Студенттер стипендия алуы үшін баға көтермелеп қойылады
Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары "үштік" алғаны үшін студенттерді стипендиядан айырмауды ұсынды. ҚазМЗУ ректоры Т.Нәрікбаевтың айтуынша, көптеген оқытушылар студенттердің стипендия алуы үшін "қанағаттанарлық" бағасын қоймауға мәжбүр.
2020 жылдан бастап оқу жетістіктерін сырттай бағалау алынып тасталынады
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігінің қазіргі деңгейінде бұл рәсімнің қажеттілігі жоқ. Биыл қараша айында ЖОО-ның студенттері оқу жетістіктерін сырттай бағалауға қатысты тестерді соңғы рет тапсырады.
Астана әкімі көпбалалы отбасыларды қолдауға байланысты бірқатар шешімдерін ұсынды
Б.Сұлтанов тұрмысы төмен көпблалы отбасылардың ең бірінші мәселесі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету екенін атады. Бұл тұрғыда оларға жалдамалы тұрғын үйді қолжетімдірек қылу, қалалықтардың төлем қабілеттілігі деңгейін арттыру қажеттігі айтылды.
Көпбалалы отбасы мүшелерін жоғары ақы төленетін жұмыспен қамту мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Біліктілігі жеткіліксіз болған жағдайда қала үшін маңызды басым бағыттарға жұмысқа орналастыру арқылы біліктілігін қамтамасыз ету қажет деді қала басшысы. Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, қазір Елордада төрт және одан да көп баланы асырап отырған 10 095 отбасы бар.
"Нұр Отан" партиясының 230 филиалында бірыңғай әлеуметтік терезе ашылады
Онда көпбалалы отбасыларға жан-жақты кеңес беріледі, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, атаулы көмек те ала алады.
ЭКСПО аумағындағы үйлерді сатып алу бойынша өтініштерді қабылдау тоқтатылды
"Байтерек девелопмент" АҚ хабарлағандай, өтініштердің көптігіне байланысты бірыңғай порталда техникалық қиындықтар пайда болған. Сол себепті өтініштерді қабылдау мерзімі басқа уақытқа шегерілді.
Бұған дейін қабылданған өтініштердің бәрі кері қайтарылды. Өтініштерді қайта қабылдауға қатысты барлық ақпарат baiterekdevelopment.kz сайтында жарияланады.
Шыментте көпбалалы отбасыларға жылына бір рет 100 мың теңге берілетін болды
Есеп беру жиынында қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов осылай деп уәде берді. Материалдық көмек көпбалалы ата-аналарға жыл сайын беріліп отырады. Биыл ата-аналар бұл қаржыны тамыз айынан бастап ала бастайды.
Қала әкімі халықаралық әйелдер күніне қарсы әйелдерге тағы да сый жасағалы отыр. 1 наурыздан бастап Шымкентте "Күміс алқа", "Алтық алқа" иегерлері мен батыр аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды.
Омскідегі аялдамалардың бірі қазақтың руымен аталатын болды
Ресейдің Омск қаласындағы "Овчинно-меховая фабрика" аялдамасын бұдан былай "Қаржас" деп атау ұсынылды. Мұндай бастаманы сол жердегі қазақ диаспорасы көтеріп отыр. Бұл аумақта 1833 жылдан бері Қаржас поселкесі орналасқан.
Аталған мәселе 19 ақпанда өтетін қалалық кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілді. "Қаржас" руы Орта жүздің Арғын руына кіретін аға руларының бірі.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Солтүстік Қазақстанда әрбір екінші отбасы ажырасып кетеді. Статистика департаментінің дерегі бойынша, былтыр 3 605 неке тіркелген. Осы кезеңде 2107 неке бұзылған. Тіркелген некелер саны 5,9%-ға қысқарған. Ал, ажырасу саны 5%-ға артқан.
24.kz: Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кембағал жандарға арналған көліктер көбейеді. Мамандар қазір қолданыста 146 темір тұлпардың барын айтады. Биыл солардың санын екі есеге жеткізу көзделіп отыр. Өйткені соңғы кезде елімізде көлік тізгіндегісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артыпты. Алайда жүргізуші куәлігін беретін орталықтарда мүгедектерге шақталған темір тұлпарлар тапшы екен.