Тікелей эфир

Ішек инфекциясынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қауіпті инфекцияның себептері мен алдын алу жолдарын түсіндіреді.

Ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.

Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты.

Оқи отырыңыз: Балалар аллергиясы неге айрықша қауіпті? Дәрігер кеңесі

Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін.

Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ, антисанитарлық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін пайдалану да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп.

"Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жазғы мезгілде арта түседі, – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Өтепова. – Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі мен паразиттің қоздырғыштары сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия микробтары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады".

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

ДДСҰ деректері бойынша, дүние жүзінде жыл сайын диареямен ауырған 1 миллиардқа жуық адам тіркеледі. Олардың 60-70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Балалар арасында жіті инфекциялық диареялардың этиологиялық құрылымы уақыт өте келе өзгереді. Қазір бұл динамика анық байқалып жатыр. Бұған бірнеше себеп бар: тамақ өнімдері өндірісінің жаһандануы, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдату, балалар тағамы өнімдерін консервілеу және пастерлеу, табиғи экологиялық себептер, ЖІИ-дің алдын алудағы және емдеудегі белгілі бір жетістіктер (бірқатар дамыған елдерде ротавирусты инфекцияға қарсы вакцинациялауды енгізу) және өзгелер.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады? Сізге арналған 8 кеңес

Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары:

  • Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
  • Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
  • Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю;
  • Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану. Тамақты ұзақ, тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау;
  • Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
  • Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
  • Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу. Су қоймаларында және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалау;
  • Үйді, ауланы таза ұстау.
Серіктестер жаңалықтары