ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы денсаулықты нығайтып, қажыр-қайратты ұзақ жылдар бойы сақтауға қажет ең негізгі бес кеңесті ұсынады.
№1. Тұрақты дене шынықтыру
Таза ауада көбірек қыдырыңыз. Дене шынықтыру жаттығулары ағзаға жақсы әсер етеді. Қартаю жылдамдығын айтарлықтай баяулатуға ықпал етіп, күйзеліс жағдайын жеңуге көмектеседі. Ақырын ғана жүрудің өзі адамды шаршата қоймайды, зат алмасуды, қан айналымын, тыныс алуды жақсартады, бұлшық еттерді жаттықтырады. Жүру кезінде жүйке жүйесі демалып, адам сергіп қалады.
№2. Дұрыс тамақтану
50-60 жастан кейін ағзада физиологиялық өзгерістер болады – зат алмасу баяулайды, ішектің жиырылуы әлсірейді, ферменттердің белсенділігі төмендейді. Ең бастысы, тамақты аз ішу керек, бірақ нәрлі заттар көбірек болуы қажет. Ет өнімдерін жей бермей, балық, сүт, әсіресе қышқыл сүт өнімдерін (айран, йогурт) көбірек жеу керек. Күніне 300-400 мл сүт және түнге қарай 200 мл айран ішу ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Кеңсе қызметкерлері үшін денсаулықты нығайтуға арналған 5 кеңес
№3. Дұрыс ұйқы
Дұрыстап, қатты ұйықтау үшін дұрыс күн тәртібі қажет: бір уақытта ұйықтау, кешкі асты ұйқыға дейін 2-3 сағаттан кешіктірмей, көп жемеу керек. Ұйықтар алдында таза ауада қыдырған дұрыс. Ұйықтар алдында өте әсерлі теледидар хабарларын көруге, ағзаны сергітетін сусындарды – қою шай, кофе ішуге болмайды.
№4. Жағымды көңіл-күй
Жағымсыз эмоциялар: реніш, үрей, сары уайымға салыну, ашу-ыза, қайғыру, қызғаныш, жек көру қауіп-қатер факторлары болып саналады, тезірек қартайтып, өмірді қысқартады, және де керісінше, жағымды эмоциялар – рахаттану, қуану – ағзаның қуат алуына көмектеседі. Күлкі – бұл қуанудың, сергек көңіл-күйдің және рухани денсаулықтың белгісі. Ол өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне жақсы ықпал етеді, зат алмасуды реттейді.
№5. Денсаулық жағдайын уақытылы тексеру
Скринингтік тексеру артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, онкологиялық ауруларды уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Скрининг туралы ақпаратты емханадағы дәрігерден білуге болады.