Тікелей эфир

Қасиетті Құран түскен түн. Қадір түнінде орындау қажет 10 амал

Сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түні – Қадір түні.

Рамазан айы қасиетті ай болса, Қадір түні қасиетті түн саналады. Өйткені бұл түні жер бетіне қасиетті Құран Кәрім түскен. Бұл түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. Сол себепті мұсылмандар Қадір түнін күзетіп, ұйықтамай құлшылық жасайды. Осы орайда Информбюро порталы Қадір түнінің мағыналары ерекшеліктері, қасиетті түннің сауабынан құр қалмау үшін не істеу қажет деген сұраққа жауап береді.

Қадір түнінің белгілері

Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде жасырылған. Ғалымдар жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болуы мүмкін дейді. Сондықтан оразаның соңғы он күндігіндегі тақ бес күнді назарда ұстаған жөн. Ал Рамазан айының 27-түні – Қадір түні болуы ең ықтимал түн. Бұл түнде қасиетті Құран Кәрім түскен. Осы түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

Қадір түні нақты қай күн екені еш жерде жазылмаған. Бұл түн жасырылғандықтан өзіндік белгілері бар:

  • Ауа райы бірқалыпты болады. Жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады. Мұхаммед пайғамбар: "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады" деген.
  • Сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Таң өткір сәулесіз атады.
  • Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды;
  • Нұр байқалады;
  • Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады.

"Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді", – деп Убада ибн Самит Мұхаммед пайғамбардың Қадір түнінің белгілерін сипаттағанын айтқан екен.


Оқи отырыңыз: Қадір түнінің 5 мағынасы, 2 белгісі және 9 ерекшелігі қандай?


Қадір түнінің бес мағынасы мен тоғыз ерекшелігі 

Бес мағынасы:

  • Құран Кәрім түскен түн.
  • Құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
  • Таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді.
  • Ұлық түн.
  • Тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.

Басқа түндерден тоғыз ерекшелігі:

  • Қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі;
  • Ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді;
  • Құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие;
  • Бұл түнде шайтандар болмайды;
  • Періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі;
  • Бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады;
  • Бұл түн – береке кеші;
  • Иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлар кешіріледі;
  • Бір жылдық тағдыр жазылады.

"Сендерге Рамазан айы келді. Ол – мүбәрак ай. Жаратушы сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады. (...) Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық етер болса, Жаратушы оның бұрынғы істеген барлық кінәсын, кемшілігін, қателігін кешіреді", – делінген Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде.


Оқи отырыңыз: Қадір түнін қалай өткізу керек? Басты 10 сұраққа жауап 


Қадір түнін қалай өткізген жөн?

Қадір түнін қалай өткізген жөн деген сұраққа жауап көп. Мейлінше бұл түнді ұйқысыз құлшылықпен өткізген дұрыс. Соның ішінде:

  • Біріншіден, Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру;
  • Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату;
  • Үшіншіден, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану;
  • Төртіншіден, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу;
  • Бесіншіден, Қадір түнінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруге тиіс.
  • Алтыншыдан, тәубе айтып, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу;
  • Жетіншіден, Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту;
  • Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасау керек, өйткені дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер. Мұхаммед пайғамбар бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: "Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр".
  • Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу;
  • Оныншыдан, Қадір түнінің құрметіне бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеу шарт.

Сондай-ақ, шамасы жететін сомада садақа беріп, садақаның қабыл болуын сұрап дұға етсе болады. Бірақ пітір садақаны дәл Қадір түні не осы қасиетті түнге дейін беріп тастау керек деп еш жерде жазылмаған. Дегенмен пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып берген жөн. 


Оқи отырыңыз: Қасиетті түнді үйде қалай өткізген жөн?


Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. Сол себепті мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы – дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.

ҚМДБ Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ екенін ескертеді. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік.

"Бұл түн  құлшылық түні болғандықтан, Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді", – деп жазылған ҚМДБ сайтында.

Қадір түнінде кей жандардың тілегі қабылданбайды. Олар:

  • арақ ішкіш;
  • ата-анасының қарғысын алған;
  • туыстарынан қол үзген;
  • мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар. 

Оқи отырыңыз: Намаз оқымай, ораза ұстау дұрыс па? Ауыз бекіту үшін білу тиіс 20 сұраққа жауап


Жақсы ниетпен Қадір түнін күзеткен адам Алланың қалауымен мол сауапқа бөленеді. Қадір түнін күзетпеген адам күнәһар болмайды. Дегенмен Қадір түнін күзеткен кісіге мың айдың сауабы беріліп, мың айлық парыз құлшылығын орындамай-ақ қойса болады деген қате ұстаным. Бес парызды орындаудан босатылмайды.

Кейбір адамдар Қадір түнінде Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезесін ашып қояды. Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол – қате түсінік. Сондықтан бұл түнді басқа нәрселерге алаңдамай, мейлінше оңашада құлшылықпен өткізген дұрыс.

Астанада Қадір түні қалай өтті? 

Серіктестер жаңалықтары