KASE-нің таңғы сессиясының қорытындысы бойынша доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 384,77 теңге болды. Ұлттық валюта өткен аптаны 386,71 доллармен жапқан еді.
Доллар бағамының төмендеуіне мұнайдың бір баррелінің өткен аптадағы 60 доллардан 16 қыркүйекте 68 долларға қымбаттауы әсер етті.
Қара алтынның күрт қымбаттауына Сауд Арабиясының екі ірі мұнай нысанының жарылуы себеп болған.
Йемендегі көтерілісші топ – хуситтер жарылыс жасағанын мойнына алып отыр. Ресми Эр-Рияд хуситтерді Иран билігі қолдап отыр деп ресми Тегеранды айыптады.
Жарылыс Сауд Арабиясының мұнай экспортына айтарлықтай кесірін тигізді. Бұрын тәулігіне 9,8 млн баррель өндірілген болса, енді елдің өндіріс қуаты – бар болғаны 5,7 млн баррель ғана. Дегенмен мемлекет осы дүйсенбіде жоғалтқан 4,1 млн баррельдің 2 млн-ы қалпына келтіретінін мәлімдеген еді.
Жарылыстың зардабы жалпы әлемдегі мұнай нарығына да әсер етті. Террорлық әрекет салдарынан дүниежүзі бойынша мұнай өндірісі қазір 5% азайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жарылысқа бірінші кезекте Иран билігін айыптап отыр. Ал Тегеран аталған айыпты жала деп мәлімдеді.
Қара алтынның қымбаттауына жол бергісі келмейтін АҚШ президенті елдегі мұнай қорын пайдалануға рұқсат берді.
"Нарықты жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін қордың мұнайын пайдалануға рұқсат бердім", – деді Дональд Трамп.
Нәтижесінде Нұр-Cұлтан уақытымен таңғы 9.00-де мұнайдың бір баррелі 66,24 долларға аздап төмендеді.
Соңғы жаңалықтарға байланысты JP Morgan банкінің сарапшылары алдағы бірер айда қара алтын құны барреліне 80-90 долларға дейін жетуі мүмкін екенін болжап отыр.
Дегенмен отандық KASE сарапшылары мұндай оптимизмге бой алдырмай отыр. Мәселен, Қазақстанның қор нарығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қыркүйекке дейінгі алдағы бір аптада доллардың бағасының фьючерсі 387,17 теңге деп бекітілсе, 15 қазанға дейінгі доллар фьючерсі 389,17 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін делінген.
Қазақстанның қор биржасының бұл болжамын "Эксперт Казахстан" журналының қаржы бөлімі редакторы Светлана Грибанова да растап отыр.
"Алдағы уақытта мұнай бағасы қалай өзгеретінін болжау қиын. Алайда баға күрт құбылғанның өзінде теңге бағамы айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Өйткені Ұлттық банк қазір интервенция жасау құқығын әлі сақтап отыр, яғни мұнай бірден қымбаттап кетсе де, доллар бағамы бүгінгі 386 теңгеден ертең 360-қа түсіп кетпейді. Сондықтан мұнай бағасы қанша құбылса да, доллардың бағамы айтарлықтай өзгеріске ұшырамайтыны анық", – дейді сарапшы.