Тікелей эфир

Президенттікке үміткерлер арасында тікелей эфирде теледебат болады. Жаңалықтарға шолу

Қазақстан экономикасының өсімі – 4%. 20 мың қазақстандық жұп бала сүю бақытын сезіне алмай жүр.

Президент Үкімет пен облыс әкіміне қызылордалықтардың жалақысын өсіруді тапсырды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бүгін ресми сапарымен Қызылорда облысына барды. Облыс жұртшылығымен кездесуде өңірдің бірқатар маңызды мәселелеріне тоқталды. Ең бірінші, республикамен салыстырғанда облыс халқының жалақысы төмендігін тілге тиек етті.

Президент сондай-ақ азаматтардың еңбек құқығы мен шетелдік компанияларда жұмыс істейтіндердің мүдделерін қорғауға қатысты сөз қозғады. Өңірде мұнай-газ саласын дамытумен қатар шыны зауытының құрылысын аяқтауды тапсырды. Күріш өндірісі қарқын алуы үшін Сырдағы су тапшылығын жою мәселесі де қозғалды. Кездесу барысында Арал теңізінің тағдырына, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Қазақстан экономикасының өсімі – 4%

ЖІӨ өсімі биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ы құрады. Құрылыс 8,4%-ға, сауда-саттық 7,3%-ға, көлік саласы 4,8%-ға, машина жасау 19,8%-ға, оның ішінде автомобиль өнеркәсібі 45,8%-ға, металл өндіру 14%-ға, мұнай өңдеу 9,1%-ға және жеңіл өнеркәсіп 27,4%-ға өскен.

Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. ҚР Премьер-министрі А.Мамин Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларының әкімдіктеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғыс үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Елордада масаға қарсы күрес жұмыстары қыркүйекке дейін жүргізіледі

Қазір қаладағы барлық ауданның аумақтарында дезинсекция және дератизация жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдік сайтында бұл шаралар күзге дейін жалғасатыны хабарланды.

Президенттікке үміткерлер арасында теледебат болады

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, сайлауға түсетін кандидаттар арасындағы пікірталас отандық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сайлауалды пікірталастар өткізудің қағидалары өткен жылы бекітілді. Қағидаға сәйкес кандидаттар дебатқа қатысудан бас тарта алады. Жобада үміткерлерді оған қатысуға міндеттеу ұсынылған еді, құжаттың соңғы нұсқасында бұл бөлім жоқ болып шықты.

Мемлекеттік бюджет кірістері 103,9%-ға асыра орындалды

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіш осындай. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов мәлім етті. Айтуынша, республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге кіріс түскен. Бұл жоспардан 19 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 345 млрд теңгеге артық.

Бюджет кірістерінің шамадан тыс артық орындалуы салықтық емес түсімдердің (13 млрд теңге) есебінен болып отыр. Оның 4,1 млрд теңгесі мемлекеттік меншіктен түскен кірістерге, 7,4 млрд теңгесі айыппұлдар мен өсімдерге тиесілі.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,8%-ға орындалған. Бюджет қаражаты 65 млрд теңгеге атқарылмаған. Бұл сома өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32 млрд теңгеге аз. Оның 10 млрд теңгесі үнемдеу болса, игерілмеген сома - 55 млрд теңге. Министрдің сөзіне сенсек, мемлекеттік мекемелердің қайта құрылуы (таратылуы), конкурстық процедуралардың ұзақ және уақтылы өткізілмеуі, жұмыстардың белгіленген кестеден кешіктірілуі, келісімшарттар мен қосымша шарттардың қазынашылық органдарына тіркеуге кеш әкелінуі бюджет қаражатының уақытында игерілмеуінесебеп болған.

Еліміздегі мұнай, көмір, темір кенін өндіру көрсеткішінің төмендеу себептері Үкіметте айтылды

Есепті кезең ішінде мұнай өндіру көлемі 1,1%-ға азайған. Ал, 1 тоқсанда 2,7% өсу болған. Қаржы министрі Ә.Смайыловтың сөзінше, сәуір айында Қашаған кен орнында жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу жұмыстары салдарынан мұнай өндірудің қысқаруына байланысты. мұнай өндіру көлемінің азайған. Ал, көмір өндірісінің төмендеуін шенеуніктер жылу маусымы аяқталуына орай оны жергілікті электр станциялары пайдалануын тоқтатуына, сондай-ақ Ресейге экспорттау көлемінің азаюына байланысты деп түсіндірді. Темір өндірісінің азаюына Қостанай облысындағы "Лисаковск" кен орнында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған.

Омск – Майқапшағай тас жолын жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" АҚ баспасөз қызметінен хабарлады. Жол жөндеушілер тас жолдың 27 шақырым аумағына жаңа асфальт төсей отырып, орташа жөндеу жұмыстарын жасады.

"ҚазАвтоЖол" 2019 жылы Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдардың 8 учаскесіне (жалпы ұзындығы 146 шақырым) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 20 мың қазақстандық жұп бала сүю бақытын сезіне алмай жүр. Олардың 15-20 %-ы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жүгінеді. Көп адамдар квота кезегін күтіп жүр. Қазақстанда жылына ЭКҰ-ға 900 квота беріледі. Емделушілерге өз кезегін бір жыл немесе одан да көп күтеді. Репродуктивті медицина орталығының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожинаның айтуынша, 25 жасқа дейінгі бала туатын жастағы келіншектер арасында ерте жүктілік және аборт мәселесі өзектілігін жойған жоқ.

Baq.kz: Абаев 9 мамырдағы интернеттің бұғатталуына қатысты пікір білдірді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаевтың айтуынша, министрліктің интернетті бұғаттауға қатысы жоқ. "Провайдерлер техникалық мәселелер болды деп отыр. Мұндай жағдай арада 1 ай өткенде 9 маусымдағы сайлауда қайталанады деп ойламаймын. Өйткені, провайдерлер техникаларды тексеріп, бәрін реттеп үлгереді деп ойлаймын",деді министр.

24.kz: ҰБТ, грант, шекті балл. Жас түлекке қажет ақпарат. ҰБТ тапсырып, шекті балл алған түлек білім беру грантын тағайындау байқауына қатысады. Өтінімдер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Құжат тапсыру барысында ЖОО мен 4 білім беру тобын көрсетеді. Грант білім беру бағдарламасына бөлінеді. Ал білім беру бағдарламасының өзін жоғары оқу орнына барған кезде таңдайды. Оқуға қабылдау 10-20 тамыз аралығында өтеді. Оқуға түскені жайлы бұйрық нақты білім беру бағдарламасына орай шығады. Диплом оқуды бітіргенде беріледі.

Серіктестер жаңалықтары