Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде Ант қабылдаған соң, араға екі сағат салып Парламенттің Жоғарғы палатасы жаңа төрағаны сайлады.
Сенаттың ендігі спикері – бұрын осы палатаның депутаты болған Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева.
Сенаттың жаңадан сайланған спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
– Елді дамыту стратегиясы мен қойылған мақсаттарын заңнамалық қамтамасыз ету бірінші кезекте адамдардың өмірін жақсартуға, Қазақстан мемлекетін нығайтып, өркендетуге бағытталған. Сізге (Қасым-Жомарт Тоқаевқа – авт.) маған көрсеткен жоғарғы сеніміңіз үшін тағы да алғыс білдіріп, өзімнің барлық білім, қабілетімді алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге жұмсаймын деп сендіремін, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат отырысының соңында депутаттар бұрынғы әріптестері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аса жауапты қызметінде абырой мен табыс тілеп, шығарып салды.
Жаңа сенатор туралы не білеміз?
Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, саясат ғылымдарының докторы, бүгінге дейін Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған депутат болды. 1963 жылы Теміртауда туған. Нұрәлі, Айсұлтан атты ұлдары мен Венера есімді қызы бар.
1980 жылы Алматы қаласында мектеп бітірген. Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған.
Қызмет жолын 1992 жылы анасы Сара Назарбаева негізін қалаған "Бөбек" қорының вице-президенті болып бастады. 1994-1998 жылдары, кейін 2001 жылы "Хабар" телеарнасын басқарды. Осы жылдар аралығында әртүрлі журналистік конгрестер өткізіп, өзін медиа саласындағы салмақты тұлғалардың бірі ретінде көрсете білді.
Дариға Назарбаева 2003 жылы Қазақстанда жаңа "Асар" партиясын құрып, оның төрағасы болды. Парламентке ең алғаш осы партия атынан келген болатын. "Асар" партиясы 2006 жылы қазіргі "Нұр Отан" партиясына қосылған соң, Дариға Назарбаева "нұротандықтар" қатарына өтті. "Нұр Отан" партиясының төрағасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
2012 жылғы парламенттік сайлауда Мәжіліс депiутаты атанған Дариға Назарбаева Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқарды.
Екі жыл өткен соң депутаттар оны бір ауыздан мәжілістің вице-спикері және "Нұр Отан" партиясының парламенттік фракциясына жетекшісі етіп сайлады.
2015 жылы Назарбаева Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болды, бір жылдан соң, Сенат депутаты ретінде Парламентке оралды. Ал бүгін, 2019 жылдың 20 наурызында Сенат төрағалығына сайланды.
Сенат төрағасының Конституциядағы құқықтарына тоқталсақ, егер ел президенті мерзімінен бұрын өзінің өкілеттілігін тоқтатса, жаңа сайлауға дейін республиканы Сенат төрағасы басқарады.
Кеше, 19 наурыз күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатып, президент қызметі Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайлауға дейін Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Ант қабылдады. Қазақстанда кезекті сайлау жоспар бойынша 2020 жылға, желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтуі керек.