Домендік ".kz", ".қаз" атауларымен тіркелген интернет ресурстарын Қазақстан сегменті кеңістігінде орналастыру туралы талап алғаш рет 2010 жылы енгізілген болатын. Содан бері бұл бұйрық қазақстандық интернет кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, қолдану шараларын реттейді.
"ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұзушылықтарға анықтау бойынша жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді. 2020 жылдың 4 наурызына Мемлекет басшысы елдің сандық суверинитет әдістерін жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында бұйрықта көрсетілген нормалар жаңа мәртебеге ие болды. Біздің ойымызша, бұл нормалардың енгізілуі – отандық домендер қуаттылығын қазақстандық хостингтерге ауыстыру арқылы отандық ақпаратты өңдеу орталықтарының жүктемесін азайтады", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
Айтуынша, келешекте байланыс операторларымен де келіссөздер жүргізу жоспары бар.
"Интернет желісіндегі қазақстандық сегментте арнайы тарификация мүмкіндіктері қолға алынуы мүмкін. Бұл шара ең алдымен, мектеп оқушылары мен студенттер үшін жасалмақ. Мұны тегін жасау жолдарын да қарастыратын боламыз", – деді Асхат Оразбек.
Бүгінде Қазнетте (қазақстандық интернет кеңістік) 175 мыңнан астам домендік атау бар. Бірінші деңгейлі ".kz", ".қаз" домендік атауларының 99 632-сі жұмыс істеп тұр.
2020 жылдың қазан айында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының "Ақпараттандыру туралы" Заңы аясындағы талаптарды сақтау мақсатында "Қазақ желілік ақпарат орталығы" мекемесіне 45 мыңнан астам домендік атаудың белгіленген талаптарды бұзғаны және оны реттеуге 30 қарашаға дейін уақыт берілгені туралы хабарлама жіберілген.
"Бүгінде пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарды ескере отырып, министрлік бұл талаптың мерзімін 2021 жылдың 1 ақпанынан дейін созу туралы шешім қабылдаған болатын. Бүгінде 18 623 домендік атау ғана ауыспаған. Жоғарыда аталған 45 мыңның тең жартысы қазақстандық хостингке ауысты", – деді ол.
Латын қарпіне өткенде домендерді ауыстыруға қанша қаражат кетеді?
"Домендерді ауыстыруға бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Қазақстанда ақпарат қауіпсіздіктің 12 жедел орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ ақысыз VIPROTEM жүйесін ұсынып отырмыз. Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін киберқалқан жұмысын жүргізіп жатыр", – дейді ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сарапшысы Айдана Алтаева.
Сонымен қатар, Айдана Алтаева латын қарпіне көшу домендерді ауыстыруға қалай ықпал ететінін айтты.
Оның сөзінше, латын қарпіне ауыстыру жөнінде мәселелер бойынша келіссөздер ICANN халықаралық ұйымымен жүргізілген. Келіссөздер барысында "Qaz" және "QZ" домендік аттары Қазақстан Республикасына тіркелген.
"Латын қарпіне толығымен ауысып жатқанда, ресми процедураларды уәкілетті орган ҚР Сауда және интеграция министрлігі жүргізетін болады", – деді ол.