Тікелей эфир

Санкция кезіндегі текетіресте қазақтың мүддесі қалай қорғалмақ?!

Фото businesslive.co.za сайтынан алынып, өңделді
Фото businesslive.co.za сайтынан алынып, өңделді
Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов АҚШ-тың антиресейлік санкциясы еліміздің мүддесіне кедергі келтірмейді деді. Бұл шындыққа жанаса ма?

"Американдық әріптесіммен (АҚШ сауда министрі – Уилбур Луйс Роспен кездесу Вашингтонда 2018 жылы қазан айының ортасында өтті) Ресейге салынған санкциялар, оның біздің экономикалық мүддемізге кері әсер етпеуі үшін не істеу керектігі туралы әңгімелестік. Бұл мәселені ол жақсы түсінеді. АҚШ әкімшілігі санкцияны жалғастырғанның өзінде Қазақстанның мүддесіне тиіспеуге кепіл берді. Біз санкциялардың Ресейге әсері және Қазақстанның мүддесін қалай қорғауға болатыны жайлы талқыладық", – деді Тимур Сүлейменов.

Қазақстан үкіметі Ресейге салынған санкцияның елге ықпалын әлі сараламапты

Тимур Сүлейменов өзіне сенімді. Журналистердің "Мұндай жағдайда Ресеймен байланыс қандай бағытта дамиды?" деген сауалына "Біз Ресей үкіметімен экономикалық тұрғыда жақсы диалог құрдық. Бұл санкцияның Қазақстан экономикасына әсер етпейтіні анық", – деп жауап берді.

ҰЭМ Ресейге қарсы қабылданған шектеу шаралары біздің елге әсер етпейтінін ашып айтты. Үкімет қандай жағдай болса да дайын екен.

"Біз мұны төтенше жағдай деп есептемейміз. Санкцияның әсері металл бағасының түсуі немесе көтерілуі кезіндегі фактор сияқты әсері болуы мүмкін. Біздің мұнайымызды Новороссийскпен байланыстырып тұрған мұнай құбырларына қатысты мәселе көтерілді. Санкцияда оған қол қойылмаған. Америкалық Шеврон компаниясы Каспий құбыр желісі консорциумының инвесторы. Олар өздерінің конгресі арқылы транзиттік мұнай құбырларын санкция тізімінен алып тастауға қол жеткізді. Жергілікті нарыққа мұнай тасымалдауда қиындық болмайды"–деді ҰЭМ Тимур Сүлейменов.

Қазақстан экономикасының Ресей экономикасына байлаулы екені билікке белгілі. Экономикаға тек мұнай ғана әсер етпейді. Ауыл шаруашылығының экспорты, сауда экономикамызды қалыптастыратын негізгі фактор. Үкіметтің экономикалық блогы келесі үшжылдыққа – 2019-2021 жылдың бюджетіне сараптама жасауды қолға алғаны белгілі. 2018 жылдың аяқталуына 2,5 айдан аз уақыт қалды. Бірақ Ресейге салынған санкцияның бізге әсері мен ықпалы үкімет деңгейінде әлі сараланбапты. Мұны өткен жұма күні үкіметте өткен селекторлық бас қосу кезінде қаржы министрі Әлихан Смайлов айтты.

Ал Ресейдің Сауда-өндірістік палатасының сарапшысы Эдуард Беляев жақында "Россия-1" телеарнасына берген сұхбатында көршісіне салынған санкцияны қазақ елінің тәуекелдердің бірі деп қабылдайтынын айтыпты. "Мұның емі – сыртқы сауда байланыстарын әртараптандыру. Бұл үшін уақыт керек. ЕАЭО елдерінде ортақ нарық қалыптасты. Ресей – бұл форматта ең ірі әріптес ел", – деді ол.

Қазақстан екі оттың ортасында тұр

Саясаттанушы Расул Жұмалы S.722 Актісі шеңберінде Ресейге салынатын АҚШ санкциясы Қазақстанға да едәуір шығын келтіретінін айтады. Өйткені әскери салада, металлургия және теміржол тасымалында көрші елмен алыс-берісіміз тереңге кеткен.

– БҰҰ тұрақты емес мүшесі ретінде АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайдың ушығып кетуіне байланысты шұғыл кеңес шақыруға құқымыз бар. АҚШ конгресінде Иран, Ресей және Қытайға санкциялар пакетін дайындау туралы мәселе туралы сөз болған күннен бастап Қазақстан дайындықты бастады деген үміттемін, – дейді Расул Жұмалы.

Қазан айы ЕАЭО елдері үшін ұлттық валюталардың әлсіреуімен басталды. Ресейде бұл факторға тек санкция емес, табыстарынан айырылып қалған компаниялар әсер етуде. Ресми дерек кейбір компаниялардың табысы 70 пайызға дейін төмендеп кеткенін айта бастады. Әзірге сыр бермей келе жатқан армян драмы ғана. Ал қырғыз сомының тұрақтылығына қытаймен алыс-берісі күш беріп жатыр.

– Валюта нарығындағы алыпсатарлық пен қырғыз билігінің монетарлық саясаты сомды қазіргі деңгейде ұстай алмайды. Себебі ол елде де ЕАЭО интеграциясы тым тереңдеп кеткен. АҚШ Ресейге қарсы жарияланатын жаңа санкциясы одақтың беріктігіне сын болғалы тұр. Жекелеген сарапшылар ЕАЭО емес, ЕО және қытаймен байланыс маңызды екенін ескертіп жатыр, – дейді Расул Жұмалы.

Батыс сарапшылары "Санкциялар Орталық Азиядағы посткеңестік елдерге ауыртпалығын тигізеді" деген пікір айта бастады

Олар Орталық Азия елдеріне келер жылдардың бюджетін жасаған кезде Ресеймен байланысын қаперге алу маңызды дейді. АҚШ-тың ең беделді ақпарат құралдарының бірі – eurasianet.org биылғы қаңтарда АҚШ-Ресей қарым-қатынасындағы салқындықтың зияны Орталық Азия елдеріне де тиюі мүмкін деп жазыпты. Өйткені мұндағы біраз ел Ресейдің гуманитарлық көмегіне тәуелді. РФ Президенті В.Путин былтыр қырғыздың сол кездегі Президенті А.Атамбаевпен кездескенде қырғыз экономикасына көмегін жалғастыра беретінін айтқан болатын.

"Trt.net.tr" порталы Ташкентте ұйымдастырылған "Expo-Russia Uzbekistan-2018" жәрмеңкесінде Ресейдің сауда өкілінің орынбасары Леонид Рокровский осы таңға дейін мұнда жасаған жалпы инвестиция көлемінің 8,5 млрд доллардан асқанын айтты.

Путиннің 18-19 қазан күні Өзбекстанға сапары туралы rosbalt.ru порталы "Ресей Президенті өзбек Президенті Мирзиеевқа "салмақ салмаса", сапары ойдағыдай өтеді" деп жазды.

Өзбекстанда АЭС құрылысы ашылу рәсіміне В.Путиннің өзі келіп қатысқанын ескерсек, арғы жағы түсінікті.

Кеше өзбекстандық ақпарат құралдары АҚШ-тың сауда министрі Уилбир Луис Росстың Өзбекстанға екі күндік сапары басталды деп хабарлады. Түс ауа Өзбекстан-АҚШ бизнес форумы басталады деп күтілуде. Өткен аптада ҰЭМ Тимур Сүлейменовты қабылдаған жоғары мәртебелі мейманның өзбек ағайындарға қандай уәде беретіні және өзбек жағының қандай жауап қайтаратыны әзірге жұмбақ.

Белгілісі алпауыт – елдердің Орталық Азиядағы мүддесі жолындағы тартысының саяси бояуының қалыңдап келе жатқаны.

Ресей неге алаңдайды?

Шавхат Мирзиеевтің АҚШ-қа сапары кезінде құны 4 млрд тұратын инвестициялық келісімге қол қойылды. Бұл фактор Ресей билігінің мазасын алғаны анық. Өзбекстанның статистика жөніндегі Мемлекеттік комитеті сайтында жарияланған деректер мынаны айтады. 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында өзбек экономикасындағы АҚШ инвестициясы бірінші орынға шығыпты.Толықтай мәліметтер жыл соңында белгілі болады.

2017 жылы бұл орынды Ресей еншілеген еді.

Н.Назарбаев әлемдік державалар арасындағы бүгінгі шиеленісті Кариб дағдарысымен салыстырды

Ол бұл туралы Брюсельдегі Азия-Еуропа форумында айтты. Өткен ғасырдың 60 жылдары Кубаға қатысты текетірестен кейін Кеңес Одағы санкцияға ұшыраған болатын.


АҚШ президенті Д. Кеннедидің 1962 жылы Кубадағы КСРО-ның әскери нысандарына шабуыл жасау туралы ұсынысының жобасы

АҚШ Президенті Д. Кеннедидің 1962 жылы Кубадағы КСРО-ның әскери нысандарына шабуыл жасау туралы ұсынысының жобасы / Фото defence.ru алынды


Гарвард университетінің Белфер ғылыми орталығының директоры және "Кариб дағдарысын" зерттеуші Грэм Аллисон: "Бұл құжаттарға қарап АҚШ Президенті Кеннедидің Кубадағы зымырандарды әуеден атқылауға бұйрық беруге шақ қалғанын байқаймыз. Оның соңы ядролық соғысқа ұласар еді" деп жазды. Арада 1 жыл өткенде АҚШ Президенті Кеннеди қастандықпен өлтірілді, КСРО-ның басшысы Н. Хрущев бүкіл қызметінен айырылды.

Бұл теке-тірестен соң Кеңес Одағының күйі оңбады. Ел қайыршылық жағдайға жетті

Кеңес Одағы 1963 жылы Батыстан 9,4 млн тонна бидай сатып алады. Бұл кезең туралы Черчиллдің: "Мен қарттықтан өлетін шығармын деп ойлайтынмын. Еуропаны нанмен асырап отырған Ресей астық сатып ала бастағанда күлкіден өлетінімді түсіндім" деген сөзі тарихқа айналды. Кеңес Одағы мұны уақытша құбылыс деп қарады, зерттемеді. Бұл процесс 80 жылдарға дейін үздіксіз жалғасты. Сол кезде мұнай бағасы құлдырағанда Кеңес Одағы тіпті гуманитарлық көмекке тәуелді боп қалды. Артынан көп ұзамай ыдырады. Бұл жолы РФ ауылшаруашылығы министрі Дмитрий Патрушев: "АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Ресейге азық-түлік тасымалдауды доғарса, онда тұтынушыларымыз зардап шекпейді. Азық-түліктерді жеткізетін басқа да балама нарықтар бар. Қазір бізде тапшылық жоқ" деп баспасөз алдында мәлімдеме жасапты.

Ал цифрлар басқаша...

Статистикаға жүгінсек, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасы 23 рет өзгерген.

"Бәріне өзіміз кінәліміз. Отандық өндірістің аяқ алып кетуіне мүмкіндік бермедік. Өйткені билікте көбіне тауарды сырттан алдыртуға мүдделі топ осыған дейін күш алып келді. Мүмкін енді отандық өндірістің бағы ашылатын шығар. Өзгеріс керек" депті "ВТБ Капитал" қорының бас экономисі Владимир Колычев kp.ru тілшісіне.

Біздегі бизнестің 70 пайызы тендердің арқасында күн көріп отыр

"Сыртқы нарықты игеріңіздер. Шетелдік нарыққа шығыңыздар" деген Kazakhstan Growth Forum-ына қатысқан вице-премьер Ерболат Досаевтың сөзінен ұққанымыз бізді тағы реформа күтіп тұр. Экономикадағы бағыт-бағдар өзгеріп, шикізаттан өзге салаларға басымдық берілмек. Салықты төмендету шараларынан мемлекет те, бизнес те оңалмады. Бюджеттің инвестициядан түскен түсімі 14-ақ пайыз екен. Енді үкімет қаржылық сектор мен ауыл шаруашылығынан үміттеніп отыр.

Теңгенің тұрақсыздығы ірі компания басшыларын да шаршатқан сияқты

Қазақстандағы шырын өндіретін RG Brand компаниясының басшысы Қайрат Мәжібаев "сыртқы нарыққа шығыңдар" деген Ерболат Досаевқа қарсы уәж айтты.


Қазақстандағы шырын өндіретін RG Brand компаниясының басшысы Қайрат Мәжібаев «сыртқы нарыққа шығындар» деген Ерболат Досаевқа қарсы пікір айтты/Фото жеке архивінен алынды

Қайрат Мәжібаев / Фото автордың жеке архивінен алынды


– Сыртқы нарықты да көріп, игеріп жатырмыз. Өзбекстанда бөлімшемізді аштық. Ресей мен Батыстың арасындағы санкциялық соғыс асқына түссе, Қазақстан қандай бағыт ұстанады, мәселе сонда? Долларсыздандыру (экономикаға доллардың қатысуын шектеп, ұлттық валютаға басымдық беру) туралы айтқанда желдей есетін едік. Сөйткен доллар далада қалды. Ендігі мәселе рубльге байланысты болып тұр. Таңертең ұйқымызды ашпай жатып, рубльдің бағамына қарайтын болдық. Ресейлік факторға басымызды бәйгеге тіктік, – дейді Қайрат Мәжібаев.

Кәсіпкер Айдан Кәрібжанов жағдайды өзгертуге біздің елдің шамасы келмейтінін айтты. Мұнайдың бағасы, Ресейдегі оқиғалар, Батыс пен Мәскеудің арасындағы сауда соғысы Қазақстанды күйзелтіп жатыр.

Кәсіпкерлерді Ресейдің импортына деген тәуелділік алқымнан ала бастаған

Нұрлан Смағұлов алдымен рубльге деген тәуелділіктен арылып, ортақ келісім, ортақ бақылауға қол жеткізу керектігін айтты. Бизнес биліктен осыны күтеді.

– Ресей рубльдің бағамына өзгеріс енгізгісі келсе, бізден сұрамайды. Бізбен ақылдаспайды. Біз тек ізінен ілесіп жүреміз. Осы мәселенің басын ашып айтатын кез жетті, – деді ол форумда.

Сарапшылар 2018 жылдың ауыр соққысы Ресейге бағытталады деп отыр

Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, көрші ел дағдарысқа қарсы күресті нақты іспен бекіткен жоқ. Бейберекет жұмыс істеді. Қай жерде қиындық болса, сол жерге көмек берумен шектелді. Мұнайдан түскен қаржы бюджеттік төлемдердің өсіміне бағытталды. Сарапшы Мағбат Спанов 2018 жылдың қараша айының соңында Қазақстан санкцияның әсерін жанама емес, тікелей сезетінін айтты. Себебі қазақ экономикасындағы ресейліктердің үлесі қомақты. Енді олардың инвестициялық мүмкіндігі шектеледі.

– Ресей экономикалық соғыс жағдайында. Олар экономикалық моделін өзгертсе, онда біздің де өзгеруімізге тура келеді. Соғыстың шығыннан басқа пайда әкелмейтінін мойындау керек. Экономикалық құрылымы жағынан екі ел ұқсас. Сыртқы әлем оларды оқшаулағанмен біз біргеміз, ажырап, өз алдымызға бөлек кете алмаймыз. Ресей экономикасында пайда болған келеңсіздіктер бізге тез әсер етіп отырады, – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Мағбат Спанов бізбен әңгімесінде.

Оның ойынша кез келген шарттың тарихи жағдайларға байланысты қайтадан қаралып отыруы заңдылық. Сондықтан "Еуразиялық интеграциялардың негіздері туралы келісімшартты" бекітіп алуымыз керек.

Орталық Азияны жаңа одақтың елесі кезе бастады

РФ Президентінің көмекшісі Владислав Сурков биыл сәуірде "Россия в глобальной политике" журналында Ресейді жалғыздық күтіп тұрғаны туралы мақаласын жариялады.

– ЕАЭО-ның Ресейден өзге елдері жалғыздықты қалап отырған жоқ. Олар, керісінше Ресей жауласып отырған Батыс және ЕО елдерімен барынша жақын байланыста болғысы келеді. Сондықтан Ресейдің өзі қаламайтын елдермен ара жігін ажыратқысы келетін ұстанымын ешқайсы қолдап отырған жоқ, – дейді сарапшы Досым Сәтпаев.

Қытаймен, Ресеймен, ЕО және АҚШ-пен алыс-берісте мемлекеттің мүддесін табанды қорғау үшін Қазақстанға аймақтық және экономикалық блок керек.

Досым Сәтпаев мұның сәті енді келгенін айтады.

Серіктестер жаңалықтары