Тікелей эфир

С5+1. Қызғаныш пен қысастыққа апара ма?

informburo.kz иллюстрациясы
informburo.kz иллюстрациясы
C5+1 байланыс форматы 2015 жылы басталды. АҚШ-ның әлемдік лидерлік орнын сақтап қалу үшін ұстанатын басты бағытына айналған форматтың Ресей мен Қытайға әсері.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары – өткен аптаның басты жаңалығы болды. Арнайы шақырумен барған Н.Назарбаевтың Ақ үйде болуы – еліміздің халықаралық геосаясаттағы маңызды орнын көрсетіп, қауіпсіздік пен даму үшін қолданып отырғансаяси бағытымыздың дұрыстығын тағы бір дәлелдеді.

С5+1 – Орта Азиядағы бес елді, атап айтқанда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерін АҚШ-пен қосатын геосаяси және қауіпсіздік пен экономикалық мүддені қамтыған бірегей формат.

Оқи отырыңыз: АҚШ – Қытай сауда соғысы. Бұның Орталық Азия елдеріне ықпалы қандай болмақ?

Қос державаның арасында отырып, үшіншісін қосаққа алу саясаты

– Қос держава: орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жойылып кетпеудің тағы бір жолы – АҚШ-пен де күшті байланыс орнату арқылы державалар арасынан шығар жол табу, әлемдік саясаттың субъектісі бола білу. Әзірге бұдан өзге оңтайлы жолы да жоқ. Бүгіннің өзінде осы сапарды еліміздің дипломатиялық құрылымдарының орасан зор жетістігі деп бағалауға болады. Мәселе енді осы сапарды мүмкіндікке, тың саясатқа айналдыра білуде, – дейді саясаткер Айдос Сарым.


Қазақстан президенті Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп

Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен АҚШ президенті Д.Трамп / Дереккөз Ақорда баспасөз


Оқи отырыңыз: Қытайдың Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстанға қарағандағы саясаты өзгеріп жатыр ма?

АҚШ-қа С5+1 не үшін керек?

Ең алдымен, Қазақстан бастаған Орта Азия елдерінің стратегиялық, геосаяси орны өте маңызды. Атап айтқанда Қазақтан Қытайдың, Ресейдің және Иран секілді мұсылман халқы көп (араб, түркі, парсы) елдердің түйіліскен торабына орналасқан.

Әсіресе, Қытай мен Ресейдің және Американың өзара саяси бәсекелес екенін ескерсек, Орта Азияға ықпал ету әр ел үшін маңызды. Өткен аптада Елбасының АҚШ президенті Д.Трамптың шақыруымен Ақүйге баруы – әлемдік ақпараттық салада үлкен дүмпу тудырды. Ондағы басты себеп, Қазақстанның әлемдік саяси сахнадағы саяси беделінің жоғарылауы мен орыс және қытай елдерімен тығыз әріптестік байланысында болса керек.

Оқи отырыңыз: Ауғанстандағы дауыл Орталық Азияға жете ме?

Екіншіден, АҚШ-ның белгілі дәрежеде Қытайды құрсаулау саясатын жүргізіп отырғаны да жасырын емес. Қытай "Бір жол, Бір белдеу", "Жібек жолы" жобалары арқылы Қазақстанды қақпа етіп, батыс елдеріне шығып отыр. Яғни, Орта Азия – логистикалық және транзиттік торап. АҚШ осы қақпаға әсер ету мүмкіндігіне ие болуға тырысып отырған болуы мүмкін.

Үшіншіден, АҚШ-ның Ауғанстаннан жуық арада кете қойғысы жоқ. Сондықтан, бұл елдегі тұрақтылықтың сақталуына белгілі мөлшерде ғана мүдделі. Өйткені, 1990 жылдардан бері АҚШ-ның Орталық Азияға қатысты Жібек жолы жобасы бар. Аталған жобаны жүзеге асырған жағдайда Орталық Азиядан көмірсутегі қатарлы түрлі шикізаттарды балама бағытта жаһандық нарыққа шығаруға мүмкіндік алар еді.

АҚШ-на Қытай мен Ресейдің іргесіне мықтап бекініп алу үшін де бұл формат керек сияқты.

Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы 5 жылда қалай өзгереді? CSI болжамы

Дональд Трамп АҚШ геосаясатындағы кемшілікті толықтырғысы келеді

С5+1 жобасы – Орта Азиядағы бес елді АҚШ елімен жалғастыратын жалғыз формат. Алайда Барак Обама өзінің президенттік міндетін өтеген кезде Орта Азиядағы бұл бес елде бірде бір рет болмапты. АҚШ енді өзінің жаңадан дайындаған қауіпсіздік туралы тұжырымдамасында Қазақстан бастаған Орта Азияға баса назар аударуды көздеп отыр.

Қазақстан Ресей, Қытай және Иран елдерімен өте жағымды да екпінді байланыс орнатуда. Оның үстіне Шанхай ынтымақтастық ұйымы, бұрынғы Кеңес Одағынан кейін қалыптасқан Ортақ қауіпсіздікті қорғау ұйымы (ОДКБ), жаңадан құрылған Еуразия экономикалық одағы қатарлы халықаралық ұйымдардың тіректі мүшелерінің бірі, әрі Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұймына (ОБСЕ), Ислам елдерінің ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Енді міне, осы қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп отыр.

Бұндай саяси салмақты елмен байланысты қайта қараған АҚШ енді Қазақстанмен тығыз қатынас орнататыны белгілі. Бұл Орта Азия елдері үшін де, Ресей үшін де маңызды әрі қызғанышқа толы болмақ.

АҚШ сапары нені аңғартты?


Саясаткер Айдос Сарым

Саясаткер Айдос Сарым / Жеке парақшасынан


Айдос Сарым, саясаткер:

Біріншіден, қалай десек те, Қазақстан – Орталық Азияның кілті мен қақпасы. Яғни Қазақстанға әлемдік саясаттың бір бөлігі болуы үшін қашан да осы аймақтағы белсенді, есі дұрыс ойыншы бола білу қажет. Ресми сапар барысында аймақтық мәселелердің көп талқылануы, орта азиялық мемлекеттерді біріктіретін жаңа С5+1 форматының әңгіме болуы, Ауғанстандағы жағдайдың көп айтылуы да осы себепті. Жай ғана сыртқа мұнай мен газ тасымалдаушы мемлекет ретінде біздің төрткүл әлемге қажетіміз бар да шығар, бірақ онымыз үлкен ойында көзір бола алмайды.

Екіншіден, АҚШ-на жалпы Батыс елдері үшін Қазақстанның не Ресейдің, не Қытайдың ойыншығы, саттелиті болғаны тиімсіз. Батыс елдері Қазақстанның қатысуымен құрылған, іске асырылып жатқан форматтарды білгісі де, танығысы да келмейді. Сапар барысында Еуразиялық Одақ та, Қытай ұсынып отырған "Бір жол – бір белдеу" саясаты да, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жайлы да мүлдем айтылған жоқ. Іске асса асты, аспаса да ешкім ренжи қоймайтын сияқты. Батыс үшін Қазақстанның екі алпауыт елдің арасында өз орны мен болмысын жоймай-жоғалтпай, шылбырын шешіп, соңына түсіп шолақ белсенділік танытпағаны керек.

Үшіншіден, кейбір саяси белсенділер мен саяси топтар күткендей сапар барысында Қазақстандағы адам құқықтары мен демократия мәселесі мүлдем қозғалған жоқ. Біріккен коммюникеде бұның барлығының "адам капиталы" деген тақырыптың сыртында қалғанын көзімізбен көрдік. Жалпы алғанда, елдегі демократияны өз ішінен емес, сырттан іздеу ақымақтық. Егер қазақ қоғамы, қазақ жұрты осы тақырыптарды аса маңызды деп санамаса, сол үшін анық ерік-жігер танытып, күреспесе, оны сырттан ешкім құрып бере алмайды. АҚШ-қа, не Дональд Трамп мырзаға ренжіп-өкпелеудің еш реті мен лажы жоқ. Әрбір ел ең алдымен өз мүддесін қорғайды, ең алдымен өз есебін түгендейді. Ірі бизнес өкілі, миллиардер Трамптың есеп-қисапқа жақын болуы ешкімнің ашу-ызасын тудырмаса керек. Тіпті қазақ әріптесімен келісіп, қол қойған келісім-шарттарға баға бере келе: "Бұл келісімдер мыңдаған америкалықтарға еңбек орнын береді" деп мақтана-шаттана сөз сөйлеуі де осыдан. Шынын айту керек, Америкамен жасалған сауда-саттық келісімдеріміздің басым көпшілігі сол елдің тауарлары мен өнімдерін сатып алуға негізделген. Ақша болса қалтаңда, АҚШ-та да талтаңда! Бұған ренжудің жөні жоқ, бұдан үйрене білгеніміз абзал.

АҚШ-ның Орта Азия елдерімен байланысының күшеюі – Қытай үшін ауыр соққы

АҚШ-ның Қытай еліне қарата түрлі құрсаулау және ашық қарсылық көрсету шараларын үнемі ұйымдастырып келе жатқаны белгілі. Тіптен, Тайпей билігін АҚШ елінің сенімді серіктесі ретінде атаса, Жапон-Қытай арасындағы арал таласында Жапонды қолдады. Қытайдың шығыс және оңтүстік теңіздегі иелік құқына байланысты дау-шарда тағы да Филиппин, Индонезия, Малайзия, Вьетнам қатарлы елдерді қолдап, Қытайдың теңіз жолы тасымалының тарылуына ықпал еткені де жасырын емес.

Бұл құрсауға қарата Қытайдың "Бір жол, бір белдеу" жобасы арқылы Қазақстанды басып өтетін құрылықтық тасымалды қолға алғаны белгілі. Енді, міне, АҚШ тағы да Қазақстанның қасынан табылып, Қытай елін алаңдата бастады.

2017 жылы АҚШ-ның тағы бір сенімді серіктесі – Үндістан Қытайға қарата соғыс ашуға дайын екенін ескертіп, Қытай армиясын шегінуге, Тибет суларын бұру жобасын тоқтатуға мәжбүрледі. Ал соңғы жылдан бері Қытаймен Пәкістан арасындағы сенімді серіктестік қарым-қатынас суый бастады. Тіптен, Қытай – Пәкістан темір жолының салынуы кейінге қалдырылып, Қытай инвестициясына қарата қорғанымпаздық позицияны ұстана бастағаны белгілі.

Оның үстіне Ауғанстан АҚШ ықпалында болғасын, ол жақтан Қытайдағы Шынжаңға келетін қорқыныш та жоқ емес.

Міне, АҚШ-тың Орта Азия елдеріне ірге кеңейтуі – онсызда қорқақ Қытай елін ұйқыдан оятары хақ.


Қытайдың Жапон, оңтүстік теңіз өңірі елдері, Индия, Пакистан, Қазақстан қатарлы елдермен байланысын көрсететін карта

Қытайдың Жапон, оңтүстік теңіз өңірі елдері, Үндістан, Пәкістан, Қазақстан қатарлы елдермен байланысын көрсететін карта / informburo.kz иллюстрациясы


С5+1 Ресейдің қитығына тие ме?

Жалпы Қазақстан – Ресеймен ең сенімді серіктес қана емес, ортақ қорғаныстағы ел. Алайда соңғы жылдардағы Қазақстандағы экономикалық дағдарыстың ауырлығы көріне бастады. Ел бюджетін толтыру үшін әртүрлі сауда-саттыққа жол берген Қазақстанның енді АҚШ-на қарата әскери және өнеркәсіптік әріптестікке баруы Ресейдің қызғанышын тудырды.

Айдос Сарым: "Бұнымыз Ресей үшін ауыр соққы. Бұрынғы КСРО-ға кірген мемлекеттердің барлығы да біздің иелігіміз, біздің өмірлік кеңістігіміз деп қабылдайтын Ресей реті келсе өз имперлік саясатын қашан да жүргізе бермек. Қазақстанның әлемдік саясатқа тым белсенді араласуы, батыс елдерімен тікелей қарым-қатынас орнатуы Кремль үшін тұз жалап, шоқ жегенмен бірдей дүние. Н.Назарбаевтың АҚШ сапарына қатысты орыс баспасөзіндегі, интернетіндегі мақалалар осыны айқын көрсетіп отыр. Керек десеңіздер, сол мақалалардың артында "ойындарың осылуы мүмкін, АҚШ-қа тым жақындасаңыз ел ішінде проблемалар туындауы мүмкін" деген сес көрсету тұрғанын да байқадық. Бұдан қорқып-үркудің де қажеті жоқ, бірақ ескермеу-елемеу де қателік болар еді".

Осы жерде айта кету керек, Ресей Мемлекеттік думасының халықаралық қатынастар бойынша комитетінің төрағасының орынбасары Алексей Чепа: "Назарбаев өз елінің мүддесін қорғап қана қоймай, Еуразия экономикалық одағындағы ең жақын серіктесі Ресейдің АҚШ елімен өзара байланысын жақсартуға тырысады. Назарбаев бұл мәселені бірнеше рет айтқан. Бұл – Қазақстан үшін де пайдалы қадам" – деп мәлімдеген болатын.

Бітімгер елді пайдаланғысы келетіндер де шығады

Соңғы жылдары президент Назарбаев әлемдегі ұлы державалардың қақтығыстары мен дау-жанжалдарын шешетін бітімгерлік саясатын жемісті жүргізіп келеді.

Орталық Азиядағы бес республиканың басшыларының ішіндегі ең тәжірибелісі, аймақтың лидері ретінде Н.Назарбаевтың рөлі жоғары. Сирия дағдарысының, Түркия мен Ресейдің арасындағы (Сирияға байланысты) жанжалдарды бітістіруге ерекше үлес қосқаны белгілі.

Енді Солтүстік Корея мәселесі мен Украина және Ресей арасындағы дауға да бітімгерлік алаңын ұсынатынын хабарлап отыр.

Міне, Н.Назарбаевтың өзін орта азиялық қана лидер емес, әлемдік лидер болуға тырысып жүрген амбициясын В.Путин де, АҚШ-ның жаңа әкімшілігі де жақсы пайдаланып отырған сияқты. Қытайға да тиімсіз емес. Осы амбицияның саясында үш ел өздерінің қажетті мәселелерін Н.Назарбаевтың жеке өзімен сөйлесіп шешіп, пайдаланып келеді.

Ал, Н.Назарбав әр шара арқылы Қазақстанның геосаяси беделін одан әрмен көтеріп, алпауыт елдердің қызығушылығын тудырып отыр.

АҚШ, Ресей, Қытай елдері Қазақстаннан "еншілерін" алып отыр

Мысалы, Қытай Қазақстанға ондаған миллиард доллар қарыз беріп ғана қоймай, мұнай-газ саласының басым акцияларына ие болды және ондаған кен орындарын игеру құқықтарын алып отыр. Оның үстіне Қазақстанның қаржы нарығына да ауыз салды. Атап айтқанда кей банктердің, ұлттық ғылыми зерттеу орталықтарының акцияларын сатып алды. Енді біріккен компаниялар арқылы құнарлы жерлерімізді жалға алып жатыр, Қытайдың 51 зауыты жерімізге көшіріліп әкелінетін болды.

АҚШ ше? АҚШ-та өрбіген оффшорлық даулардан тыс Шығыс Қазақстанда уран қалдықтарын жинайтын банк қорын салуға, Пентагонның зертханаларын салуға көндірген болуы мүмкін. Оның үстіне мұнай-газ саласына ғана қаржы құйған. Ақтауда АҚШ-ның әскери базасы салынбақ деген сөз де тарады, енді АҚШ-ның Ауғанстандағы әскери іс-қимылдары Қазақстандағы әскери әуежайлар арқылы жүргізілуі мүмкін екенін де ескертті. Тіптен, Қазақстан АҚШ азаматтарын визасыз кіргізу мәселесін де шешіп қойды.

Оның үстіне Қазақстан АҚШ еліне миллиардтаған қаржы салып отырған инвестор екені тағы бар. Бұл туралы Д.Трамптың өзі мақтанышпен атады.

Ал, Еуроазиялық экономикалық одақтың басты ойыншысы Ресейдің көріп отырған пайдасы да шаш етектен. Ресейдің бізге ықпалына, біздің елдегі мүдделеріне келсек, олар бесенеден белгілі – Байқоңыр мен Сарышағаннан басқа тағы жеті сынақ алаңын иемденген, ең маңызды өндіріс орындары (мысалы уран өндірісі, газ бен мұнай өңдеу саласы т.б. бойынша) да барлық салаға кірген. Мұнай-газ саудасында да Ресейдің ықпалы басым. Ал ауылшаруашылығы мен қаржылық саладағы байланыстар өз алдына бір төбе.

Қазақстан – АҚШ үшін үлкен инвестор

2005-2015 жылдары Қазақстанның АҚШ-на 44 миллиард доллардай қаржысын салғаны 20 қаңтарда Қазақстан ұлттық телеарнасының "Апта" бағдарламасында айтылды. Қазақстанның Америкада нақты қай салаға қаржы салғаны әзірше беймәлім.

Ал АҚШ-ның сол мезгілдегі Қазақстанға салған қаржысы 25-26 миллиард АҚШ доллары шамасында екен.

Осы жолы да 6,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі экономикалық құнға ие келісім жасалды.

Енді, басқа әскери және өнеркәсіп саласына қаржы қоспақ. Оның үстіне әскери әріптестікті дамыту мақсатында бес жылдық меморандумға қол қойғаны белгілі..

С5+1 байланысында Қазақстанның рөлі қандай?


Саяси сарапшы Амангелді Құрмет

Саяси сарапшы Амангелді Құрмет / Жеке парақшасынан


Амангелді Құрмет: "Қазақстан – қуатты көлік-логистикалық инфрақұрылымды жасақтап алған және көмірсутегі қорларына бай, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру потенциалы жоғары ел ретінде жобаға қатысушылардың барлығы үшін қызық. Әрі Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауы үшін Қазақстан бірқатар қадамдарға барды. Гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Бұл ең алдымен Қазақстанның өзі үшін керек. Өйткені, Қазақстан Ауғанстанда әлеуметтік жағдайдың түзелгенін қалайды. Әлеуметтік жағдай жақсармай радикалды топтарға ерушілер де, экстремизм қаупі де азаймайды. АҚШ пен одақтастары бұл елде тұрақтылықты орната алса, Орталық Азияға төнетін терроризм қаупі де сәл төмендеген болар еді. Сонымен бірге есірткі тасымалын азайтуды да көздеп отырған болуымыз мүмкін. Әрі болашақта өңірде су ресурстарына байланысты кикілжің тумауы үшін де аймақ елдерінің бірлігі керек. Бұл жерде АҚШ-тың төреші рөлін атқаруы ғажап емес. Сондықтан, біздің ел бұл форматтың сақталуына мүдделі.

Айдос Сарым: "Сапар аяқталды. Мақтаныш кернеген мақалалар мен фотосуреттердің легі тыйылды я тыйылуға жақын. "Тарихи сапар", "Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі" деп шаттануымыз әрі кетсе бір аптаға созылар. Мықты болғанымыз рас болса, сөзден іске көшетін кез келді. Айтқан сөзіміз даңғаза-дақпырт емес, қолымыздан бірдеңенің келетінін, аймақтағы елдерге сөзіміз өтеді, көршілерімізбен қарым-қатынасымыз жақсы дегенді дәлелдеуіміз міндет. Ол үшін кемі бірнеше кезек күттірмейтін шаруаны қолға алуымыз шарт".

Қазақстанның С5+1 жобасындағы орнын көтеру үшін не істеу керек?

Егер Қазақстан өзінің Орта Азия елдерінің көшбасшысы, аймақтағы жетекші елдердің бірі екенін шын дәлелдегісі келсе, онда аймақты білу мен түсінуді мүлдем жаңа биіктікке шығаруы тиіс. Ол үшін Айдос Сарым ағамыздың айтуынша, төмендегідей үш түрлі жұмысты істеу керек.

Бірінші. Аймақты білу-түсіну және ақпараттық хаб құру керек. Ол үшін Орта Азия аймағын зерттеу орталығын, сол негізде әр елде ақпараттық бекеттерді құру және телеарналарды өзара көра алатын мүмкіндікке жету керек. Ортақ кабельдік теледидар торабын құру керек. Бұған қоса Монғолияның Байөлкесіндегі, Қытайдың Шынжаңындағы қазақ арналарын да қарап отырсақ, артық болмас еді. Ресейсіз ғұмыр кешу мүлдем мүмкін емес десек, башқұрт, жақұт, татар, қарашай-шеркес, хақас ағайындардың телеарналарын көрейік.

Екінші. Аймаққа экономикалық көмек беру де туыстас елдердің өзара туыстық сезімін оятып, жақындасуға, қоғамның қолдауын алуға септігін тигізеді. Сондықтан да бірінші күресетін жауымыз – тарихи-мәдени-тілдік-діни туыстығы бар елдерге деген бойдағы үрей мен қызғаныш. Көршіге көрсетілген көмекті өзіміздің тыныштығымыз бен дамуымызға құйылған инвестиция деп қарастыру керек. Алайда бұл көмектің дұрыс таратылуы, жетімдерге жетуі, кәдеге жарауы назарда болуы тиіс. Бір жемқорлықты екінші жемқорлыққа қосқаннан ешкім ұтып көрген емес.

Осы бағытта іске асыратын шаруамыздың бірі – елде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерге деген көзқарасымызды өзгерту. Осыларды есепке алу, өркениетті еңбек нарқын қалыптастыру, тапқан табысынан ресми салық алу – ең алдымен қазақ экономикасына тиімді шаруалар. Осы бағытта да мықтап еңбектенуіміз ауадай қажет.

Үшінші. "Аспанда ұшқан қаздар" саясатын қолдану керек, яғни "Аққу, шортан, шаян" ертегісінің кебінін кимеу керек.

Ұлттық эгоизм де – керек дүние. Алайда жері кең, халқы аз мемлекет үшін өзімшілдікке, менмендікке салыну – өлумен-өшумен пара-пар. Қазақстанның орнықты-тыңғылықты дамуы көрші елдердің дамуына әсерін тигізіп, олардың өсімін өз пайдасына жарата білуге негізделуі тиіс. Бұл үшін біздер адам көрмей, біріне-бірі жылдап жоламайтын барыс болмай, қатарда қоса ұшқан қаздардың үйіріне айналуымыз шарт.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары жапондық экономист Канаме Акамацу "аспанда ұшқан қаздар" стратегиясын ұсынған екен. Қаздар, тырналар неге сыналап ұшады? Себебі олар физика, аэродинамика заңдарын адамдардан жақсы түсінеді. Қаздардың ұшу тәртібі былай: ең басында ең мықты, ең күшті деген қаз сапты бастайды. Оның ұшуы артында ілесіп келе жатқан екі қаздың жұмысын жеңілдетіп, қарсы желдің күшін саябырсытып, самғауын жеңілдетеді. Тағысын тағы.

Жапон экономистері де елдің даму стратегиясын жасақтаған кезде өз елдерінің көршілес-еншілес елдерге тәуелді болатынын айқын түсінген. Сол себепті де осы кезге дейінгі Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де "қаздар" стратегиясын жақсы пайдаланып дамып келді.

Мәселен, аймақта мануфактура шығаруды жапондар бірінші бастаған. Бара-бара мануфактура шығару қымбаттай бастаған кезде, жапондар өз кәсіпорындарын Қытайға, Кореяға, Тайваньға ауыстырып, өздері теледидар мен радио шығару саласына ауысып кетті. Бұл салалардағы шарықтауға қол жеткізген кезде жапондар тағы да өнеркәсіптерді көрші елдерге апарды. Бұл елдер де өсіп-өркендеп, мануфактура, электроника шығаруда Жапониямен иық тірестірген жағдайға жетті.

Енді олар да осы өнеркәсіптерді Камбоджаға, Вьетнамға, Лаосқа, Малайзияға ауыстырып, өздері жапондармен бәсеке болатын компьютерлік технология, робототехника, нанотехнология, биотехнология деген салаларға қаржы салып, бәсекеге түсіп жатыр.

"Аспанда ұшқан қаздар" саясаты дегеніміз осы. Ол үшін кемі бір мемлекет бір салада сөзсіз көшбасшылыққа жетіп, кемеліне жеткен соң, сол өнеркәсіпті арзан еңбек күші бар көрші аймақтарға беріп, өзі бұдан да зор білім мен технологияны дамытатын салаларға ден қояды.

Ал біздің аймақта осындай стратегияны іске асыру мүмкін бе?

Айдос Сарым: "Әрине, мүмкін. Бірақ ол үшін сенім қажет. Сенімді тудыру үшін әріптестікті ортақ проблемаларды бірге шешуден бастау қажет. Мысалы, су мәселесіне қатысты ортақ ұйым құрып, еңбектенуге болады. Немесе Арал мәселесі барша елдердің мүддесіне сай шешілуі керек.

Ауғанстаннан шығатын есірткі траффигін бірігіп азайтуға, шектеуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен күштік құрылымдар ішіндегі жемқорлықты тию керек.

Немесе гастарбайтерлер мәселесіне ортақ көзқарас қалыптастыру. Аймақта арзан еңбек күшінің болуы Қазақстан үшін тиімді дүние болуы керек. Бұл үшін олардың амандығы мен дұрыс еңбек етуін қамтамасыз ете білгеніміз абзал.

Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп ортақ авиакомпания құра білсе, оның тиімділігі еселеп артар еді. Тағысын тағы... Айналып келгенде барша елдердің экономистері, сарапшылары бірігіп, әр елдің мүмкіндіктерін, артықшылықтарын зерделейтін тұрақты алаңдар керек".

С5+1 саясатының кадрлық қамтамасыз етілуі

Айдос Сарым: "О баста осы форматты ұсынған елдің бірі – Қазақстан болатын. Яғни Қазақстанның осы форматты сақтап қалуға, дамытуға деген ықыласы мен жауапкершілігі жоғары деген сөз.

Олай болса, алдағы уақытта осы саясатты жүзеге асыру, форматты дамыту мақсатында біршама кадрлық және институционалды шешімдерді қабылдағанымыз жөн болар еді. Мысалы, Орта Азия елдерімен қарым-қатынас орнату Қазақстан СІМ-нің сөзсіз басымдығына айналуы тиіс. Бұл саланы министрдің орынбасары – президенттің арнайы өкілі басқаруы тиіс сияқты. Осы форматқа кіретін немесе жақын елдердің барлығындағы қазақ елшілерінің ірі тұлға болуы шарт. Орта Азия елдеріне елші болу – дипломатиялық жаза немесе түрме емес, кадрлық-карьералық мүмкіндікке айналатын, жағдай жасау қолдан келетін шаруа. Сыртқы істер министрлігінің құрамында осы бағытты қадағалап-зерттейтін бөлек департаменттің ашылғаны дұрыс.

Осы форматты дамыту мақсатында ашық-жабық алаңдар, сарапшылар топтары құрылып, олардың дамуына жағдай жасалуы тиіс.

Түптің-түбінде еліміздегі беделді бір оқу орнын Орта Азия университеті қылса, аймаққа қажетті мамандықтар бойынша факультеттер ашып, гуманитарлық сала, адам капиталы, су мәселесі, денсаулық, ауыл шаруашылығы бойынша барша орта азиялық елдердің студенттерін оқыту бізге де тиімді болмақ".

Қазақ президентінің АҚШ-на сапары Ұлттық қорды құтқарды ма?

Елбасының АҚШ-на сапары Ұлттық қорымыздың америкалық банкілерде 40 пайызы және 16 миллиардқа жуық әртүрлі акциялар мен бонустарымыз бұғатталғанда және "Қашаған" мұнайының жартысына жуық акцияларын да бұғатау қаупі туған кезде жасалды. Жұртшылықтың Елбасынан осы қаражатты құтқаруын үміттене күткені белгілі.

Алайда, сапардың мақсаты да мәні де басқаша болды. Яғни қауіпсіздік пен өзара байланысты нығайту мәселесі негіз болды. Сондықтан бұғатталған қаржы туралы айту әлі ертерек.

АҚШ бізге жолаушылар таситын алты жаңа Бойнг ұшағын, темір жол саламызға 300 локомотив жасап беретін болды. Аграрлық саламызға да жаңа техникалық өзгерістер енгізеді. Жалпы алғанда, біз осы жұмыстар үшін АҚШ экономикасына сегіз миллиардқа жуық доллар ақша құйып, америкалықтарға он мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, яғни АҚШ экономикасына инвестиция саламыз. Осындай алпауыт жоспарларды біз ешкімге (тіпті Ресейге де ) жалтақтамай шынайы тәуелсіз ел ретінде жасап жатырмыз.



Н.Назарбаев Трамп пен Путиннің арасын жақындата ала ма?

Н.Назарбаев – сенімді серіктес, қарт басшы ретінде Ресей мен Түркия дауында, Сирия мәселесінде бітімгерлігімен танылды. Енді Солтүстік Корея және Украина мен Ресей арасындағы дауда да өз бітімгерлік алаңын ұсынып отыр.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан "көрші қақысын" ұмытпаған ел. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ үшін АҚШ пен Ресей арасында көпір болып жүргені белгілі. Сондықтан кейбір шовинистік түсініктегі адамдардың Н.Назарбаевтың АҚШ еліндегі сапарына бола сес көрсетуі не реніш білдіруі дұрыс емес.

Шын мәнінде Н.Назарбаев Ресей мен АҚШ арасындағы байланысты жақсартуда арағайындық роль атқарып келеді. Бұл – Қытай үшін қызғаныш әрі қорқыныш тудырары хақ.

С5+1 – еліміз үшін сенімді саяси формат. Мүдде мен ықпал таласында қысастықтың да, қызғаныштың да болатыны белгілі. Біз көршілерімізді қолдаймыз, әрі олардан қолдау күтеміз. Ал держава елдердің осы форматқа байланысты саяси байланыстары қай деңгейде болатынын алда көре жатармыз.

Қазақстан үшін Ресей – сенімді серіктес, АҚШ – қалқан, Қытай – үлкен базар! Саяси сахнада, бақталастықта ешқашан достықтың болмайтынын да біле жүргеніміз дұрыс шығар!

Серіктестер жаңалықтары