Тікелей эфир

2023 жылы жарық көрген үздік отандық фильмдер. Информбюро шолуы

"Бақыт" фильмінің постері
"Бақыт" фильмінің постері
2023 жыл отандық киноөндірушілер үшін табысты болды.

Биыл прокатқа 400-ден астам фильм шықса, соның 74-і – отандық фильмдер. Оның 56-сы комедия жанрында түсірілген. Комедия ақша әкелетін жанр болғанымен драмалық фильмдер де прокатта жақсы табыс тапты. Осы орайда Информбюро порталы 2023 жылы шыққан әртүрлі жанрдағы үздік қазақстандық фильмдерді атап өтті. 

"Бақыт"

Режиссер Асқар Ұзабаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін "Бақыт" драмасы биыл 16 ақпанда прокатқа шықты. 2022 жылы Берлин кинофестивалінде "Панорама" секциясы бойынша көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды. Фильмге Қазақстанда күйеуінен қорлық көрген бірнеше әйелдің шынайы оқиғасы арқау болған.

Фильмнің бас кейіпкері – орта жастағы әйел. Жалғыз қызын өзін сүймейтін жігітке тұрмысқа береді. Әйелді қызының болашағы алаңдатпайды, өйткені өзі де күйеуінен таяқ жеп, оны жасыруға мәжбүр. Абьюзер күйіне ажырасу туралы айтуға оқталған кезде трагедия басталады. 

Сценарий авторы – Әсем Жәпішева, продюсері – Баян Мақсатқызы.

"Умри или вспомни"

"Умри или вспомни" – режиссер Ернар Нұрғалиевтің қара комедия жанрында түсірген екінші фильмі. 

Айка есімді бас кейіпкер есін жоғалтып, өткенін есіне түсіре алмайды, Қарызға батқан Ес есімді жігіт қоқыс үйіндісінен қызды тауып алады. Айка бәрін есіне түсіргенше Естен көмек сұрайды. Ақшалай  Қыз үнемі қиындыққа тап болады. Ақырындап өткен өмірін есіне түсіреді. 

Ернардың режиссерлік еткен биыл бес фильмі прокатқа шықты. Барлық фильмі прокатта жақсы табыс тапты.

"Маған назар аудар"

Бұл фильмде танымал жазушы болуды армандайтын жас отбасылы жігіттің өмірі баяндалады. Ісі алға баспайды. Жазған шығармаларын ешқандай баспа қабылдамайды. Күйбең тіршілік деп жүргенде бақыттың не екенін ұмытады. Әйелі болса ақша жетпей жатқанын айтып шағымданады. Бір-бірімен жиі ұрысады. Әбден қажыған жігіт түсінде ғана өзі армандайтын өмірді сүреді. Түсінде әдемі қызбен танысып, бақытты күйге бөлінеді. Қыздың жанында болу үшін қалт етсе ұйықтап қалып, түсін жалғастыруға асығады. Сөйтіп жүріп жұмысына кешігеді, отбасына көңіл бөлмейді. Оянғанда проблемасы көп өмірін одан сайын жек көреді. Түсінде әдемі қызды, өңінде әйелін алдап жүрген жігіт шындық пен жалғанды ажырата алмай басы қатады. 

Комедия, драма жанрындағы бұл фильм ажырасу, ер адамдардың отбасына, әйеліне көңіл бөлмеу мәселесін көтереді. Фильмнің режиссері – Абдусаид Шахислам. "Маған назар аудар" – 1 миллиардқа жуық табыс тапқан 2023 жылғы кассалық фильмдердің бірі.

"Хотя бы кинода 2"

Биыл 27 сәуірде "Хотя бы кинода" фильмінің жалғасы шықты. Бұл фильмнің де режиссері – Ернар Нұрғалиев. Фильмнің басты кейіпкері Қайрат "Хотя бы киноданың" бірінші бөлімінде қомақты бюджет қаржысын жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге темір торға қамалады. Ал екінші бөлімде абақтыда жазасын өтеп жатқан ол екі жылда жаңа адамдармен араласып, беделге ие болады. Алайда түрмеге мемлекеттік қызметші тұлғасында бір адам келіп, жазасын өтеу мерзімін қысқартамын деп сендіреді. Ол үшін Қайрат өте қауіпті істі орындау керек. Қамауда отырғысы келмейтін Қайрат енді не істейді? Шырғаланған шырмауықтан қалай шығады?

Рөлдерді Қайрат Әділгерей, Дариға Бадықова, Шерхан Пірназар, Қарлығаш Мұхамеджанова, Олжас Абай, Қанат Әлжапбаров сияқты танымал әртістер сомдады. Бұл фильм де жақсы табыс тапты. 

"Міржақып: Оян қазақ!"

Qazaqstan Ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген 6 сериялық "Міржақып: Оян қазақ!" туындысы 2 сағаттық толықметражды фильм ретінде 21 қыркүйек күні прокатқа шықты. Кинопрокаты екі аптаға ғана жоспарланған фильм көрермен сұранысы артқан соң тағы бір аптаға созылды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған картина "Алаш Орда" үкіметі мен Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлының өмірін баяндайды. 

Прокатқа шыққан фильмнің танымалдығына TikTok желісіндегі жарнама әсер еткен деген пікір жиі айтылды. Онда жастар кинотеатрға барып, фильмді көргенге дейінгі және кейінгі әсерлері туралы "Оян, қазақ!" фильміне дейін" атты тренд таралды.

Тарихи драма кассасы да жақсы болды. "Міржақып: Оян қазақ!"12-15 қазан аралығында 3 күнде 107 млн теңге табыс тапты. Бұл комедиядан өзге жанрлар да кинопрокатта жақсы ақша жинай алатынына дәлел болды. 

Фильмнің қоюшы режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсауле Әбілда.

Дәстүр

28 желтоқсанда прокатқа шыққан "Дәстүр" фильмі –  режиссер Қуаныш Бейсектің үлкен экрандағы дебюті. Әрі хоррор жанрында түсірілгендіктен де жылдың үздік экспериенсі болып отыр. Оқиға дәстүр төңірегінде өрбиді. Қоғамда беделді Нұрсұлтан Көпжасарұлы жалғыз ұлы Болаттың жасаған қылмыстарының артын жауып отырады. Бірде Болат мектеп бітіруші қызды зорлайды. Әкесі мұны да жасырайын десе қыздың ата-анасы полицияға арыз жазып үлгерген. Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – екеуін үйлендіру. Бірақ үйлену тойынан кейін отбасының өмірі тозаққа айналады.

Фильм әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтереді. "Тозығы жеткен" дәстүрлерді батыл сынайды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
2

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары