Нұр-Сұлтан қаласындағы SOS балалар ауылы ашылған күннен бері жұмыс істеп келе жатқан тәрбиеші Жанар Рахимбаева оған дейін балабақшада қызмет етіпті.
Осы орталықта ол 12 балаға ана орнына ана болды. Қазір Жанардың қолында бес баласы бар болса,тағы жеті баласы ер жетіп, кейбірі оқып, кейбірі жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, олардың анасымен байланысы үзілмеген. Төмендегі суреттегі екі кішкентай қыз Жанардың ең үлкен екі қызының балалары, демек жиендері. Анда-санда осылай әжелерінің үйіне әкеп тұрады екен.
"Үлкен балаларым әр түрлі салада қызмет етіп жатыр. Былтыр екі балам диплом алды. Ұлым Сұлтан Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетіне жылу энергетикасы мамандығы бойынша магистратураға грантқа түсті", – дейді Жанар.
Ал бесінші қызы Индира Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика факультетінің бірінші курс студенті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйінен қалай бала асырап алуға болады?
"Журналистикаға қатты қызығамын. Әлеуметтік желілерде пост жазып, блогерлікпен де айналысатыным бар", – дейді болашақ әріптес.
Нұр-Сұлтан қаласындағы SOS балалар ауылында 11 үй бар. Тағы бір отбасы ауылда тұрмағанымен, қала ішіндегі өз пәтерінде осы қордың қарамағындағы балаларды тәрбиелеп жатыр.
Орталыққа қарасты 12 отбасының екеуінде әкесі мен шешесі болса, онында тек шешесі бар.
Әр үйде шамамен 4-6 баладан тәрбиеленеді. Қазір мұнда жалпы саны 68 бала бар. Соның ішінде 49-ы осы ауылда тұрып жатса, қалған 19-ы Жастар үйіне орналастырылған.
SOS ата-аналар тәрбиеші ретінде жұмысқа қабылданғанымен, күні-түні балалармен бір үйде тұрады. Балалар оларды "әке", "шеше" дейді.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұнда әке-шеше болып жұмысқа орналасу үшін талап өте жоғары. Педагогикалық білімнен бөлек жоғары адамгершілік қасиеттер қажет. Лайықты маманды таңдап алу үшін орталық үміткерлерді бірнеше кезең бойынша сынайды екен.
Мектепті аяқтағаннан кейін балалар Жастар қамқорлығы бағдарламасына өтеді. Оқу орындарының жатақханасына орналаса алмаған, өз үйіне әлі қол жеткізбеген жасөспірімдер Жастар қамқорлығы бағдарламасы бойынша Жасөспірімдер үйіне орналасады.
25 жыл ішінде SOS Қазақстанның балалар ауылдарынан 296 бала түлеп ұшқан. Соның ішінде 95 пайызы жоғары немесе орта арнайы білім алған. Ал 68 пайызы тұрғын үймен қамтылған.
Еліміздің бас қаласында балалар ауылы ашылғалы мұнда 207 бала тәрбиеленсе, соның 12-сі өз отбасымен қауышқан. Тағы 16 бала асырап алуға, қамқорлыққа немесе патронаттық тәрбиеге берілген.
Оқи отырыңыз: Жетімге жаның ашымасын
Қазіргі таңда орталықтың 121 түлегі өз бетінше өмір сүріп жатыр. Соның 98-і мемлекеттен үй алса, тағы 68-і баспана кезегінде тұр.
Орталық түлектерінің әрбір бесіншісінің жоғары білімі бар. Бүгінге дейін түлектердің 32-сі отбасын құрып, нәтижесінде орталықтағы SOS ата-аналардың 46 немересі бар екен.
"SOS Қазақстан балалар ауылдары" корпоративті қоғамдық қоры 1994 жылы Сара Назарбаеваның бастамасымен құрылып, 2018 жылы "Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры" австриялық SOS Children’s Village International ұйымымен бірге осы қордың құрылтайшысына айналды.
"SOS Қазақстан балалар ауылдарының" бірі Нұр-Сұлтан қаласында болса, қалған екеуі Алматы мен Теміртау қалаларында орналасқан.