ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сейсенбіде Алматыда өткен жиналыста: "Шетелдіктерді көші-қон полициясында міндетті тіркеуді алып тастау" туралы пікір білдірген болатын. Бұл шетелдіктердің уақытын алып, қолайсыздық тудырып ғана қоймай, жемқорлықтың көзіне айналғанын алға тартқан болатын.
Шетелдіктерді міндетті түрде тіркеуді алып тастау жұмысы қалай жүріп жатыр?
"Президент осы мәселені көтергеннен кейін мәселені шешу жағын қарастырып жатырмыз. Ол үшін ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып бірнеше қосымша жұмыстар жүруі керек. Сонымен бірге кей заң актілеріне өзгеріс енуі тиіс. Содан кейін ғана бұл мәселе шешіледі. Ол туралы алда халыққа хабарлайтын боламыз", – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасы Мұрат Қабденов.
Шетелден оралған қандастарымыздың құжаттандыру мәселесі жеңілдетіледі
"Шетелден келіп осында қалғысы келетін адамдар үшін кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізу ұсынылып, ҚР Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
Онда халыққа қызмет көрсету базасы аясында бір терезе қағидасы енгізу қарастырылған. Яғни, шетелден оралған этникалық қазақ сол терезеге барып хабарласады.
Сол жерде дереу жеке сәйкестендіру нөмірі, "оралман" мәртебесі беріледі. Сонан кейін тұрақты тіркеуге отыруға, сонымен бірге азаматтық алуға құжат тапсыра алады", – деді ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.
Галина Сәрсенованың айтуынша, бұрын бірнеше жұмыс жеке-жеке жүргізіліп, 5-6 айға созылатын. Енді қарастырылып жатқан заңдық өзгерістер қабылданғаннан кейін барлығын бір жолда, бір терезеден өткізуге мүмкіндік туады.
"Сонымен бірге, бұрынғыдай әр түрлі мемлекеттік мекемелерге жүгіріп жүрмейді. Алдымен ыхтиярхат алып, сосын азаматтық қайта құжат тапсыратын жағдай енді болмайды. Бір терезеден бір жолда құжат тапсырады да ҚР азаматының жеке бас куәлігін ала алатын мүмкіндік болады", – деп сөзін толықтады Галина Сәрсенова.