Тікелей эфир

"Сергек" камераларына түспеудің амалдары (видео)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астанада жол ережесін бұзғандарды селт етпей түсіретін "Сергек" видеотіркеу жүйесінің қосылғанына 3 күн. 20 сағатта бір жолдың бойынан ғана 130 факт тіркеген.

Астана – автокөлік саны бойынша Қазақстандағы екінші мегаполиске айналды. Тар көшелер кеңейтіліп, жаңа жолдардың салынып жатқанына қарамастан, кептелістер қазір таңертең, түсте, кешке кәдімгідей қолайсыздық тудырады. Оның үстіне, қазір қалада "Bus Lane", яғни, қоғамдық көлік қана жүретін жолдар пайда болды.

Сондай кептелістерде тұрып жүйкесі тозғандар, кейде ерікті-еріксіз жол ережесін бұзатыны анық. Асығып келіп, "Stop" сызығына шығып кетеді немесе "қулық" жасап, автобус жолағына түсіп, тез кете қалғысы келеді. Кептеліс жоқ болса, жылдамдықты асырып, зулай жөнелетіндер де жоқ емес.

Жаңа видео-фототіркеу жүйесі іске қосылғаннан бері, бұл ережелерді бұзсаң, бұрынғыдай тайраңдау жоқ. "Сергек"-тің қырағы көзінен құтыла алмайсыз. Айыппұл төлейсіз.

Неге? "Сергек" соншалықты сергек пе? Жолда жүрген көлік жүргізушісінің әрбір мүлт кеткен жерін "қалт жібермей", бәрін айыппұлға айналдырып, қалтаны қаға берсе, не болмақ? Жалпы "Сергек" қандай алгоритммен жұмыс істейді? Жазықсыздар жазатайым жазаланбай ма? Айыппұлға ілікпеудің жолдары қандай? "Сергек"-тің көзіне түспеудің амалы бар ма?

Міне осы сұрақтарға жауап іздеген informburo.kz тілшісі "Сергек"-тің "жүйкесі мен миын" құрастырған авторлармен кездесті.

Автобустың артына "тығылатын" амал енді жарамайды

2017 жылы Астанада қоғамдық көлік қана жүріруге рұқсат етілген 13 жолақ пайда болды. Бұған дейін 11 көшеде "Bus lane" бар еді. "Экспо-2017" халықаралық көрмесінің қарсаңында ресми тіркелген такси қызметтеріне автобус жолағымен жүруге рұқсат етілген.

Қалған жүргізушілердің барлығына ол жолаққа жол жабық. Болмағанда, үш айлық есептік көрсеткіш (2017 жылы АЕК көлемі 2269 теңге), яғни, 6807 теңге айыппұл төлейсіз.

Бірақ, бұрын бұл айыппұлды жол полиция инспекторының көзіне түскендер ғана төлейтін. Қазір қаладағы жаңа "Сергек" камералары (олардың жалпы саны – 13000, авт.) автобус жолағына түскен көліктердің бірін қалдырмай, тіркеп отырады.

Дегенмен, автобус жолағымен жүрген көлік жүргізушілеріне кей-кейде "кешірім" бар

"Жаңа "Сергек" жүйесі қала жолдарында үш жол ережесін бұзу фактісін анықтай алады. Біріншіден, жылдамдық асырған көліктерді, екіншіден, бағдаршамдағы "Stop" сызығына шығып кеткен және үшіншіден, автобус жолақтарымен жүрген көліктерді камера күні-түні тіркеп отырады", – дейді "Көркем-Телеком" ЖШС-ның директоры Әсет Ахметов. Айта кетелік, "Сергек" видеобақылау жүйесін жасап шығарған осы компания.

Әсет Ахметов осы үш фактіге қатысты камералардың нақты қалай жұмыс істейтінін түгел баяндап берді.

"Астана қаласының жолдарында 300, ал жол қиылыстарында 400-ге жуық камера ілінген. Камералардың жалпы саны – 13 000. Соның ішінде, қаладағы қоғамдық көлік жүретін жолдарда да "Сергек" камералары тұр.

Бірақ, көлік жүргізушілері жақсы біледі, осы жолақтардың бойында оң жақтағы көшелерге, үйлерге, мекемелерге кіретін орындар бар. Мысалы, сіздің үйіңіз жол шетінде, дәлірек айтсақ, автобус жолағының бойында делік. Ондай жерлерде, яғни, автобус жолақтарының бұрылатын орындарында арнайы сызық жатады. Міне, осы жерлерге камера орнатқан жоқпыз.

Айыппұл алмаудың бірінші жолы

Ал, автобус жолақтарының қалған бойына түгелдей, әсіресе, "Тоқтауға болмайды" деген белгілердің тұсына түгел камера орнаттық.

Дәл осы бап бойынша жол ережесін бұзды деп тіркелген көліктерді түгел жол инспекторы тексереді. Автобус жолағымен жүрген, бірақ, мен айтқандай, үйіне, жол бойындағы мекемеге, басқа көшеге бұрылған жүргізушілердің мәліметтері базадан бірден жойылады. Яғни, айыппұл салынбайды", – дейді Әсет Ахметов.


Қаладағы "Сергек" камераларының орналасу картасы.

Қаладағы "Сергек" камераларының орналасу картасы / Фото informburo.kz


Сондықтан, автобус жолымен келе жатып, "Сергек" камераларын байқасаңыз, бұрылатын белгі іздеңіз де сол көшеге, үйге немесе ғимаратқа кіріп-шығып, үлкен жолға қайта түсіңіз. Осылайша, 6807 теңге айыппұлдан құтыласыз.

Екінші...

Екіншіден, қалада көлік апаттары да жиі кездесіп жатады. Адам шығынын ары қылсын, бірақ, кептелістің көбі сол бір-біріне жол бермей, бір-бірін "сызып-жырып" кеткен жүргізушілердің кесірінен болатыны анық. Мұндай сәттерде автобус жолағына түсіп, кептелісті азайтуға рұқсат.

Үшінші...

"Қалада көлік соқтығыстары жиі болатынын білеміз. Сондықтан, автобус жолағына түскен әрбір көлікті жол инспекторы мұқият тексереді деп келістік. Яғни, алдындағы жол апатына байланысты, автобус жолағына түсіп, кептелісті азайтқан жүргізушілер де айыппұлдан босайды. Бірақ, қайталап айтамын, әрбір бейнежазбаны инспектор мұқият қарайды. Егер жол апаты болмай, жүргізуші кептелістен қашу үшін автобус жолағына түссе, оған бірден 3 АЕК айыппұл жазылады. "Bus line"-мен тек қоғамдық көлік және ресми тіркелген таксилер ғана жүре алады", – дейді Әсет Ахметов.

Инспектордан құтылғанмен, камерадан құтыла алмайсыз

Әсет Ахметов пен оның командасы "Сергек" камераларын дайындардың алдында қала жолдарындағы жағдайға жақсылап талдау жасаған екен.

– Кептеліс сағаттарында, немесе бағдаршам істемей қалғанда жол қозғалысын реттейтін инспекторларды жүргізушілердің көбі "басынады", – дейді Әсет Ахметов. – Бірақ, камера адам емес, ол сабылған көліктердің бірін қалдырмай тіркеп, инспектордың тілінде айтсақ, "тоқтатып", айыппұл сала береді.

"Сергек" камералары анықтайтын екінші ереже бұзу фактісі – ол "Stop" сызығын басып кететін, алдыңғы кептеліске қарамай, одан асып кететін жүргізушілерге қатысты. Бірнеше мысал келтіріп, түсіндіріп өтейін.

Біріншіден, кептеліс кезінде алды ашық болмаса да, жасыл жанды екен деп жолдың ортасына шығып алатын жүргізушілер көп. Жол ережесі бойынша, бұл – өте өрескел заң бұзушылық. Көп жағдайда жол реттеп тұрған инспектор немесе патруль көліктері мұндай жүргізушілерге шара қолдана алмай кетеді.

Бірінші жағдайда, инспектор ең алдымен кептелісті азайтуға міндетті, екінші жағдайда, ондай жүргізушілерді тоқтатқан инспектор одан да ұзақ кептеліс тудыратынын түсінеді.

Бірақ, камера – адам емес, жол жағдайын қана саралайды. Сондықтан, "Сергек" камералары алдыңғы жол кептеліп тұрса да, "жасыл", "қызыл" жанып тұрсын, жол қиылысына, үлкен жолдың торабына тұрып алатын жүргізушілерді түгел түсіріп алады. Бұндай жүргізушілерге міндетті түрде айыппұл жазылады", – деп түсіндірді Әсет Ахметов.


Әсет Ахметов "STOP" сызығындағы жағдайды түсіндіріп жатыр

Әсет Ахметов "Stop" сызығындағы жағдайды түсіндіріп жатыр / Фото informburo.kz


"Stop" сызығына тап келгенде, айыппұл төлемеудің амалын үйреніңіз

Ал, бағдаршамның жасыл түсіне үлгере алмай, "Stop" сызығын басып барып немесе одан сәл асып тоқтайтын жүргізушілердің әрекетін әкімшілік полицияның талдау орталығындағы жол инспекторлары мұқият тексеріп шығады.

"Жасыл" түске үлгеріп жолға шыққанымен, қиылыстағы қозғалыс басталып кеткенде, тоқтап қалатын жүргізушілер де көп. Дәл осы жағдайда нақты кімге айыппұл салынатынын түсіндірейін.

Міне, бағдаршам, міне, жолдың "Stop" сызығы. Қарапайым сөзбен айтсақ, бағдаршамның қызыл түсі сізге жанғанда, жаяу жүргіншілер өтетін қара-ала жолаққа өтіп кеттіңіз делік. Егер сіз қызыл түс жанғанда осы "Stop" сызығының тура үстінде тұрсаңыз, онда сізге автоматты түрде 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Яғни, тоқтап үлгергеніңіз, жаяу адамды өткізіп жатқаныңызды камера ескере алмайды.

Ал егер, бағдаршамның сары түсінде сіз жолақтан өтіп үлгеріп, қызыл түс жанғанда жолақты баспай, одан әрі тұрсаңыз, сізге ешқандай айыппұл салынбайды. Сол жерде тұра беріңіз, өйткені, артқа жүрсеңіз жол ережесін бұзасыз – тиісті айыппұл салынады. Бұл жерде сіз ешкімге кедергі жасап тұрған жоқсыз. Жүргіншіге де, айқасып жатқан қиылыстағы қозғалысқа да сізден кедергі жоқ. Кептелісті көріп, жасыл түс жанса да, "Stop" сызығынан өтіп барып тоқтасаңыз, айыппұл салынбайды", – дейді "Сергек" авторлары.

Жылдамдық бұзған автокөлікке айыппұл адамның қатысынсыз салынады

Сонымен, "Сергек" видеобақылау жүйесі тіркейтін соңғы ереже – жылдамдық. Автобус жолағымен жүргендерге және "Stop" сызығынан өткендерге қатысты суреттердің бәрін камерадан кейін инспектор екінші рет тексеруге міндетті болса, жылдамдықты асырғандарды ешкім жарылқамайды. Яғни, жылдамдықты асырғандар түскен жазбалардың барлығы автоматты түрде айыппұлға кетеді.


Әсет Ахметов камера түсіретін көлік жылдамдығының алгоритмін түсіндіріп тұр

Әсет Ахметов камера тіркейтін көлік жылдамдығының алгоритмін түсіндіріп тұр / Фото informburo.kz


"Жол апаттарының көбі, әсіресе, адам өлімімен аяқталған апаттар осы жылдамдықты асырудан болады. Оның үстіне, жол ережесін ешкім аспаннан алып, жаза салған жоқ қой. Яғни, қала ішіндегі, елді мекендегі рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 60 шақырым. Сондықтан, қаласа да, қаламаса да, енді астаналық жүргізушілер осы ережені сақтауға мәжбүр", – дейді Әсет Ахметов.

Айта кетерлігі, қаладағы сары түсті немесе сұр түсті тіркеу камералары сияқты емес, "Сергек" сізді алыстан түсіріп алады. Екі көшедегі бағдаршамның аралығында тұрған "Сергек" сол жолдың бойын түгел қамтиды.

Антирадар, ұялы телефондағы "ГИС", "Яндекс" карталарының хабарлағыштары енді көмектеспейді

Оның үстіне, антирадар, яғни, жолдағы видеотіркеу камералары туралы алдын ала хабарлайтын құралыңыз да көмектеспейді. Тіпті, "Сергек" сіз камераның жанынан өтіп кеткеннен кейінгі шақырымдарды да бақылап отыра алады.

"Камера инспектордың көмегінсіз жұмыс істей алмайды. Бірақ, автобус жолақтарына түскен жүргізушілер мен "Stop" сызығынан өткендерді инспектор екінші рет мұқият қараса, жылдамдық асырғандарға қатысты мұндай жеңілдік жоқ" дейді "Сергек" авторлары.

Камера "асығып барамын, ауырып барамын" дегеніңізді түсінбейді

Кейде жүргізушілер айыппұл қағазын көрген соң, "мен ауруханаға асығып бара жатқанмын" немесе "мен осы жерде сағатына 69 шақырыммен жүріп келе жатқанмын" деп шағымданып келеді екен. Екі жағдайға да түсінік бере кетейін.

Біріншіден, ауруханаға асыққандар үшін арнайы көлік бар, яғни, жедел жәрдем. Тіпті, сіздерге айтайын, қаладағы кез келген камера жылдамдықты қатты асырған жедел-жәрдем көліктерін де тіркеп алады. Кейін, жедел жәрдем қызметінің орталығында сол машина шақыруға барды ма, жоқ па, соны анықтап барып, айыппұл салу жағы шешіледі. Ал, жылдамдықты тым асырып алып, ауруханаға асықтым дейтіндерді камера "кешіре" алмайды.

Екінші жағдайға тоқталсақ. Камераға түспеу үшін кейде сіз жылдамдықты сағатына 69 шақырымға дейін азайтып, өтіп кетуіңіз мүмкін. "Сергекті" бұлай алдай алмайсыз. Жалпы, бірден айта кетейін, біздің алгортим бойынша, камераға сағатына 71 шақырым жылдамдықпен жүрген көлік түседі және жүргізушісі міндетті түрде айыппұл төлейді. Бірақ, мына фактіні есте сақтаңыз: "Сергек" камералары тек шынайы жылдамдықты тіркейді.

Көлігіңіз ескі болса, тіптен жәй жүріңіз. Әйтпесе, айыппұл...

Мысалы, сіздің көлігіңіз 2010 жылдан бұрын шықса, немесе оның дөңгелектері қысқы болса, тіпті, көлікке басқа өлшемдегі дөңгелек салсаңыз да сіздің спидометріңіз бірнеше шақырымды артық көрсетеді. Мұны біздің жігіттер физика заңы бойынша дәлелдеп, алгоритмін шығарып қойды.

Мысалы, сіз спидометріңізге қарап, сағатына 65 немесе 69 шақырым жылдамдықпен келе жатырсыз. Бірақ, айтып өткенімдей, көлігіңіз ескі, дөңгелектері ауыр, моторы өзінікі емес болса, сіздің шынымен "басып" келе жатқан жылдамдығыңыз 5-6 шақырымға артық болып шығады. Осылайша, "Сергек" шынайы жылдамықты тіркей отырып, сағатына 71 шақырым жылдамдықтан асырған деп, сізге айыппұл жазады. Осыны есте сақтаңыз", – деп түсіндірді Әсет Ахметов.

"Өзіңде тұрғанды өзгеден іздеудің қажеті жоқ"

"Сергек" видеобақылау жүйесін таза қазақстандық өнім деуге болады. Камераны қазақ балалары жасап шығарған.

"Әрине, Ресейді алайық, Еуропаны алайық, сол елдердегі осындай бақылау камераларының линзасы, матрицалары, мысалы, Жапония мен Қытайдан алынады. Өйткені, бұл детальдарды шығаратын осы елдер.

Ал, камера жұмыс істейтін алгоритмді әр елдің өзі ойлап табу керек. Біз солай істедік. Мысалы, бір камераның бағасы 10 млн теңге тұрады делік. Ресей немесе Еуропа өндірушілері өзіндік құнын еселеп сататыны анық.

Ал, біздің команда шығынды азайта отырып, таза қазақстандық өнім жасады деуге болады. Сол 10 млн теңге ішінде камераның детальдарын небәрі 2 млн теңгеге алуға болады. Қалған 8 млн теңгесі – оның алгоритмі. Сол алгоритимді менің командам өзі жасап шығарды", – деп түсіндірді Әсет Ахметов.

Инвестордың өзі айыппұл төлеуі мүмкін

Жобаның жалпы құны – 8,4 млрд теңге. Камералардың барлығы инвестордың есебінен орнатылып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыруда қалалық әкімдік пен мемлекеттік бюджеттен бір тиын бөлінген жоқ. Әкімдік камераларды орнататын орындарға қатысты, жоспарлауға, талдау жасауға және мәліметтер базасын алуға көмектеседі.

"Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан соң, әрине, біз салған қаржы қайтарылу керек. Бірақ, мемлекеттік-жекеменшік әріпестік болған соң, біздің де KPI есебіміз болады. Бұл дегеніміз – жауапкершілік. Яғни, 13 000 камераны орнаттық, енді алты жыл күтіп отырамыз деген сөз. Жұмыс істемей тұрған немесе ереже бұзу фактілерін анықтай алмайтын әрбір камера үшін айыппұл төлейміз. Яғни, біздің де жауапкершілігіміз бар. Алты жыл төрт ай бойы біз осы жобаның сәтті, сапалы жүзеге асуына мүдделіміз.

Әрине, салған инвестициямыздың қарымын мемлекеттік бюджет қайтарады. Бірақ, мемлекет алдымен біздің жобаның тиімділігін талдайды. Егер біз жасаған камералар мемлекет күткендей айыппұл төлетіп бермесе, онда біз инвестицияның қарымын ала алмаймыз".

"Қазақстандағы жолда жүру менталитетін өзгерткіміз келеді"

"Қаржы әрине маңызды, бірақ ол жолдағы қауіпсіздіктен маңызды емес. Әлеуметтік желідегі адамдардың көбі бұл камераның артықшылықтарын естіп, қуана қойған жоқ. Өйткені, бізде жол инспектордың көзін бақырайтып қойып, жол ережесін бұзатындар көп. "Келісе салуға, айыппұлдан құтылуға" болады деген түсінік бар.


"Көркем-Телеком" ЖШС-ның директоры Әсет Ахметов

"Көркем-Телеком" ЖШС-ның директоры – Әсет Ахметов


Солай бола тұра, шет елдерге барып келгендердің барлығы Қазақстандағы жүргізушілердің мәдениеті өте төмен деп келеді.

Мысалы, АҚШ-қа барыңыз. Қандай кептелісте тұрмасын, адамдар сабырмен күтіп отырады. Жаныңдағы көлікке қарасаң, жүргізуші де, жолаушы да күліп қарайды. Ал бізде қалай? Біреуді озып, біреуді "қысып", жолға өтіп кетуге тырысады, қайта-қайта сигнал басып, жол бермей қойған жүргізушілерге ашуланады. Сондықтан, біздің команданың мақсаты – Қазақстандағы жолда жүру мәдениететін өзгерту. Әрине, жақсы жағына", – дейді Әсет Ахметов.

"Сергек" сергектігін байқатты

Бұған дейін хабарланғандай, "Сергек" камералары 15 қыркүйек күні, түнгі сағат 00.00-де іске қосылды. "Көркем-Телеком" компаниясы камера іске қосылғаннан кейінгі 20 сағаттың статистикасын ұсынды.

"Сағат түнгі 00.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін камера орнатылған әр жолда орташа есеппен 130 ереже бұзу фактісі тіркелді", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Яғни, әр жолдағы 130 фактіні камера санына көбейте беріңіз.

Астанадағы қоғамдық көліктерге арналған 24 "Bus line" жолағы бар

Ол жолдардың тізімін мына сілтемеден көре аласыздар.

Үш ережені бұзғандарға салынатын айыппұлдардың көлемі

Қоғамдық көліктерге арналған жолмен жүргендерге – 3 АЕК, яғни, 6807 теңге айыппұл (2017 жылы АЕК көлемі 2269 теңге) салынады.

Жылдамдық асырған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 592 бабына сәйкес, үш түрлі айыппұл салынады.

Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымнан асырғандарға – 10 АЕК (22 690 теңге);

20-40 шақырымнан асырғандарға 15 АЕК (34 035 теңге);

40 шақырымнан артық асырғандарға 30 АЕК (68 070 теңге) айыппұл салынады.

Ал, "STOP" сызығынан асқандар Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодекстің 601 бабына сәйкес, 3 АЕК, яғни, 6807 теңге айыппұл төлейді.

Жалпы сөздің түйіні, айыппұлдан құтылудың ең сенімді жолы – жол ережесін бұзбау.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары