Қазақстанның ең ірі қаласы қалай өзгерді? Верный кезеңіндегі көрнекті нысандардың қазіргі келбеті қандай? Ескі алаңдағы әйгілі мұнара кімге тиесілі еді? Осы сұрақтардың жауабын 1868 жылдан бастап ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының соңына дейінгі кезеңді қамтитын фоторепортаждан біле аласыздар.
"Жетісу" қонақ үйі
1932 жылғы суретте сол кездегі жалғыз Алма-Ата қонақ үйі бейнеленген. Ол кезде қаладағы халық саны 200 мың адамнан аспайтын. Қазір ғимаратта полицияның учаскелік пункті орналасқан.
Орталық неке сарайы
Нысанның құрылысы 1969 жылдан 1972 жылға дейін жүргізілген. Оның сыртқы келбеті сол кездегі модернизмге деген құштарлықтың толқынын көрсетеді. Айта кетейік, неке сарайы Алматыдағы алғашқы дөңгелек ғимарат болып есептеледі. 1979 жылы ғимарат сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.
Бүгінгі күнге дейін ғимарат қаланың Орталық неке сарайы болып тұр.
Көк базар
Верный кезеңінде 1868 жылы Құлжа (Мақатаев), Торговая (Жібек Жолы), Первогильдейская (Зенкова) және Бульварная (Пушкин) көшелерінің ортасында салынған. Бастапқыда ол сауда алаңы болды, ал 1927 жылы Қонақ үй ауласы (базар осылай аталды), қайта құрылып, "Орталық колхоз базары" деген жаңа атау алды, ал халық арасында Көк базар аталып кетті.
70-ші жылдары ағаш базар бұзылып, бес жылдан кейін оның орнына кеңестік конструктивизм стиліндегі жабық ғимарат пайда болды. Сол кезден бері базардың сыртқы келбеті елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ.
Қазақ мемлекеттік циркі
Қазақстанның бас циркі Дінмұхамед Қонаевтың тікелей бастамасымен салынған. Фотосуретте 1971 жылы бұрынғы жеке сектордың орнында жаңа ғимараттың тұрғызылу сәті бейнеленген. Ғимарат сол кездегі сәулет тенденциялары мен ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін біріктірді. Сонымен, цирктің төбесін шаңыраққа ұқсайтын гиперболалық күмбез жауып тұр.
Цирк ғимараты ашылған сәттен бүгінгі күнге дейін сыртқы келбеті мен қызметтік мақсатын өзгерткен жоқ. Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатады.
Қазан соборы
Ғибадатхана 1871 жылы София шіркеуінің материалдарынан салынды. Ол Үлкен станицадан Кіші станицаға көшірілген. Қала мұрағатында жоба авторы Павел Зенковтың естеліктері сақталған:
"Үлкен станицадағы ағаш шіркеу тұрған алаңда жаңа тастан салынған кең ғибадатхана тұрғызылды. Берік іргетасы бар биік шіркеу енді Кіші станицаға көшірілді".
1984 жылғы 26 қаңтарда Алматы қалалық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қазан шіркеуінің ғимараты тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.
Собор әлі күнге дейін қызмет етеді, ал қайта құрудан кейін ғибадатхана өзінің бастапқы көрінісіне ие болды.
Ұлттық аспаптар мұражайы
1908 жылы Андрей Зенковтың жобасы бойынша салынған ғимарат Қазақстанның тарих және сәулет ескерткіші болып табылады. Нысан бастапқыда Верный гарнизонының офицерлеріне арнап тұрғызылған болатын. Жергілікті құрылысшылар ғимаратты тақтаймен қапталған шаруа үйі түрінде салды. Ал 1979 жылы қайта құру кезінде тіршілік ағашы, соққан толқын, шырмалғыш сабақ және мүйіз тәрізді ұлттық өрнектермен безендірілді.
Бүгінде ғимаратта Ыкылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайы орналасқан.
Алматы қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы
Саябақ 1856 жылы Верный кезеңінде салынған. Сол кезде Кіші Алматы өзені алқабында жергілікті гарнизон офицерлерінің серуендеуі мен демалуы үшін қазыналық бақша отырғызылды. Айта кетейік, 1919 жылы бұл саябақта Жамбыл Жабаевтың қатысуымен айтыс өткен болатын. Мұндағы хайуанаттар бағы 1934 жылы беде учаскелерінің орнында пайда болды, ал 1965 жылы демалыс орны Кеңес одағындағы ең үздік саябақ деп танылды.
Орталық саябақ әлі күнге дейін қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны саналады.
Қазтұтынуодағы ғимараты
Ғимарат 1953-1957 жылдар аралығында салынған. Мұнда Қазтұтынуодағының бұрынғы орталық кеңсесі орналасты. ХХ ғасырдың ортасындағы сәулет өнерінің айқын үлгісі, сәулет ескерткіші. 1990 жылдары Қазтұтынуодағы жабылғаннан кейін ғимарат біраз уақыт бос тұрды. Қазір онда тұрғын үйлер мен кеңселер орналасқан.
Сайран көлі
Су қоймасы бұрынғы құм-қиыршықтас карьерінің орнында құрылған. Бұл тастар Жетісу, Тастақ және Ақсай шағын аудандарындағы ірі панельді үйлердің құрылысында пайдаланылды. Платина орнатылғаннан кейін, 1971 жылы бұрынғы карьер суға толып, Сайран көлі пайда болды.
Қызықты факт: 1989 жылы Сайран су қоймасында қаладағы ең биік субұрқақ салынып, іске қосылды – диаметрі 10 см болатын су ағысының биіктігі 50 метрге көтерілетін.
Қайта құрудан кейін мұнда катамаранмен жүзу, байдарка есу, жүгіру, серуендеу және шомылу сәнге айналған. Соңғы жылдары қала билігі Сайранға жіті көңіл бөлуде. Қазір көлдің түбі тазартылып жатыр.
Төле би – Саин көшелерінің қиылысындағы жол айырығы
Жарты ғасыр бұрын қаланың батыс бөлігінде құрылыс белсенді жүріп жатты – жүгері мен бидай алқаптарының орнында көпқабатты тұрғын үйлер пайда болды. Сурет Төле би мен Саин көшелерінің қиылысындағы жатақхана терезесінен түсірілген. Бүгінде трамвай-троллейбус жөндеу зауытының орнында (сол жақта) ірі азық-түлік дүкені мен алғашқы автокафелердің бірі орналасқан.
"Қызыл таң" маталар мен фурнитура үйі
Бұрынғы Верный сауда үйінің ғимараты өткен ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылады. Нысанның салынған уақыты жайлы ақпарат әртүрлі: кейбір мәліметтер бойынша Қызыл таң 1912 жылы Андрей Зенковтың жобасы бойынша, ал басқа ақпарға сәйкес, 1896 жылы сәулетші Павел Гурдэнің жобасымен салған. 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекетпен қорғалады.
Бүгінде ғимаратта маталар мен аксессуарлар үйі орналасқан, онда тігу-кесуге арналған барлық нәрсені табуға болады.
Көпес Пугасовтың үйі
Никита Пугасов Жетісудың ең бай адамдарының бірі болған. Ол Верный мен Талғардағы дүкендер, фабрикалар мен зауыттарға иелік етті. 1900 жылы түсірілген фотосуретте жойқын жер сілкінісінен кейінгі ғимараттың түрі бейнеленген.
Пугасовтың үйі бүгінгі күнге дейін сақталған. Ол қаланың ескі бөлігіндегі жеке секторда орналасқан.