Тікелей эфир

"Қазақстан журналистикасы үшін ауыр қаза". Михаил Дорофеев туралы естеліктер

Михаил Дорофеев / Фото: Informburo.kz
Михаил Дорофеев / Фото: Informburo.kz
Informburo.kz порталының бас редакторы Михаил Дорофеев 30 қаңтар күні дүниеден өтті.

Михаил Дорофеев 25 жылдан астам уақыт Қазақстанның түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етті. Алғашқыда Атырау облысының БАҚ-нда, кейін республикалық – КТК телеарнасы, "Экспресс К", "Город" және "Мегаполис" газеттерінде еңбек етті. "Астана қаласы телевидениесі" ЖШС бас директоры, "Эра" телекомпаниясы" ЖШС бас продюсері болды. "Портрет недели" (КТК), "Формула личности" (Қазақстан, "Астана-ТВ"), "Тема" ("Астана" телеарнасы), "Открытый диалог" ("Хабар") телебағдарламаларын жүргізді. "Верный Капитал" компаниялар тобының баспасөз хатшысы болып, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ компаниясының Қоғаммен байланыс департаментіне жетекшілік етті. ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистика академиясының академигі. 

Михаил Дорофеев 2015 жылы құрылған сәтінен бастап Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына басшылық етті. Ол порталды өте қысқа мерзімде Қазақстанның ең танымал ақпараттық ресурстарының біріне айналдыра білді. 

Михаил Дорофеевтің мезгілсіз қазасына орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оның туыстары мен жақындарына көңіл айту телеграммасын жолдап, түрлі БАҚ өкілдері, журналистер көңіл айтып жатыр. 


Журналистское сообщество выражает соболезнования родным и близким Михаила Дорофеева


"Жүзінде адамды өзіне тартып тұратын шырай бар еді"

– Михаил Дорофеевтің қазасы күтпеген жерден бәрімізді есеңгіретіп кетті. Онымен мұнай-газ саласында жұмыс істеп жүрген кезінде таныстым. Одан кейінгі аралықта елордада, Алматыда жиындар болған кезде араласып тұрдық. Әр кездескенде аңқылдап амандасатын. Ашық адам, ешкімді жатсынбайды. Жүзінде адамды бірден өзіне тартып тұратын жақсы шырай бар еді. Мұны Михаилдың жан дүниесінің ашықтығы деп айтуға болады. Жарқын жүзді, аз уақыт әңгімелескеннің өзінде көңілің толып, өзің де сондай бір нұрланып қалатын сәттер болады. Михаил сондай жан еді.

"Қазақстан Медиа Альянсы" құрылған кезден ұйымның құрылтайы, съезі, одан кейін басқарманың жиындары өтті. Михаил альянс жұмысына тығыз араласты. Жиындарда үнемі өзінің принциптік көзқарасын білдіріп, бүкпесіз турасын айтатын. Сонысын қатты сыйлайтын едім. Өйткені, әріптестердің арасында кейде басын шұлғып "мақұл" деп, болмаса жалпы жұрттың ығына жығылып кететін адамдар болатын. Ал Михаилдың ерекшелігі – қашанда өз ойын ашық айтатын. Арманжан Байтасов үш жыл альянстың басшысы, мен оның орынбасары болдым. Ұйымдастыру жиынында Байтасов басшылыққа менің кандидатурамды ұсынды. Онлайн форматта ашық дауыс бергенде Михаил ғана "қалыс қалды". Себебін сұрағанда мұның баламасыз сайлау екенін және мұндайды ұната бермейтінін айтып, өзінің позициясын білдірді. Сол үшін де сыйы арта түсті. 

Бізде қазақтілді және орыстілді журналистика деп екіге бөліне береді. Дорофеевтің ұстанған бағыты – жалпы Қазақстан журналистикасын тілге, болмаса басқа бір санаттарға бөлмей, ортақ елдің игілігі, алға қарай жылжуы, реформалардың жеміс беруі деп қарады. "Информбюроны" басқарған уақытта жаңалықтарды, қызықты дүниелерді кәсіби тұрғыдан сауатты беретін. Сонысын да жоғары бағалаймын.

Михаил ұстамды, парасатты, Қазақстанның жақсы ойлы азаматы болатын. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетіп жатыр. Арманы, мақсаты, ойлаған жұмыстары көп болды. Кездескенде де ұзақ сырласып, әңгімелесе алған жоқпыз. Жиналыстарда отырғанда да өзін сондай байсалды ұстайтын. Кәсіби тұрғыдан білікті маман, адамдармен тіл табысу деген тұрғыда ешқандай кедергілері жоқ ашық азамат болатын.

Қазақстан журналистикасы үшін Михаилдың қазасы – ауыр қайғы. Оның отбасы мен жақындарының, ұжымының қайғысына ортақпын.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент сенатының депутаты, "Қазақстан Медиа Альянсы" ҚБ басқарма төрағасы 


"Ну, рассказывайте, что натворили?" Каким был Михаил Дорофеев – в воспоминаниях друзей и коллег


"Мықты медиаменеджер, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы"

– Михаилдың мезгілсіз қазасын естіп есеңгіреп қалғанымыз рас. Соның алдында екі сағат бұрын ғана қазіргі қазақ журналистикасының жайы сөз болғанда Михаилдың еңбегі, оның журналистикадағы орны туралы ілтипатпен айтқан болатынбыз. Ал арада көп уақыт өтпей жатып осындай жайсыз хабарды естігенде төбемізден жай түскендей болды. Рас, біз Михаилмен етене, қойын-қолтық араласқан жоқпыз, бірақ жиындарда жиі көріп тұратынбыз. Өзінің принципшілдігімен, батыл ойларымен әр уақытта оқшауланып көзге түсетін. Ресми жиындарда ойын батыл айтатын. Ал семинарларда, түрлі тренинг жиындарда өзінің ерекше ойларымен, креативті көзқарасымен ерекшеленіп тұратын. Ол мықты медиаменеджер, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы болды. Оның басшылығымен "Информбюро" биік беделге ие болды. Өзі де алдыңғы сапта жүріп қаламын тастаған жоқ. Оқшау озық ойларымен бірден көзге көрініп тұратын. Орны енді ойсырап қалды.

Жалпы, Михаилдың болмысы өте табиғи еді. Ашық жарқын мінезді ол ойын бүкпесіз айтатын, сонысымен адамдарды өзіне баурайтын. Қазақстандық медиа кеңістікте оның орны айырықша еді. Жастай өмірден озуы өте өкінішті. Оның отбасына, жақындарына және ұжымына қайғырып көңіл айтамыз. Топырағы торқа болсын. "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" дейді. Михаил жазған дүниелердің барлығы екінші өмірін жалғастырады деп ойлаймыз. Оның артында мұрасы, жасаған еңбектері, ұйымдастырған ұжымы қалды. Оның принциптері, медиа кеңістіктегі бастамалары қалды. Солар лайықты жалғасын табады деп сенеміз. Михаил әр уақытта біздің жадымызда, жүрегімізде.

Дархан Қыдырәлі, ""Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық түркі академиясының президенті

"Михаил өте адал, өзінің принциптерінен таймайтын жан еді"

– Соңғы үш жылда Қазақстан журналистикасы орны толмас үш тұлғадан айырылды. Геннадий Бендицкий, Бейсен Құранбек, енді, міне, Михаил Дорофеев. Бұл орны толмас қайғы. Мен 31-телеарнада басшы болғанда құрылтайшылар бізге "Арна коммерциялық болып, ақша табуы керек" деген тапсырма беретін. Осыған орай, Михаил екеуіміз бәсекелесіп қалатынбыз. Оның журналистикаға деген көзқарасы әрдайым ерекше еді. Ол үнемі "БАҚ тек коммерциялық болмауы керек, ең алдымен сапалы ақпарат тарату арқылы қоғамның санасын өзгертетін құрал болуы қажет" деген ұстанымда болатын. XXI ғасырда мұндай ұстанымға ие менеджерлер өте сирек. Михаил соңғысы да шығар мүмкін. Оның қазасымен бірге классикалық журналистиканың ғұмыры бітті ме деп ойлаймын. 

Биік деңгейдегі, бұрынғы классикалық журналистика саласының мамандары қазір өте аз. Сондықтан Михаилдың орны ойсырап тұрары анық. Қызметін газетте қатардағы тілші болып бастап, PR саласында еңбек етті. Кейін журналистика саласына қайтып келіп, Informburo.kz порталының тізгінін ұстады. Оның жұмыс бағытын әу бастан ойлап тапқан Михаил болатын. Екеуіміз сайттың атауын, дизайнын, графикасын, жалпы концепциясын бірге ақылдасып жазғанбыз.

Михаилмен ол "ҚазМұнайГаздың" PR қызметінде жұмыс істеп жүрген кезде таныстым. Одан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Ол өте адал, әділеттік үшін әрқашан жанын беруге дайын және ешқашан өзінің принциптерінен таймайтын адам еді. Мұның барлығы нағыз журналистке тән мінез. Орыс тілінің өте биік деңгейдегі маманы болды. Ол да – қазір бізде сирек кездесетін қасиет. 

Михаилды Қазақстан журналистикасының дамуына орасан үлес қосқан тұлға, ерекше жан ретінде еске аламыз. Енді ол жұмыс істеген редакциялары, жазған материалдары, артынан қалдырған ізі арқылы үлгі болады. Жас кайтқаны өкінішті.

Оның отбасы, туған-туыстарына және әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын.

Бағдат Қожахметов, RepCom агенттiгiнiң директоры


"Мы делаем общее важное дело – спасаем журналистику". Цитаты из интервью и выступлений Михаила Дорофеева


"Біз келіп қалар деп күттік..."

– Қазір Михаил десек, ең бірінші оның адами зор тұлғасы, рухани келбеті еске түседі. Күні кеше ғана қапыда кеткен азаматтың бәлкім біз дәл осы бейнесін мәңгі есте сақтайтын шығармыз...

Жымиып қана жүретін жұмсақ адам көрінгенімен, Михаилдың іші тастай қатты еді. Қай дүниеге тастай десеңіз, әділетсіз нәрсеге, жалған сөзге, таяз пайымға жаны қас, ондайға іші жібімейтін. Михаил Викторовичтің тастай принципі осы арадан байқалатын. Сөйте тұра, Михаил өзі ұнатпаған, кәсіби емес деп санаған құбылысты, я адамдардың оғаш қылығын тек юмормен жеткізетін. Адамның намысына тимейді, бірақ адамды ойландырады.

Михаил кәсіби маман ретінде қашанда журналистикадағы объективтілікті жөн көретін. Халыққа ұнау үшін ғана жасалатын материалдарға қайран қалатын. Бұндай популистік дүниелердің алысқа апармайтынын және талдап түсіндіреді. Қай материалды талдаса да, ұзақ жылғы тәжірибесімен оның бүкіл ішек қырындысын түгел ақтарып көрсетеді. Авторды кемсітпейді, өзі паңдана биік бола қалмайды. Бұл қасиет оның ойлы болмысынан шықса керек.

Ота жасатқан соң он шақты күн жұмыста болмаған Михаил редакцияға бейсенбі күні ғана келіп кетіп еді. Күнделікті әдетімен эфирге берілетін материалдарды пысықтап жиналыс өткізді. Жиналыстың басында "Мені әлі бозарып тұрсың деп жатыр, рас па?" деп қалжыңдап сұрады бәрімізден. Сөйтті де, ары қарай талқылауды бастап кетті. Біз де көп қаузамадық, өйткені Михаил өзінің ішкі сырын көп айта бермейтін. Артынан "Неге?" хабарының алдағы бес тақырыбын сөз еттік.

Түстен кейін Михаил жұмысқа келмеді.

Біз келіп қалар деп күттік.

Бірақ, бұл Михаилдың дидарын соңғы рет көрген күніміз екен.

Болат Мүрсәлім, "31 арнаның" Ақпараттық бағдарламалар директоры

"Жастардың қамқоршысы еді..."

– Тоқсаныншы жылдардың басы. Облыстық телеарнада жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде Атырау университетінде белсенді студенттер жастар арасында жарыс ұйымдастырды. Жаңалықтар қызметінде істейтіндер біледі, мұндай шаралар түсіруге жоспарланған тізімнің соңында жүреді. Баруың да аса бір міндетті емес. Содан басқа келіскен жерлеріміздің реті келмеді ме, әйтеуір университетке барғаным есімде. Сұхбатты Михаил Дорофеев берді.

Бұл біздің алғашқы кездесуіміз болатын. Жастығына қарамай жүйелі пікір, салиқалы ой айтып, таң қалдырып еді.

Кейін әріптес болдық. Жастау болса да, жұмыс бабымен аралас-құралас жүріп, әзіліміз жарасты. Мен "Хабарда", ол "КТК" арнасында аймақтық тілші болып жүргенде түсірген видеоларымызбен де жиі бөлісетінбіз.

Алматыға ауысқаннан кейін де сәлеміміз түзу, кездескен жерде өткен-кеткенді әңгімелеп, әзілдесіп у-шу болып қалатынбыз.

Бірде сондайда бәстесіп қалдық. Жасұлан Көжеков екеуіміз бір жобаны қолға алып жатқан кезіміз. Істің мән-жайына қаныққан Михаил сәл-пәл сенімсіздік білдіріп, біз өз ойымызды, алда қандай жарқын сәттер күтіп тұрғанын айтып, өзеуреңкіреп жатырмыз. Ол идеямыздың осал тұстарын айтып, кемшіліктерін ашқан сайын біз бір жағынан намыстанып, бір жағынан "іштарлық көрсетіп тұр ма" деп, есебіміздің оң тұстарын дәлелдеп әлекпіз. Бір кезде Михаил:

– Егер бір жылға шыдасаңдар, менен бір жәшік шампан! – деп шиеленісіп, қыза бастаған айтыстың буын басты. Солай бәстесіп, тарқастық.

Ол жобамыз өміршең болмаса да, бір жылдан артық өмір сүрді.

Соңынан кездескен сайын "Шампанды қашан ішеміз?" деп әзілдейтін едім.

– Уақытында! Ұзақ сақталған сайын құны арта түседі, – дейтін әрдайым.

2010 жылдары екі-үш жыл 7-телеарнада да қызметтес болдық.

Журналистикадан кеткеніме 4-5 жыл болғанда 2017 жылы ерте көктемде аяқ астынан телефон соқты.

– Бір жәшік шампан есіңде ме? – дейді.

– Иә, есімде, ойпырай, қояйын деп жатқаннан саусың ба? Қойсаң, сақталу мерзімі 20 жылдан кеміне келіспеймін, – дедім баяғы әзілімізді жалғастырып.

– Жоқ, – дейді күліп, – бірақ, сенде сол бір жәшік шампанға тұрарлық шаруам бар!

Сөйтсем өзі басқаратын Informburo.kz порталында қазақ редакциясын ашпақ екен. Менен көмек сұрай келіпті.

Ол кезде мен facebook белсендісімін. Интернеттің қазақ сегментінде 2014 жылғы Қырым аннексиясынан кейін басталған шовинистерге қарсы пікірталас толқынының басылмай тұрған кезі. Қарсыластарымыздың бізге ұлтшыл-патриот деп "ярлык" таққанына да біраз болған.

Соны меңзеп, Михаилге бір ғана талап қойдым: әлеуметтік желідегі менің белсенділігіме шектеу қойылмауы туралы.

Сұңғыла ғой, алдымды орап:

– Сен ұлтшыл-патриот болсаң да, нағыз мемлекетшіл жансың, егер қажет деп тапсаң, бұл тақырыптарды болашақта сайтта да жариялап тұрамыз, – деді.

Осылайша есігін қатты жаппасам да, журналистикаға енді баруым екіталай деп жүрген менің мамандығыма қайта оралуыма түрткі болды.

Жұмыстас болған үш жылда байқағаным, қызметкерлеріне талапты болуымен қатар, адал, өсем, өремді кеңейтемін деген жастарға қамқоршыл екені. Тіпті, қояр да қоймай жүріп үш жылда менің де біраз оқып-тоқып, журналистикадағы жаңашыл идеялар мен технологияларға қанығуыма ықпалын тигізді.

Осындай, өз мамандығына адал жанның арамыздан ерте кетуі өкінішті-ақ. Михаил Дорофеевтің отбасына, ағайын-туғандарына қайғырып көңіл айтамын.

Жеңіс Құспанов, журналист

"Михаилден әлі де үйренеріміз көп еді"

– Informburo.kz редакциясында күндегі инфосебептерге байланысты пікірталас туындағанда, соңғы сөзді үнемі Михаил Викторовичтен күтетінбіз. Ол бастық болғаны үшін емес, өз ісін жетік білгені үшін.

Расында, мен оның кәсібилігіне таң қалатынмын. Мысалы, ақпаратты қалай ұсыну, қай қырынан ашу және осы секілді мәселелерді мен сағаттап отырып шешсем, ол кофесін не шәйін ұрттап бөлмесіне өтіпбара жатып, бір секунд та ойланбай айта салатын. Таң қаларлығы, оның сенің мәселеңе байланысты ойы дәл әрі журналистік этикаға сай болып шыға келетін.

Журналистика кешенді нақты жүйеленбеген не математикалық алгоритмі жоқ сала ғой. Ондай кезде әр жағдайға жеке-дара әдіс керек. Ал ол әдіс білім мен тәжірибе жиынтығынан келеді. Менің ойымша, Михаил Викторовичтің біліктігі сол үнемі ізденуінен болса керек. Өзі білдей бір медианы басқарып отырса да, ізденуден, тренингтерге барудан шаршамайтын. Ол бір кез маған да жақындап, "Жолдас, сен мына тренингке барып көрсеңші. Меніңше, саған дәл қазір осы бағытты ұштау керек" деді. Жұмыстағы уақытымды бөліп, үш күн бойы Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырған "медиа штормына" қатысып қайтан едім. Шынымен басқа редакциялардағы әріптестерімізбен топ құрып, түрлі тақырыптарда "сыни шторм" жасадық. Сол тренингке бізбен бірге қатысқан Форбс тілшісі "осындай қысқа уақытқа мөлшерленген тренингтер кейде университеттегі 4 жыл оқудан артық" деп еді. Содан бері тренингті де, медиа конференцияларды да қалдырмайтын болдым.

Informburo.kz порталының қазақ тіліндегі қызметі ашылған 2017 жылы фрилансер тілші ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол кезде Михаил Викторовичті сырттай білсем де, әлі кездеспеген кезім. Бір жылдай фрилансер болғаннан кейін тұрақты тілші болып, кеңседегі барлық әріптестеріммен таныстым. Сол уақытта Михаил Викторовичтің қандай медиаменеджер екенін және одан үйренеріміз көп екенін түсінген едім.

Ол күнде бөлмесіне кірмей тұрып, редакциядағы барлық әріптестерімізге жақындап, қолын алып амандасатын. Бұл да бір қарапайымдылықтың белгісі шығар. Сосын амандасып қана қоймай, әрбірімізбен аз әңгіме құрып, айналысып жатқан тақырыбымызды не мәселені білетін. Қалай үлгереді деуші едім?!

Жұмыста кешке дейін қалып қоятын кездері көп еді. Бір күні "Михаил Викторович, сізден бір нәрсе сұрайын деп едім" деп, ашық тұрған бөлмесінің есігін тақылдаттым. Ол "Кіре бер, Жолдас" деді. Менің сол кезде Нью-Йорктағы алаяқ туралы зерттеу мақалама дерек жинап жүрген кезім еді. "Михаил Викторович, мына зерттеу бойынша тағы қай бағытта дамытсам екен?" деп кеңес сұрадым. Ол бірден "алаяқтың өзіне хабарласып көрдің бе?" дегенде, мен бірден "иә, бірақ ол жауап бермеді" деп үн қаттым. Ол аздап ойланды да, "Ол алаяқ болса да, сенің зерттеуіңде бас кейіпкер, оның пікірін барынша қосуға тырыс. Күнде оған жаз, тікелей хабарлас" деді. Сол мақала шыққанда редакцияда бәрінен бұрын Михаил Викторович қуанды. Орыс тіліне аударып жариялауды да сол кісі құптаған болатын. Мақала шыққан күні қасыма келіп, "Алдағы 5 жылда қазақ тіліндегі журналистика алға шығады. Сол кезде сендей азаматтар алдыңғы шепте болса, қазақ журналистикасының кәсібилігіне еш қауіп төнбейді" дегені әлі есімде.

Ол кісіден үйренеріміз көп еді. Өкініштісі, өмірден тым ерте кетті. Десе де, артында жақсылық пен мейірім және кәсіби мұра қалдырып үлгерді!

Жолдас Өрісбай, журналист, Мичиган штаты университетінің журналистика магистрі

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары