Тікелей эфир

Шарын шатқалында №199 Алматы гимназиясының оқытушысы мен оқушысы көз жұмды

Жоғалған мектеп оқушысы табылды, ол жақында ауруханаға жеткізіледі.

Шарын шатқалында №199 Алматы гимназиясының оқытушысы мен оқушысы көз жұмды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

"Қолда бар ақпарат бойынша, экскурсияға барғандардың арасында 8 оқушы – Алматы қаласының №199 гимназиясының оқушылары болды. Оларды бес оқушының ата-анасы және үш мұғалім ертіп жүрді. Оқыс оқиға салдарынан оқушы қыз бен бейіндік пән мұғалімі қаза тапты. Үш бала зардап шекті, олар ауруханада қанағаттанарлық жағдайда жатыр. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен екі адамның мәйіті табылды


Білім және ғылым министрлігі ата-аналардан балаларымен демалысқа, экскурсияға бару кезінде барынша сақ болуды сұрайды: су қоймаларына түспеңіз, қауіпті жерлерге жақындамаңыз, әрдайым балалардың қасында болыңыз.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлағандай, жоғалып кеткен 11 жастағы оқушы қыз бүгін 09.34-те Шарын өзені бойындағы жағалауды көзбен шолып тексеру кезінде табылды.

"Қызды "Шарын шатқалы" қызметкері тауып алды. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерде жатқан. Шатқалдың биіктігі 800 метрден 1500 метрге дейін. Өзен бойындағы осы учаскедегі жағалау тасты және өтуге қиын. Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары оқушыға дәрігер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қыз жарақат алған, жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланды", – делінген хабарламада.

Қазір жарақат алған адамды білікті медициналық көмек көрсету үшін "Қазавиаспас" АҚ авиациялық техникасын пайдалану арқылы Алматыдағы емдеу мекемесіне жеткізу мәселесі шешілуде.

Еске салайық, қайғылы жағдай 29 мамырда күндіз Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы каньонның төменгі бөлігінде болған. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты, онда сел тасқыны жүріп, маңайда серуендеп жүргендерге кесірін тигізді. Апат салдарынан алты адам жарақат алып, 2 адам қаза тапты. Жарақаттанған тағы бір оқушыны өзен жағасынан құтқарушылар бүгін тапты.

Куәгерлер Шарын шатқалындағы сел тасқынына екі адамның түсіп кеткен сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған болатын.

 

Серіктестер жаңалықтары