Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Шығыс Қазақстан облысындағы орман өртіне қатысты ресми ақпарат берді.
2021 жылғы 10 мамырда сағат 13:30-да Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қураған ағаштың жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 13:31-де өрт орнына Риддер қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші ауысымы жіберілді.
"Сағат 16:08-де Лесхоз кентінің Орман шаруашылығы аумағында Сосновый бор және Лихачев көшелерінде тұрғын үйлер жанып жатқаны туралы хабарлама Орман шаруашылығы мекемесінен келіп түсті", – деді Талғат Уәли.
Өрт 5 көшені шарпыды (Б.Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев, Жуковский). Аталған көшелерде 59 тұрғын үй болған, оның ішінде 37 тұрғын үй өртенген (9 шаруашылық құрылыс).
Өртенген үйлерде 83 адам, оның ішінде 10 бала тұрды. Зардап шеккен тұрғындар ішінен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды.
"Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті", – деді ол.
Ақпаратқа сәйкес, өрт болған жерден 1948 жылы туған әйелдің мәйіті табылды. Алдын ала берілген ақпарат бойынша мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастырып жатыр.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан өрт ошағына айналды". Біз неге ұлы даланың әлеуетін пайдаланбаймыз?
Қазивиаорманкүзетінің Ми-8 тікұшағымен өртті биіктіктен сөндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгін сағат 07.00-де елді мекен аумағындағы өрт сөндірілді. Орман өрті периметрінің шетінде ашық жану жоқ. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдерін сөндіру жүргізіліп жатыр.
"Сағат 07:30-де барлау жүргізу және өрт алаңын нақтылау үшін Қазивиаорманкүзетінің тікұшағымен ұшу жүзеге асырылды, оның қорытындысы бойынша өрт алаңы - 283 гектар болып нақтыланды", – деді ТЖМ өкілі.
Оның сөзінше, өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың, ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының 493 жеке құрамы, 69 бірлік техника және 2 тікұшағы жұмылдырылды.
Күштер мен құралдарды бірыңғай басқаруды ұйымдастыру үшін өрт орнында құрамында орман қорғау мекемесі, ТЖД және Риддер қаласы әкімдігі өкілдері бар өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды.
"Вице-министр Марат Күлдіков бастаған ТЖМ жедел тобы өрт орнында жұмыс жүргізіп жатыр", – деді ол.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Риддер қаласында өрттің шығуына қатысы бар күдіктіні анықтап, тапқанын айтты.
"Қазіргі уақытта Риддер қаласында өрттің пайда болу фактісі бойынша күдікті ұсталды, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204-бабының 2 тармағына (отты абайсызда қолдану) сәйкес іс-әрекет жасады деген күдікке ілінді, – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.
Істің анық-қанығы мен күдікті туралы айтылмады. Қылмыстық кодекске сәйкес, қылмыс жасаған адам 2 мың АЕК (5,5 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жанындағы Лесхоз кентіне барып, тұрғындармен кездесті.
"Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн болды. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығуын тілеймін. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі! Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады!", – деді Даниал Ахметов.
Әкім бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті. Расталған соңғы ақпаратқа сәйкес, 35 үй мен 9 ғимарат өртенді
"Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсам. Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап бұл жұмыспен айналысады. Барлық құжатты бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз.
Мүлік шығынына келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады", – деді Даниал Ахметов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жанынан құрылған шұғыл желіге тұрғындар 8 (7232) 55-38-19 нөмірі бойынша жүгіне алады. Аталған желі арқылы өрттен зардап шекендер мен олардың жақындарына психологтар көмек көрсетеді. Сондай-ақ, облыстық департамент базасында осы оқиға бойынша дағдарыс орталығының жедел штабы құрылды.