
Дәл осы күні 1896 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын. Сол датаның құрметіне БҰҰ бекіткен бұл мереке арқылы спорттың маңызын атап өту – басты мақсат.
Халықаралық спорт күні қарсаңында редакциямыз әлеуметтік желі, оның ішінде TikTok арқылы басқаларды спортпен айналысуға шақырып жүрген жандарды атап өтуді жөн көрдік.
Сергей Цырульников
Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Сергей Цырульников нағыз бүгіннің батыры! Ерекше жетістіктерімен елге танымал болған Сергей нағыз күш атасы. Оның қазіргі Қажымұқан немесе Балуан Шолақ деуге де келеді. TikTok-тағы видеоларында Сергей грелка үрлеу, тағаны жазу, шегеден түйін түю сынды керемет трюктерді көрсетеді. Осы рекордтардан бөлек, ол спорт пен дене мәдениетін кеңінен насихаттап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, сол арқылы жетістіктерге ұмтылуға шабыттандырып жүр.
Элена Золотухина
Дәл осы желідегі тағы бір әлемдік рекордшының видеолары көпшілік көзайымына айналды. Ол – стритлифтинг шебері әрі жеке жаттықтырушы Элена Золотухина. Элена жақында Азия кубогында қос сайыста 67,5 кг нәтижемен элита санатын растады. Бір қызығы Эленаның өзі бұл спортқа әлем чемпионатының трансляциясын көріп, қызыққан соң келген. Қарапайым аулада жаттығу мүмкін екенін түсінген ол TikTok-та бастапқыда фитнес контент жариялап жүреді. Алайда нағыз танымалдылық воркаут видеоларынан кейін келді. Элена күрделі қимылдарды орындай алуы көпшілікті таңдай қақтырды. Тіпті көйлек пен биік өкше аяқ киіммен тартылған бейнеролик вирусша таралып оның аккаунтына жазушылар саны ұлғайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар TikTok-та не көргенді ұнатады
Айбат Кемер
Волейболдан жаттықтырушы Айбат Кемер – нағыз спорт жаршысы. Ол өзінің аккаунтында осынау ойынның құпияларын бөліседі. Ол өз видеоларында волейбол ойынының қыр-сырын үйретіп, тактикасы мен техникасын талдап отырады. Айбат әзірлейтін контенттің бір ерекшелігі ол қарапайым көпшілікке қана емес, шеберлігін шыңдағысы келетін кәсіби ойыншылар үшін де пайдалы кеңестер ұсынады. Осылайша, Айбат қарапайым жаттықтырушы ғана емес, TikTok жұлдызына айналды.
Анастасия Федотова
Өз аккаунтында фитнес пен салауатты өмір салтын насихаттайтын Анастасия Федотованың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол өз видеоларында әртүрлі жаттығуларды көрсетеді. Үй жағдайында және спортзалда жасалатын жаттығуларға қатысты лайфхактар береді. Анастасия үнемі жаттығу жасап, өмірге деген көзқарасыңды жақсарту арқылы қалаған нәтижеге жетуге болатынын көрсетіп, оқырмандарын өз-өздерімен жұмыс істеуге ынталандырады.
Спорт – біріктіруші күш
Спорт – адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатып, даму мен бейбітшіліке үндейтін, ынтымақтастық пен өзара құрметті насихаттайтын керемет құрал. 2025 жылы Халықаралық спорт күні қоғамдағы түрлі топтарын социумға тартуға арналады. Өйткені мерекенің биылғы жылғы тақырыбы – стереотиптермен күресу, тең мүмкіндіктерді насихаттау және жасына, жынысына немесе нәсіліне қарамастан, барша адам қолжеткізе алатын инклюзивті спортты қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы тұрғыда біз назар аударған кейіпкерлер өз ісімен сапалы айналысып қана қоймай, TikTok арқылы миллиондаған адамды белсенді және салауатты өмір салтын ұстануға шабыттандырып жүр. Олар қарапайым бейнероликтерімен құнды ақпарат беріп, көпшілікті шабыттандыру арқылы кәсіби спорт пен әуесқой жаттығу арасындағы шекараны жойды деуге болады.