Informburo.kz үй жануарларын ұшақта немесе пойызда алып жүру үшін қандай шарттарды орындау керектігін мұқият саралап шықты.
№1. Үй жануарларын алып жүру үшін қандай құжаттар қажет?
- Үй жануарының ветеринарлық төлқұжаты;
- Ветеринарлық куәлік (алдын ала анализ тапсыру арқылы өзіңіз тұратын қаланың ветеринарлық бақылау қызметінен аласыз). Ветеринарлық бақылау қызметінің анықтамасы 3 күнге дейін жарамды;
- Микрочип немесе үй жануарын растайтын татуировка (Еуропа елдері мен Малайзия, Тайланд және Түркия үшін).
№2. Үй жануарын купеде алып жүру үшін жол жүру билетін сатып алу керек пе?
Барлық санаттағы пойыздарда үй жануарын, ит пен құсты бөлек купеде алып жүруге ғана рұқсат етіледі. Бұл ретте жолаушы купедегі барлық орынды сатып алады. Жануарды міндетті түрде арнайы торда немесе контейнерде ұстау керек.
№3. Қандай жануарларды бөлек вагонда алып жүру керек?
Барлық санаттағы пойыздар мен вагондарда жабайы жануарларды қол жүгі ретінде алып жүруге болмайды. Ал, жүк вагондарында тасымалдау үшін тасымалдаушының арнайы рұқсаты керек. Егер жабайы жануарлар мен кеміргіштерді алып жүру үшін вагонды қайта жабдықтау қажет болса, оған кететін шығындар жануардың иесі немесе алып жүруші есебінен өтеледі.
№4. Пойыздарда ірі тұқымды иттерді қалай алып жүреді?
Олардың төлем тәртібі басқаша болады. Жүк тарифі бойынша және салмағына қарай ақы төлеу қажет:
- Локомотивтен кейінгі бірінші вагонның жұмысқа арналмаған тамбурында тұмылдырығы (иттің тұмсығына кигізіп қоятын қап) бар екі ит алып жүруге ғана болады. Бұл ретте де ит байлаулыұстайды және осы вагонда орналасқан жануар иесінің немесе алып жүрушінің қарауында болуы міндетті. Алып жүру жүк квитанциясы арқылы рұқсат етіледі және оның беткі жағында "Жүк жолаушының қолында" деген жазба болуы тиіс;
- Жоғары жайлылықтағы вагоннан басқа, купе вагонының бөлек купесінде жануар иесінің немесе алып жүрушінің қарауында болғанда (екі иттен артық емес). Бұл ретте жануар иесі немесе алып жүруші купедегі барлық орындарды сатып алады. Мұндай жағдайда қосымша ақы төленбейді;
- Жануарларды тобымен алып жүру (екеуден көп) пойыздың жүруінен 5 сағат бұрын алдын ала тапсырыс беру арқылы ал, жүк вагонында жалға алу негізінде жүзеге асады;
- Ауданаралық (қалааралық) немесе қала маңы бағытындағы пойыздың тамбурында (екі иттен көп емес) жануар иесінің бақылауымен;
- Жүк вагондарында арнайы контейнерлерде немесе биік аяқты жәшіктерде осы вагонда бара жатқан жануар иесінің немесе алып жүрушінің бақылауымен.
№5. Ұсақ үй жануарларын жүк бөлімдерінде алып жүруге бола ма?
Иа, болады. Бірақ өзіндік шарттары бар. Сізге міндетті түрде "Торда құс бар" деген және жүктің салмағы мен алып бара жатқан жануардың саны көрсетілген түбіртек берілуі тиіс.
- Ұсақ жануарлар мен құстарды және араларды пойыз жүруден бір сағат бұрын қабылдайды;
- Жүк вагонында араларды күз-көктем маусымында цельсий көрсеткіші бойынша 10 градустан жоғары емес ауа температурасында алып жүруге рұқсат етіледі. Араларды арнайы ыдыспен осы пойызда кетіп бара жатқан алып жүрушінің бақылауымен ғана тасымалдауға болады;
- Жолаушы құстар мен ұсақ жануарларды және араларды діттеген стансадан пойыз келгеннен кейін 12 сағаттан кешікпей қабылдап алу қажет.
№6. Жануарды ұшақта алып жүру үшін тор қандай болуы керек?
- Жануар тұратындай, жататындай, керек болса аунайтындай, мейлінше кең және оның қаңқасы мен байланысатын тұстары мықты болуы қажет;
- 3 жақтан жел кіретіндей, негізгі желдеткіш жоғарғы жағынан болғаны дұрыс;
- Таза, су кірмейтін және барынша ылғал соратын материалдан болуы керек (су сорғыш төсенішпен);
- Төгіп-шашылмау үшін контейнердің жиегінде биіктеу қалқанша болуы қажет;
- Ұстайтын тұтқасының болуы;
- Құстарды алып жүруде тор жарық түспейтін материалмен жабылуы қажет.
№7. Жануарды ұшақта алып жүру үшін қанша ақы төлеу керек?
Ең бірінші ұшудан бірнеше күн бұрын жануарды алып ұшатындығыныз туралы әуекомпаниясын хабардар етуіңіз керек. Кейбір әуекомпаиялары жануарды алып жүру туралы алдын ала брондау рәсімі жасалмаса бұл қызметтен бас тартуға толық құқығы бар.
Жануарды бортта не жүк бөлімінде алып жүресіз бе? Онда әрбір әуе компаниясының өз ережесі бар. Кейбіреулері ұсақ үй жануарларын бортта алып жүруге рұқсат етеді. Кейбіреулері тіркелген жүк ретінде әуе кемесінің жабық жүк бөлігінде ғана рұқсат етеді. Ал, егерде ұшақтың арнайы жүк бөлігі болмаса, жануар салынған тор жолаушылар отыратын салонға орналастырылады.
Әуекомпанияларының бір бөлігі антогонистикалық жануарларды, мысалы ит пен мысықты бір салонда алып жүруге рұқсат етпейді. Яғни, мысығыңызды алып ұшпақ болсаңыз, алдын ала тіркелуді ұмытпаңыз, себебі сіз ұшатын ұшақтағы өзге жолаушының бірі осындай қызметті пайдаланып, ит алып жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда екеуіңіздің біреуіңізге әуе компаниясы бұл қызметті көрсетуден бас тартады. Кім бірінші болып тіркелсе сол жолаушыға жануармен ұшуға рұқсат етіледі. Жануардың салмағына нормадан тыс жүк тарифі бойынша қосымша ақы төлеу керек болады.
№8. Қандай жануарларды ұшақпен алып жүруге болмайды?
Бұған қатысты да әрбір әуекомпаниясының өз ережесі бар. Ұшпас бұрын оларды нақтылап алған жөн. Көп жағдайда ірі үй жануарлары мен жабайы, сынама жасалатын жануарларды, кеміргіштерді, аралар мен балық салатын материалдарды алып жүруге рұқсат етілмейді. Кейбір әуекомпаниялары арқылы ұшақтың тек жүк бөлігінде құстар мен кеміргіштерді алып жүруге болады.
№9. Қай елдерге жануарларды алып кіруге тыйым салынған?
Сапарға шықпас бұрын міндетті түрде баратын еліңіздің жануарды кіргізудің ережелерін зерттеп алыңыз. Мысалы, БАӘ-не кез келген құс түрін алып келуге болмайды. Ал рұқсат етілген тұқымды итіңізді немесе мысығыңызды (кейбіріне тыйым салынған) өзіңізбен бірге алып жүру үшін оның құжаттарын жинап, тиісті екпелерін ектірту керек. Бұған қоса, Қоршаған ортаны қорғау және климатты өзгерту министрлігінен анықтама алу қажет. Ол 30 күнге ғана жарамды.
Бірақ, барлық талаптарды орындасаңыз да сізге әуежайда ветеринар маман жануарды алып кіруге рұқсат бермеуі мүмкін. Кейбір әуекомпаниялары мұндай қағазбастылықтан қашу үшін өз ережелерінде БАӘ-не баратын ұшақ салонына жануарларды алмаймыз деп жазып қояды.
Ал Мальтаға иттер мен мысықтарды алып кіруге мүлдем тыйым салынған. Кейбір елдерде жануарларға 14 күннен жарты жылға дейін карантин жарияланады. Әрбір елдің ережелерінің егжей-тегжейін білу үшін сол елдің елшіліктері мен консулдықтарының сайтынан және ветеринарлық клиникаларынан ақпарат ала аласыз.
№10. Жол көрсетуші иттерді пойыздарда немесе ұшақтарда қалай алып жүруге болады?
Зағип жандар өздеріне жол көрсететін иттерді барлық санаттағы вагондарда тегін алып жүре алады. Әуе кемесінің бортында мұндай оқытылған иттердің арнайы сертификатын, тұмылдырығы мен мойнындағы шынжыры болады, контейнерсіз тасымалданады. Жол көрсетуші ит иесінің орындығының астына жайғастырылады.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.