер адамдарға байланысты атаулар: Ата, баба, əке, бала, ұл, немере, шөбере, шөпшек, немене, аға, іні, күйеу, жезде, балдыз, бөле, қайын ата, қайнаға, қайын, қолқанат, нағашы ата, нағашы аға, нағашы іні, жиен аға, жиен іні, жиен-күйеу, жиен кұда, жиен, жиеншар, дегеншар, туажат, жүрежат, құда, құда бала, өкіл әке, өгей əке, кіндік аға, бозбала, дос, тамыр, құрдас, жетім, əмеңгер, мұрагер, жұбай, бай, жар, жігіт, шал, қарт...

Əйелге байланысты атаулар: Əже, ана, шеше, ене, (қайын ене), қыз, немере, шөбере, шөпшек, немене, абысын, шешей, жеңге, аға, қарындас, сіңілі, қайын сіңілі, балдыз, бөле, келін, келіншек, нағашы əже, нағашы апа, нағашы жеңге, нағашы қарындас, жиен апа, жиен қарындас, құдағи, құдаша, өкіл шеше, өгей шеше, кіндік шеше, бойжеткен, қалыңдық, бəйбіше, тоқал, жар, жұбай, зайып, қолбала, жесір, жетім, мұрагер, қатын, кемпір, кейуана, қария...

Туыстыққа байланысты жинақтаушы атаулар мен қос сөздер: Ата-баба, ата-ана, бала-шаға, қыз-қырқын, қыз-келіншек, жігіт-желең, қатын-қалаш, келін-кепшік, еркек-əйел (аралас), ақсақал-қарасақал, үлкен-кіші, epi-байлы, шал-шабан, шал-шауқан, шал-кемпір, бəйбіше-тоқал, кемпір-сампыр, туыс-туған, жақын-жуық, іні-бауыр, дос-жаран, тамыр-таныс, үрім-бұтақ, зəу-зат, ағайын-туған, жақын-жақыбай, өрен-жаран, алыс-жақын, əкелі-балалы, ерлі-зайыпты, ағалы-інілі, қатар-құрбы, апалы-сіңілі.

Адамға байланысты атаулар мен іліктік сөздер: сəби, бозбала, бойжеткен, жігіт, бойдақ, келіншек, жар, жубай, қолбала, қатын, бай, бəйбіше, тоқал, дос, жолдас, тамыр, құрбы, құрдас, шал, кемпір, ілік-жекжат, таныс...

"Туыстық атауларда туған деген сөз жиі кездеседі. Бұл сөз тек туған, бірге туған туыстыққа ғана қолданылады. Мысалы, туған шеше, туған аға, туған нағашы, туған жиен. Бұдан кейінгі жақын туыстар – немере аға, немере қарындас, немере іні, шөбере туыстар. Егер немере туыс болса екінші атадан, шөбере туыс болса үшінші атадан қосылғаны. Бұлар жақын туыс, яғни халық тілімен айтқанда ет жақын деп аталады. Құда, құданың жиені, нағашының құдалары тағы басқаша жақындығы бар іліктік жекжаттарға туған сөзі қолданылмайды. Туған құда деп айту дұрыс емес. Ең жақын құдалар "бауыздау құдалар" деп аталады. Немесе жақын құда, жақын балдыз, жақын қайынаға деп атау керек", – деп жазады Сейіт Кенжеахметұлы.


Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?


Қазақта басқа жақындығы жоқ адамдарға қатысты атаулар да көп. Жалпы адам баласын халық жасына қарай: "бала" ("сəби", "жеткіншек", "жасөспірім" т.б), кəмелетке толған қызды "бойжеткен", жас жігітті "бозбала", "ержеткен", "жігіт", жасы жер ортаға келгендерді "орта жастағы", "еркек", "əйел", үлкен адамдарды "қарт", "қария", "кейуана", "шал", "кемпір" деп атайды. Үлкен кісілерді "ақсақал", орта жастағы кісілерді "ел ағасы", əйелдерді "ақжаулық" деп те сыпайылап айтады. Жақындығы жоқ жүзі таныс адамдарды "таныс" деп, бұрын көрмеген кісіні "бейтаныс" дейді. Ал ешқандай іліктігі, туыстық қатысы жоқ бөгде адамдарды халқымыз "қаймана қазақ" дейді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары