Алдымен проблемадан бастайық. Қазақша дубляждалған фильмдерге адамдар аз баруының екі себебін байқауға болады.
- Біріншісі – халықта қазақшаға аударылған фильмдерге бару дағдысы жоқ.
- Екіншісі – сол баяғы әлеуметтік себеп деп ойлаймын, яғни кино билеттері көпшілік үшін қымбат.
Бизнес сол себепті прайм-тайм уақытқа негізінен орысша дубляждалған фильмдерді қояды. Бизнестің осындай пікірі бар.
Енді шешімге келсек. Мемлекет қазақша дубляжға ақша бөліп жатыр. Ол қаржы жыл сайын көбейе беретін сияқты. Енді халықтың қазақша киноға бару дағдысын ояту үшін стимул керек. Өзі өндіріп жатқан, бюджет ақшасы жұмсалып жатқан контентті көбірек адам көргені мемлекет үшін маңызды ғой.
Оқи отырыңыз:
- "Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат
- Шетел мультфильмдерін қазақ тіліне аударуға қанша қаражат жұмсалды?
Мен көріп отырған жалғыз шешім – Үкімет қазақша дубляждалған фильмдердің билет құнына субсидия беруі керек. Яғни, қазақша дубляждалған фильмдердің билеті әдеттегі фильмдердікіндей 2000 теңге емес, 1000 теңге болсын. Ал қалғанын мемлекет субсидияласын.
Егер мемлекет билеттің 50 пайызын субсидияласа, кинотеатрлар да қазақша дубляжға көбірек адам келуіне мүдделі болар еді. Кинотеатрлар да ұтар еді, контентті қаржыландырып отырған мемлекет те ұтар еді. Халықта да қазақша киноға бару дағдысы қалыптасар еді.
Бірақ, бұл жерде басты нәрсе – субсидия мәңгі болмауы керек, 3-5 жыл бойы жалғасса жетер деп ойлаймын.
Ары қарай нарық өзі алып кетеді.
Материал автордың рұқсатымен Facebook парақшасынан көшіріліп басылды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.