Тікелей эфир

Өркенді өлтірген Шарипа Ақбердиеваның қылмыстық тобы заңды жазасын алды (видео)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
11 жасар Өркен Азаматұлын өлтіргендерге сот шешімі шықты. Жазаға қанағаттанбаған айыптаушы тарап қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды

Бүгін қылмыстық істер бойынша мамандандырылған Қаскелең ауданаралық соты 11 жасар Өркен Азаматұлының өліміне қатысты айыпталып отырған бес адамның үкімін шығарды. Өркеннің өгей анасы Шарипа Ақбердиеваны 25 жылға, оның ұлы Темір Ақбердиевты 23, қызы Айдана Ақбердиеваны 16, такси жүргізушісі Руслан Мүтәлиевті 17, өгей баласы Қадіржан Гүләмовтың кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп, 12 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот отырысында айыпталушы тараптың қорғаушылары Өркенді өлтірмек болған қылмыстық топтың ойынан бейхабар болды деп, Руслан Мүтәлиев пен Айдана Ақбердиеваны сот залынан босатуды сұрады. Сотталушы Темір Ақбердиев пен Қадіржан Гүләмов те аталған екі сотталушының қылмыстық іске қатысы жоқ екенін айтып, тұрып алды.

Өгей шешенің сылтауы өтпеді

Сот барысында Шарипа Ақбердиева өзіне тағылған айыптардың бірде бірімен де келіскен жоқ. Сотталушы өз әрекеттеріне жауап бере алады деген сот-медициналық сараптамасының қорытындысына да күмән келтіріп, соттан қайта сараптама тағайындауды сұраған еді. Сот "Эпилепсия (қояншық ауруы) ауруының белгілері байқалды" деген диагнозбен Шарипаның 14 жасында емделіп шыққаны оған негіз бола алмайды деп оның талабын қанағаттандырмады.

Ол енді бір күн бұрын тергеушінің үш шиша сыра беріп, тергегенін айтып, сол себепті сұрақ-жауап парағын оқымай, қол қойдым деп тағы жалтарғысы келді. Бірақ жауап алу сәті басынан аяғына дейін бейнетаспаға түсірілгендіктен онысы өтпей қалды, Оны куәгер ретінде шақырылған Алмалы ауданы ішкі істер бөлімінің тергеушісі Ерсін Тілеубай растады. Ал Шарипа тергеу жүргізілген төрт ай ішінде бірде-бір рет шағымданбаған.

Шарипа туған ұлы Темірге қарғыс айтты

Сот отырысындағы соңғы сөзінде Шарипа Ақбердиева өз кінәсін амалсыз толық мойындады. Тек ұлы Темір мен Қадіржан Гүләмовке тағайындалған жазаға тағы бес жыл қосып беруін өтінді. Ол бұл әрекетін өзіне екеуінің негізсіз жала жапқанымен түсіндірді.

Шарипа Өркеннің туған-туыстарынан осы жерде бірінші рет кешірім сұрады. Баланы өлтіру ойында болмағанын, үйінен кетіп қалған күйеуі Азаматпен сөйлесу үшін ғана алдыртқанын айтты.


Шарипа Ақбердиеваның ұлы Темір Ақбердиев.

Сотталушы Темір Ақбердиев / Фото informburo.kz


Әрбір қылмыстық іс-әркетін жасырмай айтқан ұлы Темірге Шарипа қарғыс жаудырып, оны Өркеннің өліміне кінәлады.

– Енеме қастандық жасағым келгені рас. Бірақ бұл қылмысқа еш қатысым жоқ. Темір мен Қадіржанның жапқан жаласына келіспеймін. Мен Темірге 13 жылдан бері аналық көмек көрсеткен емеспін. Содан маған өшігіп отырған болар. Қылмыс жасалғанын біле тұра, аналары ретінде кінәны мойныма алдым.

Ал Өркенге үш жасынан бастап көмек көрсеттім. Киім-кешегін, тамағын жіберіп тұрдым. Әкесі Азамат ешқашан табыс тапқан емес. Несиеге автокөлік те алып бердім. Мен отбасын материалдық жағынан қамтамасыз еттім. Бағдагүл мен Азаматқа тек ақша үшін керек болғанмын. Сосын Азаматпен ажырастырмақ болды. Ұлым Темір Өркенді өлтіреді деп ойлаған жоқпын. Бәріне кінәлі – Темір.

Өркеннің әкесі Айдананың кінәсіз екеніне сенгенмен, әжесі сенбейді

Шарипа Ақбердиеваның қызы Айдана соңғы сөзінде анасының сөзін растады. Сондай-ақ ол кінәсіз екенін алға тартып, үш жасар қызы Нұрзатты өзі асырап-баққысы келетінін жеткізді.

– Үйде ақшаны мамам табатын. Өркенге де, Азамат көкемнің отбасына да көмек көрсетті. Мен Өркенді інімдей жақсы көрдім. Менің де балам бар. Мен ондай қылмысқа бармаймын. Өлтіретінін білген де жоқпын. Баламды өзім баққым келеді.


Сотталушы Айдана Ақбердиева

Сотталушы Айдана Ақбердиева / Айдананың достарының жеке архивінен


Өркеннің әкесі Азамат Кемпірбаев өз туыстарымен жанжалдасуға дейін барып, Айдана мен Русланның қылмысқа еш қатысы жоқ деп соттан Айдананы босатуын сұрады.

– Мен Айдананы жақсы білемін. Ол Өркенді жақсы көрді. Үйдегі балаларға да сол қарайтын. Ал такси жүргізушісіне келсек, Русланды жақсы түсінемін. Ондай жағдай кез-келген адамның басына түсуі мүмкін.


Өркен Азаматұлының әкесі Азамат Кемпірбаев.

Өркеннің әкесі Азамат Кемпірбаев сот үкімін күтіп жүр / Фото informburo.kz


Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова сотталушылардың бәрін кінәлі деп санайды.

– Олар менің баламды қалай қинап өлтірсе, солай жазаларын алуы керек. Шарипа – ана деген атқа лайық емес. Ол тағы біреудің баласын өлтіруі мүмкін. Алдымен мені өлтірмек болған. Ақыры сүйікті немеремді өлтіріп тынды. Егер Айдананың кінәсі болмаса, күн бойы жылап-еңіреп іздеп жүргенде маған айтар еді ғой.


Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова.

Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова / Фото informburo.kz


Сот отырысында қылмыстық топ алдымен Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекованы өлтіруді жоспарлағаны белгілі болды. Алайда ойлары іске аспай қалған.

Темір Ақбердиев пен Қадіржан Гүләмов өздерінің кінәлаларын мойындап, Өркеннің туған-туыстарынан кешірім сұрады. Тек такси жүргізушісі ғана "бар кінәм – жеке көлігіммен қылмыс орнына апарып салғаным" деп отыр.

Өркеннің анасы сот шешіміне риза емес

Сот шешімімен Шарипа Ақбердиеваға 25 жыл жаза берілді. Алайда Өркеннің анасы Айжан Қыдырмолданова сотталушыларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалуы керек еді дейді.

Айдана шешесінің таяғынан көз ашпаған

Айданамен дәмханада қызметтес болған дос қызы осылай дейді. Шарипа қызын немересі Нұрзатпен қосып, қолына түскен затпен аяусыз ұрып-соғуды әдетке айналдырған. Анасынан қатты қорқатындықтан, айтқанынан шыға алмаған. Бірде қатты таяқ жеген Айдананың Алматыдағы "Аналар үйіне" орналасуына да осы қызметтестері көмектескен.

"Аналар үйіне" хабарласқанымызда 2014 жылы Айдана Ақбердиеваның 8-9 айлық қызымен үш ай тұрғанын растады. "Аналар үйіне" көмек сұрап келгенде, қолында мектептің үш сыныбын аяқтағанын растайтын оқу үлгерімі жөнінде табелі ғана болыпты.

Қызын күйеуінен күштеп ажырастырған Шарипа Ақбердиева немересі Нұрзатты да өз атына жаздырып алған. Айдананың ойынша, көздегені – ай сайын алатын жәрдемақы мен көп балалы ана ретінде ерте зейнеткерлікке шығу.

"Аналар үйі" дер кезінде заңдық көмек көрсетіп, сот арқылы қызын өзіне қайтарып бергісі келгенімен, Айдана анасын кешірген.

Қылмыстың құны 200 мың теңге

Сотталушы Шарипа Ақбердиева ұйымдасқан тобымен бірге 11 жастағы өгей ұлы Өркен Азаматұлын алдымен тұншықтырып, сосын денесінің бірнеше жеріне пышақ салып өлтірді деген айыппен 19 қаңтар күні қамауға алынған болатын. Қылмыстық топ құрамында ұлы Темір мен қызы Айдана болған. Топтың қалған мүшелері – 17 жасар Қадіржан Гүләмов пен такси жүргізушісі Руслан Мүтәлиев есімді азаматтар. Абай ауылындағы алдын-ала дайындалған үйге Өркенді алдап әкеліп, Темір мен Қадіржанның жанына жіберген. Олар жертөледе арам ойларын іске асырған. Шарипа Ақбердиева өз ұлы Темір мен оның өгей бауыры Қадіржан Гуләмовке жасаған қылмыстары үшін 200 мың теңге сыйақы уәде еткен.

Бес адамдық қылмыстық топ бірнеше бап бойынша: Темір Ақбердиев, Қадіржан Гуләмов, Айдана Ақбердиева және Руслан Мүтәлиев 28, 99 және 125 баптардың екі-үш тармағымен сотталды. Ал Шарипа Ақбердиева бұларға қоса 132 баптың бірнеше тармақтары бойынша айыпты деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Өркеннің әжесі Бағдагүл Есенбекова сотталушылардан немересі үшін материалдық және моральдық шығынды өндіріп алу үшін әкімшілік сотқа арызданатынын мәлімдеді.

Серіктестер жаңалықтары