Тікелей эфир

Спутник V, QazVac, Hayat-Vax екпелері жарамайды. Биыл қажылыққа баратындарға арналған 7 сұраққа жауап

2021 жылғы қажылық маусымы 17 шілде мен 22 шілде аралығында өтеді.

Сауд Арабиясы корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы қажылық маусымына дайындық шеңберіндегі арнайы талаптарды жариялады. Пандемия жағдайында мұсылман қауымның Меккеге сапары және бес парызының бірі – қажылыққа баратындарға қойылатын негізгі талаптарды түсіндіреміз.

№1. Биыл қанша адам қажылыққа барады?

Биылғы қажылық маусымында қажылыққа баратындар саны 60 мың адам етіп белгіленген: 45 мыңы – шетелдіктер, 15  мыңы – Сауд Арабиясы азаматтары. Алайда биылғы маусымда қандай мемлекеттен қанша адам шақырылатыны жайлы жаңалықты Саудия билігі әзірге таратпай отыр. Жыл сайын квотаны Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі бөледі. 

№2. Қажылыққа баруға кімдерге рұқсат етіледі?

Қажылық жасауға 18-60 жас аралығындағы азаматтар өтініш бере алады. Олар қажылық сапарға шыққанға дейін алты ай ішінде науқастанып, аурухғана жатпауы тиіс. 

№3. Коронавирусқа қарсы вакцина алу міндетті ме?

Қажылыққа баратындардан Сауд Арабиясында ресми бекітілген Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna вакциналарының бірінің екі дозасын алу талап етіледі. Екінші дозаны корольдікке барудан 14 тәулік бұрын алуы тиіс.

Сонымен қатар, әр қажы жоғарыда аталған вакциналардың бірін қабылдағаны туралы өз елінің құзыретті органдарынан анықтама алуы және оны Сауд Арабиясының шет мемлекеттердегі елшіліктерінде заңдастыруы қажет.


Оқи отырыңыз: "Қолжаулыққа" айналған қажылық


№4. Қазақстанда тіркелген екпелерді алғандар қажылыққа бара алмай ма?

Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз. Сауд Арабиясы билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналардың бірін еккендер ғана қажылық жасай алатынын хабарлады. Қазақстанда салынатын Спутник V, QazVac, Hayat-Vax әзірге ДДСҰ тізімінде жоқ. 

№5. Қажылыққа келгендер карантинге жата ма?

Қажылыққа келгендер елге кірген соң үш күндік карантинде болуы тиіс. Ел ішінде әлеуметтік ара қашықтық сақтау, маска тағу және басқа да сақтық шаралар сақталады.

№6. Қажылық жасаушылар ел ішінде еркін қозғала ала ма?

Шет елдерден келген адамдардың қажылық құлшылығына қатысы жоқ өзге аймақтарға баруына тыйым салынады.

Қажылар Мекке аймағында бір орыннан екінші орынға көшкен уақытта барлық денсаулық сақтау шараларын қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ, бекітілген ережелерге толық бағынуы қажет.

№7. ПТР анықтама талап етіле ме?

Иә. Әр қажыдан корольдікке келген кезде 72 сағатқа жарамды теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын көрсету талап етіледі. Сондай-ақ, қажылық аймаққа бару алдында 40 сағат бұрын Сауд Арабиясы мақұлдаған зертханаларда ПТР-тест тапсыруы қажет.

Қажылық маусымына қатысты жаңа ақпараттар мен қосымша талаптар болған жағдайда қосымша хабарланады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары