Тікелей эфир

Ши Жинпиң Қытайдың жаңа саяси бағдарын жариялады

Сурет baidu.com сайтынан алынды
Сурет baidu.com сайтынан алынды
2280 партия уәкілі қатысқан Қытай коммунистік партиясының кезекті XIX құрылтайы бүгін аяқталды. Құрылтай және Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) саясаты туралы талдау.

2012 жылы Ху Жинтау (Hu Jintao) партияның төрағалық орнын Ши Жинпиңге (Си Цзиньпин, 习近平) берді. 2013 жылы Бүкілқытайлық Халық Құрылтайы кезінде мемлекет төрағасы атанды. Осылайша бесінші ұрпақ өкілі Қытай басшылығына келді.

2017 жылы 18 қазанда басталған Қытай Коммунистік Партиясының XIX құрылтайында Ши Жинпиңнің партияның 10-шы кезекті басшысы етіп тағы да сайланғаны белгілі болды.

Ши Жинпиңнің "жаңа дәуірдегі қытайша социализм идеясы"

Бұдан бұрын Мау Зыдұң (Mao Zidong), Дың Шияупиң ( Deng Xiaoping), Жяң Зымин (jiang Zemin), Ху Жинтао (Hou Jintao) бастаған төрт ұрпақтың Қытай билігінде болғанын білеміз.

Есімізге алсақ, "Мау Зыдоң идеясы" деп аталатын саяси бағыт ҚКП-ның VII кезекті құрылтайында, "Дың Шияупиң назариясы" 1997 жылы XV құрылтайда партия жарғысына енді. Жяң Зыминнің (Jiang Zemin) "Үшке уәкілдік ету" деп аталатын идеясы ҚКП-ның XVI құрылтайда, Ху Жинтаудың (Hou Jintao) "Ғылыми даму көзқарасы" XVII құрылтайда жарғыға енгізілді.

Ал осы жолы Ши Жинпиңнің "Жаңа дәуірдегі қытайша социализм идеясы" жетекші болып танылды. Әрі партия жарғысына енгізілді.

"Жаңа дәуірдегі қытайша социализм идеясы" – партия басшылығына табанды болып, алғашқы мақсатты ұмытпай, борышты еске мықты ұстап, қытайша социализм ұлы туын биік көтеріп, дөңгелек дәулетті қоғам құруды, жаңғырған, құдіретті, бай, көркем ел етіп, құрып шығуды, жаңа дәуірдегі социализмнің ұлы жеңісіне қол жеткізуді көздейді.

200 жылдық нысана: Дөңгелек дәулетті қоғам, гүлденген әрі құдіретті ел құру

Бұл туралы Ши мырза баяндамасында жариялады. "Қытай КП мемлекеттік XIX құрылтайы мен XX құрылтайына дейінгі кезең "Қос 100 жылдық" күрес нысанасының тарихи тоғысу кезеңі болды" делінген.

Баяндамада: "Жаппай дөңгелек дәулетті қоғам құрып шығып, бірінші 100 жылдық күрес нысанасын жүзеге асыру әрі осы қолайлы сәтті пайдаланып, жаппай жаңғырған социалистік мемлекет құрудың жаңа сапарын бастап, екінші 100 жылдық күрес нысанасын орындауға жорық жасау керек" деп алға қойылды.

200 жылдық күрес нысанасын жүзеге асыруды "Үш нысана", "Екі кезең", "Екі сатыға" бөліп жүргізу қарастырылған.

  • Бірінші 100 жылдық күрес нысанасының шегі 2020 жылға дейін болып, сол кезде дөңгелек дәулетті қоғам құрып шығу.
  • 2035 жылға дейін социалистік жаңғыруды жүзеге асыру.
  • Осы ғасырдың ортасына дейін бай, құдіретті, демократиялы, өркениетті, жарасымды, көркем, жаңғырған, құдіретті, социалистік ел құру.
  • "Екі кезең", "Екі саты" – осы ғасырдың ортасына дейін "екі 15 жылдық" күрес нысанасы бойынша орналастырылған.

Құрылтайға дейінгі 5 жыл. Ши Жинпиңнің тағын сақтап қалу үшін арпалысы

Олай деуге негіз бар. 2012 жылы 8 қарашада өткен Қытай компартиясының XVIII кезекті құрылтайында билік басына келген Ши Жинпиң өткен бес жылда ауыр тарихи белестермен есте қалды.

Ол кезде бұрынғы төраға Жиаң Зыминнан бастап жемқорлық жайлап, партия беделі төмендеген әрі саяси ділі іріп-шіріген, басшылықта бақталастық етек алған болатын. Алайда ол экономикалық өрлеу кезеңіне дөп келді.

Ши мырза алдымен әскери билікті қолына алды, әрі тазалауды бастады. Сонымен бірге құқық қорғау орындарын өз ырқына көндіріп, кедергілерді жойғаны белгілі. Бұл бір жағынан Ши мырзаның бақталастары мен жауларын құртуға да мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Сарапшылар бұл жолғы құрылтай қарсаңындағы дайындықтың қатты әрі өте мұқият болғанын осы мәселелермен де байланыстырып отыр.

Себебі, Ши мырзаның бақталастары өте қуатты әрі көп, оның үстіне сотталған және атылған неше мыңдаған басшылар мен байлардың, олардың туыстары мен достарының, сыбайластарының да өшпенділігі бар екені белгілі.

Сол үшін құрылтайға тура жылға жуық дайындық жүрді. Әскери және құқықтық тәртіп күшейтіліп, күмәнді тұлғалар бірден тексеруге және саяси үйренуге жіберіліп отырды.

WeChat, Whats App сияқты әлеуметтік желілер қатаң бақыланып, түрлі сала бойынша шетелмен байланыстағы адамдар да тексеруден қағыс қалған жоқ. Жалпы алғанда бұл – Ши мырза мен оның жақтастарының сақтық шаралары екені белгілі.

Шинжиаң автономиялы ауданында орын алған түрлі қысымдардың күшеюі мен жалпылама саяси үйрену науқандарының жиілеуін де осы себеппен түсіндіретіндер бар.

Ұлтының, танысының, туысының кім екендігіне, байлығына қарамай "басын алу" саясаты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бұл түрі – "түлкі аулау", "жолбарыс соғу" деп аталды.

Керемет көп байлығы болмаса да, жеткілікті командасы бар Ши мырза өз реформасын жүзеге асыруды, өз билігін қамтамасыз ететін жұмысты ең алдымен "жемқорлықпен күрестен" бастады. Партия басшылығы, ел билігімен қатар әскери билікті бір қолға ұстаған Ши мырза ешкімді де аяған жоқ. Орайы келгенде жолында тұрған саяси бақталастарын да құртты.

Атап айтқанда, жүз мыңдаған жемқорлар мен саяси шіріген (негізі өз пайдасын саяси міндеттемелерінен жоғары көретін адамдарды қытайлар "саяси жақтан іріп-шірігендер" деп атайды) тұлғалар түрмеге қамалып, триллиондаған халық ақшасы ел бюджетіне қайтты.

Мысалы, 2012 жылы 120 мың адам жемқорлығы үшін және "жең ұшынан жалғасқандар" ретінде жазаланса, 2015 жылы 300 мың адам құрықталған. Мемлекеттің жоғары басшылары мен миллиардтаған ақшасы бар байлар да жазадан құтыла алмады.

Қытай жаңалықтары сайтының жазуынша 2014 -2015 жылдардың өзінде 16 қытай генералы қамауға алынып, 30-дан астам жоғары дәрежелі әскери шенді тексеруге іліккен. Желіде "Қытай генералдары әскери стратегияға емес, рахатқа берілді. Ақшаға құнығып, атақ пен мансапқа мастанды. Сыбайласты. Армияның беделі мен сапасына нұқсан келтірді" деген жарияланымдар қаптап кеткен болатын.

Мысалы, 2014 жылы генерал Шүй Сайхоу (Xu Caihou) мәнсап сатып, ақша қымқырғаны үшін түрмеге тоғытылса, 2015 жылдың ақпан айында Қытайдың жоғарғы соты Лю Хан (Liu Han) дейтiн жарты миллиард АҚШ доллары бар байды ботадай боздатып өлiм жазасына кестi. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылған болатын.

Міне осылайша, байлығы мен жоғары мансабы, дәрежесі де ешкімді құтқара алмады. Ашық түрде атылған және жазаланған жемқорларды көрген қытай шенеуніктерінің жандары мұрындарының ұшына келгені ақиқат. Мыңды атып, миллионға үлгі көрсеткен Ши бастаған Қытай билігі мұнымен тоқтап қалмай, шет ел жағалап, бой тасалаған бай-манаптарды да ұстап әкеліп, жазасын беріп жатыр.

Қытай үкіметі 2014 жылы 5 желтоқсанда АҚШ-та бойтасалап жүрген сыбайлас жемқорлықпен айналысқан жүзден астам адамның аты-жөні бар тізімді жариялады. Арасында Корея, Ресей, Сингапур және Америка, Еуропа құрлығында қашып жүргендер де бар.

2014 жылдың соңына дейін шетелге қашқан 700-ден астам қылмыскерді еліне оралту арқылы Қытай экономикасына 500 миллион доллар құйған. 2015-2017 жылдар аралығында ұстап әкелінгендердің саны еселеп артты.


Атылу алдында жылап отырған қытай мултимиллонері Лю Хан

Атылу алдында жылап отырған қытай мультимиллонері Лю Хан / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Партияны тазалау және стилін дұрыстау саясаты

Партия стилі – партия мүшелерінің күнделікті әрекет өлшемі. Әдеп, сана, идеялық тазалық және қызмет көрсету нормаларының жиынтығы.

Ши мырза партия беделі үшін "Марксизм, Мау Зыдұң идеясына табанды болу, қытайлық ерекшелікке ие социализмді дамыту, идеяны азат етіп, бұрынғылардың мақсатын ұмытпай, борышты есте сақтап, қытайша ерекшелікке ие, жаңғыртылған, гүлденген елді құрып шығу керек" деген бағытты берік ұстанып отыр. Бұл бағыт – халықтың партияға деген сенімін арттыру үшін керек.

"Сыбайласуға қарсы күрес" атымен партия мен билік саласындағы ішкі саясатын және стилін реформалау арқылы билікті орталықтандырып, өзіне қолайлы тұлғаларды басшылыққа көтерді.

"Партия стилін үйрену" ұйымдастырылып, шенеуніктердің қонақасына – аспа-төк ішіп-жеміне тиым салды, тіпті қызметтік көліктерді пайдалануға да түрлі шектемелер қойып, әр аптада бір күн жаяу не автобуспен жүруді міндеттеді. Іс-сапар қаражатын кемітті. Мұның барлығы халықтың тілегінен шықты. Осылайша партияның беделін қайта тіктеп, халық пен биліктің арасын жақындатуға септігін тигізді.

"Бір белдеу – бір жол" бағыдарламасы – Ши Жинпиңнің ең үлкен жетістігі

Көрші елдің алдында тұрған тағы бір басты міндет – Қытайды шетелге бағыттау болатын. Теңіз жолдарында туындаған түрлі даулар мен аралдар таласында оңтүстік теңіздегі ықпалынан айырыла бастаған Қытай енді жолды батыстан іздеді. Яғни, құрлық жолы арқылы да Еуропа және Араб, Парсы елдеріне шығуға мүмкіндік іздеді. Міне дәл осы түйінді Ши мырза оңтайлы шешті.

Ши мырза алға қойған "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасы қарқын алып, Азия мен Еуропа аралығындағы құрлықтық көпірге айналып барады. Сол мақсатта "Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы" мен темір жол желісі Еуропамен тұтасты.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы" – Қытайдың Лианюнгаң (Lian Yun Gang) портынан шығып, Қазақстан арқылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласына дейін жалғасады.

2016 жылы наурыз айында құрылысы басталған бұл тасжолдың ұзындығы 8445 шақырым. Қытай территориясындағы ұзындығы 3425, Қазақстанда – 2787, Ресейде – 2233 шақырым жерді басып өтеді. Бұл жол арқылы зат тасымалдау – Қытайдың теңіз арқылы тасымалдауға кететін уақытын 45 күннен 10 күнге дейін қысқартып отыр. Бұл туралы Шиншиаң газеті 12 қазанда хабарлаған болатын.

2017 жылы 19 қазан күні Қытай – Еуропа кезекті пойызының 500-ші сапары туралы жаңалық тарады. Аталған пойыз 2016 жылы тамыздың 26 күні алғаш рет жолға шыққан-ды.

Қазір әр күні зат тиелген пойыздар Еуропаны бетке алып, ағылып жатыр. Қайтар жолында Еуропалық заттармен қатар Қазақстанның астығын да тасып әкелетіндігі белгілі болды.

Жалпы осы жоба бойынша бір жылда тас жол арқылы 3,5 млн тонна, темір жол арқылы 1 млн 182 мың тонна зат жеткізілген. Бұл бір миллард АҚШ доллары мөлшеріндегі экономикалық құнды құрайды.


Қытай 19 қазан күні қытай-еуропа кезекші поезінің 500 реткісін шығарып салған сәті

19 қазан күні Қытай-Еуропа пойызын 500-ші сапарға шығарып салған сәті / Сурет ts.cn сайтынан алынды


Қытайлықтардың Ши Жинпиңнен күткен үміті ақталып жатыр ма?

Халқының саны мен дамыған экономикасы арқылы әлемді қорқытып отырған алып держава Қытай Компартиясының басшысының алмасқанына 5 жыл.

Осы мерзімде қандай өзгерістер болды? Бұл туралы британдық "Guardian", қытайлық "Соху", "Mailonline", АҚШ-тың "Shanghaist" порталдары осы Қытай саясатын кеңінен талқылай бастады.

Тіпті Guardian порталы Қытай саяси жақтан өзгеріссіз, реформасыз қалатыны туралы сараптамаларды жариялаған болатын. Ал бізде осы сауалға байланысты өз жорамалымызды жариялауды жөн көрдік.

Біріншіден... Экономикалық реформаның нәтижесі көңіл көншітпей отыр

Соңғы жылдары белең алған зат бағасының қымбаттауы Қытай қоғамында үрей тудырды, себебі халықтың басым бөлігінің тұтынушылық қабілеті біршама төмен және орта тап өкілдері үшін экономиканың шайқалуы күтпеген жағдай. Бірден әлемдегі екінші экономикалық державаға көтерілген Қытайдың аяқ астынан әлсіреуі қытайлардың сеніміне дақ түсірді.Сондықтан да зат бағасын бақылауды күшейтіп, еркін базарға мүмкіндік бере алмай отыр.

Экономикалық сыбайлас-жемқорлықты тежеу үшін Қытай мемлекеттік зат бағасын басқарып-бақылау комитеті арқылы шикізат базарын, өндіріс орындарын, базар шаруашылығын, сауда-өнеркәсіп саласын қатаң бақылауда ұстап отыр. Сапалы экономика құру мақсатында жеке компанияларды да жіті қадағалайды. Соның нәтижесінде жалған әрі сапасыз зат өндіретін мыңдаған зауыт-фабрикалардың жұмысын тоқтатып, жауапкершілікке тартты. Оңтүстік аймақтардағы мыңдаған зауыттардың жабылды.

Сонымен бірге еңбек күш шығынының артуы мен саяси сенімсіздіктердің асқынуынан көптеген шетел компаниялары Қытайдан шетелге көшірілгені де белгілі.

Үкіметтің негізгі сатыға құйған қаржысын жекелеген компаниялар иеленіп кетуі шектелгенімен, жылжымайтын мүлік саласы тоқырап, үйлесімді нарық ортасын құра алмады. Жарна нарығының тұрақсыздығы, құнды заттар базарындағы алаяқтық сияқты жәйттер халықтың жүйкесін жұқартып жіберді. Халық қаржыларын банктерге жаппай аударып, қаржы айналымы тоқырай бастады.

Әлеуметтік сала күрделеніп барады

Себебі, қартайған адамдардың санының артуы зейнетақы жүйесін де өзгертуді талап етеді. 10-15 жылдан кейін болатын әлеуметтік жағдайға қазірден бастап дайындалмаса, үкіметке ауыртпалық арта түседі.

Шетел инвесторлері Қытайды үлкен зауыт немесе зауыт салатын аймақ ретінде қарады

Және соңғы кезде Қытайдан қоныс аударып жатыр.

Осылайша еңбеккүші арзан, өнімділігі жоғары, мемлекеттің жеңілдетілген қаржысы мен саясатын пайдаланған шетел инвесторлары мемлекетті де, халықты да қанады.

Сонымен, ақша шетелге аққан экономикалық жүйе қалыптаса бастады. Жоғары техникалы зауыттарға миллиардтап қаржы салғаннан гөрі, арзан еңбеккүшті негіз еткен төмен техникалы зауыттар жүйесі алда құлайды деген сөз.

Себебі, қартая бастаған жұмысшылар зейнетке шыққанда, жастардың қара жұмысқа бара қоюы екіталай. Ал экономикалық кризистің дауылы соғып тұрған батыс бизнесмендері әзірше технологиясы жоғары салаға ауысуға асығар емес.

Қытайға бәсекелес болып отырған "Шығыстың төрт айдаһары" – Жапон, Корея, Тайван, Сингапур қатарлы елдерге енді Малайзия, Тайланд, Филиппин, Индонезия қосылып отыр. Инвесторлар енді соларды да паналай алады.

Қытай байлары мен шенеуніктері шетелге кетуді мұрат тұтады

Міне, бұл – Қытай ақшасының құнсыздануының тағы бір себебі. Шетел асқан миллиардтаған қаржының кесірінен құнсызданған ақшаның орнын өзі толтыру арқылы мемлекет юанды тұрақты ұстап тұруға мәжбүр. Ал оған АҚШ долларының қысымын қосыңыз.

Қытай енді өндіруші елден тұтынушы елге айналуы мүмкін

Есін жия бастаған көршілері мен батыс елдері, Шығыс Оңтүстік Азия елдері Қытай базарына бағыттап, экономикалық жүйе жасауда. Әсіресе Ресей мен Қазақстан бұл жөнінен алда келеді.

Бейжің университетіндегі дамуды зерттеу институтының директоры Яу Яң Қытайды экономикалық заңдылықтың қатал талаптарына төтеп бере алмай отыр деп санайды.

Яу Яңның көзқарасынша, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыстың кесірінен Қытай экономикасы қысқарып отыр. Тағы бір себеп, ішкі экономикалық дамудың құрылымдық трансформациямен бетпе-бет келуі. Сол үшін Қытайдың Орталық банкі құнсызданудың алдын алуға мәжбүр.

Екіншіден... Саяси реформалар күтілген еді. Себебі:

Жемқорлықпен күресте жоғары нәтижеге жетті. Қытайлар санасы ауыса бастаған ұлтқа айналды. Олар үшін ең керекті нәрсе –байлық. Баю керек. Міне, осылайша ақшақұмарлар мен билікқұмарлар сахнаға шықты. Бұл, тіпті, орталық аппаратты да шарпыды.

Ши Жинпиң төраға бастаған Қытай үкіметі оған қарсы ашық күреске шықты. Жүздеген мың жемқорлар мен саяси сыбайластыққа жол берген басшылар түрмеге отырғызылып, партия бағыты қайтадан түзелді. Бұл миллиардттаған ақшаның шетелге ағылуын шектеп, бюджет қоржынын қампайтты.

Алайда, бұрыннан орныққан, тамыры тереңге кеткен кландардың әлі де қауқарлы екенін еске алсақ, бұның барлығы әлі де жеткіліксіз. Мысалы, Шинжиаң өлкесінің бұрынғы партия төрағасы Уаң Лычуанды жазалаудың орнына лауазымын өсіріп алып кеткені белгілі.

Ал жемқорлықпен күресуде аты шыққан Бо Шилай (орысша Бо Силай – авт.) "адам өліміне қатысы бар" әйелі үшін жұмыстан аластатылды. Уен Жиабау (орысша Вен Жиабао – авт.) әулетінің 2,7 миллиард байлығы тексерусіз қалды.

Үшіншіден... Саяси бақталастық. Әзірше Ши мырза алда

Бұл – Қытай басшылығының қазіргі ауруы.

Жиаң Зыминнен кейінгі Ху Жинтао (орысша Ху Цзиньтао – авт.) басшылыққа келгенде командалық жүйе қалыптаса бастады. Қытайда соңғы жылдары мафиялық биліктің қатты дамығанын ескерсек, бұл аурудың билікті де айналып өтпегенін аңғаруға болады.

Ши мырза да өз командасын жасақтап, өзіне қатер төндірген топтарды құрта бастағаны жасырын емес.

Сол себепті, осы жолғы құрылтай қарсаңында барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Тіпті, бір жылдан бері саяси науқандар, жаппай тазалау мен жазалау жүргізілгені белгілі.

Төртінші... Рухани саладағы құлдырау тоқтамай тұр

Бұл – нан мен жатын орынды шешуді мақсат еткен елдер үшін өте қиын жағдай. Одан шығу үшін де мемлекет пен қоғам болып күресетін орта керек. Дін мен ділден алыстаған халықты қайта оралту оңай бола қоймасы белгілі. Ал Қытай бұл салада ешқандай жүйелі жұмыс жасамай отыр.

Басты себептердің бірі, "жалғыз бала алу" саясаты кезінде туылған балалар өсіп шықты. Бұл – "жалғызды жауға салма, дауға салма" деген бабаларымыздың сөзін еске түсіреді.

Тым өзімшіл жас буын еңбектен қашып, оңай ақша табудың соңына түскен. Яғни байлық пен билікті мұрат тұтқан топ пайда болды.

Бесінші... Зор қытайшылдық пен қытайландыру саясаты белең алды

Бұл тек саны аз ұлттарды ғана емес, сол аймақтарда тұрып жатқан жергілікті қытайлардың да наразылығын тудырып отыр.

Соңғы жылдары Шинжиаң Ұйғыр автономиялы округі, Тибет, Ішкі Монғолия автономиялы округі, Ниңшиа Дұңған автономиялы округі және басқа да аз санды ұлттар жиі қоныстанған өңірлерде басқыншылық саясаттың белең алғаны өтірік емес.

Қытай ұлтынан басқа адамдардың өмір сүру құқы аяққа тапталып, дін мен тілге және салт-дәстүрге шектеу қойылып жатқанын әлем жұртшылығы жарыса жазып жатыр.

Мұндағы басты себеп, мемлекеттік толқулардан қорыққан Ши басқарған биліктің шектен тыс өзімшілдігі болса керек.

Бұл мәселе қазақтардың да наразылығын тудырып отыр. Әрине, әңгіме Қытайдағы қазақтардың еш себепсіз сотталулары, тіл мен дінге және салт-дәстүрге шектеу қойылуы туралы.

Қазір ондай аз санды ұлт басым өңірлерге қоныстандырылған қытайлар саны бейресми мәліметтерде 30 миллионнан асып кеткен. Сол үшін Баркөл, Алтай, Іле аймақтарында жергілікті қытайлар мен ішкі жақтан келген қытайлар арасында келіспеушілік туындап, тіпті, қарсылық ереуілдері де өткізілген.

Ішкі Монғолия автономиялы округінде таза монғолдан 30% ғана қалған, басқасы ассимиляцияға ұшырап, қытайланып кеткен. Ал бұл саясат басқа ұлттық аймақтарда да жүргізіліп жатыр.

Сонымен... Ши Жинпиң бар билікті бір қолға шоғырландырды

Қытай кез-келген жағдайда жасырын жұмыс жасауға әдеттенген. Үндемей жүріп үйдей пәлені шығаратын қытай менталитеті ел билігіне де дарыған.

Мұнда экономикалық тұрғыдан реформалар болады, бірақ саяси салада еш өзгерістің болмайтыны белгілі болды. Себебі экономикалық қуатты сақтап қалу кезек күттірмейтін мәселе.

Ал саяси жүйе жөнінен алғанда өзара ымыраласқан топ билігі ұзаққа кеткелі тұр. Тіпті енді биліктің жоғарғы саласына кіру үшін де сол топтың үдесінен шығу керек болады. Сонымен, "орнын алмастырғанмен қосылғыштың мәні өзгермейтін" билік жүйесі енді Қытайға да енуі мүмкін.

Себебі, қытай сарапшыларының бір бөлігі Ши мырзаның басшылығының осы жолы 2 кезекке ұзартылуы қалыпты іс, тіпті, 3 және 4 кезекке дейін ұзартылуы мүмкін деген болжамдар айтып жатыр.

Тағы бір мәселе, аз санды ұлттар мен қытайлар арасындағы, көптен бері тұрып келе жатқан, жергілікті саналатын және көшіп келіп жатқан қытайлар арасында алауыздық ұлғаюы мүмкін. Себебі, Ши мырза қазіргі саяси ауқымды өз айтқанымен жүргізбек. Сол үшін де орнықтылық туралы баса дәріптеген тәрізді.

Неде болса, алда көре жатармыз. Қазақта "Қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу" деген мақал бар. Ол рас. Бірақ қазанның бір құлағы сынып қалуы да мүмкін ғой. Ендеше бәрі де мүмкін.


23 қазанда партия 3- жалпы мәжілісндегі басшылық алқасының сайлауға дауыс беру сәті

23 қазанда партияның 3 жалпы мәжілісіндегі басшылық алқасының сайлауға дауыс беру сәті / Сурет ts.cn сайтынан алынды


Жаңа саясат Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысқа кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

Қытай үшін Қазақстан "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасының жалғыз шығар жолы. Қытайдың Қазақстаннан асқан стратегиялық серіктес қазір жоқ. Бұл туралы қытай саясаткерлері жиі айтып жүр. Оның үстіне, Қытайдың Қазақстанның энергия көздеріне тәуелділігі де артып келеді. Тағы бір жағынан Қазақстанның экологиялық жасыл азық-түліктеріне де қызығып отыр.

Ал Қазақстан үшін Қытай – өте қажетті алып экономикалық аумақ та әрі ең қауіпті көрші. Сақтық пен салмақ болмаса, кез-келген уақытта жұтып жіберуге дайын.

Ендеше, Қытайдың жаңа саясаты бізге қалай әсер етеді?

Біріншіден, біздің кез келген уақытта Қытайға талап және шарт қоюға мүмкіндігіміз бар. Себебі, Қазақстан – Қытай үшін жауласуға болмайтын серіктес. Бұндай стратегиялық маңызды орынды АҚШ, Түрік әлемі сынды алпауыттардың иеленіп кетуінен қорқып отырғаны сондықтан.

Екіншіден, Ши Жинпиң бастаған партия басшылығының соңғы жылдары Қазақстан халқының жүйкесімен ойнап отырғаны да жасырын емес. Себебі, Қытай соңғы кезде мұндағы 2 миллионға жуық қазаққа қысым жасап, тіл мен дінге, тіпті, Қазақстанмен сауда әрі туыстық байланыс орнатуға ашық тиым салуға тырысып отыр.

Бұл мәселе қазақстандықтардың наразылығын тудырған болатын. Енді халықаралық көлемде көтеріліп, оған Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі де араласа бастағаны беліглі болды.


ҚР Сыртқы істер министрлігі 24.10.2017 Қытайдағы жазықсыз түрмеге алынып, сотталып жатқан қандастарымыздың туыстарымен кездесу өткізеді

ҚР Сыртқы істер министрлігі 24.10.2017 Қытайдағы жазықсыз түрмеге алынып, сотталып жатқан қандастарымыздың туыстарымен кездесу өткізеді / Whats App желісінде таралған ақпарат



Кеше, 23 қазанда ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов журналистердің сұрағына жауап беріп, Қытайдағы қазақ мәселесінің Қытайдағы әріптестерімен бірге талқыланып жатқанын хабарлады. Қытайдың партия құрылтайы өтіп жатқан кезде Қазақ үкіметінің бұл мәселені көтеруі тегіннен тегін болмаса керек.

Әрине, Қытай – алып базар, держава. Бірақ, біреулер айтқандай қорқынышты емес. Мәсел өзімізде. Қайта біз сақтануымыз әрі сатылмауымыз керек. Олай деуге себеп жоқ емес – біздің елдегі жемқорлық пен сыбайластық өте қауіпті деңгейде.

Қалай болмасын, өз несібемізді өзіміз жеп, өркендеуіміз үшін, мәңгілік болуымыз үшін көршімен тату болып, өзара пайдалы байланыстарды дамыту маңызды.

Серіктестер жаңалықтары