Тікелей эфир

Шүршітқырған құпиясы: Қытайлар қалай жеңілді?

Иллюстрацияны жасаған informburo.kz
Иллюстрацияны жасаған informburo.kz
Қытай әскері Абылай ханның жараланып жатқан кезінде қазақ жеріне басып кірді. Абылай соғысқа қалай дайындалды? Ол туралы тарихи деректер нені айғақтайды?

2019 жылы 4 шілде. Астанамыз Нұр-Сұлтаннан шығысына қарай зымыраған әскери көлікте 17 адам оиырдық, Сарыарқаның қақ төсін кенерелеп келіп, қазіргі Осакаровка аудан орталығынан терістік шығысқа қарай, Сарыбелге беттедік.

Сапар мақсаты – Шүршітқырған ұрысының өткен орнын тауып, маңызын саралау еді.

Экспедицияны ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің басшысы, сардар, тарихшы Нұртаза Асылов бастады. Құрамында Музей ғылми қызметкерлері, журналистер, архелогтар мен республикалық Жас сарбаз отаншылдық орталығы мүшелері болды.

Оқи отырыңыз: Цин империясы қазақтарға сыйға және шенге берген "көк тастар" табылды

Шүршіттер Қытайды үш ғасыр биледі

Мәнжу-Цинь империясы (Цин империясы), Чинь (Шың) патшалығы (1644-1911) – Қытайдағы мәнжурлердің (Мәнжу) Цин әулеті билеген соңғы патшалық.

Шүршіттер (Мәнжулер, маньчжурлар, маньчжу нялма) – түркі, моңғол тектес көшпелі халық. Қазіргі Қытайдың солтүстігіндегі Мәнжурияның жергілікті тұрғындары. Ішкі Моңғолия, Хэбэй, Ганьсу, Шыңжаң өлкелері мен Бейжің, Тянь-Цзинь, Сиань, т.б. ірі қалаларды мекендейді. Халық саны 2003 жылғы дерек бойынша 10,3 млн шамасында. Діни сенімі – буддизм, даосизм (біраз бөлігінде шаманизм сақталған).

Абылай ханның Сарыбелі

Сарыбел – Алты Алаштың басы қосылып, үш жүздің ханы атанған Абылай ханның құрметіне "Абылай ханның сары белі" деген атпен қалған, қонысқа да, қорғанысқа да қолайлы асу.

Сарыбелге жеткенде аттың белін босатып, бабалар басқан дөңге шықтық. Шығысы құлдилап барып, Шідерті өзеніне тірелетін бауыры балқаштанған кең алқап екен. Көз ұшында өзен ирелеңдей мұнартады. Ал батысында Есіл өзені батысқа қарай шұбатылып, есіле ағып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қиырдағы қазақтар. Тағдыр талқысында

Сарыбелден төмен зымыраған көлікпен Жастар кентіне сүт пісірім уақытта жеттік. Онда бізді Шідерті ауылының әкімі мен ауыл азаматтары күтіп тұр екен.


Нұртаза Асилов бастаған экпедиция құрамы Оскаровка ауданының музейі алдында

Нұртаза Асилов бастаған экпедиция Осакаровка ауданының музейі алдында / Сурет informburo.kz


Жақсы қанды адыр мен Жаман қанды адыр

Жолбастаушылардың көмегінде Қ.Сәтбаев каналынан өтіп, шығыстағы Шідерті өзені бойына орналасқан Шідерті ауылына ат басын тіредік. Ондағы мақсатымыз – жердің тарихын білетін жергілікті ағайындардан жөн сұрау болатын.

Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен


Толеген Ихсанов экспедиция басшысына жер жағдайын түсіндіріп тұр

Төлеген Ихсанов экспедиция басшысына жер жағдайын түсіндіріп тұр / Сурет informburo.kz


Бізді Төлеген Ихсанов ақсақал күтіп алды.

– "Аруақ разы болмай тірі жарымайды" деген. Киелі мекенде қазір қазақтар аз. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен ауып кеткен.

Мына шығыста көрінген су – Шыбынды көлі. Оның жан-жағында да жер боп кеткен молалардың, көне бейіттердің ізі бар. Көл ортасындағы қатар тұрған екі төбеде де молалар бар.

Көлдің терістігінен көктей өткенде алдарыңыздан екі адыр кездеседі. Сол жағындағы атақты Әлікей Марғұлан атамыздың қыстауы – Жақсы қанды адыр деп аталады. Ал оң жағындағы – Жаман қанды адыр деп аталатын Артықбай би жатқан жер. Екеуі де Шыбынды көлінің желкесінде. Арасы алты шақырым.

Оқи отырыңыз: Қытайдан қорқатындай негіз бар ма?

Аруақтарға арнап құран оқып, құрбан шалдық

Сөздің салмағы да бар, батырлардың аруағы да жебеген болуы керек. Нұртаза Асылов құрбандыққа шалынатын малды Төлегеннің қорасынан бірден көлікке тиеттірді. Енді бағыт – Жаман қанды адыр жақ.

– Осында бір кісілер келіп белгі қойып кеткен. Үнемі келіп тұрады, – деген соң Жаман қанды адырдың солтүстігінен шығысына қарай айналған жердегі адырдың етегіне қойылған қорғанды көзіміз шалды. Алдымен сонда барып құран бағыштадық.

Құлыптасқа:

"Артықбай би Мәмеұлы (1859-1923). Руы – қаржас, базар" деп жазылған.

Бұл – тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев ағамыздың атасына қойылған белгі. Осы жорыққа шығар алдында Жамбыл ағамызға хабарласқанбыз. Ағамыз жорықты ұйымдастыруға ықпал еткенімен, Корея мен Якут еліне экспедицияда жүруіне байланысты үлгере алмады.

Оқи отырыңыз: Қытайдан қашқан қазақтар: Қастер мен Мұрагердің жайы қалай?

Артықбай бидің зиратынан жарты шақырымға жетпейтін жердегі қыстау қораға келіп тоқтадық. Сонда құрбан шалынды. Сосын тау-тасты кезіп, зерттеуге бет алдық.


Батыр бабалардың аруағына арнап құрбан шалдық

Батыр бабалардың аруағына арнап құрбан шалдық / Сурет informburo.kz


Жаман қанды адырдың бауырынан өрмелеп, басына орнатылған мосы ағашқа шықтық. Батысымызда айнадай жарқырап Шыбынды көлі жатса, көлдің қиыс оңтүстік тұстан жалғыз төбе (шоқы) менмұндалап көрініп тұр. Арты адырларға қарай созылған. Оның арғы жағында Батпақты көл, одан әрі Саумал көл бар екен. Оларды көре алмасақ та Қайырбек ағамыз жер жайын түсіндіріп отырды.

Жалғыз төбе мен Қарауыл төбе

Нұртаза Турабекұлы ескі мен жаңа деректерді салыстып жасаған етектей картаны алдымызға әкеліп жайды.

Кәдімгідей 1800 жылдары Ақпатша тұсында орыс географтары жасаған. Жер аттары тайға басылған таңбадай. Ал қазіргі картамызда көп жер аттары өзгерген немесе жоқ. Бірақ Шыбынды мен Батпақты көлдері жазылған.

Оқи отырыңыз: Бітік жазуы деген не? Қазақ жерінде Күлтегінге дейін де әліпби болған


Экспедиция жетекші Нұртаза Асилов көне және жаңа картаны салыстыра отырып, баратын нұктелерді белгіледі

Экспедиция жетекшісі Нұртаза Асилов көне және жаңа картаны салыстыра отырып, баратын бағытымызды белгіледі / Сурет informburo.kz


Жиналысымыз бітіп, үйге оралғанда бағланның еті де пісіп тұр екен. Астан кейін кері бұрылып, ақылдасу барысында шешілген Жалғыз төбеге қарай қайттық.

Шыбынды көлінің батысынан айналып қиыс оңтүстікке беттегенде Жалғыз төбе Шідерті өзені бойынан асқақ көрінді. Көлікті қырындата салып, төбенің басына шыққанда ғажап көрініске тап болдық.


Жалғыз төбедегі қорымның бір бұрышы

Жалғыз төбедегі қорымның бір бұрышы / Сурет informburo.kz


Төбеден шығысқа қарасаңыз алдыңызда сардарлар мен сарбаздар атын суарып, абылашасын тіккен жазық Шыбынды көлімен тұтасып жатыр. Оңтүстігінде ат шаптырым жерде Қос төбе, Қарауыл төбе алыстан көзге оттай басылады.

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?


Жалғыз төбеде тұрып жақындатып суретке тартылған Қарауыл төбе
Жалғыз төбеде тұрып жақындатып суретке тартылған Қарауыл төбе / Сурет informburo.kz

Ал артымызда Шідерті өзені төбені айналып ағып жатыр. Міне, осы Қарауыл төбемен Жалғыз төбенің арасындағы Шыбынды көліне дейін созылған адырлы жазық – алапат ұрыс болған жер.

Абылайдың айбыны (лирикалық шегініс)

Сарыбелден құлдилап келіп, Шідерті өзенінен өткен Абылайхан осы Жалғыз төбенің бауырына қосын тікккен болатын. Бұл ара қорғанысқа қолайлы әрі басқаруға да икемді. Арты өзен. Қажет кезде өткел де бар. Ал алды ат шаптырым жазық. Онан арман Шыбынды көлі жарқырап жатыр.

Жалғыз төбеге шыға келген қазақтың көз ұшында қос төбе Қарауыл тұратын. Оған кезбешілер, яғни шолғыншылар аттандырылған.

Оқи отырыңыз: "Жошы Ханды зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс". Алтын Орда тарихы жаңадан зерттеледі

Хан мен қарашаның басын қосқан бұл жиылыстың өң-түсі өзгеше еді. Басты себеп Тарбағатайдың Шағаноба деген жерінен басып кірген шүршіт қолының Абылайға жіберген дұғай сәлемінде жатыр.

Онда Цин императоры Абылайға Әмірсананы ұстап беруді міндеттіп, ондай болмағанда жазаға ұшырайтыны айтылған. Оның үстіне сол кезде Абылай жараланып, емделіп жатқан еді.

1756-шы Әмірсана тағы да қазақ ордасына қашып келді. Осы жылдың мамырында Қытай императоры Чян Лоң (Цяньлун) Абылайға хат жіберді:

" Бірнеше жылдан бері Жоңғарияда тәртіпсіздік орнады.

Мен – аспан астының императорымын. Ілені қолдан беріп, мұндай бассыздықтарға шыдап отыра алмаймын.

Сен, Абылай – Орта жүздің сұлтаны, аспан асты әулетіне елші жіберіп, саулығымды сұрап, шын ниетпен құрмет білдірдің. Қаншалаған елшілер бүлікшілер тарапынан ұсталғанмен, әлі жазаға тартылмай отыр.

Ал бүлікшілердің (Әмірсана адамдары) сатқындықтары баршаға аян. Қарақшылыққа тиым болмаса болмайды. Егер оны өзіңіз қорғап қалсаңыз өз билігіңізге зияны болмаса пайдасы жоқ. Сіз жоңғармен шекарасыз. Бұрын, Галдан-Церен уақытында, қысым көрдіңіз. Жақында жоңғарлар тағы да сіздің жерге ойран салды. Соның бәріне ризасыз.

Бүгінде батыс территория толығымен менің иелігімде. Егер бүлікшіні қорғап, жасырып қалатын болсаңыз, жанжал туындайтіні сөзсіз. Өйткені бүкіл Жоңғария Әмірсанамен қоштасты. Бір адамға бола жеккөрнішті боласыз. Біздің қалың қол сіздің шегараңызға кіреді және Әмірсананы ұстап қайтарып беруді талап етеді. Сіз халқыңыздың тыныштығын қаламайсыз ба?" – делінген.

Әрине 20 мыңнан астам сайлауыт қолмен келген шүршіт нояндары Тарбағатайды кесіп өтіп, Абылай отырған Сарыарқаға жетуге асықты. Олардың мақсаты Әмірсананы ұстау ғана емес. Абылайды да алдарына жығу болатын.

Оқи отырыңыз: Өзбектер Төле биді "Қалдирғоч би" деп неге атайды?

Қазақтың қанды көйлек батырлары Абылайдың жарлығына сай Сарыарқаға ағылды. Ал Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Қожаберген, Ер Жәнібек, Қожаберді секілді алдаспан қолбасылар ордаға қарай жылжып келе жатқан Цин империясының қалың қолына тосқауылды осы жерде қоймақ.

Төмендегі суретте: 1880 жылдары Орыс патшалығы зерттеушілері салған карта мен қазіргі жасанды серіктен түсірілген картаны салыстыру. Суретті ҚР Әскери-тарихи музейі берген карта бойынша автор жасады.

Шүршіттің батыс шекара әскери мекемесінің бас қолбасшысы Юй Бао-ның басшылығымен Дардана басқарған "Батыс бағыт" қолы және Хадаха басқарған "Солтүстік бағыт" қолы 1756 жылы мамыр айында қазіргі Тарбағатайдағы Шағаноба түбінде Таңғұтай тайшыны қуып жүріп қазақтың жасағымен бірінші рет қақтығысып қалды. Осылайша қазақ жеріне басып кірді.

Шүршіттер қалай қырылды?

Шүршіт қолы қазан айына қарай жол бойы онға жуық ұрысты бастан өткізіп, Қожаберген мен Әмірсана қосындарының ізімен Нияз тауларына да келіп жетті. Бұл Абылайдың жарасы жазылып, атқа мінуге жарап қалған кезі болатын.

Абылайдың шүршіт елшілеріне "Әмірсананы өздерің ұстап әкетіңдер" деуден аспауында да үлкен мақсат жатқан болатын.

Жер жағдайын ұтымды пайдаланған Қожаберген батыр мен Әмірсананың қосыны жауға үнемі тұтқиылдан шабуыл жасап, әбден титықтатты. Қуа-қуа келген жері – Сарыарқаның ортасын кесіп ағып жатқан Шідерті өзенінің бойы. Енді 1-2 ай айналса арқаның қарлы бораны аямасы анық. Ал ол жағын жер сырын білмейтін жау қаншалық бағамдағанын кім білсін.

Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?

Жалғыз төбеге шығып, Нияз тауынан оралған қолбасшыларымен ақылдасып тұрған Абылайға Қарауылтөбе жақтан жұлдыздай аққан қос ноқат жақындап келе жатты.

Аттарынан домалап түскен қос сарбаз ханға бастарын иіп, жаудың қарауыл төбеге таяп қалғанын жеткізді.

– Е, келген екен. Ал батырлар! Бұл біз үшін ең үлкен соғыс. Жерімізді таптап, елімізді басынған жаудың көретін күні не болатынын көрсетер күн жетті. Атқа қоныңдар. Алла жар болсын. Аруақ! – деп тоқтаған Абылайға қолбасышылары ілтипат білдіріп, тездеп өз тұрғыларына қарай шауып бара жатты.

Қос хабаршы Салықшылар жеткізген сусынды ішіп, аттарын алмастырды да қайта шапты.

Абылай хан басқарған қазақ қолы шұбырып келе жатқан жауға қырғидай тигені анық. Онсыз да талай рет тұмсықтарынан жеп, беттері қайтып келе жатқан жау Шідерті өзеніне қарай ығысты. Тіптен, ат-матымен өзенге құлап жатқандары да көп. Қапелімде ес-ақылдары шыққан жауды қазақ қолы қоршауға алған болатын.

Оқи отырыңыз: Өзі билеген Самарқанда Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш жоқ

Шығыс солтүстіктен Жасыбай көлі бойында дамылдап жатқан Бөгенбай батырдың қолы келіп қосылды. Абылайдың сары белінен асып жеткен қазақ қолы жауды қақ тұмсықтан келіп ұрды. Ал оңтүстіктен шанышқылы Бердіқожа батыр бастаған ұлы жүз қолы келіп басқан болатын. Кіші жүз қолы ортаңғы қолды толықтырып, негізгі ұрысты ұйымдастырыды.

Шыбынды мен Шідерті өзенінің арасы қырылған шүршіт пен аттарына толып қалды.


Соғыстың қалай өткені туралы Б. Ахметұылының болжамы

Ұрыстың қалай өткені туралы Б. Ахметұылының болжамы / Суретті жасаған Б.Ахметұылы


Бұл – 1756 жылы 17 қазан күні болатын. Қазақ тарихындағы ұлы жеңіс – " Шүршіт қырылған немесе шүршітті қырған" деген атаулармен тарихи деректерде анық жазылған. Бүгін де "Шүршітқырған" жер аты болып сақталып қалды.

Әлқисса, шүршіттер қазақ жеріне неге басып кірді?

  • Біріншіден, 1754-ші жылдың жаз айында-ақ Құлжа түбінде қалың қол жинап, ұзақ соғыстан қалжыраған қазақ пен қалмақты басып алуды ойластырды.
  • Екіншіден, 1755-ші жылдың қара күзінде Әмірсана Жоңғарияның ханы болып сайланды. Әмірсананы өлтіру не ұстау арқылы батыс өңірді тыныштандыру мақсатында болды.
  • Үшіншіден, жоңғар мен қазақ сынды дала көшпелілерінің бірігіп кетуінен сақтану және мүкіндігінше құрту ниетінде болғаны анық.
  • Төртіншіден, шүршіт әскерінің қазақ жерінен 1000 шақырымнан астам кіріп кетуі – қазақты көзге ілмегенінен, өз күштерін тым жоғары бағалағандығы болатын.
  • Бесіншіден, сол кезде Абылай қара саннан оқ тиіп жараланып, Аягөзде емделіп жатқан еді. Шүршіттер Абылай тез беріледі деп ойлаған болуы мүмкін.

Жалғыз төбенің үстіндегі жер боп кеткен қорымдардың бір бөлегі

Жалғыз төбенің үстіндегі жер боп кеткен қорымдардың бір бөлегі / Сурет informburo.kz


Абылайхан Әмірсананы шүршіттерге неге бермеді?

  • Абылайхан үшін Әмірсанамен одақтасу немесе оны қолдау арқылы шүршіт Қытайдан келетін қысымды азайтуға болатын еді. Жоңғарларды буферлік зона ретінде ұстап отырғысы келді.
  • Екіншіден, Абылай жас кезінде Әмірсананың әкесі Халден Сереннің қолында тұтқында болады. Сонда Әмірсанамен дос болуға серттескені туралы аңыз да бар. Дала халқы ешқашан серттен таймаған.
  • Үшіншіден, қазақ хандары мен батырларының қыз алып, қыз беріскен туыстығы да бар. Оның үстіне Ғұн бабаның екі тармағы саналатын. Әмірсананың Керей Қожаберген батырға бір баласын аманатқа бергені де сондай жақындықтың белгісі болса керек.
  • Төртіншіден, көреген Абылай хан дала көшпелілерін өзара қырқыстырып қойып, өз мақсаттарына жетіп отырған шүршіттер мен орыстардың қулық-сұмдығын жақсы білді.

Жаман қанды адырдағы Артықбай би Мәмеұлының зираты

Жаман қанды адырдағы Артықбай би Мәмеұлының зираты / Сурет informburo.kz


Бақыт Еженханұлы жазған "Қожаберген батыр" атты қытай патшалық мұрағатынан алынған деректе шүршіт қолбасшылары Абылай хан мен Қожаберген батырға арнап 4 орам атлас, жібек және шай жіберді. Онда қазақтың 570 адам өлді, тұтқынға 11 жігіті қолға түскені айтылған.

– Осыдан бір жұма өткеннен кейін шүршіт және қазақ қосындары Нұра өзенінің жағасында тағы да ұстасты. Шұбарайғыр Қожаберген басқарған жасақтан, жанында Әмірсана бар, көп адам шығын болды, бірнеше адам қолға түсті, соның ішінде Шолақ, Аралбай, Шорман деген жігіттер бар. Алғашқы екеуі Абылай сұлтанның маңындағы төлеңгіт ішінен. Сондықтан Дардана Шолақты 15 күнге босатып Абылайға жұмсайды. Қытайлықтардың ойы – Абылай қайтсе де өз қолымен Әмірсананы ұстап береді деген есеп. – дейді тарихшы Жамбыл Артықбаев.


Шыбынды көлінің Жаман қанды адыр тауында тұрып тартылған суреті

Шыбынды көлінің Жаман қанды адыр тауында тұрып тартылған суреті / Сурет informburo.kz


Абылай соғысқа қалай дайындалды?

  1. Шүршіт қолының әр күнгі қимылын бағып отырған Абылай жаудың жолындағы елді көшіріп үлгеріп отырды.
  2. Екінші жағынан, үш жүзге жасырын сауын айтып, қазақ батырлары сарабдал сарбаздарын бастап, соғысқа сайланды.
  3. Үшіншіден, соғысқа ыңғалы жер ретінде Шідерті өзені маңындағы Шыбынды көлі бойына жақын адырды таңдады.
Қазақ қолы жеті топқа бөлінді:
  • Алдыңғы топ шұбарайғыр Қожаберген батыр бастаған қазақ қолы. Олар жауды үнемі шырғаға түсіріп, кеміктеп қырып титықтатты. Әрі Абылайға дер кезінде хабаршы жасаулар жіберіп отырды.
  • Екінші топ – жаудың басып өтетін жерінде отырған қазақ ауылдарын қауіпсіз өңірлерге көшіріп отырды.
  • Үшінші топ барлаушы жасақтар.
  • Төртінші топ – негізгі соғысқа дайындалған қазақ қолы.
  • Бесіншісі салықшылар, яғни қосымша көмекші қолдар мен соғыс жағдайындағы қолды қару-жарақ, ат-көлік және азық-түлікпен қамдайтын қол. Олардың құрамында молдалар мен дәрігерлер де болды.
  • Алтыншы топ соғыс кеңесі. Онда Аылай хан мен бірге қолбасшы батырлар, билер мен көріпкел бақсылар, әулиелер болды.
  • Жетінші топ – қазақ ауылдарымен тығыз байланыста отырған сарабдал жортуылшылар болды.

Жамбыл ағаның айтуынша, Абылай жиналысты Баянаулаға шақырған. Орталық Жасыбай көлінің жағасында орналасты. Көлдің жан жағындағы жеті асуға қарауыл күзет қойылды. Абылай шұбарайғыр Қожаберген мен Әмірсананы Қытайдың Батыс әскеріне қарсы жібергені туралы қытай деректерінде өте көп жазылған.

Қытайдың 20 мың әскерінен 1600 адам әрең тірі қайтты

Қытай әскерінің шығыны өте көп болғанын қазақ жеріне жасаған жорықты сырттан қадағалап отырған Ресей әскерилері де растайды.

Сібірлік Бригадир В.Якоби "Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мың әскерінен Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып оралды" деген мәлімет береді ( ч.1, 142-143 бб.). Қазақ топонимиясында көрініс тапқан "Шүршітқырған" аталатын жер – осы оқиғаның тілсіз куәсі.

Қытай жеңілген қолбасшыларына жаза кесті

Шайқастан аман қалған қытайдың көп әскері малынан аырылып, күздің қара суығымен бірге Қытайды бетке алып үдіре қашты. Арттан көмек келмеді. Оның үстіне шетке шыққандарын қазақ жасақтары құрдымға кеткендей қылып құртып жіберді. Тек бір бөлім адамды "Қытайға тіл жеткізсін" деп тірі құтылдырды.


Жалғыз төбенің ортан біліндегі тепсеңде тас тізіліпті

Жалғыз төбенің ортан беліндегі тепсеңде тас тізіліпті / Сурет informburo.kz


Жамбыл Артықбаев:

"Император жаз бойғы соғыстан еш нәтиже шықпағанына қатты ашуланды, алдымен Іле бойында тұрғанда Әмірсанадан айырылып қалды, "бар пәле осыларда" деп Церен мен Юй Бао өлім жазасына кесілді. Енді Сарыарқаға қашқан уақытта Абылай мен Әмірсананың әскеріне кездесіп тұрып, ұстай алмағаны үшін деп Дардана мен Хадаха князь "гун" атағынан айырылып, қатардаға солдат қалпына түсті. Әскерді қару-жарақпен, тамақпен қамтамасыз етуге тиіс жүздеген адам өлім жазасына кесілді. Сонымен қытайдың қазақ даласьнан аман келгені өз императорынан көресісін көрді" деп жазды.

Бородино секілді үлкен тарихи кешен жасау керек

Бұл туралы Әскери-тарихи музей басшысы Нұртаза Асылов айтты:

– Ресей Франциямен соғысқан Бородинода алып ескерткіш кешен тұрғызды. Сол арқылы отаншылдық тәрбиені жүргізіп, тарихын насихаттап отыр. Ал "Шүршіт қырылған"-да да дәл сондай ескерткіш кешен салуымыз керек. Ол жер Нұр-Сұлтанға жақын. Жолы да жақсы.

Екіншіден, онда қазақ тарихындағы ең үлкен ұрыс өткен және қазақ жағы ұлы жеңіске қол жеткізген.

Үшіншіден, бұл – ұрпақ үшін қажет шара.

Төртіншіден, "аруақ разы болмай тірі жарымайды" деген сөз бар. Осы тәуелсіз еліміз, осынша байтақ жеріміз үшін қан төккен батыр бабаларымыздың рухын дәріптеу, ерлігін үлгі ету – біздің борышымыз, – дейді.

Серіктестер жаңалықтары