Былтыр бір миллионға жуық құс қырылып қалған Солтүстік Қазақстан облысында тағы да құс тұмауы таралып жатыр. Қазірдің өзінде жүзден артық үйректің құс тұмауынан арам өлгені анықталды, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының маңындағы көлден жүзден артық үйрек пен шағалалардың өлексесі табылды. Құстардың өлексесін жергілікті тұрғындар Саумалкөл көлінің жағасынан тапқан. Зертханалық сараптама нәтижесінде жабайы құстардың құс тұмауын жұқтырғаны анықталып отыр. Бірақ, ауданға құс тұмауы қалай және қайдан тарап жатқаны әзірге білгісіз. Ал құстың өлекселері арнайы полигонға апарып өртелген.
"Әзірге үйдегі құстардың арасында құс тұмауы тіркелген жоқ. Қазір Саумалкөл және Красная Горка ауылындағы құстарға тұмауға қарсы вакцина егіп жатырмыз. Және жақын маңдағы ауылдардағы жағдайды тексере бастадық", – деді Солтүстік Қазақстан облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: