Батыс медицинасының орны бөлек. Онда қалыптасқан диагноз қою тәсілдері мен емдеудің химиялық түрлі жолдары дамыған. Сонымен қатар диагнозды анықтаудың жаңа технологиясын да қоса дамытып жатыр. Бірақ, Батыс медицинасынан өзге ұстаныммен Шығыс медицина саласы да дамып келеді.
Мұнда "аурудың өзімен ғана емес, себеп-салдарымен де күресу керек" дегенді алға тарта отырып, табиғи жолмен емдеуге баса мән бере бастады. Осындай ұстаныммен өздерінің озық медициналық тәсілдерін алға ұстап келе жатқан Қытай, Корей медициналық орталықтары Орта Азияны ғана емес, Батыс елдеріне де дендеп кіре бастады. Бұл қатарды соңғы кездері Тибет медицинасы толықтара түсті.
Бұның бәрі де қазіргі қоғамның, адамның сұранысынан туындап отыр. Өйткені, түрлі химикаттан адамның ағзасын қойып, табиғаттың өзінің зардап шегіп жатқаны туралы сол Батыс елі дабыл қағуда. Осыны басты назарда ұстаған қытай мен кәріс елдері табиғи жолмен емдеуді ұран ете отырып, өздерінің медициналық туризмін қалыптастырып үлгерді. Соның арқасында ұлттық медицинасын жаппай дамытуға бағыт алды. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл толса да, қазақ ұлттық медицинасы қандай деңгейде деп емес, неге ол бізде қайда деп іздейтіндей қалдеміз?
"Қазақтың ұлттық медицинасын Кеңес үкіметі жоққа шығаруға тырысты"
Бізде қазақ медицинасын дамытқанды қойып, әлі күнге ондай түсінік те қалыптаспаған. Қазақ емшілігі десе – бүгінгі халықтың санасы шаманизмнен қалған қара ем деген түсініктен ары аспай тұр. Қазақ медицинасы қара емнің қалқасында қалып қойған жоқ па әлде ол қазақ даласында мүлдем жоқ ғылым ба?
– Ғылымның қандай түрі болсын, құл иеленуші, отарлаушы елдерде жақсы дамыды. Біз – отар болған елміз. Сондықтан біздегі ғылым саласы озбыр елдердің қысымына түсті. Қазақтың ұлттық медицина саласын, Кеңес үкіметі кезінде жоққа шығаруға тырысты.
Біздегі халықтық ем ертеден қалыптасқан, бірақ оны қара ем деп бұрмалап, халықтың санасына сіңіріп тастаған. Қазір халық қара ем мен қазақ емшілігін ажырата алмайды. Қазақта мәдениет пен әдебиет ғана емес, түрлі ғылым саласының да түп негізі бар. Оны зерттеп-зерделейтін мүмкіндік осыған дейін болған жоқ. Енді туды. Зерттеп, дамытсақ та кеш қалған жоқпыз, – дейді дәрігер Рашат Құсыманұлы
Қара ем мен қазақ емшілігінің айырмашылығы...
Қара ем десе, көз алдыңа бірде тұтанған қара киіз немесе адыраспан, тіпті болмаса маймен сылау, одан әрі қалампыр салынған сумен ұшықтаудың келетіні анық. Бұл – көбінесе дұғамен емдеу. Онда көз тиді дейтін шаманизм түсінігінен қалған ем-домдарды жасайды. Бұнда адам денесін тітіркендіру арқылы ауруға қарсылықты оятуға тырысу басым. Ол көп жағдайда сәтсіздікке әкеледі. Өйткені, онда ғылымилық жоқ, наным-сенім ғана.
Ал қазақ ұлттық емшілігі дегеніміз дәстүрлі медицина саласы. Онда нақты диагноз қою мен емдеудің түрлі жолдары қалыптасқан. Енді осы саланы тереңнен зеріттеп, Батыстың озық емдеуімен ұштастырсақ, біздегі медицина саласы бұданда жоғары дами түсері анық екенін Рашат Құсыманұлы атап айтты.
Медицина – қазақ даласында ертеден бері бар ғылым...
Орта ғасырда атақты ғалымдар, ойшылдар, энциклопедиялық білігі бар ұстаздар Орта Азияда және Қазақ жерінде де жетерліктей болған. Олардың ішінде сол кезеңнің өзінде атақтары бүкіл жер дүниесіне тараған Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Әл-Фараби, Абу Али Ибн Сина, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бастаған ғалымдардың зерттеу еңбектерінің осы күнге дейін сақталуы осының дәлелі.
Әл-Фарабидің (875-955 жж) көпке танымал болған медициналық трактаттары бар. Ондағы фәлсафалық-медициналық түсінігінде табиғи өнім: от, су, ауа, жер болып келетін төрт элементтен құралады деген. Сондықтан медициналық дәрілердің құрамын суық, ыстық, құрғақ және сулы деп төртке бөлген. Сонымен қатар Әл-Фараби медициналық-пәлсапалық ілімінде былай дейді: " Медицина – тәжірибеден туындаған ілім, өзіне сай белгілі заңдылықтары, аурудың түріне лайықты оның неден пайда болатынын, қалай емдеу керектігін анықтап, адам тәнінің сау болуы үшін күрес жүргізетін сала" дейді.
Ибн Сина (980-1037 жж) парсы княздықтарында сарай дәрігері болып қызмет атқарған. Сол кезде Еуропаның дәрігер ғалымдарының өзі оны ерекше құрмет тұтқан. Оның бізге дейін жеткен ең басты еңбегі – 5 бөлімнен құралған "Медицина канондары" кітабы.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1397-1492 жж) "Шипагерлік баян" 15 ғ. жазылып, араға 5 ғасыр салып бүгінгі медицина ғылымына қосылды.
Міне, біздегі Орта ғасырлар дәуіріндегі (VII-XV ғ.ғ) осындай медицина ғылымының негізі болған қазақтың ұлттық медицинасын жоққа шығару мүмкін емес. Біз осы еңбектерді түбегейлі зеріттеп, жинақтап, бүгінгі медицина ғылымына қоса алмай отырмыз. Егер оның бәрін жүйелесек қазақтың ұлттық медицина ғылымына деген сұраныс артқан сайын, медицина туризмі қалыптасар еді. Бірақ, біз өзімізде бар ғылымның қасиетіне үңілуден гөрі, өзгенің қаңсығын таңсық етуден аса алмай отырғанымыз анық.
– Бүгінде ұлттық медицинасын дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау болу керек. Және арнайы зеріттеу орталықтары әр облыстарда ашыса, әр аймақтың өзінде атадан балаға жалғасып келе жатқан емдеу жолдары мен тәсілдері бар. Соның бәрін зерттеп бір жүйеге салып, ұлттық медицина ғылымын дамытуға ат салысу керек, – дейді Рашат Құсыманұлы.
Алтай аймағында "Қазақ шипаханасы"
Қытайдағы Шығыс Түркістанның Алтай аймақтық денсаулық сақтау ұйымы мен Алтай аймақтық медицина зеріттеу орталығы бірлесе отырып, 1984 жылы "Қазақ шипаханасын" құрды. Содан бері 35 жылда ол 15 қабаттық үлкен кленикалық деңгейге айналған. 5000-дай қазақ шипагерплігін зеріттеу еңбегі мен қазақ емшілігінің ерекшелігі туралы ғылыми зеріттеу еңбектері жазылған.
Сонымен қатар ұлттық емдеудің жолдарын ұсынып, үзік емдеу орталығына айналып, Шынжаңдағы халықтармен қатар, онда келген туристерді қазақ медицинасының озық үлгідегі емдеу жолдарын ұсынып отыр.
Қазақ шипагерлігінің басты ерекшелігінің бірі – диагноз қою
Қазақ шипагерлігінде ауруларға диагноз қою өлшемдері туралы Шынжаң ғылым-техника баспасынан шыққан "Қазақ дәрігерлік шежіресі" атты ғылыми зеріттеулер жинақ кітабында былай дейді, ауруды емдеп жазудың бірден-бір шарты- дұрыс диагноз қоюда. Қазақ шипагерлігінде науқасқа дұрыс диагноз қою бес саты бойынша жүреді. Ол: қарау, сұрау, ұстау, тыңдау, иіскеу қатарлы бөлімдерден тұрады.
Қарау. Науқастың жалпы бейнесі, рухани көңіл-күйі, өң-реті, тілдік формасы, ауз қуысындағы өңезінің өңі қатарлы сыртқы бет-жүзін бақылау, соның ішінде көз жанары мен тілдік формасына қатты мән беріледі. Көз жанары жақсы болса, науқас ахуалының тым ауыр емес екендігін білдіреді. Мысалы: Бет әлпеттің бозарып тұруы – әлсіздік пен қан аздықты бейнелейді: терінің, көз етінің сарғаюы – бауыр немесе өттің ауруын білдіреді.
Қазақ емшілігінде тілге қарау маңызды саналады. Тіл қалыпты болғанда дымқыл, қызғылыт болады, өңез болмайды.
Сары өңез көбейсе – ыстық асқандық; ақ өңез көбейсе – дененің суықтығы артқанды білдіреді. Тілдің көкшіл, теңбілденіп тұруы қан айналысында бұзылу барлығын көрсетеді, тілдің қанық қызыл болуы – қанның ыстықтығын; құрғап тұруы – ішкі организмдердің зақымдалғандығын байқатады.
Сұрап тексеру. Науқастан ауруының жағдайын сұрап тексеру – науқастың жағдайын айқындап, диагноз қоюға көмегін тигізеді. Қазақ шипагерлігінде науқастың өзінен сұрау, не науқастың ахуалын, ауру жағдайын толық білетін адамнан сұрау негіз етіледі.
Ұстап тексеру. Бұған сыпап тексеру тәсілі де жатады. Сыпап тексеруде ауру адамның организмінің жалпы ақуалы қатты-жұмсақтығы, дымқылдығы, сезімталдығын айқындайды. Сыпап тексеру көбінде құрсақ бөлімін тексергенде пайдаланады. Ал ұстап тексеруде ең басты тамыр ұстау маңызды саналады.
Тамыр ұстаудың ерекшелігі: қазақ шипагерлігінде денедегі әр түрлі дертті басты тамыр арқылы ажыратуға сүйенген. Тамыр ұстау үшін оның соғысының тез-баяулығы, жоғары-төмендігі, ыстық-суықтығы, қатты-жұмсақтығы анықталады. Тамыр ағысы мен соғысына қарай 12 түрге бөлінеді. Ол: қылқыма тамыр, шөкпе тамыр, баяу тамыр, тез соғатын тамыр, керме тамыр, сырғақ тамыр, тебінді тамыр, нәзік тамыр, толқынды тамыр, серпінді тамыр, ретсіз тамыр, тіреп соғатын тамыр.
Иіс арқылы тексеру. Кейбір науқастың бөліп шығарған заттарының иісі диагноз қоюға көмектеседі. Мысалы, бауыр ауруларының демінен күлімсі иіс шығады, несеппен уланғанда, аузынан несеп иісі шығады.
Тыңдап тексеру. Сөйлегендегі, тыныс алғандағы, жөтелгендегі дыбыстың күшті-әлсіздігін тыңдау.
Дәрі-дәрмекті райына қарай қолдану қазақ шипагерлігіндегі ең басты ерекшелік...
Жалпы медицина саласында дәрілердің 90% табиғаттағы өсімдіктер мен жануарлар организмінен дайындалады. Дәрі-дәрмек адам баласына біздің жыл санауымыздан 4-5 ғасырдан бері белгілі. Бұрын грек дәрігері Гиппократ еңбегі жұртшылыққа кеңінен тараған. Одан кейінгі медициналық еңбектер Рим дәрігері Галенің есіммен тығыз байланысты. Атақты азиялық ғалым Ибын Синаның өзі дәрі-дәрмек мәселелеріне қатты мән берген. Адам баласының ежелден ауру-сырқауға қолданып келе жатқан дәрі-дәрмектеінің қайнар көзі табиғат дүниесіндегі өсімдіктер мен жануарлар организмдері. Оларды жинау, жасау, сақтау, пайдаға асыру медицина ғылымына тән болса, оның ем болуы дәрігердегі біліктілікке тәуелді.
– Қытай, Тибет әлде батыс медицинасы болсын бәрінің қолданып жүрген дәрісі бірдей. Бірақ, қазақ шипагерлінде Өтейбойдақтар дәрі-дәрмекті дәлме дәл пайдаланған. Оның райына қатты мән берген. Ыстық райлы, суық райлы, салқын райлы, бейтарап дәрілер деп төртке бөліп қарастырған. Осының арқасындаға қазақ шипагерлігі батыс пен шығыс медицинасынан өзгеше деуге болады.
Мысалға: қара бұрыштыТтибет медицинасы жөтелге қолданса, қытай тұмауға, ал қазақ медицинасы ревматизмге пайдаланады. Ал адыраспанды қытай шипагерлі қабыну мен суықтық ауруларына істеткен болса, қазақ шипагерлігінде іштегі өспе ауруларын, талма аурулары мен әйелдердегі жатыр ауруларына қолданған. Дәрі-дәрмек бір, бірақ оның ауруға қолдануы басқа. Медицинадағы басты ерекшелік диагноз қоюмен емдеуде, – дейді Рашат Құсыманұлы.
Қазақстанда дәрлік шөптердің көп бөлігі, Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайда өседі. Ал қалған бөлігі ыстық белдеулікте әсіресе оңтүстік жақтағы құмды аймақтарда басымдау. Қазір елімізде кейбір дәрілік шөптердің өсуі сиреп кеткен, соларды қорғауға ала отырып, қолдан өсіру керек.
|
Біздің елде өспейтінде дәрілік шөптердің де түрлері көп. Оның бәрін сырттан импорттағаннан көрі, тұқымын әкеліп өзіміз өсіргеніміз отандық дәрі-дәрмек өндірісіне пайдалы екенін Рашат Құсыманұлы атап айтты. |
Рашат Құсыманұлы. 1984 жылы Аймағы Көктоғай ауданында туған. Дәрігер, мықты тамыршы, 500 түрлі шөптің дәрілік қасиетін меңгерген білікті маман.
Қазір біліктілігі қалыптаспаған жеке адамдар бизнес көзі үшін емшілікпен жаппай айналыса бастады...
Массаж жасау, лонқа төңкеру, қан алу, булау – бұл қазақ шипагерлігінің түп негізі емес, халық арасында жалпыласып кеткен, қарапайым халықтық ем ғана.
Бұндай емдеумен денедегі қан айналысын жақсартып, зат алмасуды ретке келтіруге, буын аурулары мен остеохондрозды емдеуге болады.
Бірақ, науқасты аурудан толықтай бұндай тәсіл арқылы емдеу мүмкін емес.
– Бүгінде біліктілігі қалыптаспаған адамдардың өзі, бизнес көзі үшін қарапайым халықтық еммен жаппай айналыса бастады. Солардың көбі массажды қытай медицинасымен шатастырады, бірақ массаж қазақ медицина тарихында ертеден бері бар, оны "Шипагерлік баянда" ысқыма-қыс деп атаған. Ал лонқа қоюды хиджама деп дінмен байланыстырғысы келетіндер де көп.
Лонқа қою – қазақ даласында дінен бұрын қалыптасқан қазақтың қарапайым халықтық емі. Ертеде қазақтар күміс, алтын, жез лонқалар пайдаланған, бұл металдардың адам организміне беретін емдік қасиетіне байланысты қолданған. Булау да – қазақтың қарапайым ұлттық емінің бірі. Оны қазақтарда отырма булау, бу бұлау,сүйек бұлау, тас бұлау, тері бұлау, жын бұлау, құмырсқа илеуі бұлау деп қолданған, – дейді дәрігер Қиысбай Ниқыұлы.
Қазақ ішкі 12 мүше мен сыртқы 12 мүшенің он түрлі жарасылымдық тепе-теңдігін негізе ала отырып, емдейді...
"Шипагерлік баянда" сонау XIV-XV ғасырдың өзінде адам организмін 24 мүшеге жіктеген – сыртқы 12 мүше, ішікі 12 мүше деп. Мысалға, көзі көрмей қалса, бірінші бауырды емдейді. Бауырды емдеп, қуаттандыру арқылы көздің көруін қалпына келтіреді.
Егер тері ауру пайда болатын болса, онда ішкі организмдегі асқазан мен баурды, өтті негіз ете отырып емдейді. Қан қысымды қазақ шипагерлігінде, ең бірінші асқазан мен бауырдағы майларды ыдырату мен денедегі қан айналымды жақсарту арқылы қалыпқа келтіреді. Ал Батыс медицинасында қан қысымды түсіру үшін тікелей қанды сұйылту арқылы емдейді. Тері ауруларында, басқада ауруларды тікелей тәсілмен емдейді.
Қазір халық арасында аурудың түрлері жыл өткен сайын көбейіп келеді...
– Ауадағы ластық пен тағамдағы құнарлықтың өзгеруіне байланысты жыл өткен сайын халық арасында қазір тері ауруларының түрлері көбейген. Соның ішінде алапес, теміреткі, ірілі-ұсақты тері қотырлары мен сулы жаралар көбейіп жатыр. Қант диабетінің асқынған түрлері мен рак, әйелдердегі түрлі жатыр аурулары, ерлердегі белсіздік жаппай белең алуда. Оның үстіне қазір ұлттық медицинаны қойып, отандық медицина саласы ауылды жерлерді толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр, – дейді дәрігер Қиысбай Ниқыұлы.
Ұлттық медицинаның мемлекетке де, ғылымға да берері мол. Тек оған қолдау керек.