10 маусым күні Алматыда Ринат Зайытов пен бір топ жақтастары сайлау қорытындысына көңілдері толмайтынын айтып, наразылық білдірді. Алайда Ринатты да, жақтастарын да полиция алаңнан алып кеткен еді.
Алаңда көпшілік алдына шығып, кешірім сұрап жатқанда, полицияның Ринатты ұстап әкеткені туралы видеожазба желіде тарай бастайды.
Көп ұзамай Ішкі істер департаментінің алдына жүздеген алматылық жиналып, Ринатты босатуды талап еткен. Олардың ішінде Мақсат Тойлыбай, Рустем Қайыртай, Сәкен Майғазиев, Серік Қалиев, Нұрлан Албан, Рахман Омар, Алашұлы тобы, Азия тобы, Талант Арынгали, Музарттагы Жанәбілов Кенжебек, Жүрсін Ерман тағы да басқа танымал тұлғалар болған.
Ринат Зайытов әлеуметтік желі арқылы бостандыққа шыққанын айтса да, "Целинный" кинотеатрының алдына жиналған халық тарай қоймаған. Олар ақынды өз көздерімен көрмей, алаңнан кетпейтіндерін айтқан болатын.
"Ринат рұқсат етілмеген митингке қатысқан"
"Зайытов Алатау ауданында рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін полицияға жеткізілді. Түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң Ринат Зайытов үйіне қайтарылды", деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, бұл іс прокуратура бақылауында. "Біраз уақыттан соң тұрғындар полиция департаменті ғимаратының алдында жиналды. Оларға Зайытовтың үйіне қайтарылғанын хабарладық, бірақ жиналғандар тарқамады. Жиналғандардың осыдан кейін тағы да жаппай тәртіптсіздікке баруы мүмкін екенін ескере отырып, Зайытов құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талабымен жиналғандардың алдына барып, сөз сөйледі. Оларды заңбұзушылық жасамауға, сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің талаптарын орындауға шақырды", деді полиция өкілі.
Режиссер Еркін Рақышев: "Біз митинг жасаған жоқпыз, алаңға шығып, жағдайды түсіндіруге тырыстық"
Ол бұл сайлауда Әміржан Қосанов штабының сенімді өкілі болды. Айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтауынан соң, Қосановты жақтаушылар тарапынан көптеген сауал туындады."Олардың барлығын кеңсеге жиып, түсініктеме беруге мүмкіндік болмады. Содан кейін алаңға шығып, жағдайды түсіндіруге тырыстық.
Полиция мені де алып кететін еді, бірақ сол жерде жүрегі ұстап қалған бір жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқандықтан ғана қалдым", – дейді ол.
"Ринат үйде десе де, көпшілік оны көрмей қайтпаймыз деп тұрып алды"
– Ринат – жақсы араласып жүрген досым. Оны қалалық ІІД алып кетті дегенді естіп, бірнеше достарыммен жиналып сонда бардық. Адам қарасы көбейе бастады. Әлеуметтік желіге Ринатты босатуды талап етіп тұрмыз деп видео үндеу жариялап едім, үш сағаттың ішінде мыңнан астам адам жиналды. Көпшілік Ринатты көрмей қайтпаймыз деп тұрып алды, – дейді Мақсат Толықбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
– Сөйтсек ол жерде болмапты. Үйінен алып кеттік. Алғашында халық шулап кете ме деп, алаңға келуге рұқсат бермеген. Кейін ІІД басшылығымен сөйлесе келе, рұқсат алған Ринат алаңға шығып көпшілік алдында:
"Менде бәрі жақсы. Басым аман. Араңдатуға көнбеңіздер, аман-есен тарқайық", деп бір ауыз сөз айтты. Сонымен жұрт тарап кетті. Әрі қарай, не болғанын білмеймін. Абай мен Төле би көшелерінің бойымен жүріп шулатты деген ақпарат тарап жатыр, ол жақта біз болған жоқпыз, – дейді Мақсат Толықбай. – Танымал адамдар көп болды. Сондықтан шығар, полиция ешкімді ұстаған жоқ, бақылап ғана тұрды.
Дос Көшім: Қосановтың шешіміне "Ұлт тағдырының" қатысы жоқ
– Қосанов дебатқа түскендегі, берген сұқбаттарындағы, кездесулердегі айтқан бағытынан тайған жоқ. Әрі бұл оның жиырма жыл бойы ұстанып келе жатқан саяси бағытының жалғасы болып қалды. Мұны ашықтан ашық мойындауымыз керек. Әрине, Қосановтың экзитполдан кейінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін мойындағанын түсіне алмадым, – деді саясаткер informburo.kz журналистінің сұрағына жауап бере отырып.
Айтуынша, сол уақытта жасаған мәлімдемесіне қатысты Қосановтың өзінен де сұраған.
Қосанов: "Бұл – менің жеке шешімім, ол үшін өзім жауап беремін" деген болатын. Оның астарында не жатқанын білмеймін, оған қатысты ештеңе айта алмаймын.
Бұл – "Ұлт тағдырының" шешімі емес. Қоғам тарапынан "Сіздердің қатысыңыз бар ма?" дейтін мазмұндағы өкпе-реніш айтылып жатыр. Қосановтың шешіміне жеке менің, "Ұлт тағдырының" ешқандай қатысы жоқ, – дейді Дос Көшім.
Дос Көшім Ринат Зайытовтың алаңға шыққаны жайында:
– Оны ұстап әкеткені жайлы естіп, Алматыға келгенімде, оның босатылғанын айтты. Мұндай қарсылық акцияларының өтіп жатқанына біраз болды ғой. Түрлі мәселелерге қатысты ұйымдастырыла да береді.
Қарсылық шараларының нәтижелі болуы халықтың деңгейіне тікелей байланысты.
"Шеру заңды болса, билік өкілдері халықпен санасады"
– Мұндай шараларды саяси күрестің бір құралы ретінде көрініс табуы үшін, оның артында бір мүдде аясына біріккен, нақты бір мақсатты көздейтін саяси әрі сауатты ұйым тұруы шарт. Атқарушы билікті тыңдата алатын деңгейде сауатты, заңды шеру ұйымдастырылатын болса, билік өкілдері халықпен санасады.
Алдымен, "шет елдердегідей саяси сауатты шеру ұйымдастыратын деңгейге келдік пе?" деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Бұл орайда халықтың да, биліктің де қажетті деңгейде еместігін көріп отырмыз.
Құр қарсылық білдіруден нәтиже шықпайды
– Олай дейтінім, бүгінгі таңда жасалып жатқан шерулер тек қарсылық білдіру мақсатында өтіп жатыр. Яғни, қараша халық қазіргі қалыптасқан жағдайға қарсы екенін көре аламыз. Бірақ, нақты нені талап етіп жатқанын түсіну қиын. Егер де белгілі бір саяси ұйым, яки қоғамдық қозғалыс белсенділерімен бірге билікке сауатты деңгейде талабын түсіндіретін болса, биліктің жауапсыз қалдырмайтыны анық. Ал құр қарсылық шараларының саяси нәтижелі болуы екіталай. Бұл – бір.
Халық митингіге шықпайынша, оның мәдениетін де түсінбейді
– Екіншіден, билік митингінің не екенін алдымен өзі түсінуі керек. Соңғы үш-төрт жылда мұндай шараларға тыйым салып қойдық. Нәтижесінде, халық қалай шықса да, бәрімізде қорқыныш пайда болады. Митингінің мәдениетін үйренбеген халық не айтады, қайда кетеді деген сезік пен күдік бар. Суға түспей, жүзуді үйрене алмаймыз. Митингілер болуы керек, онда халыққа өз талабын білдіруіне толық мүмкіндік берілуі тиіс. Сонда халық митингінің не екенін түсінеді, мәдениетті түрде өткізудің жолын үйренеді. Осыны түсінетін билік керек, – дейді саясаткер.
Билік митингіні конституциялық құқық ретінде қабылдамай отыр
– Бұған қоса, тәртіп сақшылары митингілерді қорғап, тәртіп бұзу бола қалса, түзетуге атсалысуы тиіс. Қазіргі жағдайда олар шеру ұйымдастырушыларға қарсы әрекет жасаудан әрі аса алмай отыр. Бұл да биліктің митингіні конститутциялық құқық ретінде қабылдамауының бір көрінісі. Қорыта келе, саяси митинг өткізе білетін саяси ұйым, яки қоғамдық қозғалыс жоқ және оны түсіне білетін, сол шерумен жұмыс істей алатын, митингіні тыңдап, сөйлесе алатын билік тағы жоқ. Осындай өларада тұрмыз, – деді Дос Көшім.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда 550 адам жауапқа тартылған
Маусымның 9-10 күндері полиция Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қарсылық акциясына шыққан 550-ге жуық адамды ұстаған.
Олардың басым көпшілігі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни, айыппұл салынған және қамауға алынған.
– Бірінші күні 400-ге жуық адам жауапқа тартылған. Екінші күні Ішкі істер органдарына 200-ге жуық адам жеткізіліп, 150-дейі жауапқа тартылды, – деді Ішкі істер министірлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Айтуынша, маусымның 9-10 күндері шет елден басқарылып отырған ұйымның итермелеуімен митингтер ұйымдасқан. Дей тұрғанмен, ұсталғандардың арасында бұл ұйымға қатысы жоқтар да бар болып шыққан.
– Шет елден басқарылып отырған ұйымның үгіт-насихатының ықпалымен қарапайым халықты құқық бұзушылықтарға итермелеген. Ринаттың бұл ұйымға қатысы жоқ, – деді Ішкі істер министірлігінің ресми өкілі.
Маусымның 14-не дейін Ішкі істер министірлігі күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Қайрат Нұртас соңғы күндері өткен митингілерге шыққандарды босатуды сұрады
Әнші өзінің Instagram желісіндегі парақшасында:
"Иә, мен әншімін. Бұл менің бала-шағамды асырап отырған жұмысым. Осы уақытқа дейін ешкімнің жағына шыққан адам емеспін, себебі xалықтың тыныштығы мен үшін ең маңыздысы. Алайда соңғы жаңалықтарға байланысты айтарым, xалқымның қаны төгілсе, қарап қалмаймын. Өйткені мені көтерген xалық! Елімде болып жатқан жайттарға жүрегім ауырғаннан, бей-жай қарап, үнсіз отыра алмаймын. Бірақ 1986 жылғы оқиғаның, қазағымның қаны төгілгенін де қаламаймын. Құдай сабыр берсін!" деп жазды.
Сонымен қатар, билікке халықтың мұң-мұқтажын еститін уақыттың келгенін айтып, сондықтан полиция ұстап әкеткен қазақстандықтарды босатуды сұрады.
"ҚР Конституциясына сәйкес, ХАЛЫҚ – мемлекеттің ең бірінші байлығы. Халыққа қарсы шығу Аллаға қарсы шығумен тең. Осы орайда үкіметтен барлық жан айқайын жеткіземін деп жүріп қамалғандарды босатуды сұраймын! Бұ дүниеде барлық нәрсе Алланың қалауымен болатынын да естен шығармағанымыз абзал! Алланың өз есебі бар шығар... Бүлік шыққан мемлекеттердің де оңғанын көрмедім. "Ашу – дұшпан, ақыл – дос" демекші, барлығына басқаша қарайық. Құдай қайырын берсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Мен Сіздерді жақсы көремін", деп жазды әнші.